Өзгеру немесе қалу. Қазақстандағы цифрлық трансформация қандай қиындықтар мен бастамалар әкеледі?
Инновациялық ортаны қалыптастыруға не қажет?
Әлемде инновацияға бет бұрмай, дәстүрлі экономика әдістерімен дамуды жөн санайтын компаниялардың саны азайып келеді. Себебі инновациясыз олардың бәсекелеске қабілеттігі азаяды. Мысалы, технологиялық өнімдердің адамдарға қолайлы инфраклимат қалыптастыруы медиа компаниялардың газет шығарудан интернет платформаларына көшуіне себепші болып отыр. Одан бөлек, нақты өндірістік өнім шығаратын General Electrics сынды компаниялардың валюта мен қор нарықтарына бейімделіп, жалпы табысының 60 пайызын Forex платформаларында сауда жасаумен табуы да инновацияның әсерінен болып отыр.
Қазақстанда инновациялық экожүйені қалыптастыруға бір ел болып, жұмыла күш салып жатырмыз. Айта кетсек, үкімет тарапынан қолдау тапқан Astana Hub, Almaty Tech Garden, "Астана" Халықаралық қаржы орталығы, AIX қор биржасы, "Алатау" инновациялық технологиялар паркі, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, "Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік" АҚ, "Зерде" Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі" АҚ, "Astana Innovations" АҚ және тағы басқа бірқатар квазисектордағы мекемелер бір ғана ортақ мақсатты жүзеге асыруға бағытталған. Ол – инновациялық экожүйені қалыптастыру.
Одан бөлек, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ мен "Бәйтерек" Ұлттық басқару холдингі" АҚ да Қазақстанның экономикалық тұрғыдан өркендеуіне үлкен үлес қоса алатын технологиялық компанияларға қолдау білдіріп келеді. Ал қазақ үкіметінің осы бағыты инновациялық экожүйенің қалыптасуына қай деңгейде көмек беріп жатыр?
"Қазақстанның инновациялық экожүйесі тәй-тәй басқан баладай"
Астанада өткен Qazaqstan Technology Forumға спикер ретінде шақырылған шетелдік сарапшылардың қатарында америкалық Yahoo! компаниясының бұрынғы коммерциялық директоры, 500 Starups акселераторы серіктесі, инвестор Марвин Лиао да шақырылды. Ол informburo.kz тілшісіне берген сұқбатында Қазақстандағы инновациялық эконжүйенің дамуын АҚШ-тағы Силиконды алқаптың 1950 жылдарындағы мүмкіндіктерге теңеді.
– Үкіметтің қолдауы мен жеке сектордың инновацияға бет бұруын ескерсек, Қазақстандағы технологиялық экожүйе 2-3 жастағы баладай. Сондықтан оның өсу қарқынына баға беруге әлі ерте. Десе де, Қазақстан үкіметі әлемдік трендтерге мән беріп, оның маңыздылығын халыққа жеткізуге тырысып жатыр. Инновациялық және қаржы орталықтары мен акселерациялық кластерлердің ашылуы да жақсы нәтижені меңзейді, – дейді Марвин Лиао.
Инвесторларды тартуды ағылшындардан үйренейік
Америкалық сарапшы Марвин Лиао Ұлыбританиядағы инвесторларға берілетін жеңілдікті Қазақстанда да енгізуді ұсынды.
– Ағылшын үкіметі инновациядан алыс инвесторларға келіспеуге болмайтын тиімді ұсыныс жасады. Егер олар технологиялық стартаптарға қолдау білдірсе, салық төлеуден жеңілдік алады. Ал стартап өзін-өзі ақтамай, дефолтқа ұшыраса, инвестор белгілі бір уақытқа дейін салық төлеуден босатылады, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, осы сынды әдістерді тәжірибе жүзінде қолдану арқылы технологияны түсінбейтін қартайған инвесторларды технологиялық нарыққа қайтаруға болады.
– Қазақстанның америкалық Силиконды алқаптың аналогын құра алмауының бір ғана себебі бар. АҚШ-та технологияның мүмкіндіктерін түсінетін жас инвесторлар көп. Олар кейінгі стартаптарды қос қолын көтеріп, қолдайды. Ал Қазақстан инвесторларының басым бөлігінің жасы 50-ден асқан. Олар интернет платформаларына негізделген инновациялық стартаптарға сенбейді. Қолмен ұстап көруге болатын өнім шығаратын бизнеске инвестор болғысы келеді, – дейді америкалық сарапшы.
"Әрбір балаға код жазуды үйрету керек"
Осыдан екі жыл бұрын Жапония үкіметі қоғамдық ғылымдарды университетте оқытуды доғаратын шешім қабылдады. Содан бері күн шығыс еліндегі ЖОО-дары тек техникалық білім беруге бейімделіп келеді. Бұл әлемдегі бәсекелестікке төтеп беру мен даму потенциалын арттыру қажеттілігінен туындап отыр.
"Қазақстан инновациялық экожүйені қалыптастыру үшін білім беру саласына да баса назар аударуы тиіс". Мұндай пікірді аустро-сингапурлық инвестор Джозеф Зиглер (Joeseph K. Ziegler) informburo.kz тілшісіне берген сұқбаты барысында білдірді.
– Кез келген елдің инновациялық дамуы адам капиталына байланысты. Сондықтан білім беру саласы басты рөл ойнайды. Мен қарапайым азаматқа стартап ашып, бизнес идеясын дамытуы үшін техникалық біліктілік қажет деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, әрбір балаға код жазуды үйрету керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы, – дейді аустралиялық сарапшы.
Джозеф Зиглер өз еңбек жолын IT-инженер ретінде Аустралияның Сауда және инвестиция комитетінде (AusTrade) бастаған. Кейіннен Аустралиядағы Muru-D акселераторында еңбек етеді. Қазіргі таңда, ол – Сингапурдағы RockStarZ Asia венчурлы қорының жетекшісі.
Дозеф Зиглер балаға код жазуды үйретумен қатар ағылшын тілін де ертерек үйрете бастаудың да маңызды екенін айтады. Себебі заманауи бағдарламалау тілдерінің барлығында дерлік латын әріптері қолданылады. Ал оны үйренуге бағытталған интернеттегі ең үлкен мәлімет қоры да ағылшын тілінде.
Стартап үлкен нарыққа тәуелді
Қазақстандағы стартаптардың үкімет қолдауына зәру болуына бірнеше себеп бар. Олардың бірі – Қазақстанның тұтынушы нарығы. Әдетте, IT-стартаптар сатып алу мүмкіндігі (purchasing power) жоғары әрі халқы көп елде коммерциялық тәуелсіздікке жетеді.
– Қазақстан бұл мәселеде айтарлықтай тиімді позицияда тұрған жоқ. Себебі, халқы аз. Халықтың тұтыну мүмкіндігі де салыстырмалы түрде төмен. Сондықтан Қазақстанда құрылған сәтті стартаптар дамыған елдердің нарығына шығуды көздейді. Ол үшін сол елдің, кем дегенде, резиденті болуы керек, – дейді Джозеф Зиглер.
Технологиялық форумға келген тағы бір сарапшы шетелдегі үлкен нарықты Қазақстанда тұрып-ақ, игерудің жолдары бар екенін айтады.
Қазақстан код жазу фабрикасына айналса ғана ұтады
Формға қатысушы канадалық инвестор, Гонконгтағы 8Point Capital инвестициялық тобының аға кеңесшісі Уилл Росс (Will Ross) informburo.kz тілшісіне қазақстандық стартапшыларға шетел нарығына бағытталған жобаларды қалай жүзеге асыруға болатынын айтып берді.
– Қазақстан қазіргі технологиялық қабілетіне орай бірнеше бизнес модельмен дами алады. Мысалы, Вьетнам сынды код жазу фабрикасына айнала алады. Вьетнамнан қарапайым халықтың қиынын жеңіл ететін түрлі мобильді қосымшалар шығарылып жатыр. Олардың басым бөлігі ішкі емес, сыртқы нарыққа бағытталған, – дейді Уилл Росс.
Сарапшы Уиллдің пікіріне Ресейдегі Интернет бастамаларды дамыту қорының (ФРИИ) директоры Сергей Негодяев те қосылатынын айтады.
"Қазақстан бағдарламашыларының қабілеті жоғары, бірақ сатуды білмейді"
– Одан бөлек, олардың еңбек күшінің бағасы да төмен. Салыстырып қарасақ, ТМД бағдарламашылары үнді әріптестерінен 4 есе арзан бағаға жұмыс істейді. Осы жағынан-ақ, Қазақстан шетел инвесторларына тиімді бола алады. Тек оларға инновациялық орта жасалса болғаны, – дейді орыс сарапшысы.
Сергей Негодяевтің айтуынша, Қазақстан бағдарламашыларының қабілеті жоғары болғанымен, сатуды білмейді. Бір сөзбен айтқанда, өнімді дайындай біледі. Бірақ оны нарыққа шығара алмайды. Бұл ТМД мен Батыс Еуропа бағдарламашыларының басты айырмашылығы.
– Бизнесті жүргізу өнімді дайындаумен шектелмейтінін түсінуіміз керек. Дамыған елдердегі әріптестеріміздің стартапты дамытып, бізге қарағанда табысқа көбірек жетуінің сыры – олар өнімді сатуды біледі, – дейді Сергей Негодяев.
Қазақстандағы адам капиталын көтеруге не кедергі?
Астанада өткен технологиялық форум спикерлерінің көтерген басты мәселелерінің бірі – адам капиталы болды. Ол үшін білім беру жүйесін дамыту қажет екені де айтылды.
Қазнетте көпке белгілі BI Group компаниясының техникалық директоры, кәсіпкер Бағдат Мусиннің Qazaqstan Technology Forum ашылу салтанатында "Болашақ" бағдарламасымен оқыған студенттерге сол елде қалып, жұмыс істеуіне рұқсат беру керек екенін айтты.
– "Болашақ" бағдарламасы Қазақстандағы адам капиталын көтеру мақсатында құрылды. Сондықтан аталмыш бағдарламамен шетелде білім алған студенттің жоғары технологиялық компанияда жұмыс істеу мүмкіндігі болса, оның елге қайтуын міндеттемеу керек. АҚШ-тың үздік университеттерінде білім алып келген соң біздің үкіметке жұмысқа тұрса, оның мүмкіндіктері шектеледі. Сосын оның алған білімінің пайдасы да шамалы, – дейді Мусин.
Бағдат Мусинді Қазақстандағы цифрлық трансформацияның алып өкілдерінің бірі деуге болады. Ол аз уақытта "Қазпошта" АҚ-ның толықтай жаңаруына үлес қосты.
Қазақстан стартаптарын өндіріске бағыттау керек
Бағдат Мусин Қазақстандағы қазіргі стартаптардың ел үшін маңызды өндірістік сектордағы мәселелерді шешуге тырыспай, үкіметтің жұмысын жеңілдетуге жұмыс істеп жатқанын да сынға алды.
– Қазақстан – әлемдегі мұнай, ауыл шаруашылығы және логистика бизнесі салаларының бір бөлігі. Сондықтан стартапшыларды өндірістік сектордың проблемаларды шешуге бағыттау керек. Ал бізде олардың бәрі үкіметтің жұмысын жеңілдетуге тырысып жүр, – деді Бағдат Мусин.