Мүлік салығын қашан және қалай төлеу қажет? Түсіндіреміз
Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарғаы 2023 жыл үшін мүлік салығын төлеу қажет екенін ескертеді. Жер телімі, пәтер не жер үйіңіз болса, онда мүлік салығын төлеуіңіз қажет. Осы орайда Информбюро порталы мүлік салығы қалай есептелетінін, қалай төлеу қажет екенін түсіндіреді.
№1. Қандай мүлікке салық салынады?
Мүлік иесі болсаңыз, онда салық келесі объектілерге салынады:
- жер учаскелері;
- тұрғын үйлер, саяжайлар, ғимараттар, гараждар, автотұрақтар, жертөлелер және басқа құрылыстар.
№2. Көп қабатты үй тұрғындары жер салығын да төлей ме?
Көп қабатты үйде тұратындар мүлік салығын ғана төлейді. Олар жер салығынан босатылған.
Ал жер үй мен жер телімінің салығы бірге есептеледі. Жерді жеке тұрғын үй саламын деп алғанмен, құрылыс жүрмеген жер үшін базалық, яғни мөлшері жоғары салық сұралады. Мұндай жағдайда салық сомасы жоғары болады.
№3. Мүлік салығын қай уақытқа дейін төлеу қажет?
№4. Кімдер мүлік салығынан босатылады?
Кейбір тұлғалар мүлік салығын төлемейді, я болмаса салық базасы төмендетіледі. Салық базасы келесі жағдайларда төмендейді:
- 1000 АЕК шегінде (2024 жылы – 3 692 000 теңге) – жеке тұратын зейнеткерлер үшін, егер мекенжайы бойынша тек зейнеткер тіркелген болса;
- 1000 АЕК шегінде (2024 жылы – 3 692 000 теңге) – Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек батырлары, "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Epi" атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденімен және "Отан" орденімен марапатталған тұлғалар, "Батыр ана", "Алтын алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар үшін;
- 1 500 АЕК-ке (2024 жылы – 5 538 000 теңге) – Ұлы Отан Соғысы және басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс ардагерлері, тыл ардагерлері үшін.
Жетім балалар мен 18 жасқа дейінгі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және бала кезінен мүгедектігі бар баланың ата-анасының біреуі мүлік салығын төлемейді.
Пайдалануға немесе мүліктік жалдауға берілген салық салу объектілеріне жеңілдіктер қолданылмайды.
№5. Мүлік салығын қалай есептейді?
Мүлік салығының мөлшері мүлік құнына байланысты. Жеке тұлғалар салықты өздері есептемесе де болады. Бәрі автоматты түрде есептеледі.
Мүлік салығының мөлшерлемесі салық базасына, яғни меншіктегі объектінің кадастрлық құнына байланысты. Мысалы, құны 2 млн теңгеге дейінгі объект үшін салық 0,05 пайыздық мөлшерлемеде есептеледі. Ал құны 2 млн теңгеден артық объект үшін салық салу объектісінің құны мен салық мөлшерлемесіне сәйкес есептеледі:
- 2 млн теңгеге дейін қоса алғанда – 0,05 пайыз;
- 2-4 млн теңге – 1 000 теңге + 2 млн теңгеден асатын сомадан 0,08 пайыз;
- 4-6 млн теңге – 2600 теңге + 4 млн теңгеден асатын сомадан 0,1 пайыз;
- 6-8 млн теңге – 4600 теңге + 6 млн теңгеден асатын сомадан 0,15 пайыз;
- 8-10 млн теңге – 7600 теңге + 8 млн теңгеден асатын сомадан 0,2 пайыз;
- 10-12 млн теңге – 11 600 теңге + 10 млн теңгеден асатын сомадан 0,25 пайыз;
- 12-14 млн теңге – 16 600 теңге + 12 млн теңгеден асатын сомадан 0,3 пайыз;
- 14-16 млн теңге – 22 600 теңге + 14 млн теңгеден асатын сомадан 0,35 пайыз;
- 16-18 млн теңге – 29 600 теңге + 16 млн теңгеден асатын сомадан 0,4 пайыз;
- 18-20 млн теңге – 37 600 теңге + 18 млн теңгеден асатын сомадан 0,45 пайыз;
- 20-75 млн теңге – 46 600 теңге + 20 млн теңгеден асатын сомадан 0,5 пайыз;
- 75-100 млн теңге – 321 600 теңге + 75 млн теңгеден асатын сомадан 0,6 пайыз;
- 100-150 млн теңге – 471 600 теңге + 100 млн теңгеден асатын сомадан 0,65 пайыз;
- 150-350 млн теңге – 796 600 теңге + 150 млн теңгеден асатын сомадан 0,7 пайыз;
- 350-450 млн теңге – 2 196 600 теңге + 350 млн теңгеден асатын сомадан 0,75 пайыз;
- 450 млн теңгеден жоғары – 2 946 600 теңге + 450 млн теңгеден асатын сомадан 2 пайыз.
№6. Салық берешегі бар-жоғын қайдан тексереді және қалай төлейді?
Салық сомасын ЖСН арқылы мына ақпарат көздерінен көруге әрі төлеуге болады:
- kgd.gov.kz сайтында ("Электрондық қызметтер" – "Салық берешегі туралы мәлімет" немесе "Алдағы төлемдер");
- e-Salyq Azamat мобильді қосымшасында;
- eGov порталы және мобильді қосымшасында;
- банк қосымшаларында.
Коммуналды қызмет түбіртегінде де мүлік салығы сомасы жазылады.
№7. Салықты кешіктірсе, өсімпұл есептеле ме?
2024 жылғы 2 қазаннан бастап салық борышы бар адамдарға қалыптасқан салық қарызы туралы хабарлама жолданады. Борыш сомасы 1 АЕК-ден, яғни 3692 теңгеден асса, хабарлама табысталған күннен 30 жұмыс күні өткенде борышты мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық бұйрығы толтырылады. Әр мерзімі өткізілген күнге Ұлттық банктің 1,25 еселенген базалық мөлшерлемесі мөлшерінде өсімпұл есептеледі. Сондай-ақ, елден тысқары жерлерге шығуға шектеу қойылуы және Қазақстанның кез келген банкіндегі шоттарға тыйым салынуы мүмкін.