Қыста тауға шыққанда қандай қауіпсіздік ережелерін ескеру керек
Алматы маңындағы тауларда туристер көп жүреді. Олардың бәрі бірдей тауға шыққанда қауіпсіздік шараларын біле бермейді. Сол себепті жаңалықтардан тауға жалғыз шыққан, адасып кеткен, қалаға қайта алмай қалған адамдардың құтқарылғаны туралы жиі естиміз. Өкінішке қарай, кейде туристерді құтқарып қалу мүмкін емес. Олар құтқарушылар келгенше жан тапсырады.
Тауға шығарда нені ескеру қажет? Қалай киіну керек, қандай жабдықтар болуға тиіс? Қандай жағдайлар өлімге әкеп соқтыруы мүмкін? Қыста тауға шығу неліктен қауіпті? Бұл сұрақтарға альпинизм нұсқаушысы, құтқарушы Бақыт Данабек жауап берді.
"Екі жылдан бері 109 құтқару қызметінде жұмыс істеп жүргенде бірнеше қайғылы оқиғаға куә болдым. Ең бірінші себебі – адам тауға жалғыз шығады. Қауіпсіздік шараларын сақтамайды. "109" құтқару қызметіне емес, көбінесе "112" төтенше жағдай қызметіне хабарласады. Бұл қате емес. Дегенмен құтқару жұмыстарымен "109" қызметі айналысады. Ал тауда құтқару жұмыстарына жан-жақты дайындалған мамандар, альпинизм, спорттық разряды бар білікті мамандар жұмылдырылады. Тау – адам баласы үшін қатыгез орта. Ауа райы, әсіресе, қыста екі-үш есе қиындай түседі. Тауға қауіпсіз барып-келу гид, нұсқаушы не болмаса топтағы адамдардың шешім қабылдай алу қабілетіне байланысты", – деді Бақыт Данабек.
Құтқарушының айтуынша тауда өлімге әкеп соқтыратын екі фактор бар: біріншісі – қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарау, екіншісі – жағдайды дұрыс бағалай алмау.
"Тауда ауа райы өте тез құбылады. Ашық күнде бұлт үйіріліп, жаңбыр жауып кетуі мүмкін. Дұрыс киіну, ауа райына сай киім алып жүру, тамақ-суды дайындау, байланыс, құрал-жабдық та қауіпсіздік шараларына кіреді. Қыс пен жаз бірдей емес. Құтқару жұмыстары қай уақытта болса да оңай емес. Десе де қыста күрделене түседі, өйткені қыста күн қысқа. Уақыт бір сағатқа артқа жылжып, күннің ерте батуы да құтқару жұмыстарына әсер етеді. Жарықта адамды құтқару оңай. Алайда адамдар күн батып, қараңғы түскен соң ғана адасқанын не жағдайы қиын екенін түсініп, көмекке шақырады", – деді құтқарушы.
Қыста тауда қар көп жатады. Қарда қалған адамның ізінен қайда кеткенін табу оңай болғанымен, қалың қарда қозғалыс баяулай түседі. Құтқарушылар жазда бір сағатта жететін жерге төрт сағатта жетуі мүмкін. Ал зардап шеккен адам бір орында тапжылмай күтемін деп тоңады. Тіпті денесін үсік шалуы мүмкін. Қыста ғана емес жазда да тауда түн салқын екенін ұмытпаған жөн.
"Таудағы қайғылы оқиғалардың басты екі себебі – төменгі температура мен жарақаталу. Бір жылы Аустралиядан келген турист жалғыз өзі Үлкен Алматы көліне жұқа киіммен шығып, қайта алмай суықта түнеп, қайтыс болды. Суықта тоғып құтқарушыларды күткен. Әріптестері оны ертесіне іздей бастаған. Таудан құлап не сүрініп жарақат алып қайтыс болатындар да аз емес", – деді Бақыт Данабек.
Қыста адасу қаупі өте жоғары, себебі тұман басса пейзаж да, тастар да бірдей көрініп, оңды-солды дұрыс байқамай, адасуы мүмкін. Кейде адамдар таныс бағытта адасып, жүретін жолды таппай қалып жатады.
Тағы бір қате – шатырды қауіпті жерге тігу. Шатырды қар көшпейтін, тас құламайтын, өзен суы арнасынан асып, басып қалмайтын жерге тігу керек. Оған қоса тактикалық жоспар деген ұғым бар. Мұны альпинизммен айналысатын адамдар жақсы біледі, алайда қарапайым туристер жоспар құрмайды.
"Топ тауға шығар алдында жоспар құрып, сонымен жүруі керек. Қандай бағытпен жүретінін және қандай нүктелер болатынын, ол нүктелерге қай уақытта шығып, қай уақытта жететінін қадағалауы керек. Жай туристер де қауіпсіздік үшін жоспар құрып, оны ұстану керек. Маршрутты таңдаған соң сипатын оқып, тауға шығу және қайту уақытын, тоқтайтын жерлерді жоспарға енгізу керек. Қай жерге барсаңыз да ертерек шығып, ертерек қайтқан жөн", – деді құтқарушы.
Таудағы қатерлер екіге бөлінеді:
- субъективті – адамның өзіне байланысты, яғни ойлай алатын, қолмен істей алатын нәрселер;
- объективті – таудағы қоршаған орта факторларына байланысты, яғни ауа райы, жер бедері, биіктік.
Құтқарушы Бақыт Данабеков қыста тауға джинсы шалбар мен кеды киіп шығатын туристерді жиі көретінін айта кетті. Бұл – субъективті қатер. Мезгілге және жер бедеріне сай киініп, қажет жабдықтарды алып жүру қажет.
"Тауға шығарда маршрутты алдын ала зерттеп, ауа райын көріп алыңыз. Физикалық дайындығыңыз да жақсы болуы керек. Көп жүретін жерлерде қауіп-қатер аздау болса да, сол жердің ерекшелігін, өсімдіктер мен жануарлар ортасын зерттеңіз. Тауда өзін ұстау да маңызды, себебі үлкен кісілер бірнәрсе болса сасқалақтап қалады да, ал жастар өзіне қатты сеніп, күшін бағамдай алмайды. Ауырып тұрса да тауға шығып кететіндер жоқ емес. Бұл да үлкен қате. Денсаулықты түземейінше қиын бағыттарға шығуға болмайды. Тактикалық сауатсыздық, яғни оңтүстік пен солтүстікті, батыс пен шығысты айыра алмаймындар адасып қалса қалай жол табу керек екенін білмейді. Бұл да дұрыс емес. Тактикалық сауат болуға тиіс", – деді Бақыт Данабек.
Объективті қатерлерге адам әсере алмайтын факторлар кіреді: ауа райы (жел, ауа температурасы мен ылғалдылығы, күн күркіреу, найзағай, жауын-шашын, қараңғылық, тұман), бедер (қар көшкіні, тас құлауы, мұздарың, тау етектерінің опырылуы, мұздықтардағы жарықшақтар, сел ағындары, сулы кедергілер), биіктік (гипоксия, күн радиациясы, тау ауруы).
"Тауда биіктік болған соң адамдар тау ауруына жиі шалдығады. Халі мүшкілдеп, басы ауырып, жүрегі айнып, асқазаны ауырады. Қысым көтеріліп, ауа жетпей қалады. Оған қоса тауда күннен қорғайтын ауа қабаты азайып, ультракүлгін сәулелер адамға тікелей әсер етеді. Сондықтан қыс пен жазға қарамай, тұман болса да сәуледен қорғайтын көзілдірік тағып, күннен қорғайтын крем жағып жүру керек", – деді құтқарушы.
Қыстағы басты табиғи қауіп-қатер – тұман, төменгі температура, қар көшкіні мен мұздықтардың еруі. Мұздықтардағы мұз ерісе тастар құлай бастайды. Сол үшін альпинистер биік тауларға ертерек таң атпай шығады.
"Іле Алатауында, әсіресе Кіші Алматы шатқалында жауын-шашын аз болғанда көшкін қауіп-қатері де аз. Ақпан мен сәуір айларында жауын-шашын өте көп түседі де, көшкін қатері артады. Ауа райы күрт өзгеріп, біресе ыстық, біресе суық болғанда беткейде жатқан қардың құрылымы өзгеріп, бұл қар көшкініне себеп болады. Оны ешкім түртпесе қарлы беткей көктемде ерігенше жата беруі мүмкін. Адамдар өткен кезде салмақ түсіп, беткейдегі қар төменге ағып кетуі мүмкін. Қар көшкінінен зардап шеккендердің 90%-ы көшкіннің жүруіне өзі себеп болғанын айта кеткен жөн. Сол себепті жазда ғана жүретін, қар көшкіні қаупі бар қыста жабылатын соқпақтар бар. Қар көшкінінің астында қалып қойған адамды жанындағы адамдар құтқара алады, өйткені сырттан көмек кеш жетеді. Көшкінде өмір сүру уақыты – 10 минут. Он минуттың ішінде құтқарылса да тірі қалмауы мүмкін", – деді Бақыт Данабек.
Оның айтуынша, Алматыдан Есікке дейін 14 шатқал бар. Алайда екі шатқалда ғана құтқару қызметі жұмыс істейді. Құтқарушы Алматы таулары үлкен болғандықтан әр шатқалда осындай қызмет болуы керек дейді.
Алматы тауларында 18 жерде құтқару үйшіктері орналасқан. Төтенше жағдай болса, адасып қалғанда сол үйшіктерде түнеуге болады. Күн батареяларының арқасында телефонды қуаттауға болады. Үш орындық төсек бар. Пешке от жағып жылына алады. Алғашқы көмек қорабы да бар. Үйшіктердің қайда орналасқанын 2GIS картасынан көруге болады.
Тауға шыққанда дайындалыңыз:
- Ең алдымен баратын маршрутты зерттеу керек. Орташа жүріп өту уақытын, қай уақытта бастап, қай уақытта оралатынын есептеу қажет. Қанша метр биікке көтерілетініңізді де ұмытпаңыз. Маршруттағы бағдарларды, қай жерге тоқтауға болатынын көріп алыңыз.
- Өзіңіз туралы мәліметті, яғни жорық бағытын, бару жәен қайту уақытын, қасыңызда кімдер болатынын жақындарыңызға айтыңыз. Байланысқа шықпасаңыз олар дереу құтқару қызметіне хабарласып, қайда кеткеніңізді айтады.
- Ауа райын бірнеше ақпарат көзінен қарап алыңыз және соған сай киініп, қажет заттарды алып шығыңыз.
- Күшіңізді есептеңіз. Қиын бағыттарға дайындалу керек екенін ұмытпаңыз.
Маңызды ереже:
- ешқашан жалғыз жүрмеңіз;
- ешқашан маршрут пен жоспарды өзгертпеңіз;
- ең қысқа жол – сізге таныс жол;
- өзіңізді нашар сезінсеңіз артқа қайтыңыз;
- байланыс болған жерді белгілеп қойыңыз;
- жолда кездескен басқа туристермен сөйлесіп, өзекті ақпарат алыңыз.
Керек жабдықтардың минималды тізімі:
- треккинг таяқша;
- треккинг аяқ киім;
- рюкзак (жазда бір күнге – 20 литр, қыста – 30-35 литр);
- үш қабатты киім (термо іш киім, флисе немесе жылы киімдер, суық пен желден қорғайтын мембранадан жасалған күрте мен шалбар);
- қосымша жылы киім;
- жаңбырдан қорғайтын сырт киім;
- мезгілге қарай бас киім;
- қолғап;
- күннен қорғайтын көзілдірік;
- SPF крем;
- тамақ, су;
- аяқ киім табанына киетін мұзда тайғанамайтын тағалар;
- қардан қорғайтын гетры.
Апаттық жабдықтар жиынтығына дәрі-дәрмектер, суықтан, ультракүлгін сәулелерден қорғайтын құтқару көрпесі, маңдайшам, кремний оттығы, пышақ, ысқырық, телефон қуаттағыш, 3-5 метр мықты бау, су құятын ыдыс жатады.