Грантқа түсу, ақылыдан тегін оқуға ауысу және жатақхана туралы маңызды 8 сұраққа жауап
ЖОО қабылдау комиссиялары құжаттарды 25 тамызға дейін қабылдайды.5 тамызда 2023-2024 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды. Гранттарды тағайындау конкурсына 94 мың талапкер құжат тапсырып, олардың 73 мыңы білім грантын жеңіп алды. Әлі де талапкерлер арасында әкімдіктің, ректордың және "Қазақстан халқы" қорының, басқа да гранттар үлестіріледі.
Грантқа түскен адам бірден оқуға қабылдана ма? Жатақханаға орналасу үшін қандай құжаттар қажет? Тегін оқудың тағы қандай жолдары бар? Информбюро порталы бірінші курсқа қабылданатын студенттерге қажет осы және өзге де сұрақтарға жауап береді.
№1. Құжаттарды онлайн тапсыруға бола ма?
Грант иегерлері және ақылы оқитындар 25 тамызға дейін (қоса алғанда) құжаттарды оқу орнына тапсырып үлгеруі керек. Оқу орындарының қабылдау комиссиясы онлайн да жұмыс істейді. Бірақ құжаттарды оқу орнына өзіңіз барып тапсыруыңыз қажет.
№2. Қандай құжаттар қажет?
Жоғары оқу орындарына түсу үшін қажет құжаттар:
- жеке куәлік;
- 3х4 көлеміндегі фото;
- орта білім туралы аттестат немесе диплом (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін);
- № 075/у нысанындағы медициналық анықтама;
- ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігі;
- білім грантын тағайындау туралы электронды куәлік (грант иегерлері үшін).
Білім беру грантының сертификаттарын grant.testcenter.kz сайтынан жүктеп алуға болады.
№3. Жатақханаға құжаттар қашан қабылданады?
10 тамыздан бастап оқу орындары студенттерден жатақханаға орналасу бойынша құжаттарды қабылдайды. Ең алдымен бірінші курс студенттеріне басымдық беріледі. Талапкерлердің әлеуметтік жағдайы ескеріледі. Бірінші кезекте жатақхана жетімдерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға беріледі. Одан кейін орындар Қазақстан азаматтығы жоқ ұлты қазақ адамдар, қандастар, көп балалы және толық емес отбасыдан шыққандар, шалғай аймақтан келгендерге бөлінеді.
Студенттер жатақхана мәселесі жөнінде тәулік бойы +77002551443 call-орталығына хабарласа алады.
Оқи отырыңыз: 10 тамызда "Қазақстан халқына" қорының білім гранттарына өтініш қабылдау басталады. Оны алу үшін не істеу керек?
№4. Жатахқанадан орын алу үшін қандай құжаттар қажет?
Жоғарғы оқу орындары құжаттарды онлайн және офлайн қабылдайды. Негізгі құжаттар:
- жеке куәлік;
- 3х4 фотосурет;
- 075/у медициналық анықтама және флюорография;
- балалар үйінен анықтама, ата-анасының қайтыс болу туралы кәлік (жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін);
- мүгедектік туралы анықтама (мүмкіндігі шектеулі студенттер үшін);
- отбасы құрамы туралы анықтама (көпбалалы және толық емес отбасылар үшін).
№5. Грант ала алмаған талапкерлер тегін оқуға ауыса ала ма?
Мемлекеттік білім гранттары бөлінгеннен кейін қыркүйекте игерілмеген 3 мың грант қайтадан үлестіріледі. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Оған қоса кейбір талапкерлер жеңіп алған гранттарынан бас тартады. Олар да қайта тағайындалады. Әкімдіктер де жергілікті бюджеттен бірнеше мың грант бөледі. "Қазақстан халқына" қоры 850 грант бөлді. 10 тамыздан бастап жекелеген санаттағы талапкерлерден құжаттар қабылдайды. Ректор грантына да өтініш беріп, ақысыз білім алуға болады.
Ақылы оқуға түсіп, GPA, яғни оқу үлгерімі жақсы болса, оқу семестрі кезінде босаған бос грантты ұтып ала алады.
№6. Әкімдіктер қанша грант бөлді?
Биыл жергілікті атқарушы органдар 2500 грант бөлді. Негізінен өңірлерге педагогтер, дәрігерлер, инженерлер және IT-мамандар қажет. Мысалы биыл, 1475 грант "Педагогикалық ғылымдар" және 424 грант "Денсаулық сақтау" бағытына бөлінген.
- Астана әкімдігі – 1000-нан астам грант;
- ШҚО – 270 грант;
- Абай облысы – 200 грант;
- Маңғыстау облысы – 175 грант;
- Ақмола облысы – 160 грант;
- Жетісу облысы – 100 грант;
- Қалған аймақтарға 100-ден аз грант.
Шымкент және Алматы қалалары, Түркістан, Қызылорда, Павлодар облыстарының әкімдіктері бакалавриат мамандарын даярлауға грант бөлмеген.
№7. Әкімдік грантын алу үшін қандай құжаттар қажет?
Білім гранттарын тағайындау жөніндегі конкурсқа қатысу үшін талапкерлер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы өтініш беру қажет. Қажет құжаттар:
- ЖОО-ның қабылдау комиссиясына білімі туралы құжат;
- ҰБТ сертификаты;
- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- жеңілдік санатын растайтын құжаттар (бар болған жағдайда).
Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктерден, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.
Әкімдік гранттары оқу ақысын төлегенмен, стипендиясы болмауы мүмкін. Ғылым және жоғары білім министрлігі әкімдіктерге стипендияны қарастыруды сұрады.
№8. "Қазақстан халқына" қорының гранттарына кімдер ие бола алады?
- ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы жағдайы төмен отбасылардан шыққан тұлғалар;
- жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- мүгедектігі бар азаматтар;
- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан ҚР азаматтарының балалары;
- 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жараланған балалар;
- төтенше жағдайлар кезінде қаза тапқан азаматтардның балалары.