16 маусым – Құрбан айт: Құрбан шалу тәртібіне қатысты 8 сұраққа жауап
Биыл Құрбан айт мерекесі 16 маусымда басталады. Ал Арапа күні 16 маусымға сәйкес келеді. Құрбандық – шариғатта Құдайдың разылығы үшін берілетін садақа, діни амал. Ханафи мәзһабында Құрбан айт намазынан кейін 3 күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбан шалу – міндет.
Осы орайда Информбюро порталы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе құрбандық малына қатысты сұрақтарға жауап әзірледі.
Ескерту: Материал мен оның тақырыбына өзгерту енгізілді. 7 маусымда ҚМДБ биыл Құрбан айттың бірінші күні 16 маусымға сәйкес келетінін хабарлады. Бұған дейінгі діни мерекелер кестесінде Құрбан айт 17 маусымда басталатыны жазылған еді.
№1. Құрбан шалуға қандай мал жарамды?
Құрбандық дұрыс болу үшін бауыздалатын малға қатысты шариғатымызда мынадай талаптар қойылады:
- Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалу. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарайды. Еті көп, дәмі жақсы болғаны абзал.
- Ақауы жоқ, мінсіз малды құрбандыққа шалу.
- Мүйізі жоқ немесе мүйізі сынған, құлағы жарылған немесе тесілген малды құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар, піштірілген малды да құрбандыққа шалады. Ондай малдың еті мол әрі дәмі тәтті болады және ол айып болып есептелмейді.
- Белгілі жасқа жеткен малды құрбандыққа шалу. Қой мен ешкі бір жасқа жету керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт.
№2. Құрбандыққа қандай мал жарамайды?
Құрбандыққа жарамайтын мал түрлері:
- бір не екі көзі соқыр;
- жүре алмайтындай ақсақ;
- тістерінің көбісі жоқ;
- тым арық;
- желіні кепкен;
- бір немесе екі мүйізі түбінен сынған;
- құйрығы мен құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген;
- лас нәрсемен қоректенген.
№3. Құрбандыққа жылқы мен құсты шалуға бола ма?
Құрбандыққа жылқы мен құсты шалуға болмайды. Құран аятында құрбандыққа төрт мал түрі шалынатыны жазылған. Олар: түйе, сиыр және қой, ешкі. Бұл аятта бекітілген малдардан өзге, жылқы, тауық, қаз, үйрек және тағы басқа хайуандар – құрбандыққа жарамсыз. Мұнда мәзхаб ғұламалары арасында талас жоқ.
№4. Тоқты құрбандыққа жарай ма?
Шариғатта құрбандыққа төрт түлікті, яғни қой, ешкі, сиыр, түйені шалады. Ешкінің және қойдың жасы бір жылдан асқаны, сондай-ақ алты айдан асқан тоқты (қой секілді) ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды.
Сиырдың екі жастан асқаны, ал түйенің жасы бес жылдан асқаны құрбандыққа шалынады. Сонымен қатар сойылатын малдың кемшілік, кінәраты болмауы керек.
Сондықтан алты айдан асқан тоқты бір жылға толған қойдың денесіндей ірі болмаса, онда ол құрбандыққа жарамайды.
№5. Құрбандық малын қалай сояды?
- малды сол жамбасымен жатқызып, кеудесімен құбылаға қарату;
- құрбан шалуға ниет ету (өз атынан немесе өзгенің атынан);
- "Бисмилләһи Аллаһу Акбар" деп айту;
- малдың өңеш, кеңірдек және екі күрме тамырын кесу;
- малдың қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанын күту.
№6. Буаз малды союға бола ма?
Буаз малды союға рұқсат етіледі. Тек төлдеуге жақын қалған уақытта бауыздау – дін тұрғысынан ұнамсыз іс-әрекет. Бауыздалған малдың төлі тірі шықса, оны бауыздап жеуге болады. Ал өлі туылса жеуге болмайды. Сонымен қатар, құрбандыққа шалынған буаз малдың ішінен шыққан төлі тірі болса, оны анасы секілді бауыздап, еті таратылады. Алайда оны бауыздамай, тіпті құрбан шалу уақыты өтіп кетсе тірідей садақа етіледі. Дегенмен құрбандыққа буаз малды таңдамаған дұрыс.
№7. Бойында кемшілігі бар малды алғанын білмесе, ол құрбандыққа санала ма?
Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.
Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ.
№8. Бір малды қанша адам шала алады?
Түйе мен ірі қараны бір адамның атынан да, жеті адамның атынан да бірігіп шалуға болады. Ал қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады.
Түйе мен ірі қараны шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер олардың біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.