Рамазан айына 16 күн қалды. Өткен жылғы ораза қазасын қалай өтеу керек
Ханафи мәзхабы бойынша өткен оразадан қалған қарыз күндерді осы келе жатқан Рамазан айына дейін өтеу шарт емес.
Яғни, өткен оразадан қарызы бар кісілер Рамазан айы келісімен оразасын ұстап, ал өтеп үлгермеген қаза оразаларын Рамазаннан кейінгі күндерге қалдыра алады.
"Осы тұрғыда оразадан қалған қазаларды келесі оразаға дейін қалдырмай, сол жылы ішінде тездетіп өтеп отырған абзал. Рамазанға дейін үлгермесеңіз, Рамазан айынан кейін жалғастыруға болады. Кейбіреулер "Өткен оразалардың қазасын алдағы Рамазанның оразасымен қатар ниет етіп өтеуге бола ма?" деген де сауал жолдап жатады. Дінде мұндай нәрсе жоқ. Рамазан айында тек Рамазан оразасы ұсталады. Қаза оразаны басқа күндері жеке өтеу керек", – деді Абдусамат Қасым.
Оқи отырыңыз: Шағбан айы басталды. Бұл айда оразаға қалай дайындалу керек?
Өткен оразадан қалған қазаларды өтеу кезінде нені ескеру керек? Оның шарттары қандай? Осы туралы материал Islam.kz сайтының ақпараты негізінде әзірленді.
№1. Ораза қазасын қай кестеге қарап өтейді?
Рамазан айынан кейін оразаның қазасын өтейтін адам күнделікті намаз кестесін негізге алады. Таң намазы кірген уақыт – ауыз бекіту уақыты, сол уақытқа дейін сәресін ішіп-жеуге рұқсат. Ал ақшам намазы уақытының кіруі ауыз ашар уақытын білдіреді.
№2. Қаза оразаға ниет қалай жасалады?
Қаза оразасының арнайы ниет-дұғасы жоқ. Мәсәлен былай ниет етуіне болады: "Ниет еттім Алла ризалығы үшін осы жылғы Рамазан оразасынан қалған пәлен күндік (мысалы, алты күндік) қаза оразаның бірінші күнін өтемекке (немесе екінші, үшінші)".
№3. Қаза оразаны қай уақытқа дейін өтеу керек?
Ханафи мәзһабында Рамазан оразасының қазасын өтеу уақыты шектелмеген. Яғни, келесі Рамазан айына дейін немесе одан кейінгі уақытта да өтеуге рұқсат етіледі. Дегенмен, уақытты созбай тезірек өтеген жөн.
№4. Қаза ораза күндер оразасын үзбей ұстау керек пе?
Үзбей ұстау мәселесі – 60 күндік кәффәрат оразасына қатысты. Ал қаза оразаларында үзбей ұстау шарты қарастырылмаған. Бөліп-бөліп өтеуге болады.
Оқи отырыңыз: Ораза жайлы мифтер. Не шындық, не жалған?
№5. Қаза оразасын әдейі бұзған жағдайда, 60 күн кәффәрат оразасын ұстау керек пе?
Қаза оразаны әдейі, себепсіз бұзу – күнә. Әйтсе де, кәффәрат өтемейді. Сол күнді қайтадан ұстайды.
№6. Қаза оразасы бола тұра, нәпіл ораза ұстауға бола ма?
Ханафи мәзхабы бойынша, рұқсат етіледі. Дегенмен, алдымен қаза оразаны тезірек өтеп алу жағына мән берген абзал.
№7. Қаза оразаны үш күн айт біткен соң ұстау шарт па?
Ораза айттың екінші күнінен бастап, қаза оразаны өтеуге рұқсат етіледі.
Оқи отырыңыз: Шаш кесу, тырнақ бояу, тіс жұлдыру, екпе салдыру. Ораза ұстаушыға не рұқсат, неге тыйым салынған?