Желтоқсан айында қазақстандықтар 13 күн демалады. Жаңалықтарға шолу
1,5 млн қазақстандық латын әліпбиінде жалпыхалықтық диктант жазды
Олардың арасында танымал әртістер, спортшылар, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам қайраткерлері бар. Енді 5 күн ішінде emle.kz және tilalemi.kz сайттарында диктанттың дұрыс нұсқасы мен бағалау парағы жарияланады.
Депутаттар жұмыспен қамту бағдарламасының тиімділігіне күмән келтірді: жұмыссыздық азаяр емес
Мәжіліс депутаты А.Қоңыровтың пікірінше, бағдарлама тек жұмыссыздар санын бірқалыпты ұстап тұруға ғана мүмкіндік береді. 2018 жылдың екінші жартысында елімізде жұмыссыздардың саны 441 мыңға жеткен.
"Рекордтық көлемде мұнай өндіріліп жатыр. Сонда да мұнай-газ саласында қысқартулар болып жатыр. Ауыл шаруашылығы саласынан 2010 жылдан бері миллион адам кеткен. Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жұмыспен қамту бағдарламасының ешқандай тиімділігін көрсетпеді. Оқыту, қайта даярлау сынды бюджеттен ақша шығарылып жасалған жұмыстардың жұмыссыздар санын азайтуға еш пайдасы тимеді", – дейді А.Қоңыров.
Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің өңірлердегі 11 департамент басшысына сөгіс жарияланды
Маңғыстау облысындағы департаменттің басшысы лауазымынан босатылды. Олардың барлығы коммуналдық қызметтерге тариф белгілеу саласында құқық бұзушылықтарға жол берген.
Елімізде педагогтар мен психологтарға үстемеақы тағайындау туралы жоба талқылауға шығарылды
Егер жүзеге асырылса, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар жалақысына 30%-дан 50%-ға дейін қосымша ақы алады. Жобаға сай 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 9,9 трлн теңге бөлу қарастырылған. Талқылау 28 қарашаға дейін созылады.
Қазақстанда 527 адам қос азаматтық алған
Биылғы жылдың 10 айындағы көрсеткіш осындай. Қазақстанда қос азаматтық алғандарға 100 АЕК-тен 200 АЕК дейін айыппұл салынады. Егер азамат мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істесе, оған 300 АЕК көлемінде айыппұл тағайындалады. Мәжіліс депутаты Б.Дүйсенбинов олардың бәрін қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды.
"Мемлекеттік қызметкерлер, адвокат, нотариус, сот орындаушылар, сондай-ақ билік өкілдерінінің арасында қос азаматтық алғандардың бар-жоқтығын міндетті түрде тексеру керек" дейді депутат.
Жаңа жыл мерекесіне орай қазақстандықтар 4 күн демалады
Желтоқсан айының жаңа аптасы 3 күндік демалыспен басталады. Тұңғыш Президент күніне орай 1-нен 3-не дейін, Тәуелсіздік күніне орай 15 желтоқсаннан 18-не дейін, жаңа жылға 30 желтоқсаннан 2 қаңтарға дейін демалыс жарияланды. Осы үш мейрамды қосып есептегенде, қазақстандықтар желтоқсанда барлығы 13 күн демалатын болды.
Бірыңғай жиынтық төлем жүйесін енгізу туралы заң жобасы мақұлданды
Заң жобасының жаңалығы – 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бейресми жұмыспен қамтылғандар үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізіледі. Елімізде 800 мыңға жуық адам еңбек шартынсыз жұмыс істесе, 588 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Бірыңғай жиынтық төлем бейресми жұмыспен қамтылғандарды тіркеумен қатар, оларды міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне тартады.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Baq.kz: Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады? Республиканың басым бөлігінде жауын-шашынсыз, ауа температурасы аздап көтеріледі. Тек Қазақстанның қиыр солтүстігінің кей жерінде аздаған қар жауады, ал 17 қарашада батыстан соққан жел күшейіп, бұрқасын болуы мүмкін.
Inform.kz: Елімізде бір дәрігерге 1 910 адам қаралуға келеді екен. Денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, норма – 1 750 адам болуы керек. Демек, мақсатты индикторға жету үшін әлі 247 участок ашылуы тиіс. Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында, Астана қаласында бір дәрігерге тіпті 2 мыңнан астам адамнан келіп отыр. Яғни, бұл көрсеткіш жалпыреспубликалық көрсеткіштен де жоғары.