Шетелге шықсаңыз ұялы байланыс пен мобильді интернетке қосылудың үш нұсқасы бар – мобильді оператор роумингі, туристік саяхат карталары және жергілікті компаниялардың SIM карталары. Шетелде ұзақ уақыт болмасаңыз онда алғашқы екеуі ыңғайлы. Ал ұзақ уақытқа кетсеңіз жергілікті SIM картаны сатып алып, тарифке қосылуға тура келеді.

Ірі қалаларда қоғамдық орындарда бәріне қолжетімді Wi‑Fi болуы мүмкін. Мысалы, әуежайда, сауда орындары мен мәдениет орталықтарында, сондай-ақ, кафе және мейрамханаларда интернетке қосылуға болады. Дегенмен олардың бәрі бірдей жоғары жылдамдықта жұмыс істемеуі мүмкін. Ашық Wi‑Fi желілеріне қосылғанда жеке деректер сақталған банк қосымшалары мен сайттарды қолданғанда абай болған жөн. Себебі мұндай желілер алаяқтардың әрекетінен қорғалмауы мүмкін. 

Роуминг

Қазақстандық ұялы байланыс операторларының роумингі арзан емес. Роумингке қосылсаңыз телефон нөмірін ауыстырып, жергілікті тарифке қосылудың қажеті жоқ. Минуттар санын, SMS-хабарламалар пакетін және интернет-трафиктің гигабайттарын орнатып, қажет болған жағдайда қосымша қызметтерді қосса жеткілікті.

Ұзақ сапар кезінде қымбат күнделікті абоненттік төлем әркімнің қалтасы көтере бермейді. Оператор қызметі қалтаңызды қақпас үшін роуминг қызметін алдын ала белгілеу қажет. Роуминг кезінде шығыс қана емес, оған қоса кіріс қоңыраулар үшін ақы төлеуге тура келеді. Мысалы, Активте 1 Мб интернет, 1 минут қоңырау шалу және 1 SMS әрқайсы 69 теңге тұрады. Ал Beeline-да бұл қызметтердің әрбірі 59 теңгеден басталады. Операторлар лимитсіз интернет роумингтерін де ұсынады. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 5G қашан қолжетімді болады?


Роумингті жергілікті SIM карталарды сатып алуда шектеу енгізілген немесе байланыс тарифтері өте қымбат елдерде пайдалану қажет болуы мүмкін. Бірақ бұл жағдайда саяхат картасына ауысқан дұрыс.

Роумингке қосылу үшін ештеңе істеудің қажеті жоқ. Байланысты қолданып бастасаңыз роуминг автоматты түрде өзі қосылады. Егер оны бұрындары өшірсеңіз, қайтадан оператордың командасын теріп қосу керек. Ал интернетті қосу үшін смартфондағы баптаулардан "Роумингтегі деректерді" қосу қомандасын таңдау жеткілікті.

Туристік сим‑карта

Ұзақ сапарлар кезінде туристерге арналған саяхат карталардың төлем шарттары қолайлы. Мұндай карталар жүздеген елде бар. Ал тарифтерге бағасы бекітілген қоңыраулар мен мобильді интернет кіреді. Кіріс қоңырауларға ақшаны төлеудің қажеті жоқ.

Саяхат SIM карталары белгілі бір ұялы байланыс операторына тіркелмейді. Желі жаңа елде автоматты түрде таңдалады. Бірақ мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде аккаунттарды жаңа халықаралық нөмірге тіркеуге тура келеді.

Кейбір компаниялар қоңырауды жергілікті нөмірден тегін немесе қосымша ақыға қайта адрестеуді ұсынады. Бұл қызмет арқылы туыстарыңыз әдеттегі сіз қолданатын нөмірге қоңырау шала алады. Саяхат карталары ресми сайттарда немесе мобильді байланыс дүкендерінде сатылады. Ең танымалдары – Drimsim, Simtravel және Globalsim.


Оқи отырыңыз: 5G мобильді интернет байланысы. Бұл қандай технология және ол әлем дамуына қалай ықпал етеді?


Жергілікті сим‑карта

Шетелде жергілікті SIM картаны пайдалану үшін тарифтердің жай-жапсарын анықтап алу керек. Жаңа нөмірді байланыс салонынан төлқұжатыңызды көрсетіп, жергілікті тілде келісімшартқа қол қою арқылы сатып ала аласыз. Содан кейін туыстарыңызға, достарыңыз бен әріптестеріңізге жаңа нөміріңізді айтып, мессенджерлерге қайта тіркеліп немесе жаңасын ашу қажет. 

Бұл оңай процесс емес, бірақ осылай ақшаңызды үнемдей аласыз. Жергілікті SIM арқылы Қазақстанға қоңырау шалу қымбат болғанымен, интернетті шексіз пайдаланып, мессенджерлер арқылы жақындарыңызбен сөйлесе аласыз.

Барлық елде жергілікті SIM картаны өз бетіңізбен сатып ала алмайсыз. Кей елдерде жергілікті нөмірлер сол елдің азаматтарынағана сатылады немесе тек телефонмен бірге береді. Мұндай жағдайда өзіңіз білетін жергілікті тұрғыннан көмек сұрап, жергілікті SIM картаны ала аласыз. Болмаса бірнеше айға алдын ала төленген туристік SIM картаны алуға тура келеді.

Кейбір аймақтарда мобильді операторлардың байланысы бірден бірнеше мемлекет аумағында жұмыс істейді. Мысалы, бүкіл Еуропалық Одақ аумағында бір нөмірді пайдалана аласыз.


Оқи отырыңыз: Телефон алаяқтары көбейді. Оларды қалай анықтауға болады?


Виртуалды eSIM карта

Электронды сим‑карта немесе eSIM – смартфонға орнатылған чип. Мұндай модуль ұялы байланысты әдеттегі пластик картасыз орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, eSIM картаны басқа оператордың пластик картасымен бір уақытта пайдалануға болады.

Смартфоныңызда осындай eSIM чипінің бар-жоғын тексеріңіз. Бар болса байланыс операторларының параметрлерін оңай жүктеуге болады және жаңа нөмірді алу процесі айтарлықтай жеңілдейді.

Саяхат кезінде, мысалы, жергілікті оператордың SIM картасын өшіріп, қоңыраулар үшін eSIM картасын пайдаланып, онымен қоса карталар арасында интернет байланысы мен қоңырауларды бөле аласыз.