Ойынқұмарлықтан қалай емделуге болады?
Ең маңызды жайт – лудоманның өзінде тәуелділіктен арылуға деген ниет болуы тиіс.ҚР Туризм және спорт министрлігі елімізде заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл бойынша 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірледі. Оған сәйкес, алдағы үш жылда 2222 интернет-казино мен заңсыз букмекерлік сайтты бұғаттау көзделіп отыр.
Осы орайда, лудомания дертіне шалдыққан адамдарды емдеудің қандай жолдары бар деген сұрақ туындайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны ресми түрде ауру деп мойындаған. Аталған дертке ұшыраған адамның бойында әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтар құлдырап, адамгершілік қасиеттер жойыла бастайды.
АҚШ-та құмар ойынға тәуелді адамдарға алғашқы болып кәсіби көмек көрсеткендердің бірі – медицина ғылымдарының докторы Роберт Л. Кастер. 1972 жылы психиатр АҚШ-тың Вирджиния штаты Брексвилл қаласындағы ауруханада ойыншыларды емдеуге арналған алғашқы стационарлық орталық құрған.
Дәрігер құмар ойындарға патологиялық тәуелділікті – емделетін ауру деп болжаған алғашқы адам. Оның арқасында 1980 жылы америкалық психиатрлар қауымдастығы патологиялық құмар ойындарды психикалық бұзылыс ретінде жіктеді.
Оқи отырыңыз: Алдағы үш жылда 2222 интернет казино мен букмекерлік сайт бұғатталмақ
Роберт Л. Кастер құмар ойындарға тәуелділіктің дамуын үш кезеңнен тұрады деп анықтады:
- Ұтыс кезеңі – бұл адамның құмар ойындарда бірнеше рет ұтысқа кенеліп, "негізсіз оптимизммен" әсерленетін уақыты. Бұл кезде ол құмар ойындарды ұната бастайды және үнемі жолы болатынына сенеді. Өзін сенімді әрі жайлы сезінеді.
- Ұтылыс кезеңінде құмар ойынға тәуелділер достары мен отбасыларынан алыстай бастайды. Жалғыз өзі ойнай бастайды және ақшаны заңды немесе заңсыз жолмен табуды, қарызға алуды қарастырады. Ойынның жетегінде кетеді. Ұтылғаннан кейін ақшаны қайтарып аламын деген үмітпен ойынға тез оралғысы келеді.
- Түңілу кезеңінде адам өзінің бар уақытын құмар ойындарға арнай бастайды. Уақытын босқа құртып жатқанын түсінгенімен, бұл процесті тоқтата алмайды. Бұл кезде адам өзін кінәлі сезініп, кейде өз проблемаларына басқаларды кінәлайды.
Ойынға ақша табу үшін заңсыз әрекеттерге барады. Тәуелділіктен зардап шегетін адамдар дәрменсіздікпен күресу үшін есірткі мен алкогольден жұбаныш іздейді. Психологиялық және әлеуметтік проблемаларға душар болады. Бұның соңы қылмыс жасауға немесе өз-өзіне қол жұмсауға апаруы мүмкін.
Жалпы, лудоманиядан емдеумен айналысатын көптеген мамандандырылған клиникалар, оңалту орталықтары, психотерапевттер мен дәрігерлер бар. Олар әртүрлі авторлық әдістерді ұсынады.
Оқи отырыңыз: Енді ойынқұмар азаматтар мемлекеттік мекемеде тегін емделе алады
Алайда, ескеретін ең маңызды жайт – алдымен лудоманның өзінде тәуелділіктен арылуға деген ниет болуы тиіс. Мәселен, туған-туыстары емдеуге әкелген "науқастың" өзі терапияға дайын болмаса, одан еш нәтиже шықпайды.
Құмар ойындарға деген тәуелділіктен айығуға болады, бірақ терапия кешенді жүргізілуі керек. Көбінесе ол келесі процедураларды қамтиды:
- Психикалық түзету әдістері. Бұл жерде топтық және жеке терапия қарастырылады.
- Әлеуметтік бейімделу. Адамдармен жаңадан байланыс орнатуды үйрену, құмар ойындарға қатысы жоқ қызықты іс, жұмыс табу, өз қабілеттерін іске асыру.
- Дәрі-дәрмек терапиясы. Ол көмекші рөл атқарады: мазасыздықты жеңілдетеді, ұйқыны қалыпқа келтіреді, мидың қан айналымын жақсартады.
- Нәтижені сақтау – рецидивтің алдын алу.