Қазақстанда жаңа "Жасыл ипотека" тұрғын үй бағдарламасы биыл іске қосылды. Информбюро порталы Отбасы банкінің маманы Батыр Нұрболаттың түсіндірмесіне сүйене отырып, "Жасыл ипотекамен" үй алу туралы өзекті сұрақтарға жауап ұсынады. 

Білу керек маңызды нәрсе: "Жасыл ипотека" – мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы емес.  

№1. "Жасыл ипотека" деген не?

Жасыл ипотека – "жасыл стандартқа" сәйкес келетін нысаннан тұрғын үй сатып алуға берілетін банк несиесі. Бағдарлама қоршаған ортаны қорғау, азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында әзірленді. Табиғатқа зияны тимейтін құрылыс материалдарын пайдаланып үй салып жатқан компаниялар қатыса алады. Отбасы банкінің  салымшылары "жасыл стандартқа" сәйкес сертификаты бар тұрғын үйлерден ғана пәтер сатып ала алады. 

№2. Шарттары қандай?

  • Бастапқы жарна: 20%;
  • Жылдық пайыздық мөлшерлеме: 12,5% (кейін 3,5-5%-ға дейін төмендейді);
  • ЖТСМ: 13,3%;
  • Несие сомасы: 35 млн теңгеге дейін;
  • Алдын ала қарыз бойынша несие мерзімі: 10 жылға дейін;
  • Несиелеу мерзімі: 6 айдан 25 жылға дейін.

№3. Құрылыс салушыдан қандай сертификат талап етіледі?

Ұлттық "Өмір", ресейлік "Р МЕМСТ", халықаралық Bream немесе Leed стандарттарына сәйкес келетіні жөнінде сертификаты болуы керек.


Оқи отырыңыз: "Жасыл ипотеканың" негізгі шарттары белгілі болды


№4. "Жасыл ипотека" арқылы қайдан үй алуға болады? 

Қазақстанда әзірге "жасыл стандартқа" сай, "Өмір" сертификаты бар бір ғана тұрғын үй кешені бар. Ол – Астанадағы Grand Victoria тұрғын үй кешені. Құрылыс компаниясы – Best building ЖШС. Осы жерден 1-4 бөлмелі үйді "Жасыл ипотекамен" алуға болады:

  • 1 бөлмелі пәтер 44,1 шаршы метрден басталады. 1 шаршы метр құны – 440 мың теңге.
  • 2 бөлмелі 64,1 шаршы метрден басталады. 1 шаршы метр құны – 420 мың теңге.
  • 3 бөлмелі 84,7 шаршы метрден басталады. 1 шаршы метр құны – 410 мың теңге.
  • 4 бөлмелі 117,5 шаршы метрден басталады. 1 шаршы метр құны – 410 мың теңге. 

Отбасы банкі "Жасыл ипотека" бағдарламасына қатысатын компаниялар саны алдағы уақытта артатынын айтып отыр. 

№5. Ипотека алу үшін не істеу керек?

Отбасы банкінің филиалына барып немесе қашықтан жұмыс істеу бөліміне бейнеқоңырау шалып, табысыңызды есептейсіз. Табысыңыз жетсе несие алуға өтініш бересіз. Өтініш мақұлданса, банк бөлімшесіне келіп, шарт жасасып, ақшаны құрылыс компаниясына аударасыз.

Табысыңыз жетпесе екі бірге қарыз алушыны тарта аласыз.


Оқи отырыңыз: Үй алу үшін ай сайын қанша ақша табу қажет? Ипотекаға қатысты маңызды 10 сұраққа жауап


№6. "Жасыл ипотекаға" пәтері барлар қатыса ала ма?

Атыңызда үй болса да, "Жасыл ипотекаға" қатыса аласыз. Жаңа бағдарлама үміткерле үйдің бар-жоғына қарамайды. Сондай-ақ, жасқа да қатысты шектеу жоқ. "Жасыл ипотекаға" Қазақстанның табысы жеткілікті кез-келген азаматы қатыса алады.

"Жасыл ипотека" мемлекеттік бағдарлама болмаған соң, несие алушының тұрғылықты тіркеу деректері де талап етілмейді.