ҚР Салық кодексі, 498-бап, 3-тармақ, 4-тармақшасына сәйкес:

"3. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, мыналар жер салығын төлеушiлер болып табылмайды:

4) (...), бала жасынан мүгедектiң, мүгедек балалардың ата-анасының бipeуi (...):

тұрғын-үй қоры, оның iшiнде, оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар алып жатқан жер учаскелерi; үй маңындағы жер учаскелерi; құрылыс алып жатқан жердi қоса алғанда, жеке (қосалқы) үй шаруашылығын жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн берiлген жер учаскелерi; гараждар орналасқан жер учаскелерi бойынша".

Салық органы мамандарының мәліметінше, ерекше балалар мен олардың ата-анасы туралы мәлімет медициналық-әлеуметтік комиссия базасымен интеграцияланған. Барлық мәлімет Мемлекеттік кірістер комитетінің базасында бар. Сондықтан, ерекше баланың ата-анасының біріне жер салығынан босатылу үшін ешқайда барып, өтініш жазудың қажеті жоқ.


Оқи отырыңыз: Мүгедек балаға күтім жасау уақыты зейнет өтіліне есептеле ме?


Баланың ата-анасының ЖСН мәліметтері салық органының базасында сақтаулы. Осылайша ата-ананың бірін жер салығынан босатылады. Мамандар кейде түрлі факторлардың салдарынан жер салығы туралы хабарлама келіп қалған жағдайда, салық органына баруды ұсынады.

Айта кетейік, жер салығынан босатылу жеңілдігін ерекше баланың ата-анасының бірі пайдаланады. Егер ата-анасының екіншісінің атында жылжымайтын мүлік тіркелсе, онда жер салығын төлеуі тиіс.

Жалпы, ҚР Салық кодексінің 498-бабына сәйкес, жер салығынан ҰОС ардагерлері, оларға теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, тыл ардагерлері мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар мен мүгедектер де босатылады.