Бөгенбай батырдың жоғалды деген дулығасы табылды
Бөгенбай батыр бабамыздың дулығасы табылды деген хабар жеткелі маза кетті.
Өз көзімізбен көріп, тері сіңген темірін қолымызбен ұстау үшін батырдың ата мекені Ерейментауға жол тарттық. Қасымызда Қазақстан Қарулы Күштері Ұлттық Әскери-патриоттық орталығының ғылыми қызметкері Самат Қайроллаұлы Самашев. Мақсатымыз бабамыздың ұрпақтарына қолқа салып, лажы болса Елордаға жеткізу.
Оқи отырыңыз: Өзбектер Төле биді "Қалдирғоч би" деп неге атайды?
Аудан әкімі Ермек Нұғыманов: "Ерейментау ауданы – батыр бабамыздың ізі қалған ата қонысы, ұрпақтары тұратын қасиетті мекен. Бөгенбай батырдың ауданы аталатыны да сол себептен. Қазақ өте ырымшыл халық ғой. Бабалардан қалған затты құрметтейді, еске алып, ұрпақтарды сол бабалардай болуға тәрбиелеп отырады. Киелі зат ретінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған", – дейді.
Ермек ағамыз да бабамыз туралы мән-жайға қанық екен. Көмектесуге де дайын. Ағамыздың айтуынша, өңірде бірнеше экспедиция биылға арнайы жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Өзі билеген Самарқанда Жалаңтөс баһадүрге ескерткіш жоқ
Батыр бабамыздың дулығасы осы ауылда
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаев, тарихшы Манап Әдірешев, Бөгенбай батыр атындағы мұражай директоры Ләззат Түгелбаеваның бастауымен батыр бабамыздың дулығасын сақталған ауылға бет алдық.
Малтабар ауылы Ерейментау ауданы орталығынан не бары 12 км қашықта, яғни бір белдің астында екен.
Оқи отырыңыз: Қазақ өз тарихын тануды неге енді ғана қолға ала бастады?
Жабай Батырқожаұлы дулығаны сақтап отыр
Ауылдың ортасын ала орналасқан жұпыны үйдің иелері алдымыздан жүгіріп шықты. Арықша, сұңғақ бойлы отағасы өзін Жабай Батырқожаұлы, Бөгенбай батырдың жетінші ұрпағымын деп таныстырды. Отағасы алпысты алқымдағанымен, әлі жас көрінеді.
Жабай Батырқожаұлы Бөгенбай батырдың шөбересі атақты Бапан бидің төртінші ұрпағы. 1928 жылдары болыстықтан қудаланған Олжабай Нұралыұлымен немере ағайын.
Оқи отырыңыз: Қазақ генофондының құпиясы қашан ашылады?
Атам Кенжәлі " Дулығаны үйден шығармаңдар, ол туралы ешкімге айтпаңдар" депті
Алмағайып заманда Батыр бабамыздың құрал-жарақтары қалай сақталды? 300 жылдан астам уақыт қалай шыдады?
Жабай ағамыздың айтуынша, атасы Кенжеәлі үнемі: "Бұл дулыға туралы ешкімге айтпаңдар, үйден шығармаңдар" – деп ескертіп отырған. Әрине қанды қол Кеңес үкіметінің бір батырашының құлағына "дулыға бар екен" деген сөз тисе, отбасыларын ойрандап жіберері ақиқат еді. Кенжеәлі атамыз қоңырқай тұрмыс кешіпті. Ол да "дулығаның" аман жетуіне бір себеп болса керек.
Жабайдың әкесі Батырқожа мектепте 40 жыл ұстаздық еткен. Соғыста болған, көптеген орден-медальдер алған. Компартияның мүшесі бола тұра дулыға туралы сыр шашпаған, ешкімге көрсетпеген, білдірмеген. Осылайша Бөгенбай бабамыздың дулығасы мен сауыты осы кісілердің қолында ұрпақтан ұрпаққа беріліп сақталып келген.
Батырдың сауыты шіріп кетті
Дулығамен бірге батырдың сауыты да болған. Алайда, аумалы-төкпелі заманда, ашаршылық пен түрлі зобалаң кездерінде темірлері таттанып, шіріген. Қалдықтарын жұрт ырымдап, таратып әкетіпті. Қазір шіріндісі де қалмаған.
Жабай Батырқожаұлы: "Менің әкем үш ағайынды еді. Өзінен үлкені ағасы Сәтбек деген кісі 1941 жылы соғысқа кетіпті. Кетерден бұрын жолдасымен бірге Бөгенбай батыр бабамыздың сауытын ескі Ерейментаудағы Шахта (Бөгенбайдың сөресі) деген жерге көміпті. Марқұм соғыстан оралмады. Кейін әкем Батырқожа барып, іздеп таба алмай жүргенде, түс көріпті. Түсінде ақсақалды адам: "Балам іздеме, әуреленбе, мазалама", – депті.
Сосын әкем қайтып іздемеген. Кейін Нұрғайша деген апайымыз іздепті. Әбдіресін тауып алыпты. Бірақ ішіндегі сауыт шіріп кетіпті деп естідім. Ол кезде мен әскерде болатынмын."
Сайлау Жылқыбаев, Ерейментау аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, ақын: "Бұл оқиғаға куәгер, сол кездерде сегіз, тоғыз жастардағы қыз бала, Бөгенбайдың Тұранәлі, Бапан, Қоңқай ұрпақтарынан тарайтын Кенжәліқызы Нұрғайша екен.
Тоқсаныншы жылдардың басында жетпіске келген апамыздың көрсетуімен Әлихан Барлыбаев (Саққұлақ бидің немересі) бастаған бір топ ел азаматтары сол жерді қазып, баға жетпес құндылықтарды тауып алады. Көргендердің айтуынша, өзге құралдармен бірге көмілген батырдың сауыты қатты бүлініп, тот басып, ыдырап кеткен".
– Шахтаны қазып, әбдірені іздегені есімде. Мен ол кезде әкімдікте қызмет істейтінмін. Біз қазғыш тракторлар бергенбіз. Бірақ, нақты қандай заттардың табылғанын сұрамаппын. Қазір ол туралы нақты білетіндердің бар-жоғынан хабарсызбын. Шахта мына ескі Ерейментауда болатын, – деп Ерейментау ауданының құрметті азаматы, тарихшы Манап Әдірешев еске алады.
Сайлау мырзаның айтуынша, сол жәдігерлерден бізге жеткендері батырдың ұрпақтарының қолында, әр жерде сақтаулы. Дулығасы Малтабар ауылында тұратын Кенжеәлі немересі Жабай Батырқожаұлының үйінде. Айбалтасы мен кісе белдігі Алматыда тұратын Әлихан Тобайұлы Барлыбаевтың отбасында. Үзеңгісі, төсі, тескіші мен ұңғыруы аудандық тарихи-өлкетану музейінде.
Батырдың найзасы орыс губернаторына сыйға тартылып кеткен
Жабай Батырқожаұлының айтуынша, бабамыздың найзасын орыс губернаторына сыйға тартыпты. "Мұны үлкен ақсақалдар да, әжем де айтып отыратын. Бізге дәл қайсы атамыздың бергенін айтқанын есіме сақтамаппын. Әйтеуір бергені анық!"
Біз біледі деген біраз адамдарға хабарластық. Алайда, нақты мәлімет болмады. Аудан мұражайында кезінде орыс губернаторы сыйға тартқан кілем бар. Ол кілем Омбы генарал-губернаторының Саққұлақ биге тартуы екен. Бұл жағынан алғанда Бөгенбай батырдың ұрпақтарының батыр найзасын губернаторға бергені шын болуы да мүмкін.
Дулығаны қалай сақтаған
– Дулыға қолдан-қолға өтті. Әкем қолына тиісімен, оны ақ матаға орап, құрғақ жерде сақтаған. Қазір дулығаның бар екенін ел білді. Мұражайлар да сұрап жатыр. Оны енді ағайын-туыспен ақылдаса отырып, шешетін боламыз, – дейді Жабай Батырқожаұлы.
Неге Бөгенбай Қанжығалы қарт батыр атанған?
Қанжығалы – шыққан руы, тегі. Ал «қарт» деген сөз неге қосылған?
Бір көңіл аударатын нәрсе Орта жүз Қанжығалы (Арғын) Бөгенбай Ақшаұлы Әбілқайыр ханның апасы Бәтимаға үйленген. Бөгенбай 18 ғасырдағы батырлардың ішіндегі жасы ең үлкені – ақсақалы болған.
Қазақстанның батысы мен шығысы – 3000 шақырымнан асатын, ұшақтың өзі 6 сағат ұшатын алып өлке. Сол өлкенің әр бұрышындағы аузы дуалы би-шешендер, найза ұстаған ерлер де, тіпті бала-шағаға дейін Бөгенбайды білді. Бөгенбай қартайған шағында да жауға шауып қана қоймай, қол басқарып, ақылшы, елші де болды. Сол абыз атамызға амандасу үшін, батасын алу үшін деп төңіректің төрт бұрышынан ел шұбыратын болған.
Осылайша «қанжығалы қарт Бөгенбай батырға» бара жатқандар мен барып, келе жатқандардың сөзі сол замандағы батырдың бір белгісі «қарт» болып сақталып қалыпты.
Бөгенбай батырдың портретін орыс топографы салған
Батырлар әруағын еске алу – рухани жаңғырудың негізі
Үш құйрықты байрағы желбіреп, бес қарумен серттесіп, қос күреңнің құйрық-жалы шарт түйілген заман келмеске кетті. Алайда сол аталарымыздың ізіндей, арман мен аманатқа толы көзіндей болып құйқалы бел, айдынды көл қалды. Бабаларымыздың тілеуін Тәңір қабыл еткен шығар, тәуелсіз ел болдық.
Ата-бабаларымыздың табанының ізі, қан мен тер, жасы сіңген жердің топырағында піскен түйір дән батыр елдің ұрпақтарына нан, әр түйір тасы өңірлеріне түйме болып қадалар күн жетті.
Есеңгіреп қалған елге ес кіргізер іс – бабалар рухын жаңғырту. Осы игі бастама – ұлт рухын көтерер, ұрпақ еңсесін тіктер, бабалар абыройын асқақтар ауқымды жоба. Алдағы уақытта да бабалар көзіндей болған құнды жәдігерлерді жинақтап, ұрпаққа аманаттау біздің басты міндетіміз.