Жамбыл облысында су мәселесі күрделі жағдайға айналғаны жан-жақты айтылып жатыр. Ауыл тұрғындары әкімдіктің әрекетіне наразы, себебі 375 миллион теңге бөлініп салынған су құбыры жұмыс істемей қалған. Көкбастаулықтар осы жағдайдан шаршап, тіршілік нәрінен тарығып отыр. Су тапшылығы, қаражаттың дұрыс жұмсалмауы және ауыл инфрақұрылымының сапасының төмендігі халықтың көңілін алаңдатып отыр. Ауылдың азуы мен су тапшылығы мәселесі халықтың өмір сүру сапасына теріс әсер етуде, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Біз шынымызды айтайық, әкімге мүлдем сенбейміз. Өйткені қанша әкім келді, барлығының беретіне бір уәде. Істеймін, істеймін бірақ іс жүзінде ешқайсы жоқ. Шынын айтсақ мұндай әкімге ашуымыз да бар. Бары не, жоғы не ол әкімнің. Соншама бөлінген ақшаны неге мемлекет қадағаламасқа, мысалы. Егер бөлінген ақша өз орнына жұмсалса мұндай мәселе болмас еді", – деді Көкбастау ауылының тұрғыны Нүсіпжан Тәттіқұлов.

Мыңнан астам тұрғыны бар елдімекенде су имаратының лентасы 2021 жылы қиылған. Көптің сүйіншіcі сол күннен соң-ақ сұйылыпты. Әу баста сыздықтап, кейін тамшылап, бүгін де жұрт бәз-баяғы баспа құдыққа күні қараған. Ал жауаптылар қазір қайта зерделеу жұмыстарын жасап көреміз деп отыр. 


Оқи отырыңыз: Шекаралық аудан шаруашылығы: Қой қазақыланса, картоп еуропаланып жатыр


"Мәселе екі жақты болуы мүмкін. Біреуі – жер асты су қорының азайып кетуі, болмаса оның көздерінің бітеліп қалуы. Біз қазір сол мәселе бойынша көздерін ашу жұмысымен айналысамыз. Бұл бойынша арнайы айналысатын адамдар кетті. Көзін ашумен айналысамыз. Одан кейін барып жер асты суы шыға ма, шықпай ма оны тағы көре жатармыз", – деді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Бүркітәлі.

Осылайша қабылданған нысанды қайта тексереміз деген әкімдік мердігер компанияның жұмысын сметалық жобамен салыстырып көрмек. Жұрт айтқандай жұмыс барысында мол қаржыны жырып қалған болса жазалаймыз, жер асты суы тартылған болса амалымыз жоқ, дейді.