Тәуелсіздік мерекесінде Алматы мен Нұр-Сұлтанда қандай шаралар өтеді?
Тәуелсіздік күніне орай, қазақстандықтар 16-19 желтоқсан аралығында 4 күн демалады.Informburo.kz тілшісі апта соңындағы төрт күн демалыста Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында өтетін іс-шараларға шолу жасады.
Нұр-Сұлтан
Елорданың мәдениет мекемелері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қырықтан астам іс-шара өткізеді. Оның қатарында көрме, қойылым, дәріс, концерттер мен байқаулар офлайн және онлайн режимде ұйымдастырылады.
16 желтоқсан күні таңертең Отан қорғаушылар монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Сонымен қатар, Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсімі өтеді.
Сағат 16:00 және 19:00-де "Астана" концерт залында "Шаншар" театрының негізін қалаушы Уәлибек Әбдірайымов пен бас режиссер Жүсіп Ақшораның "60+60" атты мерейтой кеші өтеді. Жиырма бес жылдық тарихы бар театрдың әзіл кешіне "Шымкент шоу" және Роза Әлқожа, Заттыбек Көпбосынұлы, Жұбаныш Жексен, Наркенже Серікбаева, Жігер Ауыпбаев, Данияр Барыс сынды қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысады.
16 және 17 желтоқсанда Астаналық цирк Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Астаналық цирк есігін айқара ашады" қайырымдылық цирк бағдарламасын ұйымдастырады.
АЛЖИР саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мұражай-мемориалдық кешені "Желтоқсан – тәуелсіздіктің бастауы" онлайн дәрісін және "Желтоқсан қаһарманы" тақырыбында слайдтар көрмесін дайындайды.
Оқи отырыңыз: Елордада 200 адамға арналған тегін мұз айдыны ашылды
17, 18 және 19 желтоқсанда Музыкалық жас көрермен театры "Шанель №5" деректі драмасының премьерасын ұсынады. Спектакль Алжирдегі ұлттық интеллигенция әйелдерінің қайғы-қасіреті туралы шынайы әңгімелерге негізделген.
"Жастар" сарайында "Менің Отаным – Қазақстан!" концерттік бағдарламасы өтеді.
19 желтоқсан күні сағат 16:00-де Qazaqstan орталық концерт залында "Тәуелсіздік дастаны" концерті өтеді.
Оған Нағима Есқалиева, Айжан Нұрмағамбетова, Толқын Забирова, Нұрлан Абдуллин, Парвиз Назаров, "Нұрлан мен Мұрат" дуэті, Нұрлан Өнербаев, Бауыржан Исаев, , Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова, Мадина Садуақасова, Кұрмаш Махан, Мақпал Исабекова, Дильназ Ахмадиева, Иван Бреусов, Нұржан Керменбаев, Бейбіт Қорған, Ұлықпан Жолдасов, Қайрат Баекенов, Ерке Есмахан, Динайя, Асылбек Еңсепов, Алмас Кішкенбаев, Маржан Арапбаева мен "Яшлык", "Үркер", "Жігіттер", "Бәйтерек", "КешYou", "Азия", "KZ" тобы қатысады.
Әншілер Тәуелсіздіктің әуелсіздіктің 30 жылында хитке айналған әндерді шырқайды.
Сонымен қатар, қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесінің бөлімшелері де 20-дан астам іс-шара өткізеді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елорда кітапханалары көрмелер, тарих сабақтарын, ақпараттық сағаттарды, онлайн-суреттер байқауын, ақындар сайысын өткізеді.
Оқи отырыңыз: Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай желтоқсан ұйымдарының өкілдері арнайы медальмен марапатталды
Алматы
Қала әкімдігі мерейтой күніне орай Алматыда 110-нан астам түрлі іс-шара өткізіледі.
16 желтоқсанда сағат 21.00-де "Астана" алаңында мерекелік отшашу болады.
"Тұран" университеті флешмоб ұйымдастырады, ал Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында "Абылай хан" операсының премьерасы көрсетіледі.
ҚР Ұлттық кітапханасында "Тұғыры биік Тәуелсіздік" атты іс-шара өтеді.
18 желтоқсан күні сағат 15:00 және 19:00-де ҚР еңбек сіңірген әртістері Қанат, Айтгүл Құдайбергеновтердің "Қазақ деген - дәулеттің арын сақтар – әулетпін" атты концертi өтеді.
19 желтоқсан күні сағат 16:00 және 19:30-да Республика сарайында "Алдараспан" театры концерт береді.
Мерекелік шаралардан бөлек, белсенді демалыс ұйымдастырып, тауға саяхат жасауға, мұз айдынына баруға болады.