Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде "red flag" және "green flag" ұғымдары ерекше танымалдыққа ие болды. TikTok, Instagram, X платформаларында бұл терминдер қарым-қатынас, жұмыс ортасы, достық пен жеке даму тақырыптарында жиі қолданылып, күнделікті сөздік қорға еніп үлгерді. Бұрын тек психология мен терапия саласында қолданылған бұл түсініктер бүгінде трендке айналып, миллиондаған адамның мінез-құлықты бағалау өлшеміне айналды.

Психология ғылымында red flag – болашақта эмоционалдық, психологиялық немесе әлеуметтік зиян келтіруі мүмкін ескерту белгісі ретінде қарастырылады. Ал green flag керісінше, қарым-қатынастың сау, қауіпсіз және дамуға бағытталғанын білдіретін оң көрсеткіш. Америкалық психология қауымдастығы мен қарым-қатынас психологиясын зерттейтін орталықтардың еңбектерінде адамның бастапқы кезеңде байқалатын мінез-құлық үлгілері болашақ қатынастың сапасын айқындайтыны жиі айтылады. 

Зерттеулерге сүйенсек, адамдардың басым бөлігі қарым-қатынастағы қателіктерді кейін байқап, "бастапқыда елемеген белгілерге" өкініш білдіреді. Мысалы, онлайн танысу платформаларын зерттеген кейбір халықаралық сауалнамаларда респонденттердің жартысынан көбі қарым-қатынас басында "red flag-тарды" байқаса да, оларды маңызды емес деп қабылдағанын мойындаған. Ал соңғы жылдары жүргізілген әлеуметтік медиа талдаулары жастардың психологиялық сауаттылығы артып, мінез-құлық белгілерін ажыратуға көбірек мән бере бастағанын көрсетеді. Дегенмен, red flag пен green flag ұғымдарының трендке айналуы оларды шектен тыс жалпылау мен қате интерпретациялау қаупін де қатар алып келді. Кей жағдайда адамға тән жеке ерекшеліктер "red flag" ретінде бағаланып, ал шынайы қауіпті мінез-құлық көзден таса қалып жатады. Кезекті материалымызда red flag пен green flag арасындағы нақты шекара, олардың психологиялық негізі және не себепті бүгінгі қоғамда трендке айналғанын талдаймыз.


Оқи отырыңыз: "Ана ашуын ұрудан алады". Тоқсаныншы жылдардың балалары неге қатігез әке-шешеге айналды


Қарым-қатынас психологиясын көп жылдан бері зерттеп келе жатқан ғалым Джон Готтманның айтуынша, кез келген қарым-қатынасты іштен бұзатын ең қауіпті белгілер бар. Ол ең алдымен менсінбеуді атап өтеді – яғни серіктесті төмендету, келемеждеу, мазақ ету. Бұған қоса, үнемі сын айту, өзін үнемі ақтап, кінәні мойындамау және жауапкершіліктен қашу да қарым-қатынастың болашағына үлкен қауіп төндіреді. Ғалымның пікірінше, егер мұндай белгілер қарым-қатынастың бастапқы кезеңінде-ақ байқалса, оның ұзаққа бармай бұзылу ықтималдығы өте жоғары. Ал керісінше, сау қарым-қатынастың негізгі белгілері – эмпатия, яғни бір-бірін түсіне алу, ашық әрі шынайы сөйлесу, сондай-ақ келіспеушіліктерді айқаймен емес, құрметпен шешу қабілеті. Готтман мұндай қасиеттерді қарым-қатынастағы ең маңызды green flag-тар қатарына жатқызады.  

"Ажырасудың ең басты белгісі – адамның бойындағы жиіркенішті тудыратын менсінбеушілік сезімі. Мұндай сәтте ол: "Мен сенен жақсымын, ал сен менен төменсің" деген астамшылықты білдіреді. Ал сау қарым-қатынаста адамдар өзінің осал тұстарын көрсетуден қорықпайды, өйткені олар өзін қауіпсіз сезінеді. Олар серігін жеңіп шығу үшін емес, оны шын түсіну үшін тыңдайды; туындаған мәселедегі өз жауапкершілігін мойындайды және сезімдері тасып тұрса да, кез келген келіспеушілікті өзара сыйластықпен шешуге тырысады", – дейді Джон Готтман.

Лицензияланған терапевт әрі жеке шекараны белгілеу маманы Недра Гловер Таваб "red flag" ұғымын көбіне шекараның бұзылуымен байланыстырады. Оның пайымдауынша, егер адам сіздің "жоқ" деген сөзіңізді елемесе, сезімдеріңізді құнсыздандырып, жоққа шығарса немесе сізді кінәлі сезіндіру арқылы өз еркіне көндіруге тырысса – бұл қарым-қатынастағы айқын қауіптің белгісі. Ал "green flag", керісінше, адамның сіздің шекараларыңызға құрметпен қарауынан, өз іс-әрекеті үшін жауапкершілік алуынан және жеке эмоцияларын тізгіндей білуінен көрінеді.

"Қарым-қатынастағы қауіп белгілері көбіне адамның сіз қойған шекараларды қалай бұзатынынан көрінеді. Егер қарсы алдыңыздағы адам сіздің "жоқ" деген сөзіңізді құрметтемесе, сезімдеріңізді елеусіз қалдырып, жоққа шығарса немесе сізді кінәлі сезіндіру арқылы манипуляция жасап, басқаруға тырысса – бұл дабыл қағатын жағдай. Ал сау қарым-қатынастың белгісі – ол сіздің жеке кеңістігіңізге деген құрметтен, адамның өз қателігі үшін жауапкершілік алуынан және өз эмоцияларын өзгеге зиян келтірмей басқара білуінен басталады", – деді Недра Гловер Таваб.

Клиникалық психолог әрі психоағартушы Джули Смиттің пайымдауынша, әлеуметтік желілерде "red flag" ұғымы трендке айналғанымен, оны біреуге "диагноз қою" үшін қолданбаған жөн. Керісінше, бұл терминді адам өзін-өзі бақылау құралы ретінде пайдалануы тиіс. 

"Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде "red flag" ұғымы трендке айналғанымен, оны өзгелерге диагноз қою құралы ретінде қабылдамау керек. Бұл терминді, ең алдымен, өз-өзіңізді бақылау мен ішкі рефлексия жасаудың мүмкіндігі деп біліңіз. Ал "green flag" дегеніміз – адамның еш мінсіз болуы емес, оның қарым-қатынас барысында жаңа нәрсені үйренуге, өз қателігінен сабақ алуға және жақсы жаққа қарай өзгеруге деген шынайы дайындығы", – деді Джули Смит.

Психолог Жібек Әбужанова қазіргі қоғамдағы "red flag" пен "green flag" трендтеріне кәсіби тұрғыдан талдау жасап, бұл терминдердің маңызы мен мағынасын тереңірек түсіндірді. Ол өз сөзінде жастардың психологиялық саулығына деген қызығушылығын құптай отырып, қарым-қатынастағы жеке шекараның маңыздылығын және осы тақырыпты көтерген "Ғашықпын саған" фильміндегі басты идеялардың өміршеңдігіне тоқталды.

"Қазіргі қоғамда "red flag" бен "green flag" терминдерінің белең алуы – жастардың өз психологиялық саулығына бей-жай қарамайтынының белгісі. Алайда, бұл екі ұғымның ара-жігін дұрыс ажырата білу маңызды. "Ред флаг" – бұл тек біреудің бойындағы мін емес, бұл ең алдымен сіздің жеке шекараңыздың бұзылуы. Егер қарым-қатынаста сіздің "жоқ" деген сөзіңіз ескерілмесе, сезімдеріңіз құнсыздандырылса немесе сізді кінә сезімі арқылы басқарғысы келсе, бұл – қауіптің нақты белгісі. Ал махаббат берік болуы үшін біз мына нәрсені түсінуіміз керек: "Грин флаг" – бұл мінсіз адам емес, бұл жауапкершілік алуға дайын адам. Шынайы махаббатта адамдар бір-бірін жеңіп шығу үшін емес, түсіну үшін тыңдайды. Конфликт кезінде де өзара сыйластықты сақтап, "мен сенен жақсымын" деген астамшылықтан биік тұра білу – отбасылық бақыттың іргетасы. Қуантарлығы, бұл маңызды тақырыптар отандық киноиндустрияда да кеңінен көтеріле бастады. Естеріңізде болса, әлемдік прокатқа шыққан "Бізбен аяқталады" фильмінде басты кейіпкердің үлкен жауапкершілік танытып, улы қарым-қатынастан үзілді-кесілді бас тартуы баяндалған еді. Осыған ұқсас сарынмен күні кеше отандық көрерменге жол тартқан "Ғашықпын саған" фильмі де үлкен мәнге ие. Бұл туындыда кез келген шынайы махаббат пен берік байланыстың негізі – ең алдымен жеке жауапкершіліктен басталатыны анық көрсетіледі. Қазіргі қоғамдағы "red flag" пен "green flag" деген таяз талаптардан биік тұрып, шынайы сезім мен адамгершілікті бірінші орынға қою – бұл фильмнің басты жетістігі. Салауатты қарым-қатынас құру – бұл тек біреуге сын айту емес, өз іс-әрекетің үшін жауапкершілік алып, бірге өсуге дайын болу", – деді Жібек Әбужанова


Оқи отырыңыз: Қыздар арасындағы рухани махаббат: Қазақстанда Бостон некесі қалай трендке айналды?


"Ғашықпын саған" фильмінің продюсері Жалын Тілеуберген туындыдағы басты кейіпкердің ішкі драмасы мен қазіргі қоғамдағы гендерлік стереотиптерге қатысты ой қозғады. Ол Арманның шешімін психологиялық тұрғыдан талдап, "red flag" пен "green flag" ұғымдарын қазақы таныммен ұштастырды.

"Біздің фильмдегі басты кейіпкер Арманның әрекетіне үңілсек, оның ішкі болмысының өте күрделі әрі терең екенін байқаймыз. Сюжет бойынша Арман сүйіктісі зорлық-зомбылықтың құрбаны болғаннан кейін, оны қабылдай алмайтынын және бәрі бұрынғыдай болмайтынын кесіп айтады. Сырт көзге бұл суық шешім, тіпті сатқындық болып көрінуі мүмкін. Алайда, мұндай қадамға баруына оның өз басындағы трагедиясы – айықпас дертке шалдығып, өмірінің санаулы күндері қалғаны себеп болады. Егер ер адам әйелдің басына күн туғанда жай ғана сылтау іздеп, қиындықтан қашып, одан бас тартса – бұл, сөзсіз, "red flag" болар еді. Бірақ Арманның жағдайында ол керісінше, шынайы "green flag" иесі. Оның мақсаты – сүйіктісін өзінің өлімімен қайта жараламай, оған өткеннің ауыр жүгінен арылып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік беру. Шын мәнінде, "грин флаг" дегеніміз – адамның шынайы әрекетінен көрінетін терең құндылық. Кейіпкердің өз сүйіктісіне көрсеткен жанама қолдауы, оның жарқын болашағын өз өмірінен биік қоюы және сол жолда өзін құрбан етуі – нағыз адалдықтың белгісі. Бұл – сөзбен емес, іспен дәлелденген шынайы қамқорлықтың асқақ көрінісі. Біз мұндай адами шекараларды бұрыннан білеміз, бірақ олардың терминдік атауын енді ғана танып жатырмыз. Менің пайымдауымша, әйел затын – қыз, қарындас, ана ретінде терең сыйлай алған адам ғана нағыз "грин флаг" иесі. Өкінішке қарай, санамызға әбден сіңіп қалған "қатынды бастан, баланы жастан" сияқты ескі стереотиптер әлі де бар. Қазір біз осындай кертартпа түсініктерді санамыздан біртіндеп арылтып жатқан замандамыз. Осы бір қасаң идеяларға соқыр сенетін және әйелге үстемдік жүргізгісі келетін жандарды нағыз "red flag" өкілдері деп білемін", – деді Жалын Тілеуберген. 

"Ғашықпын саған" фильмінің қоюшы режиссері Думан Еркімбек өзінің жаңа туындысының неліктен махаббат тақырыбына арналғанын түсіндіріп, бүгінгі қоғамдағы қарым-қатынас трендтеріне өзіндік бағасын берді. Ол өз сөзінде қазіргі жастар арасында белең алған "red flag" пен "green flag" ұғымдарының шынайы сезімге тигізер әсері туралы ой толғап, фильмнің басты миссиясын айқындап берді.

"Қайтадан" фильмінен кейін көбісі: "Неге осы жанрда жалғастырмадыңыздар? Неге тағы да махаббат туралы оқиға?" – деп сұрап жатыр. Мұның басты себебі – қазіргі қоғамдағы жігіттер мен қыздар арасындағы "Red flag" пен "Green flag" трендтері. Бұл ұғымдар жастардың бір-біріне деген талабын күшейтіп, өзара жауласуға алып келгендей. Осыдан жеті жыл бұрын біз Нәзеркемен қарым-қатынасымызды бастағанда мұндай тенденция болмайтын. Сондықтан біз дәл қазір шынайы махаббаттың не екенін көрсететін туынды керек деп шештік. Егер бұл фильм көрерменге "қызыл жалаушалардың" тасасында қалып қойған шынайы ғашықтықты сезінуге көмектессе, бұл – біз үшін үлкен жетістік", – деді режиссер Думан Еркімбек. 

Сонымен қатар, ол бұл фильмнің тек кино емес, тағдырлы кездесулер алаңына айналуын тіледі. Әлі де өз сыңарын жолықтырмаған жандар осы туынды арқылы танысып, араларында шынайы сезім бүр жарып, өз жұптарын тапса деген ізгі ниетін білдірді.

Актер Жасұлан Көпберген шынайы сезімнің қадір-қасиеті мен оған деген адами жауапкершілік туралы өте нәзік әрі терең ой қозғады. Ол махаббатты жай ғана сезім емес, сақтауды қажет ететін киелі құндылық ретінде сипаттай отырып, өз ұстанымын жеткізді.

"Мен үшін махаббат – әлемдегі ең мөлдір, ең таза құндылық. Шынымды айтсам, мен сол бір киелі ұғымның атын атап, оның қадірін түсіріп алудан, кірлетіп алудан қорқамын. Бұл сөз мен үшін сондай қасиетті, сондай салмақты. Егер менің өмірімде шынайы махаббат пайда болса – Аллаға шүкір, ол бүгінде менің өмірімде бар – мен сол сезімге ешқандай жамандықты жуытпауға тырысамын. Махаббаттың бойына адами пендешіліктің көлеңкесін түсірмей, оның алғашқы пәктігі мен тазалығын көздің қарашығындай сақтау – менің басты мақсатым", – деді Жасұлан Көпберген. 

Актриса Шұғыла Ешен ер адам бойындағы мінез ерекшеліктеріне өзгеше қырынан қарап, "қамсыздық" пен "өміршеңдік" арасындағы нәзік шекараны дөп басып сипаттады.

"Ер адам бойындағы қамсыздықты бір қарағанда "red flag" деп қабылдауға болатын шығар. Ал адамның өмірден ләззат ала білуі, әр сәттің бағасын түсінуі және өз ішіндегі сол шуақты жылулықты айналасына, ортасына тарата білуі – бұл нағыз жан саулығының белгісі", – деді Шұғыла Ешен.


Оқи отырыңыз: Полигамияны дәстүрмен ақтауға бола ма немесе "тоқалдан туған" баланың құқығы қандай?


"Darideya" брендінің негізін қалаушы Дәрия Қуатжан фильмдегі кейіпкерлердің іс-әрекетіне прагматикалық әрі құн тұрғысынан баға берді. Ол заманауи қарым-қатынастағы қауіптер мен жағымды қасиеттерді өмірлік шындықпен ұштастырды.

"Red flag" деген не? Егер фильмдегі оқиғаларға сүйенсек, қызды клубта зорлық-зомбылыққа қимақ болған, махаббатсыз, тек нәпсімен қол жеткізгісі келген жігіттердің әрекетін нағыз қауіпті белгі дер едім. Бұл – сыйластық пен адамгершіліктің жоқтығы. Ал басты кейіпкер Арманның бойынан байқалған "мүлдем ақшасыз-ақ бақытты өмір сүруге болады" деген көзқарасы да "red flag" ұғымына жақындау келеді. Себебі жауапкершілік пен тұрақтылық та маңызды. Алайда, оның кейінгі іс-әрекеттері мені қатты сүйсіндірді: Арман өз сезімін тек сөзбен емес, іспен дәлелдей білді. Оның асқақ арманы мен күнделікті күнкөріс қажеттілігін, яғни материалдық және рухани дүниені өзара табыстыра білуі – нағыз "green flag". Маған кейіпкердің осы бір шынайылығы мен өміршеңдігі қатты ұнады", – деді Дәрия Қуатжан.

Бүгінгі таңда "red flag" пен "green flag" ұғымдары қарым-қатынастың сапасын анықтайтын басты өлшемге айналды. Алайда, бұл терминдер адамдарды жай ғана "жақсы" немесе "жаман" деп екі топқа бөлу үшін емес, бізге айналамызбен салауатты байланыс орнатуға көмектесу үшін керек. Психологтардың айтуынша, нағыз "green flag" – бұл қателік жібермеу емес, сол қателікті түсіну, өз іс-әрекетің үшін жауапкершілік алу және бірге өсуге талпыну. Бұл – сыйластыққа, жеке шекараны құрметтеуге және шынайы қамқорлыққа негізделген сезімнің көрінісі. Ал "red flag" – бұл біздің ішкі дабылымыз. Ол бізге құндылықтарымыз аяққа тапталып, тұлғалық еркіндігіміз шектелген сәтте ескерту береді. Яғни қарым-қатынас мәдениеті – бұл біреудің бойынан мін іздеп, "жалауша" қадау емес, ең алдымен өзіңнен басталатын жауапкершілік. Шынайы әрі баянды махаббат трендтердің тасасында қалып қоймауы тиіс. Ең басты "жасыл жалауша" – адамның адамгершілігі мен кез келген жағдайда өзара түсінісуге деген дайындығы. Салауатты қоғам – әрбір жан өзінің және өзгелердің ішкі жылуын сақтай білгенде ғана құрылады.