ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, жоба бес бағыт бойынша 81 іс-шарадан тұрады.

"Қазіргі заманғы тиімді мемлекет"

– Бірінші Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған 11 шараны іске асыру: азаматтардың өтініштерімен жұмыс сапасын күшейту, мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын кезең-кезеңімен 25%-ке қысқарту, қатысушылар үшін қолжетімділікті ескере отырып, белгілі бір жерлерде бейбіт митингілер өткізуге рұқсат беру көзделген.

Әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абайдың 175 жылдығын және Тәуелсіздіктің 30 жылдығын өткізу жөніндегі республикалық жоспарлар әзірленеді.

"Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету"

– Екінші бағыты бойынша сот шешімдерінің мониторингісі мен судьяларды бағалауды енгізу, "Сот практикасының сандық аналитикасы" жүйесін сынақтан өткізу, озық халықаралық тәжірибе негізінде Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру бойынша 15 шара іске асырылады.

Жеке адамға қарсы бірқатар ауыр қылмыстарды, браконьерлік, әкімшілік Әділет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар енгізу бойынша 5 Заң қабылдау жоспарлануда. 2020 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін Қарулы Күштер мен әскери құрылымдарды дамыту тұжырымдамасы жаңа редакцияда қабылданады, – деді Смайылов.

Вице-премьер, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика"

Үшінші бағыты бойынша экономиканы әртараптандыру, бизнес пен банк секторын дамыту, салық және бюджет заңнамасы бойынша 27 шара іске асырылатынын айтты.

Микро және шағын бизнес үшін "Бизнестің жол картасы – 2025" аясында жаңа және әлеуметтік жобаларды мемлекеттік қолдау шаралары бар. Микро және шағын бизнес табыс салығынан және үш жылға тексеруден босатылады. Бұдан басқа, ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігіне, оларды қысқарту ұсыныстарын енгізе отырып, талдау жүргізетін болады.

– Әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі" төртінші бағыты бойынша 18 іс-шара қарастырылған. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша тұрғын үйге кредит беру кеңейтіледі, жоғары оқу орындарының санына талдау жүргізіледі, педагогтардың, мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы көбейеді. Атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру, табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілдік беретін әлеуметтік пакетті енгізу жөнінде шаралар қабылданады, – деді ол.

"Мықты өнірлер – мықты ел"

Әлихан Смайловтың айтуынша, бесінші бағыты бойынша 10 іс-шара жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдарды бағалау жүйесі қайта қаралады, бюджеттің 4 деңгейіндегі кірістерді кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірленеді, үш ірі қала әкімдіктерінің құзыреті кеңейтіледі.

– Жалпыұлттық жоспарды (ЖҰЖ) жүзеге асыру Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған барлық міндеттерді және сайлауалды тұғырнамасын шешуді қамтамасыз етеді. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар белгіленген мерзімдерге сәйкес ЖҰЖ-дық іс-шараларын толық іске асыруды қамтамасыз етуі қажет. Жұмыстарды үйлестіру Үкіметтің жобалау кеңсесінде болады, – деді вице-премьер.

"Бізден нақты нәтиже күтіледі"

– Президент өз Жолдауында негізгі бес бағыт бойынша басты міндеттерді белгілеп берді. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралардың ұсынылып отырған жоспары берілген тапсырмалар негізінде дайындалды. Президент құжатты бекіткеннен кейін мемлекеттік органдар мен әкімдікте алға қойылған міндеттерді шешуге дереу кірісу керек, – деді Асқар Мамин жалпыұлттық жоспардың жобасы таныстырылғаннан кейін.

– Жалпыұлттық жоспардағы іс-шаралардың орындалуы бойынша бірінші басшыларға дербес жауапкершілік жүктеледі. Бізден нақты нәтиже күтеді. Ұлттық экономика министрлігіне Премьер-Министрдің кеңсесімен бірлесіп, мақұлданған құжаттарды Мемлекет басшысының бекітуі үшін Президент әкімшілігіне шұғыл енгізуді тапсырамын, – деді Үкімет басшысы.

8 айдағы жалпы ішкі өнім өсімі – 4,3 пайыз

– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Онда Елбасы саясатының сабақтастығы көрініс тауып, Үкіметтің экономиканы одан ары дамытуға бағытталған бірқатар негізгі міндеттері белгіленген. Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) жыл сайынғы орнықты өсімін қамтамасыз етіп, оның 2025 жылға қарай 5 пайызға жеткізіп, одан да жоғарылату – Үкіметтің негізгі міндеті болып саналады. Баяндамаларда айтылғандай биылғы қаңтар-тамызда ЖІӨ былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,3 пайызға өсті, – деді Үкімет отырысын қорытындылаған Үкімет басшысы.

Құрылыста 11,8, сауда-саттықта 7,6, көлік саласында 5,5, өңдеуші секторында, оның ішінде машина жасауда 18, жеңіл өнеркәсіпте 17, түсті металл 17,9, мұнай өңдеуде 6,2 пайызға өсім байқалып отыр. Сонымен қатар, көмір мен қара металлургияда өсім жоқ.

Жоспарлы көрсеткіштерді орындамаған әкімдерге тапсырма

– Салалық министрліктерге бекітілген нысаналы индикаторлардың орындалуын қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді тапсырамын. Сегіз айдың қорытындысында экономиканың негізгі базалық көрсеткіштері бойынша Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктерінің жақсы жұмыс жүргізгенін атап өткім келеді.

Сонымен қатар, осы мерзім ішіндегі көрсеткіштерге сәйкес, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында құрылыста, елордада, Шымкент қаласында өнеркәсіпте инвестициялар бойынша жоспарлы көрсеткіштер орындалмай отыр. Өңірлердің әкімдеріне аса қысқа мерзімде бұл жағдайды түзетуді тапсырамын, – деді Асқар Мамин.

154 млрд теңге бюджет қаражаты заңсыз жұмсалғаны анықталды

Әлихан Смайыловтың атуынша, мемлекеттік аудиттің қорытындылары бойынша бюджеттің шығыны үнемі бақыланып отырады.


Әлихан Смайылов / Фото informburo.kz

Жыл басынан бері Қаржы министрлігі жалпы сомасы 154 млрд теңге болатын бюджет қаражатының заңсыз жұмсалғанын анықтаған.

– Есепті кезеңдегі аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша 154 млрд теңге көлемінде қаржылық заң бұзу анықталды. Соның ішінде 140 млрд теңге аудит барысында қалпына келтірілді. Кассалық бақылау нәтижесінде мемлекеттік сатып алулардың жалпы саны бойынша 465 млрд теңгені игеруде заң бұзу анықталған , – деді Смайылов.

"Жергілікті бюджеттің шығыс жоспары орындалмаған"

– Жергілікті бюджеттің шығыны 3 трлн теңге болған. Орындалмағаны – 73 млрд теңге. Есепті кезеңде өңірлерге 924 млрд теңге көлемінде мақсатты трансферт бөлінді. 34 млрд игерілген жоқ. Оның 4 миллиарды бюджеттік үнемдеу, 30 миллиарды игерілмеген. Негізгі себептер – төлемнің дұрыстығын растайтын құжаттардың ұсынылмауы, жұмыстың бекітілген кестеден артта қалуы, – деді вице-премьер.

Ол қаржы жылының аяқталуына аз уақыт қалғанын айта келе, орталық және жергілікті атқарушы органдарды бюджеттің атқарылуын арнайы бюджеттік бақылауға алуға шақырды.

M-Techservice қызметкерлерінің ереуіліне қатысты

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов түсінік берді:

– 5-6 күн болды, жұмысшылар жалақыны 65 пайызға көтеруді талап етіп жатыр. Алдымен компания басшылығы жалақыны көтеруге келісті. Тиісті хаттама жасалды, бірақ, өкінішке қарай, қол қойылмады. Бүгін осы бойынша жұмыс істейміз, жергілікті еңбек инспекциясы және облыс әкімі осы мәселемен айналысып жатыр, – деді Біржан Нұрымбетов.


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірі / Фото informburo.kz

Министрдің айтуынша, M-Techservice бас басқармасы Алматы қаласында орналасқан. Басшысы мен қызметкерлермен келіссөздер жалғасуда, адамдар жұмыстарына оралды.

M-Techservice-тегі жалақы туралы нақты айта алмаймын. Менің ойымша, шамамен 275 мың теңге. 200 қызметкер өздерінің жалақысына наразы, – деп толықтырды Біржан Нұрымбетов.

19 кәсіпорында қазақстандықтарға шетелдік жұмысшылардан 1,5-2 есе аз жалақы төленген

Министірдің айтуынша, Бас прокуратура мен еңбек инспекциясы 63 кәсіпорынды тексеріп жатыр. 38 кәсіпорында тексеру аяқталды, олардың 19-ында қазақстандық және шетелдік жұмысшылары еңбекақысының тең болмауына байланысты 161 дерек анықталды.

Еңбек кодексіне сәйкес, әр жұмысшыға, азаматтығына байланысты және азаматтығына қарамай бірдей жағдай жасалуы керек. Қазақстандық жұмысшылар шетелдік жұмысшылардан 1,5-2 есе аз жалақы алып келген, – деді ол.