Түркістан легионерінің беймәлім сыры
26 маусым күні Гродно мен Ровно маңында жаудың десанттарымен алғаш рет бетпе-бет келіп, қатты қырғынға ұшырағанда бір-ақ соғыстың басталғанын білген.
Украинге ұл болып өмірге қайта келді
1941 жылдың 15 қыркүйегінде Лоховица қаласының теріскейінде қанды қырған шайқаста ауыр жарақат алады. Үш күннен кейін есін жинаса, украин шалы мен кемпірінің үйінде жатыр екен.
– Біздің әскерлер шегініп, қашып кеткен, хутор немістердің қолында. Кемпір мен шалда өмірі бала болмапты. Мені өз аттарына жаздырып алуға ниетті екендерін білдірді. Ойлануға мұрша жоқ. Бір жеті өтпей Украинаның қазақ баласы Пилипчук Григорий Григориевич болып шыға келдім.
Тамұққа түскен тағдыр...
Біреулер хутордағы немістерге "Жасырынып жатқан жаралы қызыл әскер бар. Мына адресте, өзі христиандық емес мұсылман" деп мені ұстап беріп, Канатоп тұтқын лагерінен бірақ шықтым.
– Канатоптан Гродно лагеріне айдалдым. Бұл лагерьдің түрі басқа. Адамды дарға аспайды, газбен тұншықтырып өлтірмейді, крематорияға салып өртемейді. Адамды көтерем етіп, аштан өлтіретін лагерь. Жерден қазған жертөле. Немістер әдейі қырылсын деп тамақ бермеді, жарақаттарды емдемеді. Тұтқындар санын табиғи түрде азайту үшін, сүзек ауруының тарауына жол ашты. Аз уақытта 11 мың тұтқынның бір мыңдайы ғана аман қалдық.
Тікелей келген тағы бір ажалдан аман қалды
Ғайпеннің жағдайы мүшкіл еді. Жауырынына қадалған оқ күн сайын тәнін жегідей жеп, ақыры естен тандырады. Лагерьде танысқан Қалыбай есімді жерлес қазақ жігіт бұның жағдайының ауыр екенін байқап, дәрігерлерден көмек сұрайды. "Дәрі-дәрмек, наркоз атауымен жоқ, оқты тірілей алсақ, тері мен сүйек қалған жаны азапты көтермейді, алмасақ та көрер жарығы көп емес", – деп дәрігерлер бас тартады. Қалыбай да деген бетінен қайтпай, "өзекті жанға бір өлім", әйтеуір өлетін болса тәуекелге бел будық деп жалынып, көндіреді...Сөйтіп, қазақ жігіттері аяқ-қолын басып отырып, операция жасатады. Еш наркозсыз. Күш-қуаты сарқылған Ғайпен де тыпырлауға дәрмені келмей талықсып кетеді... Кейін ақырындап беті бері қарайды, осылайша өлім аузынан тағы да аман қалады.
Нан берген орыс әйел оққа ұшты
Наркозсыз ауыр операциядан енді есін жинағанда тұтқындарды тағы айдайды. Тірі жете алмайтынына көзі жеткен Ғайпен:
– Баласын күткен әкеге өлімін естірту қиынға соғар, елге жетсең пәлен жерде тірі қалды дерсің. Маған істеген жақсылығыңды қарызға есептеме, мен саған онсыз да қарыздармын. Бақыл бол, Қалыбай аға, – деп қоштасады.
Бірақ қасындағылар тастамайды. Бірде туысқан-бауыр болып кеткен қазақтар екі қолтығынан демесе, тағы бірде Ғайпенді Қалыбай балаша арқасына салып, арқалап алады. Осылай өлі мен тірінің арасында келе жатқанда кірпіш тәрізді бір нәрсе тұмсығының астына, Қалыбайдың иығына сарт ете қалады. Жол бойында тұрған халықтың лақтырған қалаш наны екен. Оны жерге түсірмей қағып алған Қалыбайдың: "Ай, обал-ай, жаңағы бізге нан берген орыс әйелі оққа ұшты!" деген оқыс дауысы бірге шығады.
Мен қалай легионер болдым
Дәм-тұзы бітпесе керек, Ғайпен аға бірнеше рет өліммен бетпе-бет келе тұра, аман қалады.
– Есім кіргенде көріп білгенім – қыштан салынған үйде жатыр екенмін. "Бордақылау лагерінде жатырсыңдар", – деді жендеттер. Адамдық түрге ене бастадық. Мұстафа Шоқайдың солдаты болу үшін бордақыланып жатқанымызды ғана айтты. Өзгесін білмедік. Польшаның Легионова жеріне әкеліп, немістің солдат киімін киіндірді. Осылайша, легионер атандық.
Ғайпен аға неміс офицерінің қойған сұрақтарына жауап беріп тұрып, "сегіз тіл білемін" деп аузына Құдай салса керек, қалай айтып қойғанын білмей қалады. Айтуын айтқанымен, өзі де абдыраған... Онысын білдірмей:
"Қазақ, өзбек, қырғыз, түрікпен, қарақалпақ, қарашай, татар", – деп орыс тіліне қоса түп-тамыры бір, тілдері ұқсас түркі халқын тізбектей сегізге әзер жеткізеді. Немістер қатты таңқалса керек, ойланбастан фототілшілік курсқа жібереді.
Ғайпен Бейісов екі жыл көлемінде неміс тілін жетік меңгеріп алады.Одан бұрын көрген тозақтың азабындай өмірі оның рухын сындыра алмайды. Қазақтың еңсесі биік, құлшынысы зор ұлы өзінің табиғи қалпынан таймайды.
Аз ғана уақыт ішінде ОКВ-ның (Қарулы Күштердің Жоғарғы қолбасшылығы) Потсдамдағы насихат департаментінен бірақ шығады. Әрі қарай бөлім командирі болады. Арнайы курсты тәмамдап, офицер атағын алады. Әскери фототілші мамандығын меңгереді. Бухарест, Киев, Симферополь, Берлин, Вена, Мюнхен, Лейпциг, Берслау, Бунслау, Мадирид, Рим, Париж т.б. қалаларды аралайды.
Ату жазасынан аман қалды
1945 жылы легионерлердің қашуын ұйымдастырды деген сезікпен Ғайпен Бейісов тұтқындалып, ату жазасына кесіледі.
Бұл кезеңде кеңес армиясының қарқынды шабуылынан қаймыққан неміс-фашистері шапшаң шегінуде болатын. Тағдырларына қарай үкім орындалар түнінде күзетшілер қашып кетеді де, түрме есігін жергілікті немістер ашып жібереді. Бұл оның тура келген кезекті ажалдан тағы бір аман қалуы еді.
Неміс түрмесінен босаған соң Қызыл Армия қатарына қабылданып, 1946 жылы әскер қатарынан босап, елге оралады.
Халық жауы атанды
Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады демейді ме. Ғайпен 1946 жылы РКФСР Қылмыс заңының 58-1б бабына сәйкес "халық жауы" ретінде 10 жыл бас бостандығынан айырылды. Атышулы Сібір, Степлаг, Карлагтың тозақ өмірін бастан кешіп, 1956 жылы ғана босайды.
Қазақ, қырғыздардың жасырын ұйымы әшкереленіп, не болмаса 1945 жылы тұтқынға түскен ұйымның белсенді мүшелері атылып кетсе, мүмкін, олардың есімі тарихта патриоттар ретінде қалар ма еді?!
Неміс жерінде от пен оқ ортасында қазақтан туған қыз немесе тозақта да махаббатқа орын бар
"Иә, Хилде деген әйелмен көңіл қосқанын айтатын. Атамыз сұрастыра келе, қызы бар екенін білді. Көргісі келді... Қаншама жылдар өтіп кеткеннен болар, қызы оны көргісі келмеді. Осылай байланыс орната алмады, арманы ішінде кетті", – дейді кенже келіні Шарипа Бейісова.
Шықпай қалған кітап
Ғайпеннің екінші кітабы дайын, жазулы тұр, бірақ өкінішке қарай оны шығарып үлгермей, о дүниеге аттанды дейді оның жақындары.
"Алғашқысы прозалық болса, екіншісі поэзияға арналған кітап... Өмір жолында кездескен адамдарға, жарына, достарына арнап жазған өлең шумақтары. Арасында достарының да атамызға арнаған өлеңдері бар", – дейді Шарипа Бейісова.
Ұрпағына айтқан өсиеті
Бүгінде Ғайпеннің екі ұл, екі қызынан төрт немере, бес шөбере тараған. Кенже ұлы Қайраттың ұлы атасының тегін алып, Ғайпенов болыпты.
" Атам – өте ұлтжанды адам болатын. Ол кісінің әңгімелері әлі күнге дейін жадымда. Бізге үнемі "украин ұлтын қолдарыңнан келгенше сыйлаңдар, сендердің дүниеде бар болуларың солардың арқасы. Мені ажалдан аман алып қалған украиндер" деп Григорий атай мен Оксана әжей туралы естеліктерін құлағымызға сіңірген", – дейді немересі Гаухар.
Келіні Шарипа атасы төзімділік пен сабырлылыққа үйретті дейді.
– Үйде бір кикілжің туып жатады ғой. Сол кезде атам үнемі шыдамды болуға шақырып отыратын. Сол кісінің осы қасиеті маған қатты ұнайтын. Әрі осы уақытқа дейін есімнен шығарған емеспін.