Соңғы кезде халық арасындағы жаназаға қатысты кейбір діни пікір көбейді. Түрлі түсініспеушіліктің де болғаны жасырын емес. Осыған орай біз жазушы, этнограф Байахмет Жұмабаймен әңгімелескен едік.

Жерлеу және аза хронологиясы

  1. Өлім және естірту.
  2. Жуындырып, оң жаққа салу. Қайтқан адамды әдетте туыстарынан не ағайындарынан құралған төрт адам жуындырады. Бірі бас жағын, бірі денесін, бірі дененің төменгі жағын жуындырады. Бірі су құйып беріп тұрады. Сосын оң жаққа салып қояды.
  3. Кешкі қонақ асы (алыстан келгендерге беріледі).
  4. Дәуір жүргізу – жаназа шығарардың алдында мәйітті шығарып қойып, салауат айтылады. Дәуір айналдыру салты, негізінен, қайтыс болған адамның оқылмаған намазы мен тұтпаған оразасы үшін жасалады.
  5. Жаназа.
  6. Жаназадан қайтқаннан кейінгі тарқатылатын ас.
  7. Жеті нәзірі.
  8. Қара ту тігіп, тұлдау.
  9. Қырқы нәзірі.
  10. Жылдығы немесе Ас беру.
  11. Тұл түсіріп, қара туды жығып, қазан төңкеру жоралғысы.
Оқи отырыңыз: Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?

Жезқазғандағы мешіт имамы өлімді жөнелтуге қатысты жаңа пәтуә шығарды

2018 жылы 12 қаңтар Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы, "Ахмет Ишан Оразайұлы" мешітінде жұма намазынан кейін "Жаназа және жерлеу рәсімдері" атты семинар өтті. Семинар шешімі әлеуметтік желіде қызу пікір-талас тудырды.

Мешіттің имамы Мәди Тоқпанұлы бастамашылық еткен жиналыста "Өлікті жөнелтуде қарапайым болып, ысырапшылдыққа жол бермеу" мәселесін көтерген. Онда тоғыз түрлі ұсыныс айтылған. Бастысы – ысырапшылдыққа қарсы тұру, даңғазалыққа жол бермеу, бәсекелеспеу.

Тура осыдан бір жұма бұрын Көкшетаудағы Ардагерлер кеңесі мен Науан хазірет орталық мешітінің наиф-имамы Мейіржан Рахметоллаұлы да Діни Басқарманың "Жаназа және жерлеу рәсімдері" атты пәтуә кітапқа жүгіне отырып "Дастархандағы ысырапшылдыққа жол бермеуді, бәсекелеспеуді және өзара көмектесуді" үміт етіп, бүкіл қаладағы дәмханалар мен мейрамханаларға хат таратқан болатын.

Оқи отырыңыз: Қаралы үй. Қазаның жолы ауыр дейтін қазақтың салт-дәстүрі неге ұмыт қалды?

Өлім байдың малын шашады, жоқтың артын ашады

Қазақ тіріге емес, қайтқан адамға көп қаржы шашады. Бұл – тарихтан келе жатқан үрдіс. Ақы иелері қайтқан адамды жоқтап келгендер алдында "Ұятқа қалмас үшін" тырысатыны шындық.

Тіптен жетілік, қырқы, жылдық нәзірлерін көрнекілендіру үшін той секілді мол дастархан мен көп адамға ас-су тарататындар да бар. Үлкен мазар тұрғызғандар да жетіп артылады. Ал кейбіреулер намысқа тырысып, бәсекеге түскісі келеді. Мұндай ысырапшылдық – әрине, қате.

Байахмет Жұмабай, этнограф, жазушы:

– Жалпы жұмсалатын қаржы – қайтқан адамның адал еңбегімен келген, жинаған дүние-мүлкі. Марқұмның артын жинастыру өсиетке сай болмаса көзқарақты ақы иелерінің шешімімен жүзеге асырылады.

Оқи отырыңыз: Қыз алып қашу. Ата дәстүрі ме әлде заңмен тосқауыл қояр ескірген салт па?

Сонымен бірге туыс-туған, дос-жарандары да "бата оқыр" деген атпен көмек әкеледі. Яғни, кететін қаржының бір бөлімін ағайын-туыстары көтереді деген сөз.

Қайтыс болған адамға қатысты жоралғы


Этнограф, жазушы Байахмет Жұмабайұлы / Сурет жеке мұрағаттан

Байахмет Жұмабай: "Ісхат – қазір тоқтатылған. Бұрын молда бір жылқы не басқа да мал-мүлік алған соң қайтыс болған адамның "Күнәсін мойныма аламын" деп уәде береді екен. Бұл өтелмей қалған намазы мен оразасына қатысты да айтылады. Бұл кей дүмше молдадан қалған нәрсе деп қаралады. Кейде діни мүрәсімді атқарған, жаназа шығарып, құран-хатым түсірген молдаға берілетін ақыны ісхат деп жүрген адамдар бар. Бұл да шамасына қарай беріледі. Мысалы, бір жылқы немесе 50-100 мың теңге деген секілді.

Көр қазушыға берілетін ақы – бұрынғылар "қабірдің төрт қабырғасына" деп төрт серкеш беретін болыпты. Қазір шамасына қарай әр адамға 5-10 тіптен 50 мың теңгеге дейін берілуде. Адам денесін дәреттендіргендерге, көрге қойғанда қызмет көрсеткендерге берілетін ақы – бұлар өз туыстары не достары болғандықтан тек қана орамал беріп, ырымын жасайды.

Оқи отырыңыз: Қазақтың табақ тарту дәстүрі. Оның түрлері қандай? Мәні, мағынасы неде?

Адам қайтқан күні кеште өткізетін қонақ асы. Жетісі, қырқы, жылдық нәзірі үшін дайындалатын мал мен дастарқан мәзірі. Сонымен бірге жыл бойы қаралы ту жығылғанша "көңіл айтып, бата оқырға" келетін қонақтар күтімі.

Әйелдер "Бата оқыр" әкеледі

Қазақта адамы қайтқан үйге туыстарымен қатар көршілері де көмектеседі. Көбінесе келген қонақты көршілері бөліп алып, күтеді.

Сонымен бірге "бет көрісуге" келген әйелдер "бата оқыр" (бата қор деп те аталады) деген атпен дүние-мүлік және тамақ әкеледі. Ер азаматтар "дастарқанға" деп әкеледі. Тіптен, арнайы ірі қара мал да атауы мүмкін. Молда-қожалар арнайы өз аттарынан құран аударып, хатым түсіріп те әкеледі.

Міне, бұдан жол ауыр делінетін өлімнің көпке ортақ екенін аңғаруға болады.

Оқи отырыңыз: Қазақ сәлем беруді неге парыз санаған?

Кейде "Ас беру" – ЭКСПО-ға ұқсас жалпыхалықтық шараға айналған

Ертеректе қазақ қайтқан адамның ел ішіндегі беделіне сай жылы толғанда не соған арнап жаз, күз кездерінде ас берген. Тіптен, үлкен бай, елге сыйлы адамдар үшін алты алашқа сауын айтып, балуан салып, бәйге де өтеді. Жәй адамдар тек жылдық нәзірін берумен шектеледі.

Ас өтердің алдында кемі жарты жыл бұрын сауын айтылып, хабарландыру жіберіледі. Асқа қайындық ретінде алдын ала ас ұйымдастыру алқасы "қазан асып, жер қоңырсыту" ырымын жасайды. Бұл – үлкен асқа дайындықты пысықтау шарасы.

Асқа тігілетін үй саны кейде 300-ден де асып кетеді. Мұндайда үй тігу әрбір руға бөліп беріледі. Сонымен қатар әр рудан ондаған адамды жұмысқа алып, қазан-ошақ қаздырады. Асқа дайындық жұмыстарына және той кезіндегі қызмет көрсетуге жұмылдырылады. Бір ескерерлік жағдай, тойға қызмет еткен әр адамның еңбегі қағыс қалмай, жоғары ақы төленіп отырған.

Оқи отырыңыз: Қалың малға құныққандар жастардың бағын байлап жүр. Қалың мал туралы аңыз бен ақиқат

Бұл – жұмыссыз жұртқа жұмыс тауып беріп, мал табуына жасалған бір шара ретінде қатаң бақыланады. Сонымен бірге жиналған малдан кедей-кепшіктерге шүлен таратылып, зекет беріледі.

Былайша айтқана, ас – ЭКСПО секілді ауқымды және бүкілхалықтық науқан. Онда біреу жұмыс тапса, біреу садақа таратады. Біреу ұлағат көрсетеді.

Мысалы, І.Жансүгірұлының "Құлагер" дастанында айтылатын Сағынайдың асы, "Абай жолы" романындағы Бөжейдің асы секілді, Ас өз ауқымдылығымен тарихқа қалып отырған.

Асқа әр ру, тайпа малын, қызметкерін, тіптен үйлеріне дейін алып келеді

Байахмет ағамыздың айтуынша, Асқа келетін рулар арнайы түрде дайындалады. Ішетін қымызынан тартып, беретін "бата оқырын", түсіретін құран-хатымдарын, тігетін үйлеріне дейін есептеп алып келеді. Әрі оған кететін еңбектің де ақысы өз жоралғысымен төленеді.

Осылайша әр таудың бауырын сағалаған арда ел бір-бірімен қауышып, туыстықты дәріптеп, елдікті бекемдейді. Келелі кеңестер айтылып, өткен-кеткен сараланады.

"Аруақ аттамау", "аруаққа құрмет көрсету" деген атпен діни уағыздар айтылып, адал да таза, ерлікке құрылған өмір дәріптеледі.

Ас беру – қайтқан адамның жақсылық істері арқылы үлгі тарататын да шара.

Міне бұдан Ас берудің қоғамдық, әлеуметтік, діни, жалпы халықтық және идеалогиялық ауқымды шара екенін көреміз. Осыдан-ақ Астың атақты бай, ел басшылары мен батырларға берілуінің тегіннен-тегін емес екенін түсінуге болады.

Қазір нәзір да, "бата оқыр" да өзгерген

Нәзір немесе Құдайы тамақ – бұндай еске алулар әр өңірде әр түрлі айтылады. Мысалы, нәзір, құран-хатым, хатым түсіру, құдайы тамақ, құдайы, дұға, садақа, қаде, тіптен Монғолиядағы ағайындарда науқан деп те айтылады екен. Бірақ барлығының мағынасы бірдей. Нәзір – көбінесе алдын-ала белгілеп, өткізуге уәде еткен жетілік, қырық, жылдық ас-суларға қолданылады екен.

Қазіргі кезде "батаға" барғандар "бата оқыр" ретінде қаражат апарады. Кейде жақын туыстары мен дос-жарандары қомақты қаражат немесе ірі қара мал әкеледі. Бұл да – бұрыннан келе жатқан салттың жалғасы.

Алайда кейбір шығындар қисынсыз. Ол адам қайтқан үйдің иелерінің түсінігіне байланысты.

Қазақы түсінікте қайтыс болған адамға шығарылған барлық қаржы – марқұмның өз еңбегімен тапқан дүниесі немесе өзгелердің өз еріктерімен, ниеттеп әкелген дүниесі болады. Және осының бәрі аруақтың разылығы үшін Құдай жолына берілген садақа болып есептеледі.

"Өлі разы болмай тірі байымайды"

Өліні қалай разы етуге болады?

– Ол үшін таза да адал еңбек ету, мұсылмандықты берік ұстап, садақа шығарып, зекет беру, құран оқытып, бата жасап тұрулары және ел мен жер үшін қызмет қылулары керек. Осындай тәрбиелі де салиқалы ұрпақ артына жаман сөз қалдырмайды. Бабалар дәстүрін жалғайды. Міне сонда марқұмдар ұрпақтарына риза болады деп санаған. Сондықтан "аруақты разы ету" ұғымының ұрпақ тәрбиесі үшін өте маңызды екенін де түсінеміз.

Тіпті ұрпағы еңбекшіл болса, қайтқан адамның артында қалдырған көп малынан садақаға шығаруға болады деп есептеген. Бұл – еңбекшілдікке тәрбиелеудің бір жолы шығар.

Өйткені кедей болса, "қайтқан кезде" шығарар садақасы, берер ақысы болмайтындықтан ұрпағының ұятқа қалатыны белгілі. Сондықтан, қазақ дәстүрінде әр адам өзінің өміріне, ұрпағына арнап мал жинайды, – деп түсіндіреді этнограф, жазушы Байахмет Жұмабай.

Мүфтиәттің жерлеу рәсіміне пәтуә беруі дұрыс. Бірақ...

– Бұндай пәтуә беру, дұрыс жол көрсету – Мүфтиәттің міндеті. Алайда этикалық тұрғыдан құқы жоқ. Әркім өз шамасына қарай өткізетіні белгілі. Ол үшін қажет болса одан да үлкенге баруға құқылы.

Бұл жерде мұндай пәтуәні міндеттегеннен, моральдық жақтан қолдап, дұрыс түсіндіру керек.

Яғни, бабамыздан келе жатқан жоралғы мен салт-дәстүрдің ысырапшылдыққа жол бермегенін, тәрбие мен адалдық мақсатта қалыптасқанын нақты мысалмен түсіндіре білу керек. Оған бола, шариғатты жүз қайтара айту ештеңе әкелмейді, – дейді этнограф, жазушы Байахмет Жұмабай.

Әр елдің салты басқа. Дүмше молда көп

Мысалы Саудия елі мен қазақтардың діни сенімі шын мәнінде екі басқа. Саудияда басым көпшілік қазақтың сенімі "аруақ" ұғымын қабылдамайды.

Ал, қазақтар – ең алдымен "аруақ разы болмай тірі жарымайды" дейтін халық. Қазіргі осы тақылеттес түсінбестіктер мүфтиәт өкілдерінің ішінде де толып жүргендіктен, көп адам бас мүфтиге де сыни көзқараспен қарайтыны белгілі. Өйткені онда кім келсе, сол өзінің діни көзқарасын ұсынары хақ.

Сондықтан халықтың тарихи жадысымен санасуы өте маңызды. Тағы бір себеп, қазақ мыңдаған жылдардан бері әр дәуірде өмір сүрген әулие-әнбилердің, би-шешендердің рухани мұрасын қазіргі имамдардың тәпсірлерінен артық қояды.

Ендеше, тарихи танымы төмен, бабалар салтының мән-мағынасына бойламайтын, тек құранды жатқа айтып, шариғатты сыпыра соғатын молда қазақ қоғамына жат.

Мысалы, шырақшы... Шырақ неге жағылады?

Бұл тарихи ұғым. Ал мұны, Қазақстан мұсылмандары Діни Басқармасы: "Мәйіт жатқан бөлмеге шырақ жағып қою дұрыс емес, 40 күн бойы шам немесе шырақ жағу деген әдет те – шариғатта жоқ амал" – деп пәтуә берген.

Бұл жерде, шырақ жағу деген қандай салт? Егер ол "дінімізге қайшы" болса неге ата-бабаларымыз дәріптеген? – деген түрлі сұрау туындары анық. Әрине басым көпшілік ата-баба жолын таңдайтыны өтірік емес.

– Шырақ жағу – ата-бабамыздан келе жатқан діни ғұрыптық салт, жоралғы. Адам қайтыс болғанан кейін аруағы сол орынға, үйге 40 күнге дейін келіп тұрады әрі ұрпақтарының ісін көреді, біледі деген түсінік бар. Оның үстіне қайтқан адамға жерленген соң қойылатын сұрақты, "қабір азабын" жеңілдетуге септесу үшін күні-түнімен құран оқып, дұға тілеуден келіп шыққан. Сол үшін 40 күн әр кеште шырақ жағып, дұға оқып отырған. Әрине, шырақ жағу барысында құран сүрелерін оқып, аруақты еске алған. Кей жерде жеті күн, кей жерде 40 күнге дейін шырақ жағылыпты. Тіптен үлкен мазарларда да жағылған. Ал шырақ жағушыны Шырақшы деп атапты, – деп түсіндіреді этнограф, жазушы Байахмет Жұмабай.

Көбінесе адам қайтқанда жатқызылған оң жаққа шырақ жағылған. Бір, үш кейде жеті шырақ жағылады екен.

Міне, бұл – тарихи, діни тәрбиелік маңызы бар іс. Одан "Аллаға серік қосуды" іздеу – дүмшелік. Молда оның жақсы мен жаман жағын айырып, түсіндіріп бере алатын болуы керек. Қазақ ешқашан шыраққа Құдай ретінде табынбаған. Тек жақсы амал ретінде, түнде өлімді еске алып, жарықта құран оқу үшін пайдаланған. Ал біз білмейтін мистикалық жақтары да бар шығар. Оны тек бір Құдай біледі.

Шырақшы туралы Мүфтиәттің пәтуәсі

Шариғатта қорым, мазар шырақшысы деген міндет пен қызмет жоқ. Алайда қазақ халқының ұғымында шырақшы – мазарды қорғап, зияратшыларға қызмет көрсетуші адам. Шырақшы көбінесе марқұм танымал тұлғаның ұрпағынан болып, кесене, мазардың маңында тұрады. Ол – жергілікті жердің тарихына, әулиенің халыққа сіңірген еңбегі мен өміріне байланысты деректерді, аңыз әңгімелерді жетік білетін, діни сауаты бар, зиярат жасаушылардың діни-ғұрыптық ғибадаттарына жөн сілтейтін, көмектесетін адам.

Шырақшының (күзетшінің) зиярат етушілерге шариғат шеңберінен шықпайтындай зиярат әдептерін үйретіп, қызмет ететін, шариғи білімі бар маман болғаны дұрыс. Ал арнайы діни білімі жоқ, шариғатқа қарама-қайшы әрекет ететін зияратшыларға, шариғатта жоқ нәрсені насихаттайтын шырақшылар сауап емес күнә арқалап, ақыреттегі есебі қиын болмақ.

Мәйіт күзету

Адам қайтыс болған соң дереу дәреттендіріп, үйдің оң жағына жатқызып қояды. Сонымен бірге мәйіт жатқан үйді бос қалдырмайды. Ішіне шырақ жағып, үлкен ақсақалдар мен жастар бірге құран оқып, жақсы әңгімелер айтады. Түрлі уағыздар сөйленеді.

"Мәйіттен, өлімнен, қабірден қорқуға болмайды" деп санайтындықтан, түнде мәйіттің бетін ашып көріп отырған. Яғни басқа жәндіктердің денесін зақымдаудан сақтанған.

Тіптен, қазақтар елсіз жерде жалғыз жүргенде кездескен қабірдің басына түнейтін болған.

Қазақтың діни танымында "өлген адам жоқ"

Себебі, қазақтар адам өлімі заманақырдан кейін болады деп санаған. Құранда да солай айтылғаны белгілі. Үлкендерді "қайтты, қайтыс болды", "пәниден кетті", "бақиға аттанды" деген сөздермен білдірсе, нәрестелерді, сәбилерді "шетінеп кетті" деп айтқан.

Бұл – өте үлкен діни философиялық түсінік әрі өте нанымды діни көзқарас екенін діни ғұламалар дәлеледеп, таза жол көрсетіп кеткенін аңғарамыз.

"Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным" деген Абай

Байахмет ағамыздың айтуынша, тым ертеректе көріпкел, бақсы-балгерлерді құрметтегенмен, дінге жат деп санапты. Алайда қайтыс болғаннан кейін көпшілік мазардың шетін ала, бөлек жерлепті.

Оның да себебі бар. Шариғат заңы бойынша "болашақты болжап, жынмен сөйлесу" құпталмайды. Сол үшін болуы мүмкін. Десе де "балға сенбе, балсыз жүрме" деп барлық адамдар бал ашқызған. Тіптен бақсы-балгерлерге емделген. Оларды да "Құдайдың жіберген ерекше қасиетке ие пенделері" санаған. Оларды "дінге жат" деп қарамаған әрі дәріптемеген де. Жаназасын шығарып, құрметтеп, жерлеген. Бұл туралы да талас-тартыс көп.

Сонымен бірге өзіне-өзі қол жұмсап, қайтыс болған адамдарға жаназа шығармапты. Себебі, мұсылман дінінде "өзіне-өзі қол жұмсап, өлу" – ауыр, кешірілмейтін күнә саналған. Кейде ғана "Алланың жазмышы" деп қарап, жаназа шығарған. Бірақ бөлек жерлеген.

Иман айту және Талқы оқу

Қазақта қайтыс болып, жерленген адамға "талқы оқу" ғұрпы бар. Ол – шариғаттың талқин деген сөзінен шыққан болуы мүмкін. Оның қазақ арасындағы қолданылуы сәл өзгерген. Мәйіттің беті жасырылып, құран оқылған соң жиналған ел-жұрт тарқайды.

Дәл сол кезде молда не дінді жақсы білетін ақы иелерінен екі адам 40 қадамнан кейін қайта айналып келіп, қабір басында талқы оқиды. Талқыда "қабірде сұралатын сұрақтар айтылып, сол сұрақтарға қалай жауап беру керек екені айтылады".

Бұл – қайтыс болған адамға жерленгеннен кейін жерлеушілер 40 қадам кеткен соң сұрақ басталады деген діни сенімнен туған. Сол қайтыс болған адамға көмектескісі келген жақсы ниеттен туған амал болуы мүмкін.

Әдетте, қайтыс болған адамның беті жасырылмай құран оқылмайды.

Арауақтарға құран бағыштайтын күндер

Қазақтар бейсенбі, жұма күндері аруақтар үйге келеді деп сенген. Сол үшін сол күні таңертең ерте тұрып, дәрет алып, құран бағыштаған.

Кейде түсіне қайтыс болған кіселер кіргенде "құран дәметті" деп қарап, құран оқытып, түс садақасын берген. Әсіресе атам қазақ таңға жақын көретін түсті "аян" ретінде қабылдайды. Жақсыға жорып, құран оқытады, ырымын да жасайды.

Сонымен бірге, Құрбан айт пен Ораза айттан бір күн бұрынғы күнді "Қарпа күні немесе шек күні" деп атап, құрбан шалып, аруақтарға арнап құран оқытып, хатым түсірткен. Яғни, өлімді еске алып, өткен-кеткен марқұмдардың үлгілі істерін әңгімелеген.

Жалпы осы салттар мен ырымдар – Ислам құндылығын дәріптеу үшін де қызмет көрсетуде.

Мұндай салт-дәстүр мен садақалардың барлығы "аруақтарға бағышталады" екен

Осылайша, әр жылы сөз бен әр істеген жақсы іс, таратылған тамақ, берілген ақы, оқылған құран мен жасалған жақсылықтың барлығының сауабын алдымен аруақтарға атаған. Бұл – қазақ жұртының тарихи діни сенімі.

Алайда, қазір имамдар да "Аруақ" туралы айтудан қорқады. Себебі, қазір аруақты айтуды "Аллаға серік қосумен" шатастыратын жаңа ағым пайда болды.

Тұлдау – қазақтың өлімді еске алу салты

Асын беруге дайындық ретінде сойылатын жылқыны марқұмның жетісінде не қырқында (қырық күн өткен соң берілетін ас-су) тұлдайды. Оған көбінесе марқұмның мінген аты немесе қосқан жүйрігі белгіленеді. Тұлдау – сол аттың қара терін шығарып барып суыту. Жал-құйрығын күзеу. Содан соң жүген-құрықтан азат етіп, жайылысқа қоя беру. Жылқыға семіруге мүмкіндік жасау.

Адам қайтыс болғанан кейін, оның киімдері аша бақанға не кереге басына ілінеді. Тіптен, есік алдына қара ту байлап қояды. Көшкен кезде тұлдаған атты сол қайтқан кісінің ер-тұрманымен ерттеп, жетектеп жүреді. Үйге әшекей жасамайды. Сырттан келген не көрген адам "азалы үй" екенін біліп, құран оқитын болған. Сонымен бірге тұлдаған жылқыны көрген жортуылшылар ол атқа тиіспейтін болған.

Тұлдау алып тасталғанға дейін некелесу болмаған. Барлық іс тұлдау аяқталғаннан кейін қайта басталып отырған.

Қаралы туды құлатып, қазан төңкеру салты

Жыл уағы толып, тұлданған ат сойылып, ас берілгеннен кейін Тұлданған ту құлатылып, асқа сойылған малдың сүйектерін өртеп, қазанды төңкеріп қойған. Бұл – азалы күн бітті, қаралы ту құлады, қара қазан төңкерілді дегенді білдіреді екен.

Бұл ғұрыптық рәсімнің алдында марқұмның жеке заттары мен киім-кешектерін ұрпақтары мен туыс-туғандарына таратып отырған. Бай, би, ақын, батыр, ұзақ жасаған адамдардың заттарын ел ырымдап талап алған. Тіптен, зат жетпей қалғанда үлкен матаны жыртып, таратқан. Бұл – жыртыс деп аталған. Бұның бәрі жақсы ниеттен туған жақсы ырымдар.

Мысалы, кейінгі кезде батырларымыздан қалған сауыттың, киімнің бірнеше ғасырдан кейін табылуы да осыдан болса керек. Яғни сол заттарды киелі санап, ырымдаған. Мысалы, қазір Бөгенбай батырдың дулығасы, Қожаберген батырдың туы және киімдерін ұрпақтары сақтап отыр.

Қазір мейрамханаларда ас бергенде, астың қалғанын "салып, алып кету" де сол "жақсылықтың жолын берсін", "сарқыт" деген жақсы ырымнан туындаған.