Бүгін, ақпанның 2-сінен 3-іне қараған түні мұсылман қауымы Бараат түнін өткізеді. Хижра жыл санауы бойынша – Шағбан айының 14-інен 15-іне қараған түн. Бұл түні құбыла Құдыс қаласындағы Ақса мешітінен Меккедегі қасиетті Қағбаға қарай өзгерген. Бараат түнін "күнәдан тазару және кешірім түні" деп те атайды. Ислам ғұламалары Бараат түнін Рамазан айындағы Қадір түнінен кейінгі ең ұлық түн деп есептеген. Бараатты бос жіберіп алмай, шама келгенше құлшылық етіп өткізу Рамазан айындағы мың айдан да қайырлы Қадір түніне дайындық іспеттес.

Бараат түнінің қасиеті

Бұл түн "кешірім түні" деп те аталады. Бараат түні Алла Тағала ғибадат еткендерді рақымына бөлеп, тәубесін қабыл алып, күнәсын кешіреді, мейіріміне бөлейді. Ислам ғұламалары бұл түнді "Қадыр түнінен кейінгі ең ұлық түн" деп санаған.

Бараат түні тағдырға қатысты ризық-несібе, ажал, өмірге келу және өмірден өту секілді нәрселер нақтыланады. Алланың мейірімімен қаншама адамның күнәсі кешіріліп, тозақ отынан құтылады. 

Мұсылман қауымы бұл түнде Алла Тағала кейбір адамдарды бақытқа кенелтіп, кейбіреуін мейірімінен ұзақтатады, біреудің дәрежесін көтеріп, біреудікін түсіреді, біреуін сыйлыққа жетелейді, тағы біреуін одан құр қалдырады деп сенеді.

Бараат – тозақтан құтылуға мүмкіндік беретін түн. Мұхаммед пайғамбар: "Жәбірейіл Маған келіп: "Бұл – Шағбан айының он бесінші түні. Алла Тағала бұл түні көптеген адамдарды тозақтан азат етеді. Олардың саны қалб тайпасының қойларының жүнінен асып түседі. Тек осы түнде Аллаға серік қосушыларға, бір-біріне өштесіп жүрген адамдарға, туысқандық қарым-қатынасты үзушілерге, изарын тәкаппарланып тобықтан төмен түсіретіндерге, ата-анасына қарсы шығатындарға, араққа салынғандарға мейіріммен қарамайды", – деген (Байһақи).

Бараат – бір жылдық (ажал, дүниеден өту, ризық-несібе) тағдыр жазылатын түн Мұхаммед пайғамбар: "Бұл түнде сол жылы дүниеге келетіндер және сол жылы дүниеден өтетіндер жазылады. Ол түні пенделердің амалдары көтеріліп, ризықтары белгіленеді", – деген ("Мишкат әл-Мәсабих", 115).

Бараат – дұғалар қабыл болатын түн. Бараат түні жайында Мұхаммед пайғамбар былай деген: "Бұл – Шағбан айының он бесінші түні. Алла Тағала бұл түні құлдарына мейіріммен қарайды, кешірім іздеушілерге кешірім береді, кешірім сұраушыларға Өзінің мейірімін төгеді. Бірақ жүрегінде ашу-ызасы бар кісілерді мейірімсіз қалдырады әрі олар зұлымдықтан арылмаса, оларды жарылқамайды да", – деді (Бәйһақи). 

Бараат түнінің қасиетті басқа түндерден айырмашылығы – күн ұясына батқаннан бастап Алла Тағалаға құлшылық жасап, дұға ете беруге болады. Ал басқа түндерде ол түннің соңғы бөлігінде орындалады. Имам Шафиғи: "Бес түн бар, ол түндерде тілеген дұғалар кері қайтарылмайды" деп, соның ішінде Шағбан айындағы Бараат түнін де айтқан. 

Бараат түні жасайтын амалдар

Қасиетті түндер Ислам дінінде құрметтелетін түндер болып есептеледі. Алла Тағала пенделеріне рақымдылық танытып, кейбір түндерді қадірлі деп сипаттап, сол түндерде оқыған дұғалар мен тәубелері қабыл болады деп көрсетті. Құлдарының көп құлшылық қылып, дұға және тәубе етуі үшін осы түндерді себепші етті. Бесін намазынан сол түннің соңына, яғни таң атқанға дейінгі уақыт қадірлі уақыт саналды.

Сондай қасиетті түндердің бірі – Бараат түні. Бараат түнін дұрыс қарсы алу үшін бұл түнді ұйқысыз өткізген абзал. Алайда оған шамасы жетпегендер осы түннің кез келген бөлігін құлшылыққа арнай алады. Бараат түні намаз оқыған, сәресіні ішкен адамға Рамазанның соңғы түндері жеңіл болады дейді. 

Мұхаммед пайғамбар: "Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: "Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін", – деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді", – дей келе, "Алла Тағала Шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді", – деген. 

Бараат – періштелер жер бетіне түсіп, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан бұл түнде Пайғамбарға көп салауат, күнәлардың кешірілуін тілеп, дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Бұл түні көп ғибадат жасап, күнә істерден арылып, тәубе еткен жөн.

Қасиетті Бараат түні жасайтын амалдар:

  • Намаз – Бараат түні атқарылатын ең абзал құлшылықтың бірі. Намаз ракағатының белгіленген саны жоқ, алайда ракағат саны сегізден кем болмауға тиіс. Намазда Құраннан ұзақ аяттар оқылғаны жақсы. Кімде-кім ұзақ сүрелерді есіне түсіре алмайтын болса, бір ракағатта қысқа бір сүрені бірнеше рет қайталауына да болады.
  • Тиләуәт. Құран оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылық түрі. Намаз оқып болған соң я болмаса басқа уақытта шамаңыз жеткенше Құран оқыңыз.
  • Зікір. Пайғамбарға салауат айту. Сондай-ақ зікірді жүріп бара жатқанда, төсекте жатып және де жұмыс уақытында немесе жұмыстан тыс уақытта да оқуға да болады. 
  • Тәубе ету және истиғфар айтуға көңіл бөліп, түрлі бидғаттардан сақтану. Жыл бойы істеген істерін, өз өмірін ой елегінен өткізіп, Құдайдан кешірім сұрап, оны тез түзетуге тырысқан жөн. Егер біреуді ренжіткен немесе біреумен араз болса, бір-бірінен кешірім сұрап, бауырлар секілді достасу керек. Біреуден қарыз алып, себепсіз қайтармай жүрген болса, дереу қарызын қайтару жолын қарастыру керек. 
  • Дұға. Бұл түні көп пайда әкелетін ғибадаттың бірі. Бараат түні өзі және мұсылман үмметі үшін қайырлы дұғалар жасаған жөн. Дұға – ғибадаттың мәйіегі. Алла Тағала пендесіне әрдайым дұға жасауды бұйырады. Бараат түні дұғалардың қабыл болуы әбден мүмкін.
  • Ораза ұстау. Мүмкіндік болса, Шағбан айының он бесінші күні ораза тұтқан жөн. Мұхаммед пайғамбар былай деген: "Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: "Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін", – деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді" (Ибн Мажә). Бұл күні ораза тұту – ұнамды іс. Десе де ораза ұстамаған адамдар күнәһар болмайды.

Мұхаммед пайғамбар: "Бұл түні көктердің есіктері ашылады, періштелер мұсылмандарға сүйінші айтады, ғибадатқа шақырады. Бараат түнінде көп ғибадат жасаңдар! Әйтпесе, Қияметте өкінесіңдер", – деген (Нәсаи). Сондай-ақ, бұл түні мұсылман туысымен байланысын үзгендер, өзін жоғары санағандар және ата-анасына қарсы шыққандар кешірілмейтінін айтқан.

Сондықтан ана-ананы құрметтеу, туыстармен хабарласып, хал-жағдай сұрасу, науқас адамдардың көңілін сұрау, бала-шағаға өнеге болу арқылы да күнәлар кешірілуі мүмкін. 

Бұл түнде күнәлі істерден аулақ болған жөн. Кейбіреулер еркеше тағамдар әзірлеп, үй ішін я болмаса мешітті безендіріп, бұл түнді атап өтіп жатады. Алайда мұның бәрі еш жерде жазылмаған негізсіз амалдар. Кейбіреулер бір жерге жиналып, діни жиын өткізіп, ұзақ сабақтар оқиды. Мұндай амалдарды атқарудың қажеті жоқ. Бұл түні тек қана құлшылық, ғибадат жасаған абзал.

Намаз, Құран оқу және зікір секілді құлшылықтарды топпен емес, жеке орындау қажет. Нәпіл намаз жамағатпен оқылмайды. Бұл түнді атап өту үшін жамағатты мешітке жинаудың қажеті жоқ.