Веложол бар, ал веложолда жүру мәдениеті жоқ. Ол қашан қалыптасады?
Бұл – осы көлік түрін пайдаланатындардың аздығын білдіре ме, әлде халықтың мәдениетінің көрсеткіші ме?
Веложол Астананың тек сол жағалауына салынды
Бас мегополисте велосипедке арналған инфрақұрылымды салу үшін Түркістан, Жамбыл, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары бірігіп қаржы құйды. Олар 20 жылдық мерейтойға арнап жасаған сыйлыққа 1,5 млрд-тай жұмсапты.
Әйтпесе, осындай сомаға жалпы ұзындығы – 56 км болатын веложолды салу Астананың өз бюджетіне ауырлау соғар еді. Сондықтан, өңірлердің тартуы қаладағы өзекті бір мәселенің шешілуіне, әкімдікке үлкен жеңілдік болды.
Оң жағалауда да веложол салынады
Ал осындай инфрақұрылым келесі жылы Астананың қаланың ескі бөлігінде өз ақшасына салынады. Негізі осыдан екі жыл бұрын қабылданған "Велосипедке арналған инфрақұрылымды дамыту жобасы" 5 кезеңге бөлінген. Соның біріншісі биыл жүзеге асты.
Осылайша кезең-кезеңмен жүзеге асса, 2022 жылға қарай Астанада ұзындығы 1700 км-ден асатын веложол болады.
Астанада бұрын да веложол болған
Еліміздің кіндік қаласы үшін веложол деген таңсық емес. Облыстардың қаржысына құрылыс жұмыстарын жүргізген танымал компанияға да бұл тың тәжірибе болған жоқ.
Себебі, Астанада осы веложолдар салынғанға дейін де велосипед тебуге арналған жер бар болатын. Триатлон саябағындағы 9,5 километрге созылып жатқан арнайы трек – осыдан екі жыл бұрын салынған еді.
Жаяужолдың жартысы веложолға айналды
Ресми ақпарат бойынша, жаңадан төселген жолдың жалпы ұзындығы 56 км екен. Оның басым бөлігі қала ішінде, яғни сол жағалаудағы 5 көшеде және Орталық саябақта, қалғаны Астана – Қарқаралы тасжолының бойы мен "Жасыл белдеуде" төселді.
Соңғы екеуінің құрылыс жұмыстары оңайырақ болған сияқты. Себебі, қала ішінде веложол салу үшін құрылысшыларға алдымен жаяужолдардың бір бөлігіндегі тас төсеніштерді қопаруға тура келді. Бірақ, қопаруын қопарып, құр үйе берген жоқ – әдеміліп тізіп, жинап отырды. Себебі, оны әкімдік кейін басқа да әлеуметтік-мәдени нысандарға қарай жол тартуға қайта жаратуды жоспарлаған екен.
Біздіңше, бұл – өте рентабельді шешім. Кейбір балабақша, мектеп, емханалардың және тұрғынүйлердің ішкі аумақтарында жаяу жүргіншілерге арналған жол жетпей тұр емес пе еді?!
Сондай-ақ, құрылысшылар веложолдар жобаланған аумақтарда кезіккен гүлзарлар мен ағаштарға да тиіспей, айналдыра салынды. Мұны біз өркениетті шешім деп есептейміз. Тағы қоса кетейік, велосипедке арналған жолдардың жалпақтығы әр көшеде әр қалай: бір жерде тарлау – 1,5 метр, кейбір жерлерді 3 метрден етіп кең қылыпты.
Тек жол ғана төселіп қойған жоқ...
Велосипед инфрақұрылымына веложол ғана емес, оның бойында тынығу орындары, электронды гаджеттерді қуаттандыруға арналған USB-порты бар смарт-орындықтар, қоқыс жәшіктері мен әжетханаға дейін кіреді. Бірақ, соңғы аталғанын біз әлі кезіктіре қойған жоқпыз.
Бұл – тек ресми ақпарат. Астанаға сыйлық жасаған алты облыс осындай кешенді жұмыс атқарды. Сондықтан да шығар бұл жобаға әжептәуір ақша кеткен.
Айталық, Ақмола облысы веложолдың өз мойнына жүктелген бөлігіне 130 млн-ға жуық қаржы құйыпты. Солтүстік Қазақстан облысы болса 251 млн теңге жұмсаған. Павлодар облысы сыйлыққа бола 474 млн теңгені өз бюджетінен жырып, санап беріпті. Басқалары ақша жағын онша жария қылмауға тырысқан...
Әкімнің бұйымтайы
Веложолдар қолданысқа берілісімен көп ұзамай Астана қаласының бірінші басшысы тұрғындар мен қонақтарға өтініш білдірді: жол жүру тәртібін сақтап, арнайы қызыл түсті жолдарда тек велосипедпен жүруге шақырды. Ереже бойынша егер жаяужолдарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса ғана жаяу жүргінші веложолмен жүре алады.
Әлбетте, халықтың мұндай инфрақұрылымға үйренуі мен әлемнің үлкен қалаларындағыдай мәдениеттің қалыптасуы үшін уақыт керек.
Орталық Азиядағы алғашқы веложол...
Ал Алматыда мұндай жолдар 2011 жылдан салына бастаған. Ең бірінші Абай даңғылының бойында төселіпті. Ол – Қазақстан ғана емес, мұқым Орталық Азиядағы алғашқы веложол болып саналады.
Міне, содан бері 7 жыл да өте шықты. Осы уақытқа дейін Алматыда веложолдың 70 шақырымға жуығы қолданысқа берілген екен.
Шымкентте де велосипедке арналған инфрақұрылым бар
Бірақ, өте қысқа. Ұзындығы бар-жоғы – 12 шақырым ғана. Оны кезінде шаһардың "велосипедші-әкімі" Ғабидолла Әбдірахымов облыс орталығы болып тұрғанында салғызған.
Осы жазда Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгенде оның қайтадан әкімдік қызметке оралғаны белгілі. Демек, енді веложолдардың құрылысы бұл қалада жалғасын табуы әбден мүмкін.
Жаяужол – бір бөлек, веложол – бір басқа!
Сіз автомобиль тасжолымен жаяу жүресіз бе, осы? Жоқ, әрине.
Басын бәйгеге тігіп, өз өміріне ешкім қауіп төндіргісі келмейтіні анық. Бұл – табиғи рефлекс. Ал заңдық тұрғыдан мұндай әрекет – жол жүру тәртібін бұзу болып есептеледі. Оны да жақсы білесіз. Ол үшін қанша айыппұл жазылатынынан және хабардар боларсыз.
Осының бәрін түсініп, түйсінсе де көп адам неге екенін қайдам, веложолдарға пысқырмайтындай. Қою қызыл түске боялып, жиектері ақ жолақпен сызылған жолдардың велосипедті көлік еткендерге арналғанын олар білмейді емес, біледі. Оның бойында орнатылған арнайы белгілерді, жолдың өзіне салынған велосипедтің суретін қасақана елемейтіндей. Сол қызыл түсті жолда жылдамдығын белгілі бір деңгейге дейін үдете алатын көлік құралы жүретінін ұққысы да келмейді.
ҚР Жол жүру ережелеріне сәйкес, онда тек велосипедпен ғана емес, мопедпен де жүруге болады. Енді ойлаңызшы, осындай көліктердің жолына тұрып алу немесе жүру неге әкеліп соғуы мүмкін? Ал бесік арбамен жүрсеңіз ше?..
Қай тараптың да абай болғаны дұрыс. Бірақ, дәл веложолда велосипедшілер айрықша құқы барын жаяу жүргіншілердің ұмытпағаны абзал.
Қақтығыс болып та үлгерді
Шілденің соңында қалалық Ішкі істер департаментінде оқыс оқиға тіркелді: "Жасыл белдеудегі" веложолда қатты жылдамдықпен велосипед теуіп келе жатқан азаматты ВАЗ-2109 машинасы қағып кеткен.
Қайталап айтамыз, велосипедші арнайы веложолда келе жатқан! Жеңіл көліктің мұнда қайдан және қалай тап болғаны белгісіз. Абырой болғанда, велосипед мінген адамның шлемі болған екен. Әйтпесе...
Осы жағдайды баяндау арқылы тағы бір мәселенің ұшығын шығарып отырмыз. Ол – веложолдардағы автомобильдер. Бұл – машинаға арналған жол емес. Жоғарыда жазғанымыздай, мұнда тек велосипедпен немесе мопедпен жүруге рұқсат. Бірақ, егер веложол бұрылыста орналасса, көліктер оны еріксіз басып өтеді. Бұл – бір. Екіншіден, егер көліктен жолаушы түсетін немесе керісінше көлікке отыратын болса, веложолдың бойында тоқтауға болады.
Жазы аз болса, жол болмауы керек пе?
Әлеуметтік желіден Астанаға веложолдың қажеттілігі аз деген сыңайдағы пікірлерді де көзіміз шалған. Олардың пікірінше, елордада велосипед тебуге қолайлы жылдың жылы маусымы өте қысқа және оның өзі жаңбырлы болады. Сондықтан, мұндай жол салу – артық шығын деп есептейтін көрінеді.
Дұрыс пікір болуы да мүмкін. Бірақ біз онымен келіспейміз.
Біріншіден, қалада велосипедті көлік еткендердің саны жылдан-жылға өсіп келеді. Өзінің жеке велосипедімен жүретіндерге қоса, "Astana bike" жобасының көліктерін пайдаланатындар қаншама. Ал олардың қажеттілігі мен сұранысын ескермей кету – қателік болар еді. Себебі, тиісті инфрақұрылым жоқта, велосипедтер тез сынады.
Доңғалақтар жарылмайтын болды
Велосипедтердің сынуы және оның доңғалақтарының деформациялануы – жаңадан салынған инфрақұрылымның арқасында азайған екен. Мұны "Astana bike" жобасының жетекшісі Алмагүл Қасымова да растап отыр:
– Веложолдардың салынғаны жақсы болды. Біздің жобамыз үшін өте тиімді. Былтырлары Астанада ыңғайлы веложол болмағанда велосипедтерімізді үнемі техникалық жөндеуден өткізіп тұратын едік. Өйткені, арнайы жолдар болған жоқ, жиектастардан секіріп түсіп, тебуге мәжбүр болдық. Бұдан доңғалақтар жиі жарылып қалатын Ал оны жөндеу және жаңарту – қосымша шығын. Қазір осы шығындар сәл де болса азайды деуге болады. Оның үстіне, арнайы веложолдар велосипедшілердің қатысуымен болатын жол оқиғаларының азаюына септігін тигізеді.
Велошеринг
– Астанада әлгі аты аталған велошеринг жүйесі пайда болғанына биыл 5 жыл толыпты. Осы уақытта оны қолданушылар саны екпіндеп өскен. Қазір бұл жүйенің 180 стансасы мен 1280 велосипеді бар. Әзірге Астанаға осы да жеткілікті, – дейді жоба жетекшісі Алмагүл Қасымова.
Ал егер веложолдар қаланың басқа да аумақтарында салынып, тиісінше халықтың осы көлік түріне деген сұранысы артса, қосымша велосипедтер сатып алуға тура келетін көрінеді.
Биылғы маусымда аталмыш жобаның велосипедтерін пайдаланушыларға абоненттік төлем жасаудың жаңа тәсілдері пайда болған. Енді сату бөлімдеріне бармай-ақ, электронды әмиян немесе интернет-банкинг арқылы арнайы картаның бірлігін толтыруға мүмкіндік бар.
Оң жағалауда велосипедшілер көбірек
Тағы да осы компанияның ақпарына жүгінеміз. Олар зерттеу жұмыстары кезінде жалға берілетін велосипедтерді негізінен оң жағалаудың тұрғындарының пайдаланатынын анықтапты. Ескі қаладағы стансаларда тұрған барлық велосипедтер таңертең сол жағалауға ауысады екен.
Ал кешке, яғни жұмыс күнінің соңында, қайта орындарына қойылатын көрінеді. Демек, оң жағалауда веложолға сұраныс көбірек.
Велосипедтің артықшылығы
Велосипедті көлік еткендердің діттеген жеріне еш кедергісіз әрі кептеліссіз тезірек жетуіне мүмкіндігі бар. Оның үстіне бұл – экологиялық транспорт түрі. Сосын велосипедтің денсаулыққа да пайдасы зор.
Шынжырсыз велосипед
Мәтелге айналып кеткен "велосипедті қайта ойлап табудың қажеті жоқ" деген сарындағы сөзді бәріңіз де ауызекі қарым-қатынаста қолданатын шығарсыздар. Бұл сөздің санамызға сіңіп кеткені соншалықты, біз қазіргі үлгідегі велосипедтен өзгесін көзімізге елестете де алмаймыз.
Ал даниялықтар "Иә, велосипедті қайта ойлап табудың қажеті жоқ, бірақ оны жетілдіруге әбден болады" деп есептейтін көрінеді. Оны өнертабыстарынан-ақ байқаймыз. Олар шынжырсыз велосипед ойлап тауып, жақында Германияда өткен "EuroBike" көрмесінде оны жалпақ жұрттың назарына ұсынды. Оның қандай екенін мына сілтеме арқылы өтіп, көрсеңіз болады.