Вице-министр: Қандастар ел азаматтығын алған соң ғана ауыл шаруашылығы жерін жалға ала алады
Қандастар қосалқы шаруашылық, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жерді иелене алады."2016 жылдың 6 мамырында жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий енгізілген. Мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Мораториймен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, сондай-ақ шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге шектеу қойылған.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов Мәжіліске енгізілген жер қатынастары мәселелері бойынша заң жобасында мораторийге дейін шетелдіктер мен шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар жалға алған ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мерзімі ұзартылмайтынын айтты.
Алайда, пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін қолдана алады. Сондай-ақ, қандастар қосалқы шаруашылық, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер ала алады.
"Бірақ, ауыл шаруашылығы жерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар", – деді Рүстем Құрманов.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 25 ақпанында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толық тыйым салу туралы шешім қабылдаған болатын.