Әлемдік автоиндустрияда транспорт жүйесін автоматтандыруда қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Бұл материалда біз көлік құрастыру саласындағы заманауи тәжірибелерді қытайлық Changan автобрендінің мысалында баяндаймыз. Айта кетейік, бұл брендтің Қазақстандағы өкілі – "Астана Моторс" компаниясының еншілес кәсіпорны Changan Kazakhstan ресми дистрибьюторы.

Материал ауқымды болғандықтан, оны үш негізгі бөлікке бөлдік. Оларды төмендегі ыңғайлы мазмұн арқылы оқуға болады: 

Әлемдік брендке дейінгі жол

Changan жеңіл көліктер өндірісіне XXI ғасыр соңында, 1984 жылы қадам басты. Алғашқыда лицензиялық Suzuki көліктерін шығарса, бірте-бірте Ford және Citroen-мен әріптестік орнатып, өте аз уақыт ішінде бүкіл әлем бойынша өндірістік алаңдар мен зерттеу орталықтарын салу арқылы қанатын кеңге жайды. 

Бүгінде Changan Automobile Қытайдың көшбасшы автоконцерндерінің бірі. ҚХР авто өндірушілері арасында компания 20 миллиондық межені (шығарылған автокөліктер саны) алғашқы болып 2021 жылы бағындырды. Бүгінде жылына 2 миллионнан астам көлік шығарады. 

Changan ұжымындағы 90 мыңнан астам қызметкер автокөлік және қозғалтқыштар құрастыратын 35 фабрикада еңбек етеді. 

Компанияның мәліметінше, брендтер портфелінде 8 көлік маркасы (Changan, Nevo, Kaicene, Deepal, Avatr және бірлескен Changan Ford, Changan Mazda, JMC) бар. Әлем елдеріндегі сатылымы жөнінен Changan қытайлық №1 автобренд саналады. Орта есеппен әр 20 секунд сайын әлемде бір адам компания көлігін иеленеді. 

Биыл қаңтарда жаһандық серіктестерге арнап өткізген конференциясында Changan Automobile халықаралық стратегиясын жария етті. Оған сәйкес, биыл автоконцерн 2,8 млн автокөлік сатуды жоспарлап отырса, 2025 жылы бұл көрсеткішті 3,5-нан 4 миллионға дейін, ал 2030 жылға қарай 5 миллионға (!!!) дейін жеткізбек. Айта кетерлігі, оның ішінде 3-3,5 миллионы – жаңа энергия көзімен жүретін автокөліктер. Салыстыру үшін: компания 2023 жылы 481 мың электрокарды Қытай ішінде сатса, өзге елдерге 358 мыңын экспорттаған. 

Changan Automobile бизнес географиясын кеңейтуде "1+5+2" стратегиясын ұстанады:

  • 1 – Қытайдың ішкі нарығын қамтамасыз ету;
  • 5 – ТМД, Орталық Шығыс пен Африка, Орталық және Оңтүстік Америка, сондай-ақ, Еуропа мен Оңтүстік Шығыс нарықтарындағы қызметті дамыту,
  • 2 – Жапония мен Оңтүстік Корея нарығын стратегиялық бақылау. 

Аталған нарықтар ішінде компания келесі елдерде көлік сатылымының қарқыны жоғары екенін атап отыр: Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Таиланд, Мексика, Сауд Арабиясы, Чили, Перу. Бұған Қазақстан арқылы өтетін Транскаспий халықаралық транспорт бағытының дамуы үлкен мүмкіндік ашып отыр. 

"Транскаспий халықаралық транспорт бағытының дамуы Changan Automobile компаниясына бизнесін Орталық Азия мен Еуропада дамытуға көмектеседі. Ол арқылы автокөліктер Чунцин қаласынан Қазақстан арқылы Әзербайжан, Грузия, Түркия, Болгария, Румыния, Украина және Польшаға жеткізіледі", – деп жауап берді компанияның баспасөз қызметі Informburo сауалына. 

Осы орайда келесі бөлімде Changan компаниясының Қазақстанға қатысты жоспарларын баяндаймыз. 

Changan және Қазақстан нарығы

Changan Auto Kazakhstan мәліметінше, 2024 жыл басынан бері Қазақстанда сатылған жаңа көліктер саны 6300-ді құрайды. Салыстырып қарар болсақ, тұтас 2023 жыл қорытындысында Қазақстанда 6087 көлік сатылған болатын. Бұл компанияның Қазақстан нарығындағы көлік сатылымы жылдан-жылға өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Қазақстандық нарықта қытайлық автобрендтерге деген қызығушылық айқын байқалады. Бұған үздік ондықтағы қытайлық жаңа көліктердің Қазақстандағы сатылымы-ақ дәлел. Биылғы 8 айдың өзінде тұтас 2023 жылмен салыстырғанда 8654 көлікке артық сатылған

Бұл ретте Қазақстанда Changan көліктері ресми түрде 2022 жылғы күзден бастап сатыла бастағанын айту керек. Алғашқыда CS35PLUS, CS75FL және UNI-K кроссоверлері сатылымға шығарылса, бүгінде олардың қатары Alsvin, UNI-V, CS55PLUS, UNI-Т, CS95, HunterPlus маркаларымен толыққан. Автокөліктердің бәрі Қазақстанға тікелей Қытайдағы фабрикадан жеткізіледі. Дегенмен, Changan International Corporation 2025 жылға жоспарында Алматыдағы мультибрендті зауытта көліктің үш маркасын (Alsvin, CS35PLUS, CS55PLUS) шығару бар.

"Қазақстан Changan үшін ТМД нарығындағы және "Бір белдеу, бір жол" жобасы аясындағы ең маңызды елдердің бірі. Сондықтан, компания қазақстандық клиенттерін жоғары сапалы, жоғары технологиялы және интеллектуалды өнімдері мен қызметтерімен қамтамасыз етуге ұмтылады", – деп жауап берді компанияның баспасөз қызметі Informburo сауалына.

Бұл орайда, Changan Қазақстан нарығына қатысты алдына екі мақсат қойып отыр: 

  • Сату көлемі жөнінен Қазақстандағы ең жетекші екі қытайлық автобренд қатарына ену (2023 жыл қорытындысы бойынша – 4-орында);
  • Қазақстандық клиенттерге ұсынатын көліктердің ассортиментін көбейту.

"Changan өзінің дилерлерімен нарықтағы жағдай мен экономикалық тиімділік жайын ақылдаса отырып, Қазақстанға дәстүрлі отынмен жүретін және жаңа гибридті модельдерді шығаруды жалғастырады", – делінген компанияның жауабында. 

Ол күн де алыс емес, ал әзірге қытайдың Чунцин (Chongqing) қаласындағы Changan автоконцернінің ең ірі фабрикаларының бірімен таныстырамыз:  

Қытайдағы Changan фабрикасынан арнайы репортаж

Чунцин қаласында бір емес, 10 Changan автозауыты орналасқан. Біз Астана Моторс құрамына кіретін Changan Kazakhstan шақыруымен компанияның биыл, 2024 жылы ашылған фабрикасында болып, оның жұмысымен таныстық. Мұнда әр минут сайын конвейерден бір, ал тәулігіне мыңнан астам автокөлік дайын болып шығады. 

Жалпы, бұл фабрика өте жас әрі жап-жаңа. Ол 2000 жылы ғана ашылған. Соған қарамастан, фабрика аумағы 1,5 миллионға жуық шаршы метрді құрайды. Автокөлік құрастыру жұмыстары барынша роботтандырылған десек те, мұнда 8 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Робот демекші, жұмысы 95 пайызға дейін роботтандырылған цех – Дәнекерлеу цехі. Оның аумағы 43 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда 185 адам ғана еңбек ететін болса, робот саны 2,5 есе көп – 471. Бұл роботтар – сапа белгісі саналатын жапониялық Kawasaki фирмасының өнімдері. 

Тағы бір ерекшелігі – конвейер жүйесінің көліктің түрлі моделін құрастыруға икемділігі, мысалы, мұнда 8 түрлі автокөлікті қатар дәнекерлей беруге мүмкіндік бар. Ал қажетті бөлшектерді арнайы камералармен жабдықталған робот вагондар автоматты түрде қоймадан жеткізіп отырады. 

Жоғары интеллектуалдық басқару жүйесі роботтардың қателіксіз, ақаусыз, мүлтіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Тіпті, көлік шанағының геометриясына дейін автоматты түрде шығарылады. 

Дәнекерлеу жұмыстары аяқталған соң, көлік қаңқалары тізбектеліп құрастыру цехіне өтеді. Міне, дәл осы цехте қаңқаларға "ет, тері, жүйке, қан тамыр жүйелері және басқалар" жапсырылады. Бұл теңеумен айтқанымыз, анығында көлік қаңқалары бұл цехте қозғалтқышпен, ішкі қаптамалармен, электроника жүйесімен, терезе, айна, дөңгелек және өзге де қажетті бөлшектермен жабдықталады. Басқаша айтқанда, дайын күйге енеді. 

Құрастыру цехінде ұсақ жұмыстар көп болғандықтан, дәнекерлеу цехіне қарағанда роботтандыру пайызы төмен – роботтар саны 300-ден астам. Тиісінше, адам саны мен қол еңбегі көбірек. Бұл цехте роботтар мен адам жұмысының үйлесімділігі байқалады. 

Фабрикада дәнекерлеу және құрастыру цехтерінен мән-маңызы мүлде кем емес тағы бір бөлім бар. Ол аккумулятор құрастыру цехі деп аталады. Changan бүгінде электрокарлар шығаруға басымдық беретінін еске салайық, сәйкесінше интеллектуалды аккумуляторлар шығару ісі – компанияның ең маңызды салаларының бірі. Содан да болар, бұл цех аумағы дәнекерлеу цехінен бар болғаны 4 мыңға кем – 39 мың шаршы метр. Шеберханада негізінен төрт процесс жүзеге асады олар: құрастыру, желімдеу, дәнекерлеу және тестілеу.   

Мұнда 85 өнеркәсіптік робот, 120 автоматты басқару машинасы және 235 құрастыру құралы жұмыс істейді. Егер цех жұмысын аккумуляторды алдын ала құрастыру және толық құрастыру деп екіге бөліп қарайтын болсақ, біріншісі 100 пайыз толық автоматтандырылған. Цех әр минут сайын бір интеллектуалды аккумулятор шығарады. Ал цехтің жоспарлы қуаты жылына 280 мың батареяны құрайды. 

Changan бұл салада да инновациялық бастамаларды қолдайды. Мысалы Changan-ның төл өнімі – "Алтын сауыт" аталатын аккумуляторлық батареяларды бар болғаны 15 минут қуаттасаңыз, 365 шақырымға дейінгі жолды еңсеруге болады. 

Инновация демекші, нағыз ғылым мен технологияның жетістіктерін компанияның жаһандық R&D (зерттеу және әзірлемелер) орталығынан көруге болады. Changan-ның бүкіл әлем бойынша 6 ел (Италия, Жапония, Англия, АҚШ, Германия және Қытай) мен 10 қалада орын тепкен 16 инновациялық институты мен технологиялық орталығы бар болса, соның ең үлкені осы Чунцин қаласында. 

Компания жаңа көліктер мен технологиялар әзірлеуге жыл сайын сатудан түскен табысының 5 пайызын бөледі, бұл шамамен 1-1,5 миллиард долларды құрайды. Changan өкілдерінің айтуынша, қазір R&D өз жұмысында "ақылды" технологиялар мен автоматты басқару жүйесін дамытуға басымдық беріп отыр. Changan R&D орталықтары интеллектуалдандыру саласында жарияланған патенттер саны бойынша әлемде бірінші орында. 

Орталықта түрлі сынақ зертханалары бар. Мысалы, акустикалық жаңғырықсыз камералар ішінде мүлде тыныштық орнайтын болса, керісінше түрлі сыртқы дыбысты анық шығаратын акустикалық камералар да бар. Бұлар түрлі дыбыс жағдайындағы автокөлік ішіндегі шудың басылу деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. 

Одан бөлек, көліктің әртүрлі температура жағдайында қалай жұмыс істейтінін анықтау үшін -35-тен +55 °C-ге дейінгі температуралық жағдай жасайтын камералар да бар. 

Жалпы, өндірістен шығатын әрбір модель 12 түрлі сала бойынша 12 400-ден астам сынақтан өтеді. Мүлт кетер болса, әрине, пайдалануға жіберілмейді. Бұл жағынан талап қатал. 

Әлбетте, көлікті сынаудың ең қызықты түрі – Test Drive. Changan бұған арнап өзіндік автополигон салған. Ол Dianjiang Test Ground аталады және оның аумағы 233 гектарға тең. Мұнда көлікті түрлі жол жағдайында сынақтан өткізуге арналған 14 түрлі тасжол жабдықталса, жол жабындысының 70-тен астам түрі кездеседі. 60 градусқа дейінгі биіктікке көтеріліп, дәл осындай биіктен төмен түсетін жол да бар. Ал көлік жылдамдығын тексеруге үшін ұзындығы 5,4 шақырымдық арнайы тасжол төселген. Мұнда көлік жылдамдығын сағатына 250 шақырымға дейін арттырып, сынап көруге болады.


Ps. Changan Automobile, жаһандық серіктестерге арнап өткізген конференциясында баяндалғандай, алдағы 5 жылға арналған жоспарында өз алдына өте жоғары көрсеткішті мақсаттарды қойып отыр. Компания 2030 жылға қарай Қытайда жасап шығарылған көліктер санын 37 миллионға жеткізбек. Оның 7 миллионы экспортқа шығарылады. Changan келесі 5 жылда орта есеппен әр жыл сайын жаңа энергия көзімен жүретін көліктер санын 13 пайызға арттырып отырмақ.