АҚШ-қа жол: "Грин картаны" қалай ұтып алуға болады?
Бүгін "Грин карта" лотереясына өтінім беру науқаны басталды.Бүгін, 5 қазаннан бастап әлемнің кез келген азаматы АҚШ-та тұруға, жұмыс істеуге, кәсіп бастап, білім алуға мүмкіндік беретін Green Card (DV-2024) алу лотереясына қатыса алады. Informburo.kz жасыл картаның не екенін, қандай артықшылықтары барын және қалай алуға болатыны жайында баяндайды.
"Грин карта" артықшылығы қандай?
Қысқаша айтқанда, "Грин карта" – АҚШ резиденті екеніңізді дәлелдейтін куәлік. The Diversity Immigrant Visa Program атты "Грин карта" лотереясы АҚШ мемдепартаментінің жыл сайынғы бағдарламасы саналады. Оған Қазақстан азаматтары да қатыса алады. "Грин карта" жеңімпаздары АҚШ-тың тұрғылықты тұрғыны, яғни резиденті екенін растайтын америкалық жеке куәлікке ие болады. Мұндай куәлігі бар адамдар АҚШ-қа отбасымен бірге қоныс аудара алады.
Грин-картаның артықшылықтары:
- АҚШ-та тұру және жұмыс істеу;
- АҚШ келісімге келген елдерге визасыз бару;
- жылжымайтын мүлік алу;
- америкалық жүргізуші куәлігін алу;
- әскери қызметші атану;
- зейнеткерлер мен мүгедектер әлеуметтік сахтандыру жәрдемақыларын ала алады, медсақтандыруға жеңілдіктер беріледі;
- балалар мемлекеттік мектептерге бара алады;
- АҚШ-та бес жыл тұрғаннан кейін азаматтық алу құқығы бар.
Биыл 55 мыңға дейін "Грин карта" ойнатылады. Ұтып алғандарға карта бірден берілмейді. Тізімде болсаңыз қажет құжаттарды жинап, ағылшын тіліне аударып, медициналық тексерістен өтіп, консулдық жарнасын төлеп, елшілікте сұхбаттасудан өтіп, виза алу керек.
Лотерея нәтижесін 2023 жылдың 6 мамырынан бастап білуге болады. Ал жеңімпаздар 2023 жылдың 1 қазанынан бастап елшілікте сұхбаттасудан өте алады. Визаны 2024 жылдың 30 қыркүйегіне дейін алу керек.
Қалай өтінім береді?
Өтінімдер АҚШ мемлекеттік департаментінің Консул істері бюросының ресми сайтында 8 қарашаға дейін қабылданады. Басқа алаяқ сайтарға кіріп, алданып қалмаңыз.
Лотереяға қатысу тегін. Іріктеуден өткендер ғана виза алу үшін консулдық жарнасы мен грин картаны рәсімдеу құнын төлейді. Электронды поштаңызға іріктеуден өткеніңізді айтып, ақша аударуды сұраса, алаяқтар екенін қаперде ұстаңыз.
Лотереяға қатысу үшін келесі талаптарға сай болу керек:
- Лотореяға қатысуға рұқсат етілген мемлекеттің азаматы болу. Қазақстан тізімге кіреді;
- Мектеп бітіру немесе екі жыл мамандығы бойынша жұмыс істеу;
- Жарамдылық мерзімі өтпеген паспортыңыз болуы қажет.
Жас бойынша шектеу жоқ. Ағылшын тілін білу талап етілмейді. Лотереяға қатысу үшін dvprogram.state.gov сайтында анкета толтырып, фото жүктеу керек.
Ерлі-зайыптылар өтінімді бөлек-бөлек тапсыра алады. Сонда "Грин карта" ұту мүмкіндігі екі есе артады. Мемдепартамент өтінімді соңғы аптаға қалдырмауға кеңес береді. Неге десеңіз өітінм берушілердің көптігінен сайт дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: 5 қазанда "Грин карта" лотереясына өтінім беру басталады
- DS-260 виза анкетасын толтырғанын растайтын қағаздар;
- Шетелдік паспорт және суреттермен парақтарының көшірмесі;
- Бар болса алдыңғы паспорттар сұралады;
- Туу туралы куәлік;
- Неке немесе ажырасқаны, атын ауыстырғаны туралы куәлік (бар болса);
- Білімі туралы құжат және еңбек кітапшасы;
- Сотталмағаны туралы анықтама;
- Сот шешімдерінің үзінділері (бар болса);
- Әскери билет (өтінім беруші әскерде қызмет етсе);
- Өтінім беруші өзін және отбасына қарай алатынын дәлелдейтін құжаттар. Банк шоттарының үзінділері, жылжымайтын мүлкі туралы анықтама, АҚШ азаматы не тұрғынынан қаржылық көмек алатыны туралы құжаттар болуы мүмкін;
- Екі түрлі-түсті фотосурет, қосымша медициналық тексеруден өтуге бес фотосурет. Суреттердің артына аты-жөнін ағылшынша жазу керек.
- Медициналық тексеру қорытындылары. АҚШ елшілігінде аккредиттелген медициналық орталықта ақылы түрде өту керек.
Иммиграциялық визаға өтінім бергенде консулдық жарна төлеу қажет. 2021 жылдың 1 қазанынан бері 330 АҚШ долларын құрайды. Визаға өтінім берушілерден ДДСҰ немесе FDA мақұлдаған коронавирусқа қарсы вакциналардың бірін алу талап етіледі.
Визаны әдетте жарты жылға береді. Осы уақытта АҚШ-қа көшіп үлгеруіңіз қажет. АҚШ-қа барған соң "Грин картаны" алу үшін АҚШ азаматтық және көші-қон қызметіне 220 АҚШ долларын төлеу керек.