Осыдан екі апта бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттары кезектен тыс отырыста аймақ орталығын Түркістан қаласына көшіру мәселесін талқыласа, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстанды Түркістан облысы деп қайта құру туралы қаулыға қол қойды.

ҚР Президентінің жаңа жарлығына орай, "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы" заңының 3-бабы 1-бөліміне сай қайта құрылған Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы болды. Ал Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі беріліп, Қазақстанның 17-ші әкімшілік-территориялық аймаққа айналды.

Осыған орай, Informburo.kz тілшісі аймақтық биліктегі жаңа бөліну шешімі туралы сарапшылардың пікірін білді.

Алдымен, тарихқа үңілсек …

ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Еділ Ноянов Түркістан қаласының оңтүстіктегі жаңа облыс орталығына айналуын толықтай қолдайтынын айтады. Себебі бұның қазақтар мен өзбектер арасындағы ұлтаралық келеңсіз жәйттердің алдын алудағы ықпалы зор.

Мұрағаттағы деректерге сүйенсек, 1956 жылы 13 ақпанда КСРО Жоғарғы кеңесінің шешімімен аймақтық шекараға өзгеріс енгізіледі. Нәтижесінде Қазақ КСР-нен Өзбек КСР-не 1 миллион гектар жер (Мырзашөл, Бостандық ауданы) беріледі. Екі кеңестік социалистік республиканың ортақ шекарасы 1962-63 жылдары тағы өзгереді. Бұл кезде Шымкент облысы Киров ауданына қарасты 420 мың гектар жер Өзбек КСР-не өтіп кетеді.


Кезінде Қазақ КСР-нен Өзбек КСР-не уақытша берілген Бостандық ауданы картада 2 санымен белгіленген. Оның территориясы Өзбекстандағы Әндіжан облысынан үлкен / wikipedia.org

Ғалымның айтуынша, бұған Оңтүстік Қазақстан облысындағы өзбектердің тоқтаусыз хат жазып, Өзбек КСР-не жолдаулары әсер еткен. Олар тәуелсіздік алған жылдары да Қазақстанның оңтүстік аймағындағы кейбір жерлердің Өзбекстанға берілуін сұрапты.

Түркістан қаласы, Сайрам және Сарыағаш аудандары халқының басым бөлігі – өзбектер. Олар аталған аймақтарды Өзбекстанға өткізуді талап етіп, сол кездегі ел президенті Ислам Каримовке талай рет хат жазған. Өз кезегінде, Қазақстан билігі өзге ұлт өкілдерінің бір орталықта бірігуіне жол бермеу үшін әртүрлі шараларды қолданып бақты. Мысалы, Түркістанда Халықаралық қазақ-түрік университетінің (ХҚТУ немесе Ахмет Яссауи Университеті) құрылуы да қала халқының урбандалуына алып келді. Осыдан кейін біраз қазақ Түркістан қаласына қоныс аудара бастады, – дейді Еділ Ноянов.

Ұлтаралық мәселе

– 1996 жылы Түркістандағы өзбектер Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алдына Әмір Темір ескерткішін орнату үшін қол жинаған. Тарихқа үңілсек, өзбек қолбасшысының түркі әлемінің өркендеуіне кері әсерін тигізгенін білеміз. Ол Алтын Орданың ыдырауына, Осман империясының құлауына негіз болды. Сондықтан оның мүсінін Түркістанда орнатуға жол бере алмайтын едік, – дейді Еділ Ноянов.

Оның айтуынша, өзбектер жаңа құрылған Түркістан облысы бойынша көп болғандықтан, өз мүдделерін көздеп, тырысты. Ал облыс атауының Түркістан, яғни "түркілер ордасы" іспеттес болуы да оның ешқандай өзбек территориясы емес екендігін астарлап білдіреді.


Тәуелсіздік алған жылдары өзбектер өз мүддесін іске асыра алғанда, бүгін Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алдында Әмір Темір мүсіні тұрар еді / Фото zakon.kz сайтынан алынды

Қазақ билігі болса, ұлтаралық түсініспеушіліктерді болдырмауға күш салды. Ол үшін өзбектердің аймақтарда бірігуін бәсеңдету керек болды. Сарапшылар Сайрам ауданының біршама бөлігінің Шымкентке кіріктірілуі дәл осы мақсатпен жасалғанын айтады.

Талдықорған тәжірибесі

Талдықорған қаласы КСРО кезінде бірқалыпты дамып отырған. Ал 1997 жылы ел ордасы Астана қаласына көшкеннен кейін, Талдықорған Алматы облысымен біріктіріліп, орталығы Алматы қаласында қалдырылады. ҚР Президентінің арнайы жарлығымен Алматыға "Оңтүстік астана" деген бейресми атау беріледі.

– Әкімшілік орталықты Талдықорғаннан көшіргендіктен қаланың бюджеті кеміп, оның даму қарқыны күрт төмендеді. Небәрі 4 жылда Талдықорған Торғай сияқты тозып кетті. 2001 жылдың сәуір айында Елбасы қаулысымен Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшті. Ал Алматыға республикалық маңызы бар қала статусы берілді, – дейді Еділ Ноянов.

Ғалымның айтуынша, облыс орталығына айналу аймақтағы қаланың гүлденуіне, инфрақұрылымының дамуы мен халық санының өсуіне ықпал етеді. Одан өзге де игі істердің жасалуына мүмкіндіктер беріледі.

Сол себепті тарихшы ғалым Түркістан қаласының облыс орталығы болуын қос қолын көтере қолдайтынын айтады.

Шымкент қаласының урбандалуы

Мегополиске айналуына байланысты Шымкент қаласының территориясын кеңейту мәселесі бірнеше рет қолға алынды. Сайрам ауданының біршама бөлігі қалаға кірді. Еділ Нояновтың айтуынша, бұл да өзбектердің аймақтық cаяси ықпалынан арылу мақсатында жасалып отыр.


Бүгінде Шымкент қаласы 1,5 миллион гектар жерді ала орналасқан. Ал қала агломерациясының халқы 1,8 миллионнан асып отыр / voxpopuli.kz

Соңғы бірнеше жылдан бері маңындағы аудандар аумағына қосылған соң, Шымкент қаласын урбандау үдерісі қатты жүрді. Бұл еліміздің оңтүстігінде жаңа мегаполистің қалыптаса бастағанын көрсетеді. Республикалық маңызға ие қалаға айналғанда, облыс орталығы статусы өзге қалаға берілетіні белгілі. Көпшілік Түркістаннан өзге қаланы бұл статусқа лайық деп көрмеген еді. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та осы пікірмен келісетінін білдіріп, облысты қайта құру туралы жарлыққа қол қойды.

Басқарудың қажеттілігі

Белгілі саясаттанушы Дос Көшім жаңа статус берілген қала көркейсе де, оның мәдени мұрасының екінші деңгейде қалып қоюы мүмкін екенін айтады.

– Дамыған елдерде мектеп, университет, емхана ғимараттары ерекшеленіп тұрады. Ал Қазақстанда әдетте әкімдік немесе сот сынды атқарушы билік отыратын зәулім құрылыстар бірден көзге түсерліктей, әдемі көрінеді. Түркістан облыс орталығы деп танылған соң, шенеуніктер қаласына айналып, оның мәдени мұрасы қараусыз қалуы мүмкін, – деген қорқыныншын жасырмады.

Түркістан бүгінге дейін ешбір әкімшілік аймақтың орталығы болмағанымен, ұлттың діни әрі мәдени ошағы ретінде танылды. Қала билігі үнемі саяси-экономикалық емес, мәдени-қоғамдық мәселелерді шешуге талпынған.

– Шымкент конгломератқа айналып жатқаннан кейін басқарудың тиімділігі үшін әкімдіктерді көшіру қажет. Бұл сынды процесс Қазақстанда, әсіресе халық саны жылдам өсетін оңтүстікте жиі байқалады, – дейді Дос Көшім.

Биліктің көшуіне кететін қаржы

Қазақстанда осыған дейін екі үлкен облыс орталығы ауысты. Бірі – Көкшетау болса, екіншісі – Талдықорған. Біз жұмсалуы мүмкін қаржы көлемін білу үшін аймақтық билік өкілдеріне өтініш жібердік. Өкінішке қарай, нақты жауап ала алмадық. Сондықтан сарапшылардың жалпылама пікірімен шектелеміз.

– Барлық билік өкілдерін көшіріп, орналастыруға ол жерде ғимарат жетпеуі мүмкін. Салмаса болмайды. Құрылысты салып бітіруге бірнеше жыл керек, – дейді Дос Көшім.


Түркістан Бетпақдаланың оңтүстік беткейінде орналасқандықтан, қалада жел жиі және тоқтаусыз соғады / Фото Google картасынан скринделді

Саясаттанушының пікіріне сүйенсек, соңғы он жылда Қазақстандағы аймақтық билік құрылымдарын бір орталыққа біріктіру процесі басым болған. Ал қазір басқару тиімділігін арттыру үшін халқы өскен аймақтарды бөліп, оларға жеке билік құрылымы беріліп жатыр. Мысалы, Түркістанның территориясына кіретін 12 шағын ауылдық округі Кентау әкімдігінің қарамағына өткізілмек.

Түркістандағы туризмді дамытып, мәдени орталық ретіндегі рөлін жоймау керек

Ислам өркениетіне киелі саналатын Түркістан қаласының тек республикалық емес, халықаралық мәртебесі болды. Түркілердің ордасы аталғанға дейін Шауғар, кейінірек Яссы деген атпен өркендеді.

Тарихы тереңде жатқан, аралап көрер жерлері көп қалаға келетіндердің де саны аз емес. Кейбір сарапшылар облыс орталығы болу қаланың одан әрі көркеюіне жол ашады десе, тағы біреулері бұның кері әсері барын айтады.

– Әлемдік тәжірибеде Түркістан сынды тарихи қалаларда туризмді дамытуға, мәдени орталықтарын сақтауға тырысады. Бірақ оны әкімшілік басқару орталығы етпейді. Сондықтан мен бұл шешімге аз да болса сын көзбен қараймын, – дейді Дос Көшім.

Оңтүстікте облыс орталығы статусын алар өзге қалалар да бар еді

Дүние жүзінде әртүрлі елдердің билік өкілдері белгілі бір қаланы астана ету кезінде оның территориялық орналасуы мен ауқымына мән берген. Айта кетсек, кейбір елдерде ең ірі қалалар, ал кейбірінде кішкентай қалашықтар астана атанып отыр. Мысалы, Лондон, Париж, Токио бірінші принциппен, Бразилиа, Вашингтон, Оттава сынды қалалар екінші принциппен ел астанасы ретінде таңдалған.


АҚШ астанасы Вашингтонда тек бір өндіріс секторы бар. Ол — үкімет. / Фото cntraveler.com сайтынан алынды

Оңтүстік Қазақстан облысында Кентау, Сарыағаш, Арыс сияқты салыстырмалы түрде халқы аз, бірақ облыс орталығы статусын иемдене алалықтай шағын қалалар көп.

Мегаполис әрі облыс орталығы статусын сақтау да тиімді болар еді

Қазақстан астанасы Астанада елді басқару билігі мен қала әкімдігі қатар жұмыс істейді. Бір-біріне кедергі келтіріп, бірінің жұмысына бірі араласқан емес. Демек дәл осы әдісті аймақтарда да қолдануға болады.

Белгілі экономист Жарас Ахметов Шымкенттің аймақтық өндірістік әрі сауда орталығы болғандықтан облыс орталығының ауысуы оның дамуына еш кедергі келтірмейді. Ал бұрынғы статусының сақталуы жаңа серпін беруі мүмкін.

Республикалық маңызы бар қала әрі облыс орталығы статусын Шымкентте қалдыру арқылы бюджеттен бөлінетін қаржыны үнемдеуге болады. Сонымен қатар, облыс орталығы болумен қатар Түркістанды туристік аймақ ретінде одан әрі дамыту қажет.

Шетел тәжірибесі

Түркістан (ОҚО) әзірге донор аймақтардың қатарына жатпайды. Десе де, оның табысы үлкен қарқынмен өсіп келеді. Халық саны өзге облыстардың көрсеткішіне қарағанда жоғары деңгейде өсіп отырғандықтан, өз бюджеті өзінен артылмай тұр.

Дос Көшімнің айтуынша, республикалық маңызы бар қала атанғанның өзінде Шымкенттің жеке бюджеті болмайды. Себебі Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару функциясы әлі толығымен енгізілген жоқ. Қазақстан унитарлы ел болғанымен, аймақтық бюджет орталықтан басқарылады.


Картада көк түспен унитарлы, ал жасылмен федеративті елдер берілген / Фото wikipedia.org сайтынан алынды

– Унитарлы жүйесі бар дамыған елдерде кез келген қала өз бюджетін өзі басқарады. Мысалы, мен Чехияның бір қалашығында болдым. Қалада 8000 адамға небәрі 24 полиция қызметкері тұра келеді. Бұл қылмыс көрсеткіші төмен болуына қатысты ма деп ойлап, жергілікті тұрғындардан сұрағанда, қала бюджеті осынша полицияның еңбекақысын төлеуге жететінін айтты. Бұл – әр қаланың жекелей дамуына негіз, – дейді Дос Көшім.

Қазақстанда үкімет өзін-өзі басқару жүйесін енгізудің халықаралық стандарттарын әзірге қолданып отырған жоқ. Сондықтан бюджет дефициті бар облыстарды донор аймақтар үнемі қаржыландырып отыруға мәжбүр. Әйтпесе, олар шарықтап дамып, ал табысы аз аймақтар құлдырап кетер еді. Бұны ортақ дамудың социалистік бірлігі деп атайды. Ал аймақты дамыту үшін оған қосымша қаржыландыруды ұсына бермей, дамуына түрткі болатын талап қойған жөн.

Республикалық деңгейдегі әкімшілік-территориялық басқару құрылымына өзгеріс енгізуді Ақордада қарады. Оңтүстік Қазақстанның Түркістан облысы болып қайта құрылуын Елбасы мақұлдады. Енді жарлықтың жүзеге асқанын күтеміз және Түркістан қаласының мәдени мұрасы молая береді деп үміт артамыз.