"Видеоесеп беруге міндетті емеспіз!": "Алматы су" жұмысшылары заңсыз талаптарға қарсы
Бүгін "Алматы су" МКК Медеу ауданы бойынша учаскесінің қырыққа тарта қызметкері жұмысқа шығудан бас тартты. Олар осылайша өздеріне жаңадан келген басшы Ысқақ Бұрханның талаптарына қарсылық білдірді. Жұмысшылар тура бір ай бұрын тағайындалған учаске бастығы заңсыз талап қойып отырғанын айтты. Белгілі болғандай, мекеме директоры WhatsApp мессенджерінде чат ашып, қызметкерлерден әр қадамы туралы хабарлап отыруды міндеттепті. Яғни, жұмысшылылар тек сурет қана емес, өздерінің қай аумақта тұрғандығын дәлелдейтін видео түсіріп жіберуі тиіс. Егер тапсырманы орындамаса, түсініктеме жазуды бұйырыпты. Бұл талап қауырт қызметте жүретін жұмысшылардың қытығына тиген.
"Екі жыл бұрын апаттық жерге барып, жолдың бойында жұмыс істеп жатқан әріптесімізді машина қағып кеткен болатын. Ол қазір мүгедек. Онсыз да жұмысымыз қауырт. Күн-түн демей құдық ішінде жүретін кездеріміз болады. Жол бойында жұмысымызды камераға түсіру біздің міндетке жатпайды, ол әрі қауіпті іс. Көліктердің бәріне GPS орнатылған. Қайда, не істеп жүргенімізді басшылық онсыз да біліп отырады. Бірақ, соған қарамастан әр қадамымызды қадағалап, видеоесеп сұрайды. Бермесек, "түсініктеме жазыңдар" деп, жұмыстан шығаратынын айтады", – деді аталмыш мекеменің бригадирі Самат Сағынбеков.
Видео түсіруге мәжбүрледі деп ашынған жұмысшылар жаңа бастықтың бейәдеп сөздерінен де мезі болыпты. Айтуларынша, Ысқақ Бұрхан өзін "Алматы су" МКК бас директорының туысымын" деп таныстырып, жұмысшыларға қоқан-лоқы көрсетеді екен.
"Жаңа басшымыз "Менің крышам бас директор, кез-келгеніңді жұмыстан шығару маған сөз емес" дегенді үнемі айтады. Енді жұмысқа келгенімізді, кеткенімізді, тіпті түскі асқа шыққанымызды қосқанда әр басқан қадамымызды видеоға түсіріп жіберуге міндеттіміз. Бұл не қылған талап? Жұмыспен айналысудың орнына бізді тергеумен жүреді", – деді мекеменің тағы бір жұмысшысы Нұрсұлтан Әбдікерімов.
Оқи отырыңыз: Алматыда кәріз қызметін 7,77 теңгеге қымбаттату ұсынылды
Арызданушылар бұл жәйттің барлығын жіпке тізіп, жоғарғы басшылыққа арызданыпты. Жұмысшылар өздерінің хатында жаңа басшының қызметтік мансабына күмәнмен қарайтындарын жеткізген. Олар Ысқақ Бұрханның бұл салада бұрын-соңды жұмыс істемегенін алға тартып, жеткілікті тәжірибесі барына күмән келтіреді. Бүгін наразылық білдірушілер, тіпті, жаңа бастықтың жұмыстан кетуін талап етті. Дегенмен учаске бастығы болса, өзіне қатысты айтылған айыптарды негізсіз деп, жоққа шығарып отыр.
"Бұрын Алматы қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасында қызмет еттім. Бұл жұмысқа түйіндемемді жібердім, кандидатурамды бекітті. Маған қатысты айтылып жатқан сөздер жалған. Мен ешкімді балағаттамадым, оған дәлел жоқ. Ешкім түсініктеме жазған жоқ, жұмыстан қуылған адам да жоқ. Менің жұмыстан кету-кетпеуімді біздің басшылық шешеді", – деді "Алматы су" МКК Су құбыры желілерінің Медеу аудандық пайдалану учаскесінің басшысы Ысқақ Бұрхан.
Жұмысшылардың наразылығын естіген соң мекемеге "Алматы су" МКК өкілдері келіп, мән-жайға қанықты. Олар бас директордың бұйрығы бойынша, бүгіннен бастап Ысқақ Бұрханның жұмыстан шеттетілетінін жеткізді. Қызметтік тексерістен соң, нақты шешім қабылданады. Сондай-ақ, кәсіпорын өкілдері жұмысшылардың видеоесеп беруге міндетті емес екенін айтты. "Мұндай талаптан бас тартқаны үшін түсініктеме жаздыру заңға қайшы", – деп сөзін топшылады "Алматы су" МКК Ішкі бақылау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету департаментінің директоры Сәкен Дәлиев.
Оқи отырыңыз: Су мен кәріз қызметақысын төлемеген алматылықтардың мүлкі тәркіленедіАл видеоесеп беру туралы талаптың қойылуына кәсіпорынның баспасөз қызметі тарапынан көтерілген ұсыныс негіз болған екен. Оның мән-жайын түсіндірген "Алматы Су" МКК қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Ақбота Жылысова былай деді:
"Әлеуметтік желіде "Алматы су" мекемесінің қызметкерлері жұмыс уақытында қыдырып жүргендігі туралы сын-пікір жарияланған болатын. Мен бұл туралы басшылыққа хабарлап, шара қолдануды сұрадым. Жұмысшылардан видеоесеп беруді талап ету осы орайдағы түсінбеушіліктен туындаған".