Сөз зергері Зейнолла Сәніктің жазушылық әлемі
Қаламгер шығармасы – тек сөз өнерінің үлгісі ғана емес, сонымен қатар халқымыздың жан-дүниесінің көрінісі.Қазақ даласының кең байтақ көкжиегіндей, ұлттың рухани әлемі соншалықты бай және терең. Оның әрбір тарихи тағылымы мен мәдени мұрасы – біздің қазыналық қорымыз, ал ақындар мен жазушылардың сөз өнері – осы байлықтың сарқылмас бұлағы.
Зейнолла Сәнік – Шығыстан батысқа дейін жайылған қазақ даласында, жазушылар мен тұлғалардың рухани мұрасын жалғастырып, өз шығармашылығында халқымыздың жан дүниесінің тереңдігін, арман-мүдделерін және тарихи тағдырын ашып көрсетті. Оның еңбектерінде қазақтың дала философиясы, табиғатының сұлулығы мен халқының қайсар мінезі көрініс тапқан.
Көңілдің күйін төгейік,
Арманда кеттік демейік.
Бәрін де беріп ел-жұртқа,
Қарызда болмай өтейік, –
деп Қасым Аманжолов айтқандай, қабырғалы қаламгердің өмір іздерінен түсірген өрнектері толып жатыр.
Зейнолла Мүбәракұлы әдебиет пен мәдениеттің қоғамдағы рөлін қорғап, еліміздің рухани дамуына ықпал етті. Мақалалары мен публицистикалық еңбектері қоғамның өзекті мәселелеріне назар аудартып, ой-толғаныстарын тудырды, мән-маңызын ашты.
Қалам иесінің сөз өнері – қазақ жерінің рухани кеңістігінде мәңгі қалары хақ. Оның жазбалары – халқымыздың байырғы дәстүрлерінің, терең тарихы мен бүгінгі күнінің тыныс-тіршілігінің айнасы, ал оның қаламынан туған ең озық еңбек – ұлттық сананың қайта жаңғыруының жаршысы. Баспагер шығармашылығындағы әрбір сөз – еліміздің жан-дүниесінің көркем қылығын айқындай түсетін, әрбір жолы – уақыт өзенінің жағасында мәңгілікке қалдырылған мәрмәр тасқа қашалған өшпес іздер сияқты.
Дүйсенгүл Советқызы айтқандай, "Сәніктің ерекшелігі – осы циклды жырдың қазақ фольклорындағы бұрынғы үлгілерге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігін айқындауға тырысуы және қазақ мәдениетінің кең өріс алған кезеңін, сауда мен алыс-беріс айналыстың даму дәуірін таныту үшін жырдағы қала, сауда мәдениетінің сипатын суреттеуге көбірек көңіл бөлуі".
Расында, көптеген жазушылар мен оқырман қауым Зейнолла Сәніктің жазу стиліне тәнті болды. Оның қиыннан қиыстырған талдау мен зерттеулеріне таңдана қарайды. Бір айта кететінім, жазушының қытай тілін жетік білуі. Осы арқылы елімізге қытай елінің жазбаларынан аударылған деректер мен жазбаларын ұсынды. Бәріміз білетіндей, қазақ халқының көптеген тарихы мен еңбектерін Қытай халық республикасының ежелгі кітаптарынан байқауға болады әрі осылардың бәрін ғылыми бағытта талдап жазғаны – ерен еңбектің үлгісі.
Жазушының отызға жуық әңгімелерінің көпшілігін ғылыми-танымдық әңгімелерге жатқызсақ болады. Әрі олардың балалар мен жасөспірімдерге арнап жазылғаны хақ. Әңгімелерінің адамға ой қосып, қиялының дамуына ықпал етіп, ой-өрісінің кеңейетінімен ерекшеленеді. Замандас қаламгерлер жазушылық қыры жайлы пікірлерін білдірген.
Солардың бірі Жанат Ахмади: "Зекең ойға көсем, тілге шешен, бала жүректі, баба тілекті кісі болды" дейді өз естелігінде.
Қай тақырыпты жазса да өзінің сөздерімен өрнектеп, сөз құнарлығы бар жазбасымен ерекшеленетін. Бұлай болуы, әрине орынды, себебі байырғы қазақилығымыздың қаймағын бұзбай, қазыналы қарттарымыздың көзін көріп, тілдескен жан.
Сөз зергерінің өскен жері – Тарбағатай аймағы – қазақи орта еді, сол себепті де поэзия мен әдебиетке жақын болды. Шыңжаң өлкесіндегі айтысты талдап, өзінің сыни пікірлерін де білдірді. Соның арқасында айтыстың дамуына да игі ықпал етті.
"Біз – ежелгі сақ, қаңлы, үйсін ұлыстарының, сондай-ақ осы батыс өңірінде – қазіргі Шыңжаң топырағында жасалған, хандық құрған найман, керей ұлыстарының соңғы ұрпақтарымыз. Бұл туралы жазба тарих та бар. Қытай ғалымдары да мойындайды. Осы тұрғыдан алғанда, біз – осы өңірдің байырғы тұрғындарымыз, қожасымыз деуге хақылымыз", – деп өз пікірлерін батыл жазды.
Зейнолла Мүбаракұлының Қабанбай батыр туралы тарихи эссесі алғаш рет кириллицаға түсіріліп, Қазақстандағы оқырмандарға тарады. Бейжің қаласындағы орталық жастар институтын бітіріп, Үрімжідегі жастар баспасында редактор болып 40 жылдай қызмет етті. Осы уақыт аралықтарында талай қуғын-сүргінге ұшырап, ауыр күндерді басынан өткізді. Алайда "адамдар қиындықты ақылмен жеңеді" демекші, осыларға сынбай, қажырлы еңбегінің арқасында 20-дан аса кітабын шығарды.
Қорыта келе, Зейнолла Сәніктің шығармашылығы мен өмірбаяны қазақ әдебиетінің қайнар көзіндей болып, оның қаламынан төгілген сөз маржаны ұлттық рухтың биік шыңдарына жол бастайды. Оның жазбаларында жан сезімі мен терең ой-толғаныстары ұштасып, армандары мен үміттері көрініс табады. Қаламгер шығармасы – тек сөз өнерінің үлгісі ғана емес, сонымен қатар халқымыздың жан-дүниесінің көрінісі. Оның шығармалары арқылы біз қазақтың кешегісі мен бүгінінің арасындағы сырлы байланысты сезінеміз, ал оның шығармашылығында жатқан ойлар мен сезімдер әр ұрпақтың жадында мәңгі сақталады.
"Ұлт болып сақталып тұрудың төрт тағаны бар. Бірінші – сол халықтың үні, ән-күйі, музыкалық мәдениеті. Екінші – тілі. Үшінші – тарихы, салт-дәстүрі, асыл әдеби мұралары, этностық белгілері. Төртінші – атамекені, тарихи қонысы. Осы төртеуінен айырылған ұлт ел болудан қалады. Осы төрт тағанның бірде- бірі кем болса, яки кінәратқа ұшыраса, ол кемтар жанның күнін кешеді", – деп жазушының тізбектелген өрнек сөздерін аяқ асты қылмай, жадымызда сақтап жүру, рухани құндылығымызды арттырмаса, кем қылмайтыны хақ.
Авторы: Әли Қасымбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің 3-курс студенті
Жетекшісі: Ермахан Шайхыұлы