Тұран жолбарысын "тірілте" аламыз ба? (Толықтырылған)
ХХ ғасырдың басында жер бетінде 100 мыңға тарта жолбарыс болған. Қазір үш жарым мыңдайы ғана қалыпты. Ал біздің аймақтағы "Тұран жолбарысы" тұқым-тұяғымен құрып біткен.
Тұран жолбарысы осындай болған
Ірі жыртқыштың салмағы 250-300 келі тартатын. Тұран жолбарысының бір ерекшелігі – жирен түсті жүнінің бояуы қанық. Қысты күні терісі, әсіресе, қарын тұсының жүні қалыңдай түседі. Тұмсығында қою мұрты болған.
Құжаттарға қарағанда, Жетісудағы соңғы жолбарыс 1940 жылы аңшылар оғына ілінген. Арада бірнеше жыл өткен соң Іленің төменгі етегінен ізін көргендер бар.
Тұран жолбарысының мұражайда тұлыбы ғана қалды
Алматыдағы Биология мұражайында. Тарғыл шері 1933 жылы Іле өзенінің бойында қолға түсіпті.
Мұражайдың бас маманы Қылышбай Мұсабековтің айтуынша, бұл – ұрғашы жолбарыс, жаз мезгілінде ұсталған жас өлекшін.
Жолбарысты Қазақстанда қайта жерсіндіру бағдарламасы
Тұран жолбарысы генетикалық-молекулярлық жағынан Қиыр Шығыстағы Амур жолбарысына өте жақын. Ол да – жойылып бара жатқан тұқым.
2010 жылы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен Қазақстан үкіметі Амур жолбарысын Іле-Балқаш өңіріне жерсіндіруді қолға алған болатын. Осылайша бірден екі мәселе шешілмек: Амур жолбарысының саны көбейеді және Қазақстандағы бұрынғы таралу аймағында мысықтұқымдас жыртқыштың популяциясы қалпына келеді.
Тұран жолбарысының баяғыда мекен еткен аймақтарын мамандар көп зерттеген. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры Ресей өкілдігінің директоры Игорь Честиннің айтуынша, жолбарысты қайта жерсіндіруге Қазақстаннан басқа елдерде қолайлы орын табылмаған.
Амур жолбарысы Қазақстанға жерсіне ме?
– Жолбарыс популяциясы үшін көлемі зор, адам қоныстанбаған аумақтар қажет. Амал не, Әзербайжанда, Арменияда, Грузияда, Иранда, Қырғызстанда, Қытайда, Тәжікстанда, Түрменстанда және Түркияда жолбарыс тіршілік ететіндей жер қалмады. Кейбір шағын өлкелер кездескенімен, олардың жан-жағында халық тығыз орналасқан. Ауғанстан мен Иракты тіпті қарастырған да жоқпыз, себебі бұл мемлекеттердің ішкі саяси жағдайы күрделі. Ақыры Іле өзенінің сағасы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағасы қолайлы болады деген тоқтамға келдік. Сол өңірдің ұңғыл-шұңғылына дейін барлап, Қазақстан ғылым академиясының зоология институтымен бірлесіп, үлкен есеп әзірледік, – дейді Игорь Честин.
Оның сөзінше, Іле-Балқаш өңірінде халық сирек қоныстанған – шаршы шақырымға екі адамнан аспайды. Экожүйесі де жолбарыстың тіршілігіне қолайлы. Жеті мың шаршы метр аумаққа 40-55 жолбарыс жіберсе, жарты ғасыр ішінде оның тұқымын 64-98 басқа дейін өсіруге болады екен.
Қыркүйек айында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының арасында Қазақстанға жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылған еді. Осы құжаттың негізінде 2018 жылдан бастап "Іле-Балқаш" табиғи резерваты құрылатын болды.
Жолбарысты жерсіндіру үшін оның азығы болар жануарларды да көбейту керек
Жолбарыс жайлаған жерде жемтік мол болуы керек. Сол себепті резерватқа тұяқты жануарлар топ-тобымен жіберіледі. Тарғыл шерінің негізгі қорегі – қабан мен кермарал. Сарапшылар Іле өзенінің сағасында үш мыңнан астам жабайы шошқа барын анықтаған. Алайда ол жеткіліксіз. Алып денелі, алапат күшті жыртқыштың еттен тарықпауы үшін қабанның саны 30-50 мыңға жетуі тиіс. Сондай-ақ алдағы 4-5 жыл ішінде Іле-Балқаш өңіріне 50 шақты кермарал апару жоспарланған.
"Қазақ ұлттық географиялық қоғамының" вице-президенті, зоолог Сергей Скляренконың пікірінше, алдымен резерваттың экожүйесін сауықтырған дұрыс. Бой тасалайтын жиделі тоғайы мен қалың қамысы болмаса, жолбарыс ешқашан жерсінбейді.
– Атқарылатын шаруа шаш етектен. Ең бірінші резерватқа судың жеткілікті мөлшерде келуін қамтамасыз етуіміз қажет. Іргелес жатқан шаруашылықтар суды жөн-жосықсыз ысырап қылады. Соған тосқауыл қоймасақ болмайды. Өртпен, орман ағаштарын заңсыз отаумен күресуіміз керек. Ол аумаққа мал жаюға да тыйым салынуы керек. Бұл бір күннің, бір жылдың жобасы емес. Бұл – миллиондаған ақша тұратын қымбат жоба, – дейді Сергей Скляренко.
Жолбарыстар қайдан келеді?
Жолбарыстар хайуанаттар бағынан немесе Қиыр Шығыстағы жабайы табиғаттан алынуы мүмкін. Әрине, қолда өскен аңның бостандыққа бейімделуі қиын. Бірақ мұндай тәжірибе Ресей мен Қытайда жүргізілген. Егер ол жүзеге аспаса, Қиыр Шығыстағы жолбарыс популяциясына зиян келтірмей, жылына екі-үшеуін ұстап алып отырады. Бұл кезең 5-7 жылға созылып, "Іле-Балқаш" қорығына кем дегенде 20 бас амур жолбарысы жерсіндіріледі.
Бағдарламаны орындау барысында Іле өзенінің арнасына ерекше көңіл бөлінеді. Қытай мен Қазақстанның суды қанша алып отырғаны басты назарда болады. Қытаймен Іле суын пайдалануға байланысты келісім жасағанда "жолбарыс бағдарламасы" басты уәжіміз болуы мүмкін.
"Жолбарыстар елшісі" – Леонардо Ди Каприо
Биыл америкалық атақты актер Леонардо Ди Каприо өзінің Instagram желісіндегі парақшасында осы мәселеге қатысты пікірін білдірді.
"Сіздер естідіңіздер ме? Қазақстан жарты ғасыр бұрын жойылып кеткен жолбарыстарды Орталық Азияға қайтаратын тұңғыш ел болады. Бір кездері жабайы жолбарыстар Түркияның шығысынан Бали аралына дейін жортып жүрген, бірақ содан бері олардың таралу аймағы 90 пайызға тарылып кетті. Қазақстанның жолбарысты жерсіндіру жоспары – табиғатты қорғауға қосылған қомақты үлес", – делінген жарияланымда.
Леонардо Ди Каприо жолбарыстың әлемдік популяциясын құтқаруға атсалысып жүр. 2010 жылы ол жолбарыстарды сақтау жөніндегі Санкт-Петербург саммитіне қатысып, жолбарыстарды сақтап қалу бағдарламасына екі миллион доллар беретінін мәлімдеген. Табиғат қорғау жобаларына қатысқаны үшін белгілі актерді "жолбарыстар елшісі" деп атайды.
Тұран жолбарысының тұқымы неден құрып кетті?
Қазақ жерінде салақұлаш сарыала жолбарыстар XX ғасырдың ортасына дейін жортып жүрген. Ерте заманда Сырдария жағасы, қамысы қалың Шу бойы қаптаған жыртқыш екен. Ал Іленің етегінде толып жүрген деседі. Жолбарыс аулау – қазақтың ата дәстүрі, машықты өнері болған. Білектерін арқанмен орап, үстеріне қалың тері жамылған қазақ аңшылары шеріні жалаң қанжармен-ақ жайратып отырған.
Ресейде жарық көрген "Военный сборник" журналының 1871 жылғы санындағы "Табиғат және аңшылық" деген бөлімінде Сырдария бойында тұратын Шақан деген аңшы жайында мақала басылған. Шақан аңға кеткен бір күні түнде адамжегіш жолбарыс киіз үйге кіріп, баласын өлтіріп, әйелін қамысқа сүйреп әкетеді. Қатты күйінген Шақан жолбарысты өлтірмекке ант береді. Ақыры сөзінде тұрған аңшы бірнеше шұбар аңның көзін жояды. Бұл туралы Мұхтар Мағауиннің "Шақан-Шері" романында егжей-тегжейлі жазылған.
"Тоқсан үйлі тобырды" аңшылықпен асыраған Қамбар батырдың жолбарысты құйрығынан ұстап, басынан айналдыра лақтырып өлтіргені де жырда көркем баяндалады.
Бірақ еуропалықтар келгенше Қазақстандағы жолбарыс популяциясы біршама болды. Аң патшасын жоспарлы түрде аулау 1891 жылдан басталады. Жедел атылатын жойқын қарумен жарақтанған орыс армиясы отарланған жерді жыртқыштардан тазалау үшін арнайы отрядтар ұйымдастырды. Жекелеген аңшылар да түгі құлпырған қымбат терісі үшін жолбарысты қынадай қырған.
Кеңес үкіметі жолбарыстарды аулауға тыйымды 1947 жылы салғанымен, бұл кеш қабылданған шара болды. Бірақ тіпті соның арқасында Амур жолбарысы сақталып қалды. 1960 жылдардың ортасынан бастап Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабының бірінші санатына Тұран жолбарысы "жойылып кеткен" түр ретінде енгізілді.
Жобаның құны – 50 миллион АҚШ доллары
Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қорының басшысы Асылхан Асылбековтің мәлімдеуінше, 2018 жылдың бірінші жартысында 300 мың еуро игеріледі.
– Бағдарлама бекітілді, енді оны кезең-кезеңімен қаржыландыру мәселесін қарастыруымыз қажет. Біз резерват құруға 300 млн теңге сұрадық, қазіргі уақытта 116 миллионы бөлінді, – дейді Асылхан Асылбеков.
Алдағы жылдың жұмыс жоспары туралы WWF Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры Орталық Азия бағдарламасының жетекшісі Ольга Переладова айтып берді.
– Бұл жобаны жеті жылдан бері жазып жатырмыз. Қазақстан үкіметінің қолдауынсыз жұмысты бастау мүмкін болмады, ал үкімет қаржылай көмектесе алмады, өйткені ресурстың дені ЭКСПО-ға жұмылдырылды. Қазір барлық құжатқа қол қойылған, ақша бөлінген, резерватты құру жұмысы басталды, – деді Переладова.