Мұндағы қазақтар Қазақстанға біз ойлағаннан да жақын

Өзбекстандағы қазақтар деген кезде Мұқтар Шаханов айтқандай, басына өзбектің тақиясын киіп алып, "әкем – қазақ, мен – өзбек" деп өзбекше сөйлейтін балалары бар аралас отбасы емес, қазақ дәстүрін сақтаған, қазақ тілінде оқытатын мектептерде білім алатын қандастарымыз ойымызға түсуі керек.

Көрші елдегі қазақтардың кем дегенде бір туысқаны Қазақстанға қоныс аударған. Қазақ диаспорасының өкілдері туыстарымен күнделікті байланысып, еліміздегі өзгерістер мен жаңалықтардан хабардар болып отырады.


Бостандық ауданы Шәукеншек ауылының қазақтары. Бекен (сол жақта) – қара шаңырақта қалған үйдің кенжесі. Ал Асан (оң жақта) қазір Алматыда тұрады / Фото informburo.kz

Одан бөлек, қазақ диаспорасы Қазақстан жаңалықтарын Отау ТВ кабельдік телебағдарламалары арқылы көреді. Ал балалар "Балапан" телеарнасының арқасында қазақ тілін тереңірек үйреніп жүр.

Қазақтар – қонақжай халық "еді"...

Оқуға немесе уақытша жұмыс істеуге Қазақстанға келген өзбекстандық қазақтар жергілікті жұрттың тым дөрекі әрі сырттан келген отандастарына "сатқын" деп қарайтындарына ренжулі.

– Өзбекстанның территориясындағы қазақтар өз туған жерінде ғасырлар бойы ұрпақ таратып келеді. Олар қазақтың басына күн туған кезде, ат-тонын ала, шегара асып, қашқан жоқ. Сондықтан тарихи деректерді толық білмей, шетелден келген қандастардың бәрін "қашқын" дей беруге болмайды. Жалпы, барлық қиын кезеңдерде кетіп қалғандардың айыбын олардың ұрпағынан алу жөнсіз, – дейді Ташкент облысы Балықшы ауылының ақсақалы Ғани ата.


Ташкент қаласында қазақша аталған, қазақтың атақтыларының есімі берілген көшелер көп. Жалайыр көшесінде тұратындардың басым бөлігі де – қазақтар / Фото informburo.kz

Ғани атаның айтуынша, Ташкент облысында қазақтар бұрыннан көп болған. Бүгінде де, олардың саны көбеймесе, азаймаған. Қазақтың тұңғыш ағарту институты осы Ташкентте құрылыпты. Қазір ол Қазақстан территориясына кірмейтіндіктен, аты тұңғыштардың қатарында аталмайды.

– Қазақтар – қонақжай халық еді. Бірақ, қазіргі Қазақстандағы қазақтардың шетелден көшіп келген қандастарын жақсы қарсы алып, санымыздың көбейіп жатқанына қуанудың орнына кемсітуге дайын тұратындығы бар. Олардың жаңа ортаға бейімделуіне қолайлы мүмкіндік тудырудың орнына, "өзбек көрген" деп табалайды, – дейді Ғани ата.

Бостандық ауданынан көшкен қазақтарға жеңілдік берілсе ...

Екінші дүние жүзілік соғысы кезінде 7 Кеңес Одағының батыры шыққан Бостандық ауданы 1956 жылы саяси шешімнің нәтижесінде Өзбек КСР-ның құрамына өтіп кетті. Бұл шешімге жергілікті қазақтардың еш қатысы жоқ. Себебі Бостандық ауданын беру туралы шешім шығарылмас бұрын халық арасында ешқандай референдум да ұйымдастырылмаған.

– Бостандық ауданынан Қазақстанға көшетін қазақтарға арнайы статус берсе игі еді. Себебі олар Қазақстан территориясынан тысқары өз еркімен қалып қойған жоқ. Баяғы қазақ жерінде тұрып келеді. Қарапайым ғана зейнетақы есебін ауыстыру мәселелеріне қатысты да Қазақстан мен Өзбекстан арасында келісім жоқ. Өзбекстандағы еңбек тәжірибеміз Қазақстанға келгенде есепке алынбай қалды, – дейді Өзбекстандағы қазақ көп шоғырланған Бостандық ауданынан көшіп келген Аралбай есімді қазақ.

Аралбайдың айтуынша, Бостандық ауданында әлі де қазақтар көп. Ол жақтан әзірге көбіне жастар қауымы ЖОО-да білім алу үшін келіп жатыр. Ал үлкендер жергілікті қазақтардың дөрекілігі мен құжат рәсімдеудегі қағазбастылықтың кесірінен көшкілері келмей отыр.

"Квотаны" неге бізге де бермейді?!

Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Бостандық ауданы Үштерек ауылының бұрынғы тұрғыны Қайрат отбасымен бірге Қазақстанға көшкен кездегі қиындықтары туралы informburo.kz тілшісіне әңгімелеп берді.


Навои облысы Кенемех ауданы Дөңгелек ауылының қазақтары / Фото Informburo.kz

– Он жыл бұрын шетелден көшкен қазақ отбасыларының әрбір мүшесіне Қазақстан үкіметінен қолдау ретінде белгілі бір мөлшерде қаржы бөлінетін. 2009 жылы Оңтүстік Қазақстандағы Бозарық ауылына (Бүгінде, Шымкент қаласының территориясы – ред.) көштік. Үкіметтің берген "квотасына" қатысты жергілікті қазақтардың айтқан арызын естіп, жағамызды ұстадық, – дейді Қайрат.

Оның айтуынша, жергілікті қазақтар шетелден көшіп келген қандастарға берілген квотаның өздеріне де берілуін талап етіп, шулаған. Қайрат "Баяғыда оларға қазақ жерінен ешкім көшсін деген жоқ. Неге квотаны бізге де бермейді" деп даурыққандармен жиі сөзге келіп қалғанын айтады.

Қазіргі таңда, шетелден көшіп келетін қазақтарға құжаттарды аудару мен рәсімдеу, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша Қазақстан үкіметі тарапынан қолдау бар. Сонымен қатар, жеке мүддесіне пайдаланатын заттарды елге алып кіруге төленетін салықтан босатылып, көшу шығындарына қаржы бөлінеді. Ал әр отбасы мүшесіне бір рет берілетін материалдық көмек 2012 жылы тоқтатылған.


Бостандық ауданында Домалақ, Қосқорған, Қараманас, Абай, Айдаралы, Істәй, Табақсай сынды қазақ ауылдары бар / Фото Informburo.kz

Айта кетсек, 2011 жылы "Нұрлы көш" бағдарламасы аясында көшіп келетін отбасы мүшелеріне берілетін қаржы екі есе артқан. Өкінішке қарай, бұл бағдарлама 2012 жылы уақытша тоқтатылды. Кейінгі 5 жылда бағдарламаны қайта жүргізу жоспарланған болатын. Тек жоспар күйінде қалып қойды.

"Өзбек көрген" немесе "оралман" атанғанша ...

Қазақстандықтардың "оралмандарға" қырын қарауы көрші елдегі қазақ диаспорасының көшіп келіп, демографиялық өсімге және елдің өркендеуіне үлес қосуына кедергі келтіріп отыр.

– Ешкім де туған топырағын тастап, өзі білмейтін жерге көшпейді. Алдымен ақпарат топтастырып, қайда және қалай баруға болатынын, орналасу реті мен шығынын анықтайды. Мен де көшпей тұрып, тарихи отанымыз Қазақстанға алдымен жұмыспен бірнеше рет барып қайттым. Құрылыста жасадым. Бізбен бір құрылыс алаңында істейтін қазақстандықтардан әлдеқайда көбірек әрі сапалы жұмыс істесек те, табысымыз аз болды. Оған да көндік. Бірақ кейіннен жалақымызды кешіктіріп жіберді. Сосын жалақы төлейтін кісіні де таба алмай қалдық, – дейді Бостандық ауданы Газалкент қаласының тұрғыны Бақытжан.


Бостандық ауданы Шымған ауылының Сабит есімді тұрғыны да Қазақстанға көшу туралы ойынан айнығанын айтады / Фото Informburo.kz

Бақытжан – қазақ болса да, Қазақстанда Өзбекстанның паспортымен жүріп, көптеген қиындықтарға тап болған. Ал ауылына оралғаннан кейін, атажұртқа көшу туралы ойымен біржола қоштасыпты.

– Оралман сөзінің өзі дұрыс емес ұғымда қолданылып кеткен. Бізге бөлек статус беріп, қазақтан бөле жарудың керегі жоқ еді. Біз де – қазақпыз. "Оралман" немесе "Өзбек көрген" деген кемсітетін сөздерді естігенше, туған жерде қала бергеніміз абзал, – дейді Бақытжан.

Қыбырайдан шыққан Ыбырай

Ресми ақпаратқа сенсек, өзбек елі өз тәуелсіздігін жариялаған кезде, мұнда 486 толық қазақ тілінде және аралас оқытатын мектеп болған. Бұл көрсеткіш бүгінге дейін біршама азайғанымен, қазақ тілінде дәріс оқыту сапасы төмендеген емес. Осындай пікірімен informburo.kz тілшісіне Өзбекстан жазушылар одағы қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің жетекшісі Мекенбай Омаров бөлісті.


Бостандық ауданындағы ең бірінші ашылған қазақ тілінде оқытатын орта мектеп / Фото Informburo.kz

Мекенбай ата қазақ балаларының Ыбырай мен Абайды оқымаған кезі болған емес дейді. Ол тәуелсіздік алғалы балаларға қазақ тіліндегі оқулықтарды дайындауға атсалысқанын айтты.

– Өзбекстандағы қазақ мектептер жабылып, балалар өзбек болып кетіп жатыр дегеннің бәрі бос сөз. Өз басым, жақында, Бостандық ауданы Абай ауылындағы қазақ мектептеріне барып қайттым. Балалар қазақша сөйлеп, қазақ ақындарының өлеңін оқып бергенде, менен артық қуанған ешкім болмады, – дейді Мекенбай ата.

Мекенбай Омаров Ташкент облысы Қыбырай ауданында дүниеге келген. Ел арасында "Қыбырайдан шыққан Ыбырай" атымен белгілі.


Бостандық ауданы Домалақ ауылы. Кітапханаға асыққан балалар / Фото Informburo.kz

Ал қазақ диаспорасы өкілдерінің елге көшуіне қатысты да Мекенбей ата салмақты жауабын берді.

– Қазір не істесе де, әркімнің өз еркі. Екі қолға бір күрек кез келген жерден табылады. Қазақстанға көшкеннен кейін отандасымыз Қайрат Үмбетов сынды ерлік жасайтындай мақсатпен көшу керек. Әйтпесе, бір жерден екінші жерге көшкеннің еш артықшылығы жоқ. Біз баяғыдан қазақ жайғасқан туған жердеміз. Қазір де мұндағы қазағымның қаймағы бұзыла қойған жоқ, – дейді Мекенбай ата.

Өзбекстандағы қазақтардың жанашыры Қазақстанға әзірге тек жастар оқу бабымен кетіп жатқанын айтады. Ал өзі сынды үлкендер туған жерін қимағандықтан, кеткілері келмейді.

– Бір жерге орнығып алмай, жастардың оқу бабымен Қазақстанға барғанын құптаймын. Солар барып, Қазақстанның өркендеуіне үлес қосса, біз сияқты ақсақалдар оған қуанамыз, – дейді Мекенбай ата.

Өзбекстандағы қазақтардың қазақшасы қалай?

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен қазақ диаспоралары арасында жыл сайын "Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім" атты қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша халықаралық олимпиада ұйымдастырылады. Бұл жарысқа Өзбекстандағы қазақтар да белсенді түрде қатысады.

Өзбекстанда туған қазақ қызы – Райхан Егембердиева аталмыш халықаралық олимпиадаға қатысып, бас жүлдені жеңіп алған. Informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында Райхан олимпиаданың өз өмірін түбегейлі өзгертіп жібергенін айтты.


Райхан (ортадағы) магистратурада бірге оқыған достарымен бірге / Фото Informburo.kz

– Халықаралық Олимпиада Орал қаласында өтті. Жарысқа қатысуға өзім сияқты мектеп оқушылары Моңғолия, Ресей, Қырғызстан және Қытайдан келген болатын. Мен олимпиада жеңімпазы атанып, Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінде грантпен оқу мүмкіндігіне ие болдым. Бірақ көп өтпей Ислам Жеменей сынды білікті ғалымдардың дәрістерін тыңдау арқылы қазақ әдебиетін тереңірек зерттеумен айналысамын деп шешіп, Сулейман Демирел атындағы университетке ауысып кеттім, – дейді Райхан.

Райхан бакалавр дәрежесін СДУ-да бітіріп, магистратурасын Мекемтас Мырзахметовтен білім алу үшін ҚазҰПУ-да жалғастырған. Қазіргі таңда, ол тұрмысқа шығып, Алматыда қазақ әдебиеті саласында еңбектеніп жүр.

– Қазақ мектептерінде алған білімім олимпиадада жеңуіме, кейіннен университетте қатарластарымнан қалмай білімімді арттыруыма негіз болды, – дейді ол.

Райхан Ташкент облысы Бостандық ауданы Шымған ауылында туған. Ол аудан орталығы Газалкент қаласында орналасқан әл-Фараби атындағы №6 мектеп-интернаты мен Абай атындағы №1 орта мектепте орта білім алған.

Көк тудың астына жиналу идеясы

Informburo.kz тілшісі еліміздегі көші-қонның бүгінгі жағдайы жайлы өзі Қытайда туып, КСРО кезінде елге көшкен, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтен пікірін білді.

– Тәуелсіздігімізді алған жылы қазақтардың үштен бір бөлігі елден жырақта жүрді. Қазақстанда 10 миллиондай қазақ болғанда, шетелдегі қандастарымыздың саны 5 миллионға жуық еді. Егемендігімізді алған кезде, әлемдегі бар қазақты көк тудың астына жинау мүмкіндігі болды, – дейді Қабдеш Жұмаділов.


Қабдеш Жұмаділов "қазақтың саны көбейгенін қаласақ, шындап кірісу керек" дейді / Фото Massaget.kz сайтынан алынды

Жазушы қандастарымызды елге шақыру процесі кейіннен дұрыс қолға алынбағанын айтады. Басында жақсы басталған көш кейінгі онжылдықта бірте-бірте саябырси түскен.

Ресми ақпаратқа орай, 1991 жылдан 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін елге 1 миллионға жуық қазақ көшіп келген. Оралмандардың 61,6 пайызы Өзбекстаннан көшкен.

Көші-қонның баяулап қалуына кім кінәлі?

Қазақстан – өз ұлтының өкілдерін еліне шақырған үшінші ел. Немістер мен еврейлер шет елдерде қалып қойған қандастарын еліне шақырған кезде қазақ үкіметінің бастамасы да қуантарлық еді. Ал бұл үдерістің аз уақытта баяулап қалуына не себеп?

– Өзбекстандағы қандастарымыздың арызы орынды. Бұл – жалпы шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің барлығына тән мәселе болып отыр. "Есі барда, елін тауып" көшіп келе жатқан қандастарымыздың санының азаюына өзіміз кінәліміз, – дейді Қабдеш аға.

Халық жазушысы қазақтарды бір тудың басына жинауды шынымен қалағанымызда, шегара асқан әрбір оралманға бірден ел азаматтығын беретін деңгейдегі зор ықыласпен, ынтамен дайын болуымыз керек еді дейді.

Көшті бастайтын серкелер керек

– Әдетте, халық ішінде өздігінен шешім қабылдап, көшетін азаматтар көп болмайды. Сондықтан оларға қолдау білдіріп, халық арасында үгіт-насихат жүргізетін, алға тартатын серкелер керек. Оған үкімет назарын аудара қоймады. Шетелдегі қазақтармен байланысты орнату мақсатында жиі-жиі делегацияларды жіберу керек еді, – дейді Қабдеш Жұмаділов.

Жазушының айтуынша, келген оралмандарға кей аймақтардағы жергілікті билік өкілдері де қолайлы жағдай жасап бермеген. Ал кейбір азаматтарға тіпті оралман куәлігін алу қиямет болған.


Ағайынды қазақтар. Бағлан (сол жақта) әке-шешесімен Қазақстанға көшіп кетсе де, жазғы демалысында ауылға Марленді (оң жақта) көруге келіп тұрады / Фото Informburo.kz

Қабдеш Жұмаділов 1962 жылы Кремльдегі билік басындағылармен тікелей хат алмасып, Қытайдан бір айда 200 мың қазақты көшіріп алып келген белсенділердің қатарында болған.

Нақты жоспар жоқ ...

– Қазақ үкіметінің қандастарымызды елге шақыруды қолға алғаннан кейінгі нақты жоспары болуы керек еді. Мысалы, "биыл Өзбекстаннан осынша отбасы көшіп келу жоспарланған. Оларды мынадай облыстардың аудандарына жайғастырамыз деп келген оралмандарды жұмыспен қамту мәселесін алдын ала шешуді де жоспарлау керек еді. Ал бізде ондай жоспар атымен болмады, – дейді халық жазушысы.

Қабдеш Жұмаділов өз қазағымызға өзіміз жау болмай, қайта санымыздың көбейгеніне қуану керектігін айтады. Қазақтың өзі жылышырай танытпағаннан кейін шетелдегі қандастарымыздың келгісі келмей қалатыны айдан анық.

– "Нұрлы көш" бағдарламасы аясында шетелден жыл сайын 20 мың отбасыны көшіру қолға алынған еді. Бұл – 100 мыңға жуық қазақ деген сөз. Біз осыны қанағат тұтып, жылына 100 мыңға көбейіп отырсақ, жаман болмаймыз деп қуанып едік. Өкінішке қарай, бұл бағдарламаның ғұмыры қысқа болды, – дейді Қабдеш аға.