Қабдеш Жұмаділов – қазақтың қабырғалы қаламгері
Биыл 5 сәуірде оның өмірден өткеніне 3 жыл болды.Қазақ әдебиетінің классигі, ұлт руханиятының қорғаны Қабдеш Жұмаділов –жазушы, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, "Парасат", "Барыс" ордендерінің, Тәуелсіз Тарлан сыйлығының иегері. 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген. Жастық шақта жазылған өлеңдері 1967 жылы "Жас дәурен" деген атпен жеке жинақ болып шыққан.
Бірыңғай проза жазуға ойысқан дара жазушының "Қаздар қайтып барады" атты алғашқы әңгімелер жинағы 1968 жылы, ал "Көкейкесті" романы 1969 жылы жарық көрді. Содан бері жазушы қаламынан көптеген әңгіме, хикаяттар, он шақты роман туған. Қаламына арқау еткен романдарының көбі тарихи тақырыпқа арналған.
Оның екі кітаптан тұратын "Соңғы көш" (1974–1981), "Атамекен" (1985), "Тағдыр" (1988) романдары Шыңжаң қазақтарының өмірінен жазылған. Бұл шығармалары жоғары бағаланды. Атап айтар болсақ, "Соңғы көш" дилогиясына 1983 жылы Мұхтар Әуезов атындағы әдеби сыйлық, 1990 жылы "Тағдыр" романына Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді.
Қазақ әдебиетіне осындай қомақты да құнды романдарын тарту еткен Қабдеш Жұмаділов 20 жасында Алматыға келіп, Мұхтар Әуезовтен тәлім алған. 1951 жылы, яғни 36 жасында жазған "Соңғы көш" романы ең алғаш "Жазушы" баспасында 4 дана етіп басылып, Орталық комитетке, Тарих институтына, Әдебиет институтына, Қауіпсіздік комитетінің орталық штабына жіберілген. Сөйтіп, осындай сүзгіден өткеннен кейін ғана тасқа басылып, елге тараған. Осының өзі романның қандай жүк көтеріп тұрғанын пайымдауға болады.
1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түскен. Алайда университеттің екінші курсынан кейін, екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты кері шақырылған. Кейін атамекенге оралған соң, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі оқуын жалғастырған. Жазушы болуды алдына мақсат етіп қойған қабырғалы қаламгер ештеңеге дес бермеген. Сөйтіп, Қабдеш Жұмаділов тарихты қайта таразылаған Ілияс Есенберлиннен кейінгі дарабоз тұлға болып қалды.
"Соңғы көш" романы қазақ әдебиетінде үлкен құбылыс болды. Тілдік құмары халықтық тіл болған және Мұхтар Әуезов тілінің мәдениеті болған. Қабекеңнің білімділігі, көп ізденгенділігі жалған идея, жасанды концепция, алдамшы ұрандарға еліктемеген. Тек шындықты, шыншыл әңгімені жазған", – дейді әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке.
Негізі, Қабдеш Жұмаділов – 1962 жылғы қазақ көшінің басы-қасында жүріп, сол туралы тарихи туынды жазған қаламгер. Сол ұлы көш – оның азаматтық һәм қаламгерлік қызметінің шыңы.
Қаламгердің бүгінгі күнге дейін отызға тарта кітабы жарыққа шығыпты. Негізгі еңбектері 2003-2004 жылдары "Қазығұрт" баспасында басылған он екі томдық шығармалар жинағына топтастырылған. Мұнан кейін, дәлірек айтсақ, 2008 жылы "Мәңгілік майдан" кітабы жарық көрген. Жазушының шығармалары орыс, украин, беларусь, өзбек, ұйғыр, қырғыз тағы басқа тілдерге аударылды.
"Бүкіл ғұмырында жазған шығармаларының бірде-біреуі банкроттыққа ұшырамаған кісі. Заманына сай әдебиет шығармалары жойылмаған, қаламынан туған түрлі көркем сөздері өміршең бола білген. Қабекең жазған әрбір хат, әрбір сөйлем "Құран аяттары" сияқты халқымен, қазағымен бірге жасайды", – дейді ақын, Мәдениет қайраткері Алмас Ахметбекұлы.
Рухы биік жазушы тек шығармалар жазып қана қоймай, сонымен бірге қоғамдық- саяси мәселелерге де араласып, өзінің көзқарасын білдіріп отырған. Ұлт, рух, тіл, салт-дәстүр туралы мәселелерге дер кезінде үн қосып отырды. Шымбайға батса да, шындықты шырылдатып айтатын дара тұлға еді. Өмірінің соңына дейін жазудан қол үзбеген.
"Қабекеңнің бүкіл романдары, повестері, әңгімелері, мақалалары тіпті сұхбаттарына дейін бәрін қалай жазғаны, қандай көңіл-күйде болғаны, қалай тебіренгенінің бәрі көз алдымда. Жазу – оңай іс емес, тыныштық керек. Жанұямызда 5 баламыз бар, 4 ұл, 1 қыз. Бәрі – жоғары білімді, қазақ мектебін тамамдаған", – дейді Қабдеш Жұмаділовтың асыл жары Сәуле анамыз.
Қабдеш Жұмаділов – елін сүйген, туған тілі мен жерін құрметтеген, шығармашылық жолында ерен еңбек еткен қабырғалы қаламгер, қоғам қайраткері. Оның есімі елімен бірге мәңгі жасай бермек!
Бибінұр Құлмаханбетқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің 2-курс студенті
Жетекшісі: Ермахан Шайхыұлы