Вокзалда арба сүйреген ақын үшінші жыр кітабына демеуші іздейді
Алматыға жұмыссыздық жетелеп әкелген
Ақын Сәбетай Сыпатайдың жасы биыл 54-те. Алматы облысы Ақсу ауданында 1963 жылы дүниеге келген. 14 жасынан бастап өлең жаза бастаған. Әскери борышын өтеп келген соң, Қазақ ұлттық аграрлық университетіне құжат тапсырады. Орманшы болғысы келеді. Алайда орманшы жұмысының сұранысқа ие емес екенін түсініп, экономист болуды ұйғарып, Халық шаруашылығы университетіне тапсырады. Осылайша екі жоғары оқу орнына түскенімен аяқтамаған.
Жоғары білімі болмаса да, аудандық "Уйгур авази" газетіне корректор әрі тілші болып қызметке тұрған. Еңбек жолын осылай бастаған ақын 1997 жылы Алматыға келгенге дейін ауыл шаруашылығы, құрылыс, мәдениет және журналистика саласында қызмет атқарады. Жұмыс орындары қысқарып, ауылдық жерде екі қолға бір күрек таба алмай, ол күн көріс үшін Алматыға жол тартады.
Алма сату емес, арба сүйреген пайдалы
Сәбетай дәл осы жылы әйелімен ажырасқан екен. Ажырасуына отбасында әлеуметтік жағдайының ауырлығы себеп болыпты. Алматыдағы өмірін вокзалда алма сатудан бастайды.
– Бастапқыда күнделікті табыс жаман болған жоқ. Бірақ арбамен жүк тасығандар маған қарағанда көп табатынына көзім жетті. Содан біраз уақыттан соң, арба сүйреуге көштім.
Дағдарыста жүрсе де, қаламы қолынан түспеді
Қазақстан алғаш тәуелсіздігін алып, дағдарысты басынан өткеріп жатқан кезде де Сәбетай қолынан қаламын тастамаған. Оның "Жұлдыздардың бағыты өзгермейді" деген өлеңдер жинағы 1993 жылы шығыпты.
Сәбетайға серік екі кітабы ғана
Сәбетай алғашқы кітабынан қолында қалған соңғы данасы мен екінші кітабын баласындай мәпелеп, тіпті үйіне қалдыруға қорқып, күнде өзімен бірге алып жүреді екен. Оның жұмысы поездар келетін таңғы және кешкі уақытта басталады. Өзі вокзал маңындағы үйлердің бірінде 15 мың теңгеге пәтерді жалғыз жалдап тұрады. Күнделікті табысы екі-үш мың теңгені қанағат тұтады. Екінші рет отбасын құруға ниеттенбеген екен.
– Қазір мұнда тұрақты жұмыс жасағанмен, арасында басқа шаруалармен айналысқан кезім болған. Құрылыста да істедім. Бірақ вокзалдағы жұмысыма қайта оралдым. Өйткені мұнда күнделікті тиын-тебен табуға болады. Құрылысты білесіз, кейде ақшасын төлемей қояды.
Жылдар бойы күткен ұл-қызы келмеді
Ақын әлі зейнет жасына жетпеген. Алайда ол бүкіл ғұмыры өтіп кеткендей сезінеді. Соңғы рет қашан шынайы қуанғаны есінде жоқ. Ал жанына бататын сұрақтардың бірі – отбасы туралы. Оны сұрақ қойылған кездегі түйілетін қабағынан, жабырқау көңілінен аңғаруға болады. Бастапқыда естімеген жандай теріс қарап, біраз уақыт үндемей отырып қалды. Сәлден соң ғана іштей бір күрсініп, қызына арнаған өлеңін оқи жөнелді.
Көпшілік боп бәріміз ойлана кеп,
Ат қойғанбыз өзіңе Айдана деп.
Бәрі сұрап жатады келгендердің,
"Ұл ма, қыз ба, ол өзі қай бала деп?"
Айданамыз жаңадан жанған шынар,
Шынарларға болады арман құмар.
Роза да, Жанар да, Жадыра да,
Бәрі осындай балапан болған шығар.
Осылай деп өмірге келгенде жер әлемге жар салып, қуанышымен бөліскен ақын әкесін 22 жасар қызы Айдана Алматыда тұрса да, бір рет те іздеп келмепті. Ал ұлды болғанда басына "нұрлы дәурен орнайтын болды" деп армандаған екен.
Сол бір сәтте көршім тағы тіл қатты
"Ұлды болдың, келіншегің ұл тапты!"
Сенерімді, сенбесімді білмедім
Өңім емес түсім шығар бұл менің.
Сырласатын тілегімнің мұңымен,
Нұрлы дәурен орнадың ба, шынымен.
Дүрлікпесе керек еді бұл ғалам,
Қосылған ғой, бір жаманға бір жаман, – деген өлеңін ұлы Ғаниға арнаған. Қазір ұлы 25-те. Вокзалда өткен 20 жылында бір рет қана іздеп келіпті. Оның өзінде қаражаттан қиналған кезінде. Ал бұл болса, балаларынан "Әке, үйге жүр!" деген бір ауыз сөз күтеді. Сонымен өмірі өтіп жатыр.
"Қуанышты сәтте қасымда отбасым болмады"
– Жалғыздық құдайға, сосын маған жарасады деп ойлаймын. Мүмкін мен өмір бойы бір ғана адамды сүйіп өтетін шығармын. Екінші кітабым шыққан соң, туған жеріме шығармашылық кешімді өткізуге барғанда, отбасымды шақырғанмын. Келмеді. Өзім де балаларыммен араласқым келген. Бірақ өздерінде ынта жоқ. Балам бер рет қана ақша сұрап келді. Әйелім болса, балабақшада жұмыс істейтін. Қазір немен айналысып жүргенін білмеймін, – дейді ақын.
Талай таланттың тағдырын талқан еткен қу арақ...
Вокзалдағы жолдастары Сәбетайдың ішкілікке салынып кететін кездері жиі болады дейді. Сондықтан отбасымен табыстырмақ болып, әйелі Айгүлсінді іздеп те барыпты. Алайда ол әрекеттерінен еш нәтиже шықпаған.
"Өз өлеңімнің өзгенің атынан оқылған кезі болды"
Сәбетай ақынның өлеңдерінің көбі өмір мен өлім, отбасының қадірі, табиғатпен сырласу секілді тақырыптарға арналған. Көп ақындар шабытына арқау болған махаббат тақырыбындағы өлеңдерді сирек кездестіруге болады.
Ақын екі-үш күнде бір өлең жазады екен. Оны қағаз бетіне түсіріп, сақтап жүр. Ал вокзал басында жазған сиясы кеппеген өлеңдері де қалтасында.
– Көбіне жұмыста жүріп жазған өлеңдерімнің қайда қалғанын білмей қаламын. Кейде адамдар тойда балалары мен ағайын-туыстарына арнап шығарып бер дейді. Оны өздерінің атынан оқитын болса керек. Оқи берсін. Ренішім жоқ, – дейді.
Әнге арқау болған өлеңдер
2013 жылы Сәбетайдың өлеңдер жинағы "Жер салмағы" деген атпен қоғам қайраткері Амалбек Тшановтың демеушілігімен шыққан болатын.
Аталған кітапқа енген "Ауылым", "Биіктік", "Қаракөзім" секілді біраз өлеңдері әнге арқау болған.
– Өлең шумақтары көбіне табиғаттың сұлулығына тамсана қарағанда, өмір жайлы толғанғанда ойыма оралады. Сонымен қатар кейбір адамдардың іс-әркеттеріне разы болғанда көңілім шалқып, еріксіз жырлар туындайды. Мысалы, айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваға арнап шығарған өлеңім бар.
Айнұр ақын, аралай бер гүл-елін,
Жаралыға дауа болсын жыр-емің.
Болатты да балқытады білемін,
Ел деп соққан сенің нәзік жүрегің.
Ал вокзалдағы қалың көпшілікке қарағаннан туған ой төмендегідей екен.
– Алматы. Вокзал маңы. Намаздыгер.
– Жүгір дос, жұмыс болса қарап жібер.
Жалған намыс дегенді сылып таста.
Тірлік ет, кім бар дейсің саған күлер.
Бірі қалған ауылда ана бағып,
Бірі кеткен шаңырақ бала қалып.
Қырып кете жаздады кеше бірі,
Қазақ дейді туылған жаңаланып.
Анау жүр қайыршы нан сұраған,
Мынау жүр шалдығып сансыраған.
Мына халық, ай, халық, қандай халық!
Жанарынан мұң-қайғы тамшылаған.
Қыздарды өлеңіне ғашық еткен ақын
Сәбетайдың алғашқы кітабы шыққанға дейін өлеңдері "Жас Алаш" газетінде үнемі жарық көріп тұрған.
– Газетке өлеңім шыға бастағаннан бастап, хаттар үзбей келіп тұрды. Көбіне қыздар жазатын. Бәріне жауап беріп үлгермейтінмін. Дені өлеңдеріме ғашық екенін жазатын. Алғашқы кітабым жарық көргеннен кейін жаңа өлеңдерімді газеттерге апарып едім, алмады. Содан қайтып апармадым.
Сонымен қатар ақынның "Көкбөрім көкке ұлыған!" поэмасы 2000 жылы Қазақ радиосының жыр мүшәйрасында бас бәйгені жеңіп алғаннан кейін, "Жерді аяла, балам!" атты өлеңдер жинағының аудио нұсқасы Нұрлан Қазанғапұлының демеушілігімен шыққан.
Мұқағалидың сыңары
Ақын Сәбетай өзін Мұқағали Мақатаевқа ұқсатады. Оны ұстаз санап, өлеңдерін сүйіп оқиды.
– Мұқағали екеуміздің өміріміз ұқсас. Оның өзегін өртеген рухани қайшылықтар мен заман құбылыстары мені де мазалайды. Мен де Мұқағалидай өзімді туған жерімнің бойтұмары санаймын, – дейді ақын.
Сәбетай вокзалдағы жұмысынан қайтар уақытта арбасын сүйрей бұл өмірде өзінен басқа ешкім жоқтай кезекті өлеңін оқып бара жатты.
– Бақыт деген немене, білемісің?
– Білсең, айтып берші! – деп, күлемісің.
Дүниеге шыр етіп сәби келсе,
Бақыт келді деген сөз, бір ел үшін.
Аялай біл, бақытқа баға бар ма,
Өміріңнің әр сәтін соған арна.
Күні-түні ізденсе, ниеттенсе,
Құдай берер оны өзі, әр адамға, – деген өлеңі қалықтап артында қала берді.
Ақын демеуші табылса, "Дүние жалған" деген атпен үшінші өлеңдер жинағын шығаруды армандайды.