Бұған дейін Информбюро порталы хабарлаған Астана қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев әуежайындағы дау жалғасын тапты. Әуежайда 2020 жылдан бері ақша айырбастау қызметімен айналысып келген "Сервис-АСТ" компаниясы әуежайдың жаңа басшылығы тарапынан кедергілерге тап болып, іс сотқа дейін ұласқан болатын. 

Бірінші инстанция соты істі компания пайдасына шешкенімен, компания басшысы Айнұр Рахымова осыдан кейін өзіне және компаниясына қарсы ақпараттақ шабуыл күшейіп кеткенін айтады. 

Еске салсақ, әуежай басшылығы 2024 жылдың басында "Сервис-АСТ" компаниясы жалдап отырған екі кассаның бірі бойынша жалға беру шартын ұзартудан бас тартып, шартты басқа компаниямен жасасқан болатын. Бұған наразы болған кәсіпкер Астана қаласының экономикалық сотына шағымданады. Өйткені, компания қызметіне қатысты бұған дейін ешқандай шағымдар болмаған және әуежай тарабы орынды босату жөнінде хабарламаны алдын ала ескертпестен бір-ақ күн қалғанда берген. Бұл туралы Информбюро порталын жазған еді, оны осы материалдан оқи аласыздар. 

Кәсіпкердің жалға алу құқығын қайт қалпына келтіру туралы арызы бойынша соттың істі қарауының "алғашқы раундында" сот компанияны қолдаған. Алайда, әлеуметтік желі арқылы бұл іске ықпал еткісі келетіндер көбейіпті. 

"Бұл іске қатысты мұндай реакция болады деп ешкім күткен жоқ. Желідегі мен және менің компаниям туралы түрлі материалдар менің түрлі эмоциямды туғызады. Алайда, эмоция не, өтеді де кетеді, ал адамның таза аты мен абыройы қалады. Мен бұл іске соңғы нүктені сот қояды деген ұстанымдамын. Әйтпесе, нақты дәлелдер мен деректермен әрбір жалаға жауап беруге мен дайынмын. Бұл оңай, бірақ мен мұндай қадамға барғым келмейді. Менің айтарым біреу-ақ, мен өз кәсібімді заңды және қолжетімді жолдармен қорғаймын", – деді Айнұр Рахымова. 


Оқи отырыңыз: Астана әуежайындағы ақша айырбастау пункті неге жабылуы мүмкін 


Астана халықаралық әуежайындағы ақша айырбастау пункті

Компания адвокаты Алма Мусина "Сервис-АСТ" ЖШС компаниясының талап-арызының мақсаты ҚР Азаматтық кодексінің 557-бабының талаптарына сай келетінін алға тартады. Бұл бапта өз міндетін лайықты атқарған жалға алушының жалға шарт мерзімі біткен жағдайда оны жаңа мерзімге жасау бойынша артықшылықтарға ие екені көрсетілген. 

"Яғни, компания өзінің артықшылық құқығына сәйкес, әуежай басшылығынан басқа компаниямен жасалған шартта көрсетілген құқықтар мен міндеттемелерді өзіне ауыстыруды немесе өзімен шарт жасасуды заң жүзінде талап отыр. Сотқа шағымдану себебі де осы", – деді адвокат Алма Мусина. 

Оның айтуынша, ақша айырбастау қызметін монополиялау мүлде мүмкін емес. Бұл ашық бизнес және кез-келген қалаған жерінен кәсіп ашуға құқылы. Бұған Астана әуежайындағы өзге де ақша айырбастау пункттерінің жұмыс істеп жатқаны дәлел. 

"Сот процесі ашық өтіп жатыр, оған қатысты ақпараттың бәрі қолжетімді. Бұл жерде ешқандай құпия жоқ", – дейді адвокат. 

Ал Астанадағы халықаралық әуежайдың бұл мәселе бойынша берген түсініктемесіне құлақ түрсек, дау олардың бәсекеге қабілеттікті күшейткісі келгенінен басталған. 

"Сервис АСТ" ЖШС-мен жалдау шартының мерзімі аяқталған соң, ННХӘ оны ұзартпау туралы шешім қабылдады. Оған себеп – компанияның әуежайда ақша айырбастау пункттері арасында бәсекелестікті құру ниеті. Мұндай бәсекелестік валюта айырбасы үшін таңдау мен мүмкіндіктерді көбейтеді, әуежай қонақтары мен жолаушыларына қызмет көрсету сапасын арттырады", – делінген әуежайдың баспасөз қызметінің хабарламасында

Кәсіпкер Айнұр Рахымова мұндай тұжырыммен келіспейді. Ол әуежайда 10-15 ақша айырбастау пункті ашылса да, жұмысты жалғастыруға дайын екенін айтады. 

"Әуежайға бәсекелес компанияны біз әкелмейміз ғой. Кейін әуежайдың басқа бөлігінен бәсекелес ақша айырбастау пункті ашылды. Оған біз қарсы емеспіз, әрбір кәсіпте бәсеке болуы керек. Тіпті, әуежайды 10-15 пункт ашылса да, біз жұмысымызды жалғастыруға даярмыз. Сондай-ақ, курстық айырманы қаржылық реттеуші – Ұлттық банк белгілейді. Біз соған сай, заң аясында курстық айырманы қоямыз", – деп түсіндірді Айнұр Рахымова.

Еске салайық, Астана халықаралық әуежайы Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвестор Terminal Holdings компаниясының басқаруына өткен болатын. Бұл жөніндегі келісімшарт бір жылға жасалған. Мұндағы мақсат – әуежайлы мультимодалды хаб ретінде дамыту, ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізу, жүк терминалының қуаттылығын мен жолаушылар санын арттыру. Келісімшартты ұзарту-ұзартпау мәселесі инвестордың бір жыл ішінде атқарған жұмысының нәтижесіне қарай шешілуі қажет.