Түркістанда жұмысқа тек пара беріп кіресің

Жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілдері облыста мектеп мұғалімінің орны 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін сатылатынын айтады. Зертханашы, еден жуушы 100-300 мың теңгедей пара береді. Үміткерлердің көптігі сонша тіпті бір орынға бірнеше адам таласады екен. Мұндайда "белгіленген" баға өсіп кетеді. Жетісайдағы №119 мектеп директоры 500 мың теңге алып, ұсталды. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр. Соңғы жылдары білім беру саласында 513 қылмыстық іс қозғалған, 305 адам жауапкершілікке тартылған.

Астанада жастарға кеңес беру орталығы ашылды

Орталықта тұрғын үй басқармасының, "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің", халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары, сондай-ақ заңгерлер мен психологтар тегін кеңес береді. Мақсат – жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы жастарды ақпараттандыру, құқықтық және басқа да кеңес беру. Орталықтың мекен-жайлары: Алаш,32 "Көк базар", Сейфуллин көшесі 45/1, "АйМақ-Тау" СО, Тілендиев көшесі, 10/1, "Ақжол" СО.

Қызыл Крест Комитетінің кеңсесі ашылады

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер Министрі Қайрат Әбдірахманов хабарлады. Қызыл Крест тәуелсіз ұйымы – қарулы қақтығыстар мен зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қорғайды, төтенше жағдайлардың құрбандарына көмек көрсетеді, сондай-ақ гуманитарлық құқықты таратады, дамытады. Өкілдіктің бізде ашылуы халықаралық ынтымақтастығымызды нығайтады, елдегі гуманитарлық мәселелерді тиімді түрде шешуге жәрдемдеседі.

Мемлекеттік қызметкерлердің смартфоны иесін бақылайтын болады

Бұл үшін оларға арнайы қосымша жүктеледі. Қосымша жұмыс уақытында иесінің әр қадамын аңдып отыруға мүмкіндік береді, қашан, қай параққа кіргенін көрсетіп тұрады. Қосымшамен ең бірінші мобильдік құрылғының камерасы бұғатталады.

Сарбаздардың тамағында сапа жоқ

Мәжіліс төрағасы Н.Нығматуллин мектеп оқушылары мен сарбаздарды тамақтандырғанда бағадан гөрі сапаға мән беруді ұсынды. Ауруханалар мен білім ұйымдарында, әскери бөлімдерде тамақты ешқашан демпинг бағамен алуға жол бермеу керек деді ол. Депутаттар сарбаздарды тамақтандыруды мектептерде оқушылардың тамақтандырғандай тәртіппен ұйымдастыруды ұсынды.

Теңге тағы құлдырады

Кеше ғана мұнай қымбаттауына байланысты теңге долларға шаққандағы бағасынан 5 теңгеге төмендеген еді. Бүгін KASE-тің таңертеңгілік сауда сессиясында АҚШ доллары 364,29 теңгеге сатылды. Валюта айырбастау бекеттерінде долларды 363-364 теңгеге сатып алып, 365-365,5 теңгеге сатады.

Ең көп жалақы Астана мен Алматыда

Мұндағы ай сайынғы табыс 218,8 және 213,5 мың теңгені құрайды. Маңғыстаулықтар орташа есеппен 190,1 мың теңге айлық алады. Еңбек ақының ең төменгі көрсеткіші Оңтүстік өңірлерде: Түркістан облысында (97,3 мың теңге), Жамбыл облысында (110,7 мың теңге) және Қызылорда облысында (121,6 мың теңге).

Биылғы жылдың екінші тоқсан қорытындысы бойынша қазақстандықтардың кірісі былтырғымен салыстырғанда 9,3% өсіп, 153,7 мың теңгені құраған.

Қарттардың өмірін жақсарту жөнінде ұлттық жоспардың қажеттілігі жоқ

ҚР Премьер министрі Б.Сағынтаев осылай деп "Нұр Отан" партиясы депутаттарының идеясын қолдамай қойды. Айтуынша, елімізде азаматтардың алдыңғы буын өкілдерінің өмір сапасын жақсартудың 2018-2020 жылға арналған жоспары бұрыннан бар. "Жоспарда қарастырылған шаралар қарттардың да әлеуметтік-экономикалық жағдайын қолдауға бағытталған" деді Премьер Министр.

Қазақстандық БАҚ не жазды?

Оқуды аяқтаған жылы жұмысқа орналасу көрсеткіші бойынша бірінші орында "Металлургия" мамандығы тұр. ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Талғат Ешенқұлов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz. Металлургтердің 80%-ына жұмыс бірден табылады. Екінші орында "Су ресурстары және суды пайдалану" мамандығының түлектері тұр. Олардың 58%-ы еңбекке араласады деді БҒМ өкілі.

"Қазақстанда ұшақ билетінің құны қымбат. Туризмнің дамуына кедергі келтіріп тұрған себептің бірі – осы". Атыраулық кәсіпкерлермен кездескен Шотландияның Абердин қаласы әкімшілігінің кеңесшісі Джон Рейнольдс осындай пікір айтты деп egemen.kz жазды. "Лондоннан осы жерге келгенше жаратқан қаржыма Еуропаны түгел аралап шығуыма болады. Бюджеттік әуе жолын тарту арқылы бұл мәселені шешудің жолы бар" деп есептейді ол.