Ұшақта қалай ауыз ашады? Сапарға және денсаулығына байланысты ораза ұстай алмайтындарға нұсқаулық
Рамазан айында алыс жолға шығуға немесе іс сапарға аттануға тура келетін сәттер аз емес. Шариғатта "мусафир" деп аталатын жолаушылар үшін ораза ұстаудың өзіндік тәртібі мен жеңілдіктері қарастырылған. Көпшілік арасында "Жолға шыққан адамның бәріне ауыз ашуға болады" деген жалпылама түсінік болғанымен, оның да өзіндік шарттары мен жауапкершілігі бар. Аяқ асты сапарға шыққанда не істеу керек? Шетелге ұшқанда уақыт айырмашылығы қалай есептеледі? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы жауап берді.
– Рамазан айындағы құлшылықтың маңызды бір қыры – жолаушы адамдарға берілетін жеңілдіктер мен олардың орындалу тәртібі. Шариғат бойынша, кемінде 90 шақырым қашықтыққа сапар шеккен жолаушыға Рамазан айында ораза тұтпауға рұқсат етіледі. Бұл үкім Құран Кәрімдегі: "Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін" деген аятқа негізделген. Дегенмен, бұл жеңілдікті пайдаланудың өз шарттары бар. Егер жолаушы сәресін ішіп, оразасын тұрғылықты жерінде бастап қойса, таң атқаннан кейін жолға шыққаны үшін сол күнгі оразасын бұзуға болмайды. Өйткені ғибадат тұрғылықты жерінен басталып кетті, сондықтан оны өз еркімен үзуге болмайды. Егер жолға шықпай жатып аузын ашса, адам оразаның қазасын ғана емес, сонымен бірге кәффаратын да өтеуге міндетті болады. Ал егер сапар үстінде амалсыз аузын ашып қойған жағдайда тек оразаның қазасын өтейді. Сол себепті ораза ұстауға ниеттенбеген жағдайда, таң атпай тұрып жолға шығып кеткен абзал. Сапардан оралған күннің де өз міндеттері бар. Жолаушы өзінің тұрақты мекеніне оралғанда немесе барған жерінде 15 күн тұрақтануды ниет етсе, ораза ұстауға міндетті. Егер жолаушы сапардан үйіне күннің жартысынан бұрын, яғни бесіннен шамамен бір немесе бір жарым сағат аралықта қайтып, оразаға (еш нәрсе жемеген болса – ред. түсіндірмесі) ниет етсе, оразасы дұрыс болады. Ал бесіннен кейінгі уақыт аралығында келсе, онда адамдардың айыптауынан аулақ болу үшін күн батқанша еш нәрсе жемейді. Айып тағылатын нәрседен аулақ болу және қасиетті айға құрмет көрсету үшін күн батқанша нәр татпайды. Рамазан айы аяқталған соң, жолаушы осы күннің қазасын міндетті түрде өтейді. Сапарда ораза ұстау немесе ұстамау мәселесінде адамның жеке жағдайы басты назарға алынады. Егер жол жүру жолаушыға ерекше қиындық тудырмаса, ораза тұтқаны абзал саналады. Өйткені Алла Тағала аяттың жалғасында: "Білсеңдер, сендер үшін ораза ұстауларың абзал" дейді. Сапарда рұқсатты пайдаланып аузын ашуға болады. Алайда аузын ашпай оразаны ұстаса, көбірек сауапқа кенеледі.
– Оразаны тұрғылықты жердің уақытымен ұстап, кейін шетелге жолға шыққанда не істеу керек?
– Егер сіз оразаны өз қалаңызда бастап, күндіз ұшақпен немесе басқа көлікпен уақыт белдеуі басқа елге ұшсаңыз және ұшақ жерге қонғаннан кейін ақшам уақыты кірсе, сол жердің уақытымен аузыңызды ашасыз. Ал ұшақтың ішінде болса, күн толық жоғалған сәтте аузыңызды ашасыз. Ораза тұтушының ауыз ашу уақыты ақшам намазының уақыты, яғни күннің батуымен байланысты. Құран Кәрімде: "Және таңнан, қара жіптен ақ жіп айырылғанға дейін ішіңдер, жеңдер де содан соң оразаны кешке (күн батқанға) дейін толық орындаңдар" делінген.
Оқи отырыңыз: 2026 жылғы ораза кестесі: Қазақстан қалалары мен елді мекендері
– Егде жастағы адамға және созылмалы дерті бар кісіге ораза ұстамауға бола ма?
– Жылдың басқа мезгілінде ораза ұстауға шамасы келмейтін қария кісіге және созылмалы дерті бар кісіге ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Оларға қазасын өтеу де шарт емес. Оларға күніне бір міскінді ораза кәффаратындағыдай тамақтандыру – таңғы және кешкі ас уәжіп болады. Бұл жөнінде Алла Тағала былай деген: "Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер, яғни қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге підия ретінде бір жарлының бір күндік екі мезгіл тамағын немесе соның құнын ақшалай беруі керек".
Ибн Аббас бұны ораза ұстауға шамасы келмейтін үлкен жастағы қария кісі мен қартайған әйел деп түсіндірген. Підия – орта есеппен бір адамның күнделікті таңғы және кешкі тойып ішетін асы. Підияны пітір садақа мөлшерімен есептеуге де болады. Оны рамазан айының басында немесе соңында беруге болады. Бірнеше күннің підиясын бір адамға немесе бірнеше адамға бөліп бере алады. Бұл садақа халықтың кедей топтарына, тұрмыстық жағдайы төмен көп балалы отбасыға, халі нашар мүгедек жандарға үлестіріледі. Підия беруге жағдайы болмаса, одан да босатылады. Алла Тағаладан кешірім тілейді. Науқас адам алдағы уақытта созылмалы ауруынан айығып кетсе, әлсіреген адам күш жинаса, үзірі кеткен болып саналады да, берген підиясы жойылады. Яғни бұрынғы оразалардың қазасын өтейді. Өйткені підия беру үшін науқастың әлсіздік, сырқатты жағдайы өліміне шейін жалғасуы шарт.