Түнгі уақыттағы жұмыс үшін еңбекақы қалай төленеді? Шағын түсіндірме
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде қай кезең түнгі жұмыс уақыты болып белгіленген? Кімдер түнде жұмыс істей алады және керісінше кімге тыйым салынған? Түнгі жұмыс үшін еңбекақы қалай төленеді және ол мереке күндерге сәйкес келсе ше? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Informburo порталының кезекті түсіндірмесінен оқыңыз.
№1 Қай сағаттар аралығы түнгі жұмыс уақыты болып есептеледі?
ҚР Еңбек кодексінің 76-бабына сәйкес сағат 22.00 мен 06.00 аралығы түнгі жұмыс уақыты болып саналады. Ал жұмыстың нақты сағат қаншадан қаншаға дейін созылатынын және демалыстың қалай берілетінін әр кәсіпорын өзі белгілейді. Бастысы заңға сәйкес жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан аспауы керек. Сондай-ақ ҚР ЕК 73-бабының 4-тармағына сәйкес жұмыс беруші қызметкерді қатарынан екі ауысым жұмыс істеуге мәжбүрлей алмайды.
№2 Кімге түнде жұмыс істеуге рұқсат берілген?
Келесі азаматтар түнде жұмыс істей алады:
- түнде жұмыс істеуге денсаулығында еш кінәраты жоқ барлық азамат;
- түнде жұмыс істеуге арнайы рұқсаты бар азаматтар;
- мүгедектігі бар азаматтар арнайы рұқсат қағазы болса, түнгі жұмысқа орналаса алады.
Бұл санаттағы азаматтар өзі қаламаса, түнгі жұмыстан бас тарта алады. Жұмыс берушінің оларды түнгі жұмысқа тартуға заңды құқығы жоқ:
- 7 жасқа дейінгі баласы бар әйелдер;
- 7 жасқа дейінгі баланы анасыз тәрбиелеп отырған азаматтар;
- 16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар.
Оқи отырыңыз: Паспортты 1 күнде алуға болады. Ол үшін не істеу керек және қызмет ақысы қанша?
№3 Кімдерді түнгі жұмысқа тартуға болмайды?
ҚР ЕК 76-бабының 2-тармағына сәйкес, келесі азаматтар түнде жұмыс істей алмайды:
- 18 жасқа толмаған жұмыскерлер;
- жүктілік туралы анықтама ұсынған әйелдер;
- донор ретінде қан тапсырған азаматтар дәл сол күні жұмысқа шыға алмайды (тіпті арнайы рұқсат қағазы болса да).
№4 Түнгі жұмыс уақыты үшін еңбекақы қалай төленеді?
ҚР ЕК 110-бабына сәйкес түнгі уақыттағы жұмыстың әрбір сағаты еңбек немесе ұжымдық шарттардың және жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғары мөлшерде, бірақ қызметкердің күндізгі (сағаттық) мөлшерлемесіне сүйене отырып, бір жарым мөлшерден төмен емес мөлшерде төленеді. Түнгі жұмыс уақыты мереке немесе демалыс күнімен сәйкес келген кезде еңбекке ақы төлеу осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес түнгі сағаттар үшін және ҚР ЕК 109-бабына сәйкес мереке немесе демалыс күндері сағаттары үшін жеке жүргізіледі. ҚР ЕК 83-бабы бойынша жұмыстың аяқталуы мен оның келесі күні басталуы арасындағы жұмыскердің күнделікті демалысының ұзақтығы он екі сағаттан кем болмауы тиіс. Осылайша сағат 22.00-мен 06.00 аралығындағы жұмыс үшін жұмыс беруші қызметкерге артық ақша төлейді. Бұл сома қызметкердің ставкасының бір жарым есе мөлшерінен кем болмайды. Түнгі ауысымдағы жұмыс жеке ескеріледі.
Мысалы, қызметкер кешкі сағат 18.00-ден түнгі сағат 02.00-ге дейін жұмыс істеді делік. Осындағы 22.00-мен 02.00 арасындағы төрт сағат жұмыс уақытына ақы әдеттегіден бір жарым есе (кемінде) төленеді. Ал 18.00 мен 22.00 аралығына күндізгі ставканың ақшасы беріледі.
Оқи отырыңыз: Мектеп формасы мен құралдарына – 40 567 теңге. Оны кімдер және қалай ала алады?
№5 Түнгі жұмыс уақыты мереке немесе демалыс күнімен сәйкес келген кезде еңбекақы қалай есептеледі?
Мұндай жағдайда қосымша жұмыс уақыты, мереке мен демалыс күндеріндегі жұмыс уақыты және түнгі жұмыс уақыты ескеріледі. Мысалы, жұмыс беруші сағат 22.00 мен 06.00 аралығындағы жұмыс үшін күндізгі ставканың бір жарым (кемінде) есе мөлшерінде және бұған қоса мерекеге сәйкес келген сағаттар үшін қосымша күндізгі ставканың 0,5 мөлшерінде ақы төлейді.