Трамп АҚШ-ты иммигранттардан тазартпақ. Америкалықтар бұл популистің қайта президент болғанын неге қалайды?
– Мен осыдан 9 жыл бұрын АҚШ үкіметінен саяси пана сұрап, өтініш жазғанмын. Өтінішімнің кезегі келгенде, Трамп жыл сайын берілетін грин карта квотасының санын азайтып тастады. Енді тағы бірнеше жыл күтуге тура келетін сияқты, – дейді Қайрат (есімі өзгертілді) деген отандасымыз.
Қайрат 37 жаста. Қазіргі таңда, ол Нью-Йорктің Бруклин округінде су құбырларын тартумен айналысады. Отандасымыз АҚШ-қа кеткенде көп жылға қалып қоятыны жайлы бастапқыда ойланбаған. АҚШ-тың тұрақты резиденті атануға 10 жыл кететінін білгенде, отбасын бірге алып келер ме еді.
– АҚШ резиденті атанбайынша, ел территориясынан шыға алмаймын. Ал Қазақстанда өмір сүргім келмейді. Болашағымды байланыстырғым келмейді. АҚШ-қа кеткенімде, қызым 8 жаста еді. Қазір ол мектепті бітіріп жатыр. Қызымның бітіру кешіне баруға уәде беріп, ол мүмкіндіктен де жаңа иммиграциялық реформаларға байланысты айырылып отырмын, – дейді Қайрат.
АҚШ – иммигранттар елі "еді"
Италиялық саяхатшы Христофор Колумбтың испан кемелерімен Үндістанға барар жол іздеп, Америкаға тап болғанын тарихтан білесіз. Солтүстік Америкадағы ағылшындардың алғашқы тұрақты қонысы аталған Джеймстаун тұрғындары да Еуропада діни қысым көргендер болды. Содан бері Америка өз елінде тыныштықта әрі еркін өмір сүре алмағандар мен жаңа өмір бастағысы келгендер үшін жаңа отанға айналған болатын. Америка құрама штаттары құрылмай тұрып, мұнда ағылшындар мен француздар, ал оңтүстігінде испандар тұрақтайды.
Ал АҚШ тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін Еуропаның батыс және солтүстік бөлігінен көшетіндер көбейген. Мысалы, 1815 пен 1895 жылдар аралығында көшкен еуропалықтардың 1/3 бөлігі ирландықтар болды. Оған сол жылдары Ирландиядағы аштық себеп болған еді. Иммигранттардың қалған бөлігін немістер мен Азия елдерінен келгендер құраған. XIX ғасырда орта есеппен, АҚШ-қа бес миллион неміс қоныс аударған.
АҚШ үкіметі иммигранттарды үнемі экономикалық қуаттың көзі деп білді. Десе де, 1882 жылы Азиядан келетін иммигранттарды шектеу мақсатында Калифорния штатының заң шығарушы органы Қытай азаматтарын АҚШ территориясына кіруге рұқсат бермейтін жаңа заң қабылдады. Сол кезде алғаш рет Нью-Йорк қаласындағы Эллис аралы сынды арнайы иммигранттарды қабылдайтын орталықтар құру мәселесі көтерілді. Эллис аралы арқылы 1892-1965 жылдары аралығында миллиондаған иммигранттар АҚШ-қа кіреді. Одан кейінгі иммигранттар толқыны Латын Америкасы елдері мен Азиядан болды. Одан бөлек, екінші дүниежүзілік соғыс барысында және одан кейін жаңа құрлыққа қоныс аударған еврейлер көп болды. Ал 1980-жылдардан бері иммиграциялық толқын бұрынғы КСРО елдерінен болып отыр.
Трамп АҚШ принциптеріне қалай қарсы келіп отыр?
Дональд Трамп АҚШ президен \ті атанғанға дейін АҚШ билігі иммигранттарды экономикалық күш– қуат ретінде ашық қабылдап келді. Ал Ақ үйге миллиардер Трамп келген соң, иммигранттарға қысым түсе бастады. Оның жасаған реформалары америкалықтардың бірінші орынға қою принциптеріне негізделді. Мысалы, оның президенттік сайлауға қатысқан кездегі ұрандарының бірі "America First" деп аталды. Нақтырақ айтсақ, ол иммигранттардың кесірінен америкалықтардың жұмыссыз қалып отырғанын алға тартып, салық төлеушілеріне тұрақты жалақы мен жұмыс уәде берді.
Ал нью-йорктік миллиардер АҚШ президенті атанған соң жаңадан келетін иммигранттарға берілетін жеңілдіктерді қысқартты. Сонымен, АҚШ президентінің анти-иммиграциялық қаулыларына тоқталып өтсек. Олар:
- Негізгі діні Ислам болған 8 ел азаматтары АҚШ территориясына кіру мүмкіндігінен айырылды;
- АҚШ-тың саяси қашқындарды қабылдау квотасы соңғы 40 жылдағы минимум көрсеткішке түсірілді;
- АҚШ территориясында әкімшілік құқықбұзушылық жасаған иммигранттарды ұстау, оларды елдеріне кері қайтару үдерісі жиіледі;
- АҚШ-қа бала кезінде иммиграциялық емес визамен келіп, америкалық атануына мүмкіндік беретін DACA бағдарламасы тоқтатылды.
Одан бөлек, Трамп әкімшілігі АҚШ үкіметінің Diversity Visa деп аталған заңды иммиграциялық жобасымен америкалық атанатындар санын күрт қысқартуға тырысып жатыр. Migration Policy институты мамандарының жазуынша, бұл елді иммигранттардан тазарту немесе америкалықтарды жұмыспен қамту емес, тек екі партия арасындағы саяси қақтығыс. Себебі жоғарыда аталған Diversity Visa бағдарламасы 1990 жылдары демократтар тарапынан енгізілген болатын. Ал Дональд Трамп республикалық болғандықтан өзіне дейінгі демократ президент Барак Обаманың бірқатар қаулыларын жоққа шығарып үлгерді. АҚШ президентінің ендігі көздегені DV бағдарламасы болып отыр.
Migration Policy институтының мәліметіне сенсек, АҚШ үкіметі өткен жылы 22,491 қашқынды қабылдаған. Ал биыл Трамп әкімшілігі бұл жылғы қашқындарға берілетін квотаны 15 мыңнан асырмауды бекіткен. Ал келесі жылы квота саны нөлге жақындауы да ықтималдан жоғары болып отыр.
Айта кетсек, шетел азаматтары саяси, идеологиялық, ұлттық және діни көзқарастары мен сексуалды бағыты бойынша АҚШ-тан пана сұрай алады. Олар – белгілі бір елде қысым көрген аз ұлт өкілі, оппозиционер, өзге дін өкілі немесе ЛГБТ қоғамының мүшесі болуы мүмкін. Саяси панаға өтініш беруде экономикалық себеп ескерілмейді. Жоғарыда пікірі берілген Қайрат – осы мәселелердің бірі бойынша АҚШ-тан саяси пана сұрағандардың бірі. Ол informburo.kz тілшісіне нақты қай себеп бойынша АҚШ үкіметінен пана сұрағанын айтудан бас тартты.
Демократтар vs. Республикалықтар
Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі АҚШ президенттінің иммигранттарға қатысты саясаты алып елдің негізгі принциптеріне қарсы келіп отыр. Мұндай пікірмен келіспейтіндер ішінде АҚШ Конгресі өкілдер палатасының заң шығарушылары Александрия Окасио-Кортес (Alexandria Ocasio-Cortez), Ильхан Омар (Ilhan Omar), Аянна Пресли (Ayanna Presley) және Рашида Тлаиб (Rashida Tlaib) бар. Осыдан үш күн бұрын, Конгрестің аталған мүшелері Трампқа импичмент жариялау мәселесін көтерді. Бірақ импичмент жариялауға Трамптың анти-иммиграциялық реформалары негіз бола алмады.
– АҚШ президентінің бүгінгі шешімдерімен келіспей отырған заң шығарушылардың бірқатары – иммигрант отбасының екінші ұрпағы әрі демократтар. Сол себепті де олардың Трампқа импичмент жариялауға тырысуы заңдылық, – дейді тәжірибелі америкалық прокурор әрі NBC телеарнасының саяси мәселелері бойынша арнайы сарапшысы Дэнни Севаллос (Danny Cevallos).
Трамп неге иммигранттарды қабылдағысы келмейді?
The Washington Post басылымының мәліметіне орай, Трамп иммигранттар мәселесін президенттік сайлау жақындағаннан кейін әдейі көтеріп отыр. Себебі тек осы мәселе бойынша АҚШ президенті америкалықтардың назарын өзіне қарата алады. Тек осылай ол Ақ үйдегі президенттік орнын сақтай алады.
Одан бөлек, республикалық партия өкілдері үнемі орта таптағы америкалықтардың құқығын қорғау мен олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған бағдарламаларды бастамасында тұрған. Бүгінгі таңда АҚШ-қа келген және келгісі келіп жатқан иммигранттардың саны тым жоғары болғандықтан, америкалықтардың өздеріне тұрақты жұмысқа орналасу қиындай түскен. Себебі иммигранттар әр штатта бекітілген минимум жалақы көрсеткішінен де төмен ақшаға жұмыс істеуге дайын. Нәтижесінде америкалықтардың арасында жұмыссыздар көбейе бастаған.
Демократтар иммигранттардың экономикалық өсімге оң әсерін бергенін айтқанымен, республикалықтар АҚШ-тағы жұмыссыздықтың өсуіне иммигранттарды кінәлайды. Ал Трамп иммигранттарды шектеуге басқа да себептерді келтірді.. Мысалы, оның ойынша, иммигранттар АҚШ-қа қылмыс пен есірткіні алып келеді. Одан бөлек, иммигранттардың террористік шабуылдарға қатысының болуы Трамптың аргументтерінің салмағын арттырады.
Айта кетсек, осыдан 2 жыл бұрын Нью-Йорк қаласында АҚШ-қа DV бағдарламасымен Өзбекстаннан келген Сайфулла Сайыпов есімді азамат террористік шабуыл жасаған болатын. Сонда 8 адам қаза тауып, тағы 11-і жарақаттанған еді. Осы кезден бастап Трамп ұлттық қауіпсіздікке мәселесін көтере отырып, шетелден келетін иммигранттар санын қысқартып, ел ішінде заңсыз жүргендерін елдеріне қайтаруды көтерген. АҚШ-тың алып қалаларында оны қолдайтындар саны аз болғанымен, орталық және оңтүстік аймақтардағы америкалықтар Трамптың саясатын жақтап отыр.
Популизм және оның америкалықтарға әсері
Трампқа дейін АҚШ-ты популист саясаткер билемеген. Ал Трамптың саяси сахнада тәжірибесі жоқ екенін ескерсек, оның танымал болуына тек бір ғана себеп бар. Ол – популизм.
Популизм деп халық жағын жақтап, билік пен оның құрған элиталық құрылымға қарсы шығатын, тек халық мүддесін көтеріп, аз уақытта танымал болу әдісін айтамыз. Осы күнге дейін саяси сахнаға шықпаған миллиардерді америкалықтардың айтарлықтай көп бөлігі қолдауына оның популистік әдістер әсер етті.
Мысалы, иммиграция мәселесін көтетерін America’s Voice коммерциялық ұйымының зерттеуіне назар аударсақ, Трамптың популистік көзқарасы мен аргументтерінің әсерінен иммигранттарға, олардың ішінде мұсылмандар мен мексикалықтарды жек көретін америкалықтар көбейген. Төмендегі картада анти-иммиграциялық қақтығыстардың статистикасы мен аймақтың жиілігін көрсетілген.
Трамп және демократтардан 20 үміткер
АҚШ президенті Дональд Трамп сайлауға екінші рет түсу үшін дайындығын әлдеқашан бастап жіберді. Ол осы жылдың наурыз айында президенттік кампаниясының басталатыны жайлы мәлімдеп, қаржылау қолдау білдіруге болатынын жеткізген еді.
Real Clear Politics сараптамалық агентігінің сауалнамасына сенсек, америкалықтардың 45 пайызы Трамптың президенттік қызметіне қанағаттанатынын айтса, сауалнамаға қатысқандардың 52,4 пайызы көңілі толмайтынын білдірген. Ал америкалық Gallup аналитикалық фирмасының әр үш ай сайынғы саяси сауалнамасына орай, Трамп өз рекордын жаңартып отыр. Айта кетсек, Трамп президенттік қызметін бастаған кезде оны америкалықтардың 41,3 пайызы оның реформаларына сеніммен қараса, соңғы нәтиже бұл көрсеткіштің 42,7 пайызға жеткенін көрсетті. Бұл Трамптың танымалдығының президенттік қызметі кезінде төмендемегенін білдіреді.
Ал демократтар тарапынан сайлауға қатысуға ниет білдіріп отырғандарға назар аударсақ, осы жылдың маусым айының басында 25 демократ үміткердің тіркелгені белгілі болды. Ал алғашқы теледебат өткеннен кейін олардың саны 20-ға дейін азайды.
The Nation басылымы америкалық демократтар 4 үміткерге көбірек сенім артатынын жазады. Алдағы президенттік сайлауда Дональд Трампқа нағыз бақталас бола алатын үміткерлердің арасында Конгресс сенаторлары Массачусетстен Элизабет Уоррен (Elizabeth Warren), Нью-Джерсиден Кори Брукер (Cory Brooker), Калифорниядан Камала Харрис (Kamala Harris) және бұрынғы вице-президент Джо Байден (Joe Biden) бар. Демократтар арасындағы келесі теледебат 2019 шілде айының соңына жоспарланған.
Трамп екінші рет сайлана ма?
Трамптың танымалдығына қатысты The New York Times басылымының соңғы сараптамасында Трамптың екінші сайлауда жеңу мүмкіндігі бірінші рет қатысқандағы танымалдығына қарағанда жоғары екендігі айтылады. Жоғарыдағы аймақтық және ұлттық деңгейде жасалған сауалнамаларға сенсек, америкалықтардың 45 пайызға жуығы Трамптың қызметін мақұлдаған. Бірақ бұл олардың барлығы Трампқа қайта дауыс беретінін білдірмейді.
Америкалық басылымның жазуынша, демократтардан шыққан үміткерлердің танымал еместігі Трамптың жеңу ықтималдығын жиілетеді. Расында, егер Дональд Трамп бірінші айналымда-ақ 40 пайыздан көп дауыс жинай алса, жеңіс соның қолында дей беруге болады. Десе де, сайлауға әлі 1 жыл 3 ай бар. Кімнің қай деңгейде өзін көрсетіп, халықтың сеніміне кіре алатынына алдағы уақытта куә боламыз.