World Cup 2018. Топтық кезеңнен кім қалай өтті?
Тартысқа толы топтық кездесулер өз мәресіне жетті. Бұл жолғы әлем біріншілігі топтық кезеңінің ерекшелігі неде? 1/8 бәйгесіне шыға алмай қалған фавориттер бар ма? Ал жаңа қырынан көріне білген футболшылар кімдер?
Informburo.kz тілшісі осы сынды сұрақтарға жауап іздеп, жарыстың алғашқы 15 күнінде болған қызық оқиғаларды шолып өттіі.
16 команда – 1 титул
Біріншіліктегі топтық кездесу өз мәресіне жетті. Алғашқы 15 күнде үміт артылған кейбір фавориттер жарыстан шығып қалса, мүмкіндігі аз деген құрамалар топты жарды.
Сонымен Ресейдің 11 қаласында өтіп жатқан футболдан әлем біріншілігінің кейінгі кезеңіне 16 команда жолдама алды. Оның 10-ы Еуропадан, 5-еуі Оңтүстік және Орталық Америкадан. Азиядан бір ғана ұлттық құрама топтан шықты.
Өкінішке қарай, топтық кезеңде әдемі ойын өрнегін көрсеткен Африка елдерінің ойыншылары плей оффқа жете алмады. Топтық кездесуден шыққан ұлттық құрамалар қатарымен таныс болыңыздар:
- Уругвай (A тобының жеңімпазы);
- Ресей (A тобынан екінші орынмен шықты);
- Испания (B тобының жеңімпазы);
- Португалия (B тобынан екінші орынмен шықты);
- Франция (C тобының жеңімпазы);
- Дания (C тобынан екінші орынмен шықты);
- Хорватия (D тобының жеңімпазы);
- Аргентина (D тобынан шықты);
- Бразилия (E тобының жеңімпазы);
- Швейцария (E тобынан екінші орынмен шықты);
- Швеция (F тобының жеңімпазы);
- Мексика (F тобынан екінші орынмен шықты);
- Бельгия (G тобының жеңімпазы);
- Англия (G тобынан екінші орынмен шықты);
- Колумбия (H тобының жеңімпазы);
- Жапония (H тобынан екінші орынмен шықты).
Айта кетсек, Жапония мен Сенегалдың плей оффқа шығу мүмкіндіктері тең-тұғын. Таразыға салғанда Жапон ойыншыларының алған айыптама сары қағаздары аз болы шықты. Соның арқасында топтан шықты.
1/8 ойындарының күні мен уақыт30 маусым
Уругвай – Португалия, 00.00.
1 шілде
Испания – Ресей, 20.00.
Хорватия – Дания, 00.00.
2 шілде
Бразилия – Мексика, 20.00.
Бельгия - Жапония, 00.00.
3 шілде
Швеция – Швейцария, 20.00.
Колумбия - Англия, 00.00.ы
Сағаты Астана уақытымен. Ойындарды Qazaqstan және Qazsport арналары тікелей эфирден көрсетеді.
Германия алдыңғы жеңімпаздардың кебін киді
Германия ұлттық құрамасы топтық кезеңнен шыға алмай қалып, чемпион деген атына кір келтірді. Әлем біріншілігінде бұл чемпиондар арасындағы дәстүрге айналып кеткендей.– Мұндай сенсациялар әлем біріншілігінде жиі болып тұрады. Кезінде Бразилия, Италия, Испания құрамалары да ойсырай жеңіліп, топтық кезеңнен әрі аспай қалған болатын. Жалпы таң қалатын ешнарсе жоқ. Бұл барлық командалардың жоғары деңгейде дайындалғандығын көрсетеді, – дейді тәуелсіз спорт сарапшысы Рауан Оқас.
Оның айтуынша, Германия құрамасы жарысқа дейінгі жолдастық кездесулерде де сүбелі нәтиже көрсете алмаған. Коста Рика командасының да топтан шығуға әлеуеті жететін еді. Бірақ қарсыластарының қатты қарқынына төтеп бере алмады..
– Жалпы Африка елдері құрамаларының плей оффқа шыға алмауы өкінішті. Тартысты ойын көрсеткен Марокко, Сенегал және Нигерия командаларына жеңіс бұйырмады, – дейді Оқас.
Иран қаупі мен Жапония тегеуіріні
Ресейде өтіп жатқан футболдан әлем біріншілігінің топтық кезеңінде Иран ұлттық құрамасының ойыны жоғары деңгейде болды. Парсы елінің командасы В тобындағы алғашқы ойында Марокконы жеңсе, бұрынғы әлем чемпионы (2010 жылғы) Испанияға есе жіберіп қойды. Десе де, үшінші ойында Еуропа біріншілігінің жеңімпазы Португалия құрамасымен тең түсті.
– Расында Иран ойыншыларына көп үміт артылды. Олардың әлем біріншілігіндегі фавориттерге тойтарыс бере алатындай мінез көрсеткені қуантты, – дейді Рауан Оқас.
Ал Жапония ұлттық құрамасы соңына дейін тайталасты. Топтық кезеңде H тобынан бірінші орынмен шыққан Колумбия құрамасын жеңсе, Сенегал ойыншыларымен тең түсті. Ал соңғы ойында жапондарды жеңіп кеткен Польша командасы жалпы есеп бойынша бәрібір артта қалды. Сөйтіп плей оффқа Жапония құрамасы шықты..
Дандайсыған немісті кәріс келіп ұшырды
Өкінішке қарай, Азиядан тек жалғыз Жапония құрамасы кейінгі кезеңге өтті. Әйтсе де, Оңтүстік Корея футболшыларының соңына дейін бар күшін салып ойнағандары айқын көрінді.
– Мысалы, Оңтүстік Корея жарыстың басынан сәтсіз өнер көрсеткенімен, соңғы ойында жақсы тойтарыс бере алды. Соңғы ойын кәрістер үшін шешуші болмаса да, Германия үшін маңызды еді. Бірақ, Германия Азия жолбарысына есе жіберіп қойды. Ақыры, екі команда да 1/8 кезеңіне жолдама алмады,– дейді тәуелсіз спорт сарапшысы Рауан Оқас.
Оңтүстік Корея құрамасы алғашқы екі ойында Швеция мен Мексика командаларынан жеңіліп, ұпайсыз қалған-ды. Сондықтан кореялықтардың соңғы матчтағы ойынының нәтижесі ештеңеге әсер етпейтін еді. Сонда да, ойын соңында қосылған қосымша минутта Германия қақпасына екі гол соғып, немістерді еліне ерте қайтарды.
Нағыз тартысты ойындар әлі алда
– Аргентина құрамасы Чемпионатты сәтсіз бастап, кейін еңсесін тіктеп үлгергендіктен 1/8-де Франция ойыншыларымен кездеседі. Ең қызық матчтардың бірі болары анық. Аргентина Франциядан айласына асыра алады. Себебі, әлем біріншілігінде сүрініп, топтық кезеңнен әрең шыққан командалардың кейін жеңіс тұғырына көтерілгендері болды. Сондықтан Аргентинаның толық мүмкіндігі бар, – дейді Оқас.
Сарапшының ойынша, Швейцария мен Швеция сынды кейбір деңгейлес командалар бір-біріне дәл түсті. Олардан қызу тартысты көрмейміз. Ал Португалия мен Уругвай арасында матч шиеленіске толы болмақ.
– Қалған жұптарда қай құраманың шығатыны ойыннан бұрын айқын көрініп тұр. Мысалы, Испания Ресейді төпеп өтуі керек. Бразилия Мексиканы жеңуі тиіс, – дейді Рауан Оқас.
Албан ойыншылары сербтермен қастаса ойнады ма?
Топтық кездесуде E тобында өнер көрсеткен Швейцария құрамасы алғашқы қарсыласы Бразилиямен тең түсіп, Сербиямен ойында басымдық танытты. Дәл осы матчтан кейін Батыс Еуропаның кейбір басылымдары Швейцария құрамындағы екі ойыншы туралы қызық дерек келтіре бастады.
Швейцария ұлттық құрамасында ойнайтын Гранит Джака және Джердан Шакири есімді футболшылары албан текті екен, бастапқыда Сербиядан саяси пана алғысы келіпті. Десе де, Сербия үкіметі олардың өтінішін қабылдамай, депортациялап жібереді. Көп өтпей Швейцария азаматтығын алып, олар ұлттық құрама сапына енеді. Мына біріншілікте дәл сол Сербияға қарсы ойында екі голды екеуінің соққанын бекерден бекер деп көр.
Еуропаның кейбір басылымдары албандардың кексақтағыш екендіктерін жазып, олар сербтерге қарсы қастаса ойнады десе, өзгелері бұдан ешқандай саяси мотив көрмейді.
– Футболда мұндай сәттер өте көп. Мысалы, немістің ұлттық құрамасында көп жыл бойы өнер көрсеткен ұлты поляк Мирослав Клозе Польша құрамасының қақпасына неше рет гол соқты. Сонымен қатар, клубтық ойындарда трансфер жасаған футболшылар өзінің бұрынғы клубын жарыстан шеттеткен кездер жиі болған, – дейді Оқас мырза.
Сарапшының айтуынша, Швейцария сапындағы албан текті футболшылар тек Сербия емес, өзге де командалардың қақпасына гол соғып жүр. Қазіргі қоғамда спортқа саясатты жиі араластыратындар көбейді. Бірақ футболға әзірге саясат ықпалын тигізе қойған жоқ.
Төбелесқұмар орыс жанкүйерлері қайда?
Осыдан 6 жыл бұрын Ресей құрамасы Украина мен Польша елдерінде өткен Еуропа біріншілігіне қатысуға мүмкіндік алған-ды. Ойынды стадионда отырып тамашалау үшін көршілес жатқан Украина мен Польшаға орыс жанкүйерлері көптеп ағылып барды.
Сарапшылар сол жылы Ресей жанкүйерлерінің 12-ші ойыншы міндетін асыра сілтеп атқарғанын айтады. Масайып алған жанкүйерлер көшеде төбелестен бастарын алмай, соңында полициядан бір-ақ шыққан. Олардың басым бөлігі елдеріне уақытынан бұрын қайтарылды. Ал осы жылғы әлем біріншілігінде стадиондарда тәртіп бұзушылық байқалмайды. Мұның сыры неде?
– 2012 жылы өткен Еуропа біріншілігінде Ресей жанкүйерлері бұзақылық жасаудан ағылшындардан да асып түскен еді. Себебі ол кезде Ресей құрама командасы өте нашар ойнады. Ал биылғы әлем біріншілігінде орыс футболшылары әзірге сүріне қойған жоқ. Өзіне қажет ұпайын алып, топтық кезеңнен шығып отыр. Сондықтан жанкүйерлердің де көңіл-күйлері көтеріңкі, – дейді Оқас.
Ресей құрамасы енді Испанияға қарсы ойнайды. Мұнда Испанияның фаворит екені белгілі. Ресей жеңілгеннің өзінде де жанкүйерлер шу шығара қоймайды дейді Рауан Оқас. Себебі испан футболшылары әлдеқайда тәжірибелі және олардың жанкүйерлері сабырлы, эмоцияға қатты берілмейді.
Қай кездесулердің рейтингі жоғары?
Топтық кезеңдегі кейбір матчтарда стадион толмады. Енді финал жақындаған сайын, тартыс та қыза түспек. Сәйкесінше, жанкүйерлердің әрбір матчқа деген қызығушылығы да артады.
– Барлық дерлік матчтардың рейтингісі жоғары болу керек. Дегенмен, айырып айтқанда, Ресей құрамасының Испанияға қарсы ойыны букмекерлік кеңселердегі сұранысты одан әрмен арттырды. Себебі Испания – фаворит, ал Ресей – ойынды ұйымдастырушы ел. Орыс жанкүйерлері аздап болса да, өз құрамасынан үміттенеді, – дейді тәуелсіз сарапшы.
Футболдан тек ойыншылар немесе клубтар емес, букмекерлік кеңселер де айтарлықтай көп табыс табады. Сондықтан букмекер сарапшылары рейтингі жоғары матчтарға жоғары коэффициент беріп, көрікті қыздырып бағады. Франция, Бразилия, Португалия, Англия құрамалары қатысатын ойындар солардың қатарында болары анық.
Кімнің жеңімпаз атануы мүмкін?
– Араға 50 жыл салып, Англия чемпион атануы мүмкін. Ағылшындар соңғы рет 1966 жылғы біріншілікте топ жарды. Десе де, бұл жолғы әлем біріншілігінің басты фавориті – Бразилия. Олар бірінші күннен тегеурінді ойнап, қарқындарын азайтпады, – дейді Рауан Оқас.
Оның айтуынша, Аргентина мен Португалияның да жеңіске жетуін тілейтін футбол жанкүйерлері көп. Себебі бұл Месси мен Роналдудің әлем біріншілігіндегі соңғы рет өнер көрсетуі болуы мүмкін.
Топтық кезеңдегі үздік ойыншылар
Гарри Кейн (Англия құрамасы капитаны) – 5 голдан.
Ромелу Лукаку (Бельгия), Криштиану Роналду (Португалия құрамасының капитаны) – 4 голдан.
Денис Черышев (Россия), Диего Коста (Испания) – 3 голдан.
Букмекерлік кеңселердің дәурені жүріп тұр
Бүкмекерлік кеңселер ешқашан ұтылған емес және ешқашан ұтылмайды да. Дәл қазір олардың дәурені жүріп тұр. Әлем чемпионатында тиімді коэффициенттерді ұсыну арқылы букмекерлер табысын арттырса, бәс тігіп жүргендердің арасынан қалтасын қалыңдатып үлгерген мен барынан айырылған ойынқұмарлар көп шықты.
– Германия мен Оңтүстік Корея арасындағы ойында, бәс тігушілердің көп бөлігі біріншісінің жеңісін күтті. Бірақ бұл маңызды ойында немістер жеңіліп қалды. Осындай сәттерде букмекерлік кеңселер қарқ болады, – дейді Оқас мырза.
Рауан Оқас букмекерлік кеңселердің елімізде кең етек жайып келе жатқанын, бұның ойландыратын мәселе екенін айтады. Себебі олардың қай кеңсесіне кірсеңіз, қазақ жастары толып отырады. Онлайн бәс қоятындар өте көп. Ақылға салатындары жоқтың қасы.
Шектеу жоқ
Республикалық деңгейдегі арналардың өзі букмекерлік кеңселердің жарнамасын береді. Олар тіпті түрлі клубтардың негізгі демеушілеріне айналып үлгерген. Оларға заң шеңберінде үкімет тарапынан шектеу әзірге болмай тұр. Себебі бәс тігу орталықтары ел бюджетіне де үлкен көлемде салық төлеп отыр.
– Бұл – өткір мәселе. Қаншама қазақ жастары әр ойынның коэффициентін іздеп, бәс тігуге басымен кіріп кеткен, – дейді Рауан Оқас.