Алматы тұрғындарының 70%-ы еліміздің өзге аймақтарынан келген азаматтар. Ал олардың тең жартысы – қалаға арман қуып, білім алуға келген студенттер.


Informburo.kz сауалнамасына қатысқан жастар Алматының жаңбырын жақсы көреді. Сол үшін кеткілері келмейтінін айтты / Фото Informburo.kz

Студенттердің Алматы қаласын таңдауына қолайлы ауа-райы да ықпал етіпті. Informburo.kz сауалнамасына жауап берген алматылықтардың 82%-ын 19 бен 32 жас аралығындағылар. Сауалнамаға жалпы 216 адам қатысты.

Сауалнамаға жауап берген әйелдер қауымының 61%-ы Алматыны жаңбырсыз елестете алмайтындарын айтса, ерлердің 70%-ы жаңбыр астында серуендегенде жандары қалайтынын білдірді. Ал сауалнамаға қатысушылардың 12%-ы жаңбырдың жиі жаумағанын қаласа, 4%-ы жаңбыр жауса, жоспарларын кейінге қалдырып, үйлерінен шықпайтындарын айтқан.


Алматылық студенттер көптен күткен жаңбыр астындағы серуенге шықты / Фото Informburo.kz

Алматының салқын ауа-райы мен жанға жайлы жаңбыры жайлы талай адам асқан жылылықпен айтады. Жаңбырлы кездің әдемі естеліктері олардың жүректерінде өшпес із қалдырған. Әсіресе жастар, үсті-бастары малмандай су болса да, махаббатқа мас болып, қол ұстаса серуендеп, сайран салғанды жақсы көреді.

Сауалнамаға қатысқан жасы 40-тан асқан азаматтар жаздың ыстығында жауын жауса деп тілейтіндерін айтты. Сондықтан күн райы суыса да, көктем мен күздегі жаңбыр адам жүрегіне жылылық орнатады.


Жеңіл киінген жастарға қарап, күзгі жаңбырдың жылы екендігіне көз жеткіземіз / Фото Informburo.kz


Алматы жастары қолшатырын үйінде ұмыт қалдырып кетсе, тіпті де қиналмайды. / Фото Informburo.kz


Шолпан Мақатаева деген француз тілінің маманы жаңбырлы Алматының ауа-райын Париждегі салқын күзгі кезбен бірдей дейді / Фото Informburo.kz

Қазан мен қарашада жаңбыр сирейді

Америкалық AccuWeather компаниясының мәліметіне орай, Алматыда күздің соңына дейін жаңбыр сирек жауады.


Мейірімді ана өзі жаңбырда қалса да, су болып қалмасын деп кішкентай қызына қолшатырын беріп қойған / Фото Informburo.kz

Нақтылап өтсек, қыркүйекте небәрі екі күн жаңбыр жауса, қазан айында алматылықтарға жаңбыр астында серуендеу мүмкін болмайды. Ал қараша айының екінші жартысында 4 күн жаңбыр жауады деп күтіледі.

Метереолог Мәди Пірниязов биылғы күздің жылы болуына жаздағы салқын температураның әсер еткенін айтады. Каспий теңізіндегі ылғалдылық көрсеткіші төмен болғаннан кейін, бұлттың шоғырлану процесі де баяу жүрген. Нәтижесінде, циклон Қазақстанның батысынан шығысына қозғалып, жылы ауа массалары аз болады.


Жаңбыр құйып жауғанда саябақтар мен саяжолдар қаңырап бос қалады / Фото Informburo.kz


Жаңбырлы күні таксиге сұраныс көп / Фото Informburo.kz

– Алматының ауа-райы Жерорта теңізінен келетін циклон мен Солтүстік мұзды мұхитынан Орал тауларын бойлап келетін суық ауа массаларына байланысты. Жерорта теңізінен келетін циклонға Каспий теңізінің ылғалдығы әсер етеді. Егер Каспий территориясында ылғалдылық деңгейі жоғары болса, Алматыда жаңбырлы күндер жиілейді, – дейді Мәди.


Кейбір студенттер жер асты жолында жаңбырдың саябырсуын күтіп тұр / Фото Informburo.kz

Маманның айтуынша, биыл Каспий төңірегіндегі температура әдеттегіден бірнеше градусқа төмен болған. Сондықтан ылғалдану процесі төмендеп, бұлт аз шоғырланған. Алматыда биыл жаңбырдың аз жаууының негізгі себебі осы.

Шуақты күндер ...

Жаңбырдың аз жауғанын қалайтын алматылықтар да бар. Informburo.kz сауалнамасына қатысқан азаматтардың небәрі 3%-ы жауған жаңбырдың кесірінен жиі салқын тиіп, ауыратындарын айтқан. Сондықтан олар күн шуағының көбірек түскенін қалайды және ашық күні серуендеуді жөн көреді екен.


Жаңбырға қарамастан Алматы көшелерінен жұмысымен асығып кетіп бара жатқандарды көп кезіктіресің / Фото Informburo.kz


Үсті су болғанын қаламаған алматылықтар жүгіре басып, үйіне жылдам жетудің бар амалын жасайды / Фото Informburo.kz


Жаңбырдың астында қалғанда судан қорғану үшін қолда бар кез келген нәрсені пайдалануға тура келеді / Фото Informburo.kz

Сакен Есенгелдінің Алматыда тұрақтап қалғанына 6 жылдан асқан. Ол мектепті бітіріп, оқуға тапсыру алдында Астанаға баруды да жоспарлаған екен. Бірақ Алматыдағы ҚазҰУ-ға түсіпті. Оңтүстік астанаға келгеніне еш өкінбейтінін айтады. Себебі оның ойынша, Алматының ауа-райы еліміздің оңтүстігінен келген азаматтарға өте қолайлы.

Сакен жаңбыр жауған кезде серуенге шыққанды жақсы көреді. Күнделікті жаттығып, денесін шынықтыратындықтан жаңбыр астында қалса да ешқашан суықтап ауырған кезі болмапты.


Сакен есімді ҚазҰУ магистрі 6 жыл бұрын оқу бабымен Астананың орнына Алматыны таңдағанына өкінбейтінін айтады. / Фото Informburo.kz

Арнасы толған жаңбыр суы

Алматыда 2016 жылы жаңбыр көп жауды. Мысалы, сол жылдың мамыр айының жаңбырдың межеленген мөлшері 109 мм болса да, 214 мм жауын жауған (1 мм – 1 шаршы метрге 1 литр су түсуі). Демек, Алматының әрбір шаршы метріне 214 литр жаңбыр суы жиналған.

Соңғы екі жылда бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендепті. Тіпті болжамды мөлшерінен де аз. Мысалы, осы қыркүйекте 27 мм-дің орнына небары 18 мм. Бірақ сирек жауған жаңбырдың өзі қаладағы көлік қозғалысына айтарлықтай кедергі келтірді.


Жаңбырлы күндері Алматыдағы көлік қозғалысы баяулайды / Фото Informburo.kz

Жаңбыр жауғанда, суағарлардың көзі бітеліп, су айналаға жайылып, қозғалысқа кедергі болатын сәттерге жиі куә боламыз.


Алматының жоғарғы бөлігінен төмен қарай жаңбыр суы арнадан асып ағады / Фото Informburo.kz


Қаланың кейбір бөліктерінда жаңбыр суы көлік қозғалысымен қатар жаяу жүргіншілердің де жүруіне мықты кедергі келтіреді / Фото Informburo.kz


Кейбір тығыз жұмыстар жауған жаңбырға бола тоқтап қалмайды / Фото Informburo.kz


Жаңбыр суы Алматы көшелері бойындағы суағарларға лық толып, айналаға жайылады / Фото Informburo.kz

Алматылықтарға ұнайтын жаңбыр осылайша қала әкімдігін абыр-сабырға салады. Біршама қиындықтар әкеледі. Бұл негізінен олардың шаруаға қырларының жоқтығын көрсетеді. Мысалы, қаланың кейбір аудандарында суағалар үнемі бітеліп тұрады. Жаңбыр суы ағып кетпей, жолды басады, метроға, жерасты өткелдерін толады. Одан бөлек, жауынмен бірге жағаласа соғатын жел ағаш бұтақтарын сындырады. Сарғайған жапырақтар сауылдап төгіледі.


Жаңбырмен бірге күшейген жел ағаш бұтақтарын сындырған / Фото Informburo.kz


Сарғайған жапырақтар арнаны толтырып, жаңбыр суының ағып кетуіне бөгет жасайды / Фото Informburo.kz

Мұндай кездерде, әдетте қала тазалығына жауапты компания қызметкерлерінің көбірек еңбек етуіне тура келеді. Олар бітеліп қалған арықтарды барынша тезірек аршып, судың ағысын қайта қалпына келтірмесе, бітті, су арнадан асып, көшені басады. Бұл өз кезегінде көлік қозғалысын қиындатады.


Жаңбыр кейбіреулерге тамаша көңіл-күй сыйлағанымен, енді біреулерге қосымша жұмыс тауып береді / Фото Informburo.kz


Жаңбырдан кейін жұмысшылар су жиналған аймақтарда қоғамдық орындарды тазалайды / Фото Informburo.kz

Жаз бойы Алматы қаласы көшелерінде жаппай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңалықтардан осыған байланысты бір көшенің жабылып, көлік бағытының өзге бір көшеге ауыстырылғаны жайлы хабарлама беріледі де жатадыі.

Көше бойындағы жөндеу жұмыстарына жаз кезі тиімді еді. Бірақ кешіктіріліп, күзге дейін созылатындары жиі болады. Сондықтан жауынға қарамастан жұмыс қызып тұр.


Қала көшелеріндегі бітпей қалған жөндеу жұмыстарын жалғастыруға ауа-райы кедергі емес,/ Фото Informburo.kz


Кешіктірілген соң жөндеу жұмыстары күз келсе де жалғасады / Фото Informburo.kz

Алматының ауа-райы қыздың мінезіндей құбылмалы. Бұны қала әкімдігі жақсы біледі. Бірақ, жұмысты дер кезінде бітіре алмай, мұрындарынан шаншылады, қала тұрғындарының наразылығын тудырады. Осылайша жанға жайлы Алматының жаңбырлы күндері жанды жабырқатады. Дегенмен, қаланың әрбір тұрғыны өзінің сүйікті қаласы Алматының жылы жауыны қалдырған әдемі естеліктері мен сезімдерін жүрек түбінде әлдилеп, есте сақтайды.