2025 жылы Қазақстанда айыппұлдар мөлшері қалай өседі
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш 3932 теңгені құрайды. Қазақстанда айыппұлдар АЕК мөлшерімен есептелетіндіктен, олардың сомасы да артады. Осы орайда Informburo.kz қазақстандықтарға жақсы таныс 12 әкімшілік құқық бұзушылықтарға салынатын айыппұлдар сомасы қаншаға артқанын есептеді.
№1. Тіркеусіз және жеке куәліксіз жүру
Бір айдан астам мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен, тұрғылықты немесе уақытша болатын жері бойынша тiркеусіз тұрғандарға – 7 АЕК (27 524 теңге), ал мекенжайда нақты тұрмайтын адамдарды тiркеген жеке тұлғаларға 10 АЕК (39 320 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса – 13 АЕК (51 116 теңге).
№2. Тыныштықты бұзу
Заң бойынша сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін шулауға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 19 660 теңге (5 АЕК), бір жыл ішінде қайталанса 39 320 теңге (10 АЕК) айыппұл салынады.
Ал кәсіпкерлерге салынатын айыппұл сомасы – 20-дан 150 АЕК дейін (78 640 – 589 800 теңге).
№3. Қоғамдық орындарда ішімдік ішу
Көшеде, қоғамдық орындарда, соның ішінде подъезде ішімдік iшкен немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келген адамға 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған адам болса оның ата-анасы дәл осындай мөлшерде айыппұл төлейді. Бұзақылық бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК (39 320) мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді
№4. 18 жасқа толмағандардың түнгі уақытта жүруі
Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22.00-ден 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса олардың ата-анасына 3 АЕК (11 796 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған бала 23.00-ден 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер аталған әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса баланың заңды өкілдеріне 27 524 теңге (7 АЕК) айыппұл салынады.
Ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде (39 320 және 393 200 теңге) айыппұл көзделген.
№5. Автобуста жолақы төлемеу
Қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлмегендерге 7 864 теңге (2 АЕК) айыппұл салынады. Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл көзделген.
№6. Ортақ пайдаланатын орындарды ластау
Қоқысты терезеден лақтыру, соның ішінде темекі тұқылын лақтыру, баспалдаққа немесе аулаға, балалар алаңына қоқыс пакеттерін тастап кету, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау секілді бұзушылық жасаған адамдарға 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса – 10 АЕК (39 320 теңге).
Баспалдақ аумағына ескі жиһаз, қораптар мен басқа да әртүрлі заттарды қою өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу деп естептеледі. Жеке тұлғаларға алдымен ескерту жасалып, содан кейін 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса 39 320 теңге (10 АЕК) айыппұл көзделген.
№7. Тыйым салынған орындарда темекі шегу
Тыйым салынған орындарда темекі шеккені үшін азаматтарға 58 980 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса айыппұлдың көлемі 20 АЕК-ге (78 640 теңге) дейін өседі. Ал ұшақта темекі шеккені үшін 50 АЕК (196 600 теңге) төлеуге тура келеді. Автобус аялдамалары, балалар алаңдарында да темекі шегуге тыйым салынған. Темекі бұйымдарына қыздырылатын темекісі бар бұйымдар, қорқорға арналған темекі, қорқор қоспасы, темекі қыздыруға арналған жүйелер, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтар жатады.
№8. Жолды кесіп өту
Жаяу кесіп өтуге рұқсат етілмеген жолды кесіп өткен адамға 2 АЕК (7864 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл әрекет қайталанса немесе бұдан біреу зардап шексе 10 АЕК (39 320 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейсіз.
№9. Пәтерді заңсыз қайта жоспарлау
Пәтер мен үй-жай ішіндегі қабырғаларды рұқсат беретін құжаттарсыз бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК (117 960 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Егер қайта жоспарлау үйдің берiктiгi мен орнықтылығының толық жойылуына (қирауына) әкеп соқса 314 560 теңге (80 АЕК) төлеуге тура келеді.
№10. Абаттандыру қағидаларын бұзу
Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл желекті жою және бүлдіру бұзушылығы үшін жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 20 АЕК (78 649 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл iшiнде қайталанса айыппұл сомасы – 30 АЕК (117 960 теңге). Ортақ пайдаланатын аумақта шлагбаум, автотұрақ кедергілері мен үй жиегіндегі учаскелерді басып алу секілді бұзушылықтар кіреді.
№11. Балағаттау
Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға зәбірлеп тиiсу және айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер – 20 АЕК мөлшерiнде (78 649 теңге)айыппұл салуға не бестен 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді. Құқық бұзушылық бiр жыл iшiнде қайталанса 15 тәуліктен 30 тәулікке дейінгі мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алынады.
№12. Қоғамдық орында түкіру
Қоғамдық орында түкіргені үшін, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін құқық бұзған адамға бірінші рет 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл салынады. Ал азамат осы әрекетін қайталаса, онда 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.