Паналайтын орын таппағандықтан көп студент пәтер жалдап күн көруге мәжбүр. Ал жатақханадан орын бұйырғандардың да жағдайы оңып тұрған жоқ.

Informburo.kz еліміздің әрбір үшінші студенті білім алатын Алматыдағы жоғарғы оқу орындары жатақханаларынан фоторепортаж дайындады.


Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жатақханасындағы қыздар бөлмеде сабақ оқып отыр / Алмаз Төлекенің фотосы

Студенттер жатақханасына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторингтік топ рейд жүргізді. Тексерушілердің құрамына қаланың қоғамдық кеңес мүшелері, "Жас Отан" Жастар қанаты және қалалық әкімдік өкілдері кірді.

Олар бірнеше жоғарғы оқу орнын аралап, түрлі былықты анықтады. Бірқатар жатақханаларда тұрғындар саны мөлшерден тыс көп, өрт қауіпсіздігі сақталмаған, санитарлық талаптарға мүлдем сай емес.


Сәтпаев университетінің жатақханасы. Шалғайдан білім іздеп келген студенттерге орын жетіспейді / Іnformburo.kz фотосы

Сәтпаев университетінде оқу орнының бір жатақханасы кезінде жекешелендіріліп кеткен. Сот шешімі шықса да, бөлмелерді өз аттарына аударып алған пысықайлар әлі босатпай отыр екен. Тағы бір студенттер үйі биылғы оқу жылы басталарда күрделі жөндеу жұмыстарына жабылған. Ала жаздай түк бітірмеген құрылысшылар қазір жанталасып ғимаратты жөндеп жатыр.


Күрделі жөндеу жүріп жатқан Сәтпаев университетінің жатақханасы / Іnformburo.kz фотосы

Жатақханадан орын бұйырмаған студенттер еденде ұйықтайды

Техникалық университеттің студенттері әзірге төрт жатақханаға орналастырылыпты. Мәселен, оқу орнының 230 орындық бір жатақханасында қазір 260 адам тұрады. Үш адамға арналған аядай бөлмеде бес студент тұрып жатыр. Төсек жетіспеген тәлімгерлер тіпті тақыр еденге көрпе төсеп жатуға мәжбүр. Соған қарамастан олар жатақхананың ақысын басқалармен бірдей төлейді.


Еденге жататын студенттің көрпесі төсек астына жиналады / Іnformburo.kz фотосы

"Проректордың айтуынша, бөлмеде тұратын төрт студент бесінші адамды қастарына тұрғызуға рұқсат беру үшін өтініш жазған. Сол өтініш негізінде тәлімгерге орын берілген. Ол студент еденде ұйықтайтынына қарамастан, өзгелермен бірдей жылына 31 мың теңге төлейді. Бұл әрине өкінішті. Осындай жағдайларда өмір сүргендіктен, жастардың арасында туберкулез және басқа да аурулар анықталды", – дейді Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының жатақханаларды қадағалау орталығының маманы Шыңғыс Әділханов.

Оның айтуынша, жатақханаларда ас әзірлеу үшін газ плиталары аздық етеді. Бір қабаттың тұрғындарына тек екі газ плита қолданысқа берілген. Әсіресе кешкі тамақ дайындау үшін студенттер ұзын-сонар кезекке тұрып, уақтылы ауқаттана алмайды екен.


Сәтпаев университетінің жатақханасындағы асүй / Іnformburo.kz фотосы

Жатақханалар санитарлық талаптарға мүлдем сай емес

"Біз көрген жатақханалардың жағдайы ең төмені Сәтпаев университетінде. Жиһаздары, төсек-орны, шкафтары әбден тозған. Шкафтарының есіктері жоқ, сынып, қирап қалған. Санитарлық талаптарға мүлдем сай емес. Жатақхананың жертөлесіндегі бөлмеде бір әйелдің тұрып жатқанын анықтадық. Оқу орнының қызметкерлері бастапқыда оны біздің университетте жұмыс істейді деп жасыруға тырысты. Бірақ сөйлесе келе келіншектің жертөледе айына 7 мың теңге төлеп тұратынын білдік. Тағы сондай қанша адамның қоныстанғаны беймәлім", – деді мониторингтік топтың мүшесі Нұрлан Жазылбеков.


Сәтпаев университетінің жатақханасында студенттер ас әзірлейтін бөлме лас / Іnformburo.kz фотосы


Сәтпаев университетінің жатақханасындағы асүйдегі хабарландыру / Іnformburo.kz фотосы

Жүздеген студент шомылатын жер де аптасына үш-ақ күн жұмыс істейді. Жуынатын бөлмелердің іші әбден ластанған, сыздың иісі қолқа қабады. Қабырғалары құлауға шақ қалған. Кабиналардың есіктері жоқ, тіпті арнайы пердемен қалқаланбаған.


Сәтпаев университетінің жатақханасындағы шомылатын жер / Іnformburo.kz фотосы

"Шкаф жетпейді, дәретхананың есіктері жабылмайды. Аяқ киім қоятын орын жоқ. Душта перделер жоқ, өте ыңғайсыз. Емін-еркін шомыла алмайсың", – деді аты-жөнін айтпауды сұраған университеттің 1 курс студенті.


Жатақханалардағы шкафтардың да есіктері жоқ / Іnformburo.kz фотосы

Студенттерге шкаф жетіспейді

Жатақханалардың көпшілігінде дәл осындай көрініс. Әсіресе киім ілетін орынның жетіспеушілігі студенттердің жанына батып отыр. Олар амалдың жоқтығынан киімдері мен ыдыс-аяқтарын бір сөреге қояды. Сыймаған аяқ киімдер терезе жақтауына тізіледі.


Қазақ спорт және туризм академиясының жатақханасы. Бөлмеге сыймаған аяқ киімдердің орны / Іnformburo.kz фотосы

"Бөлмедегі алты қыз бір шкафты қолданамыз, бұл бізге жеткіліксіз. Аяқ киімдерімізді амалсыздан ыдыс-аяқ, азық-түлікпен бірге қоюға тура келеді. Оқу құралдарымызды қоятын жер жоқ. Киім салатын сөре сұрадық. Қараша айының соңында береміз деп уәде етті", – дейді Қазақ спорт және туризм академиясының екінші курс студенті Дияна Мұсабекова.

Студенттер үйінің көпшілігінде кір жуғыш машиналар қойылған. Ақылы. Бір рет кір жууға 200-400 теңге аралығында төлем алынады. Бірақ оқу орындарының қызметкерлері студенттерден ақы алып отырған мекемемен келісім-шарттарын мониторинг тобына көрсете алмады.


Сәтпаев университетінің жатақханасындағы кір жуатын бөлме / Іnformburo.kz фотосы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 9 қабатты жатақханасын тексеру кезінде жеделсатының істемей тұрғаны белгілі болды. Жаяу көтерілетін студенттер лифтің биыл қаңтар айынан бері істен шыққанын айтады. Алайда аталмыш оқу орнының штатында жеделсатыға қызмет көрсететін 31 адам тіркеліп, жалақы алып келген дейді тексерушілер.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жатақханасы / Іnformburo.kz фотосы

"Не себепті жеделсатының істемей тұрғанын сұрап едік, кеше ғана бұзылды деп жауап берді. Бірақ студенттер бұл сөзді жоққа шығарды. Дереу сол жерде жеделсатыны қостырдық. Сенесіз бе, 31 адам лифтке қызмет көрсететін болып штатқа тіркелген екен. Оқу орнының 6 жеделсатысына 31 адам қызмет көрсетеді. Бұл өте көп. Жап-жаңа жеделсатыны өшіріп қойып, қызмет көрсеттік деп текке ақша алып отырған ба? Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне бұл жайтты тексертеміз. Сол адамдар расымен бар ма? Жұмыс істеп жүр ме? Әлде жалған фамилиямен тіркелген бе? Оның үстіне, оқу орнының қаланың лифт шаруашылығымен келісім-шарты бар", – деді Нұрлан Жазылбеков.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жекешелендіріліп кеткен жатақханасы / Іnformburo.kz фотосы

Жатақхана тапшылығынан шалғайдан келген студенттер пәтер жалдауға мәжбүр

Нұрлан Жазылбековтың мәлімдеуінше, ҚазҰУ-дегі тағы бір түйткіл – студенттер жатақханасында қызметкерлер көп тұрады. Соның кесірінен орын жетіспеген 4 студент медициналық оқшаулау бөлмесінде жатыр. Бұдан бөлек, оқу орнының 16 жатақханасының екеуі бірнеше жыл бұрын жекешелендіріліп кеткен. Бірақ орын жетпеген студенттер дәл сол жатақханалардағы бөлмелерді айына 50-60 мың теңгеге жалдайды. Бұл дерек бойынша рейд жүргізушілер анықтама дайындап, қалалық прокуратураға хат жолдапты.

"Тағы бір үлкен проблема – Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде. Онда студенттердің шағымы бойынша, қандала көп. Университет өкілдерінен не үшін мұндай жағдай болды деп сұрап едік, мемлекеттік сатып алу дұрыс орындалмағанын айтты. Қандала адамдарды шағады ғой. Сондықтан көрпе-төсек барлығын кешенді дәрілеу қажет. Бұл жұмыстарды студенттердің демалыс уақытында, жазда жасау керек еді", – дейді мониторинг тобының мүшесі.

Университет өкілдері бұл пікірмен келіспеді. Оқу орнының баспасөз қызметі басшылыққа студенттер тарапынан қандалаға қатысты еш шағым түскен жоқ дейді. Оның үстіне жыл сайынғы бекітілген кестеге сәйкес оқу орнының сегіз жатақханасының төсек-орын жабдықтарына камералық дезинфекциялау жүргізілген. Тазалық жұмыстары 2019 жылдың 15 шілдесінде, яғни оқу жылының басталуына дейін демалыс кезеңінде орындалыпты-мыс.

"ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне қарасты "Алмалы аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы" РММ қызметкерлерімен тексеру жүргізілді. 2019 жылдың 5 қыркүйегінде жатақханалардың "санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сәйкестігі туралы" санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алынды", – деп хабарлады С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ баспасөз қызметі.

Алматыдағы студенттер үйінің көбі 1950-60 жылдары салынып, тозығы жеткен. Жөндеу көрмегендері тіпті жай талаптарға сай келмейді. Тұрмыстық жағдай жасалмағандығына қарамастан мұндай жатақханаға зар болып жүргендер көп. Алматының санитарлық дәрігерлері мамыр айында қаланың 78 жатақханасын тексеріп, олардың 22 пайызында студенттердің сыймай, артығымен тұрып жатқанын анықтапты. Орын тапшылығынан кей жерде оқу залында жатқан деректері де кездескен.


Қайнар университетінің жатақханасында да орын тапшы / Іinformburo.kz фотосы

Тазалық сақталмағандықтан студенттер туберкулезбен ауырған

"30 шаршы метр бөлмеде 10 студенттен тұрып жатқан жағдайлар кездесті. Талап бойынша бір студентке 6 шаршы метр қарастырылғанын ескерсек, алты адам артығымен жатыр деген сөз. Мұндай жерде тазалық қайдан болсын? Биылғы жыл басынан бері ЖОО студенттері арасында 24 туберкулезбен ауру дерегі анықталды. Оның оны жатақханада тұрып жатқан жастар", – деді Алматы қаласы бойынша тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапаны бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова.


Жатақханаларда санитарлық талаптар бұзылған / Іnformburo.kz фотосы

Алматы қаласы бойынша тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапаны бақылау департаментінің мамандары санитарлық талаптарды сақтамай, студенттердің тұрмысына немқұрайлы қараған 11 жатақхана бойынша сотқа шағымданған. Сот шешімімен олар олқылықтарды жөндеуге міндеттеліпті. Енді санитарлық дәрігерлер бұл мекемелерді қараша айында қайта тексеріп шығады.


Сәтпаев университетінің жатақханасындағы қыздар дәретханасында қақпақтар жоқ, іші лас / Іnformburo.kz фотосы

Қазақстанда 90 мың студентке жатақханадан орын жетіспейді

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 90 мың студент жатақханаға зәру. 2022 жылдың соңына дейін елімізде 75 мың орынды жатақхана салу жоспарланып отыр екен. Жиырма мың орынды студенттер үйі Алматыда бой көтермек.

Қазір мегаполисте жалпы саны 93 жатақхана бар болса, 31 мың тәлімгерге орын жетпейді. Биыл Алматыда 1000 орындық үш жатақхана салынуы тиіс еді, бірақ құрылыс тұралап қалған.

"Жатақхана тапшылығының шешілмей жатқанына жоғарғы оқу орындары да, қалалық әкімшілік те кінәлі емес. Университеттер ғимарат салуға жер сұраған, атқарушы орган тиісті телім берген. Бірақ жатақхананы салғызатын инвесторлар жоқ. Демек, мұнда Білім және ғылым министрлігінің ұсынып отырған механизмі инвесторлар үшін өте тиімсіз. Өйткені кәсіпкерлердің жобаға салған қаржысын 10-15 жыл бойы ақтауына тура келеді. Ол қазіргі таңда кәсіпкер үшін шығын, ақшасын ақтамайды. Сондықтан жоғары оқу орындарын төмпештей бермей, қателіктерді жалпы жүйеден іздеу керек. Жатақхана салу мәселесін мемлекет деңгейінде шешу қажет", – деп пікір білдірді "Жас Отан" жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы Мәди Ахметов.


Студенттердің сабақ оқуына да, тамақ ішуіне де бір стол қарастырылған / Іnformburo.kz фотосы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторингтік топ студенттер жатақханаларына бір ай көлемінде жүргізген тексеріс нәтижесін Білім және ғылым министрлігіне, сондай-ақ құзырлы органдарға жолдамақ. Мұндағы мақсат – тиісті шара қолданып, студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға сеп болу.