Алматының батыс қақпасындағы аумағы 40 гектарға ие әйгілі "Алтын Орда" базары түгел жаңартылмақ. Сауда нүктелерінің саны артып, сатылатын өнімдердің де түрлері көбейеді. Осы айдан бастап сауда-логистикалық орталығының №1 жаңа павильоны ашылды:

  • Аумағы – 8 300 шаршы метр;
  • Азық-түлік бутигі – 200;
  • Сатушы сөресі – 300.

"Алтын Орданың" №1 павильоны / Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің суреті

Оқи отырыңыз: Сұлтанов: Алматы мен Ташкент Орта Азиядағы негізгі сауда орталықтарына айналады

Ірі сауда орталығында құрылыс жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Жұмысшылар енді тұрмыстық және азық-түлік емес тауарлар сатылатын №2 павильонды салуға кіріскен. Жалпы ауданы 50 мың шаршы метрді құрайтын бұл павильон 4 блоктан тұрады. Бір блоктың құрылысына ең кемі 1 жыл уақыт қажет. Сондықтан, сауда кешенінің құрылыс жұмыстары шамамен 2024 жылы толық аяқталады деп жоспарланған. Дәл осы павильон астына 1 200 орындық көлік тұрағы салынады.


Эскиз бойынша жаңа сауда орындары осындай болады / Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің суреті

Базар бұзылғанға дейін сауда сөресін жалдап, кәсіп қылғандар саны 2 500-ден астам болатын. Құрылыс басталғанда олардың сауда орындары базардың басқа секторларына көшірілді. Құрылыс кезең-кезеңімен жүзеге асатындықтан, базар әкімшілігі саудагерлердің кәсібі тоқтап қалмайтынына сендірді.


"Алтын Орда" сауда-логистикалық орталығының №1 павильоны / Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің суреті

Енді кәсіпкерлер жаңа павильондардан орын алуы тиіс. Себебі, базар басшылығы болашақта аумақтағы "жабайы сауданы" түгел тыйып, заманауи орталыққа айналдырмақ. Айтуларынша, құрылыс аяқталғанда сауда орындарының саны екі есе артып, 5 мың орынға жетеді. Тиісінше, саудагерлердің барлығына жаңа павильоннан орын табылып, тағы осынша саудагердің жұмыс жасауына мүмкіндік туады.

"Павильондардан сауда орындарын жалдау ақысы өзгермейді. Бұрынғы баға сақталады. Яғни, сауда нүктесінінің орналасқан жеріне қарай жалдау құны 30-40 мың теңге аралығында болады. "Базар жаңартылған соң, ондағы тауарлар мен азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттай ма?" деген сұрақ мазалауы мүмкін. Бұл тауарды сақтау және сату жағдайына байланысты болатындықтан, керісінше, тауардың өзіндік құны төмендеуі мүмкін", – деді "Altyn Orda Kaztrade" ЖШС директорының орынбасары Жұмадин Патов.


"Алтын Орда" сауда-логистикалық орталығының жобалық эскизі / Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің суреті

Оқи отырыңыз: 1,5 млн адам жұмыс тауып, 40 мың несие рәсімделген. "Еңбек" бағдарламасы аясында қалай кәсіп бастауға болады?

Базар әкімшілігінің хабарлауынша, "Алтын Орда" сауда-логистикалық кешені заманға сай жаңартылып, жабдықталады. Орталықта саудагерлер мен тұтынушылардың қауіпсіздігі үшін бар жағдай жасалады. Атап айтқанда:

  • өрт сөндірудің автоматтандыру жүйесі орнатылады;
  • жылу-желдету жүйесі жасалады;
  • кондиционерлік жүйемен жабдықталады;
  • радиостанциялық жүйе жұмыс істейді;
  • баенебақылау жүйесі іске қосылады.

Құрылыс кезінде сауда орталығының сыртқы келбетіне де мән беріледі. Кіре беріс қақпадан бастап, кешеннің маңайына көріктендіру-көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.