Суррогат болу – қажеттілік пе, бизнес пе?
Анықтама: "Суррогат" деген сөз латын тілінен аударғанда, алмастыру деген мағынаға ие. Яғни өзгенің баласын тоғыз ай, тоғыз күн бойы көтеріп, жатырын жалға берушілерді "суррогат" аналар деп атайды.
Жарнама берушілердің дені 21–30 шамасында
Қызметін әркім өзінше бағалаған. Тіпті, қарыздарын өтеу үшін суррогат ана болуға барғысы келетіндерін ашық жазғандары да кездеседі. Біріне хабарласып, әңгімеге тартқан едік. Сұрағымызға жауап бергенмен, артынан есімін атамауды өтінді.
Жатырын саудаға салушы әйелдің айтуынша, шет елде суррогат аналардың қызметі қымбат бағаланады. Сондықтан шет елге барып, осы қызмет түрін көрсететін қазақ әйелдер көп екен.
Мен қазір суррогатпын
"Тараздың тумасымын. Жасым 26-да. Мен қазір суррогатпын. Мамыр айында босанамын. Қазақтар суррогат анаға 2-3 миллион теңге ғана береді. Ал шетелдіктер одан көп төлейді. Әрі келісім-шартқа отырысымен, тоғыз ай бойы сол тапсырыс берушінің елінде болады.
Әсіресе, Мәскеуден сұраныс көп. Бір жыл бұрын астаналық қыз Мәскеуге кетті деп естігенмін, қайтатын уақыты болды. Маған да Мәскеуден ұсыныс түскен, 12 мың долларға. Мен келіспедім, алдап кетеді деп қорықтым.
Кейін интернеттен қарасам, шет елде суррогат ананың құқықтары жақсы қорғалады екен. Босанғаннан кейін баланы бермей қоюыңа да мүмкіндік бар. Ақшасын азсынсаң, тағы қос деп бопсалауға да болады. Ал Қазақстанда олай жасай алмайсың. Себебі, қолыңда келісім-шарт тұр. Баланы бермесең, сотталып кетесің. Өзге біреуге жария етсең, 200 мың айыппұл төлетеді, не болмаса 30 күнге отырғызады", – дейді ол.
Жарты жыл тынығып, тағы босанамын
Суррогаттықты таңдаған әйел бала дүниеге келісімен жарты жыл тынығып, бұл қызметін қайта жалғастырмақшы.
"Бұрын суррогат болған, тәжірибесі бар әйелдерге сұраныс көп. Жобамен, 2 миллионнан жоғары төлейді. Ай сайынғы ішіп-жем, медициналық көмек, пәтер және киім-кешек осы кісілердің мойнында. Жолдасым тастап кеткен. 4 жасар қызым бар. Мен үшін қазіргі күн көрудің жолы осы ғана болып тұр. Алғашында қырғыздармен де сөйлесіп жүрдім. Қазір Москвада тұратын бір адаммен сөйлесіп отырмын.
Әкемнің ағасы – қажылыққа барып келген кісі. Дінге, мұсылмандылыққа еш қайшылығы жоқ деген соң, осы қадамға бардым. Біріншіден, бала туып беріп, мен осы отбасыны сақтап қаламын. Екіншіден, өзім де тұрмысымды түзеймін.
Мешітке барып сұрағанда, "ол – харам, балаңды тастап кетумен бірдей" деді. Меніңше, олай емес. Бұл балада менің бір тамшы да қаным жоқ. Табиғи жолға келіспеуші едім. Себебі, ол кезде менің қатысым болады, демек өз балаң. Ал мына жағдайда дайын ұрықты (эмбрионды - авт.) салады. Соны білген соң ба, іштегі балаға сондайлық мейірім төге алмайды екенсің. Бар аналық махаббатымды өз қызыма арнаймын. Қызым да бұл баланы тастап, ауылға кететінімізді біледі", – деп сендірді ол.
Суррогат ана қызметіне жүгінушілер көбейді
Жатырын жалға бергісі келетін аналарға қойылар талап қатаң. Жасы 35-ке дейінгі, отбасылы, кем дегенде екі бала туған, ұқыпты, ешбір зиянды қылығы жоқ, инфекциялық, созылмалы аурулармен ауырмаған әйел болуы тиіс.
Желіде суррогат ана болғысы келетіндердің ғана емес, суррогат ана қызметіне жүгінушілердің де берген хабарландырулары көп. Мәселен, "Мен сурогатты ана іздеймін, табиғи жолмен болмаса инсеминация (жасанды жолмен ұрықтандыру) жасатамыз. 15 жылдан бергі арманым – перзент сүю. Егер де осы арманымды орындар қыздар болса, сауап жасағысы келсе, мен дайынмын. Әсіресе, алданып қалып, аяғы ауырлаған қыздармен келісіп, баласын асырап алуға дайынмын. Алла разылығы үшін, көмектесіңдерші!" – деген хабарландыру мәтіні назарымызды аударды.
Көрсетілген телефон нөмеріне қоңырау шалдық. Тағы да есімін атағысы келмеген әйел. Дәрігерлердің қателігінен бала сүю бақытынан айырылған екен.
"Жасым 40-та. Дәрігерлердің салғырттығынан енді бала көтере алмаймын. Мен үшін жалғыз шешім – суррогат ана іздеу. 15 жыл күттім, мен үшін басқа жол жоқ енді. Әзірге заң жүзінде еш кедергі болған емес. Тыйым салынған жағдайда, өзге рұқсат етілген елдерге барып жасатуға болады ғой. Басынан өтпеген адам түсінбейді".
Бедеулер мен белсіздер суррогат ана іздейді
Статистика бойынша, Қазақстанда отбасы құрған жұптардың 15% бедеулікке, белсіздікке шалдыққан.
Егер бір жылда шамамен 150 мың неке тіркеледі десек, оның 15% – яғни 20-21 мың жұп баласыз. Олардың 60% әр түрлі жолдармен (гормонды дәрі-дәрмек ішіп, ота жасатып) емделеді. 40% қосымша репродуктивті технологияларға жүгінеді. 40% әйелдердің бедеулігінен, 30% еркектердің белсіздігінен, 30% екеуінен бірдей болғандықтан жылына 6500 жұп ЭКО жасатады екен.
Мемлекет бөліп отырған квота мұқтаж жұптардың жартысына да жетпейді. Мысалы, биыл 920 квота бөлінген. Бұл мұқтаж жұптардың тек 17% ғана қамтиды.
Бұл мәселе қоғамды толғандырмауы керек
Вячеслав Лошкин, Репродуктивті медицина қауымдастығының президенті:
"Қазақстан бойынша жылына 250 жұп суррогат ана көмегіне жүгінеді. Жатыры жоқ және жүктілікке тыйым салынған әйелдерге ғана суррогат ана қызметі көрсетіледі. Жалпы бұл мәселе қоғамды толғандырмауы керек. Бізге өзге елдерден де келіп, емделіп жатады. Емделушілеріміздің 10-12% шет елден, негізі Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Ресейден келеді. Өйткені, бізде баға арзан. Өзге елдерден суррогат ана көмегіне жүгінетіндер де бар. Бірақ, өте аз".
Суррогат аналардың гендері балаларға берілуі мүмкін
Бедеулікті зерттеген Стэнфорд университетінің мамандары "әйел жатыры балаға генетикалық тұрғыда ықпал етеді" деген тұжырым жасады. Яғни, суррогат ана – инкубатор ғана емес.
Ғалымдар 27 спецификалық аналық микроРНҚ-ның алтауының жатыр эпителиясында жүктіліктің алғашқы апталарында болатынын анықтаған.
Анықтама: МикроРНҚ – РНҚ-ның ақуызға айналмайтын санатына жататын шағын молекула. Ол адам геномының жұмысының үштен бір бөлігіне жауап бере алады. Себебі, бір микроРНҚ көптеген генетикалық ақпараттың өтуіне ықпал етеді. ДНҚ – генетикалық ақпаратты сақтап, ұрпақтан ұрпаққа береді. РНҚ – генетикалық ақпаратты тасымалдауды жүзеге асырады.
Осылайша, жатырын жалға беруші ананың ағзасы эмбрионның дамуын қадағалайды және әр түрлі гендердің экспрессиясын өзгертеді. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, тек ананың ағзасы ғана балаға қандай гендердің берілетінін анықтайды дейді ғалымдар.
Астананың "Эколайф" медициналық орталығының жоғары санатты дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Мустафин Рамиль бұл тұжырыммен келіспейді.
"Генетикалық тұрғыда суррогат ана гендерінің балаға берілуі мүмкін емес нәрсе. Заң жүзінде жатырын жалға беруге кедергі жоқ, шектеу тек діни тұрғыда".
Әр елдің заңы басқа...
Әлемде суррогаттыққа заңмен шектеу қойған мемлекеттер бар. Мәселен, Франция, Германия, Австрия, Норвегия, Қытай, Швецияда суррогаттыққа үзілді-кесілді, Канада, Израиль, Ұлыбритания, Австралия, АҚШ-тың бірнеше штаттарында белгілі бір коммерциялық келісіммен суррогат ана атану заңмен тиым салынған. Бельгия, Греция, Ирландия мен Финляндияда суррогаттылық заңмен реттелмегенімен, қызметтің бұл түріне жүгінетіндер кездеседі.
Индия бұны енді ғана тәжірибеден өткізіп жатыр, тек заңмен тыйым салынған елдердің азаматтары үшін мұндай қызмет түрін көрсетпейді. Мұсылман елдерінде сурогатты ана қызметі ислам дініне қайшы деп танылған. Сондықтан ресми түрде тек шиитер мекендеген Иранда ғана рұқсат етілген. Сунниттерде бұл зинақорлықпен тең деп есептеледі. Себебі әйел баланы өзінің некелі күйеуінен көтермейді.
Ал посткеңестік елдерде суррогат ана атану коммерциялық мүддені көздейді. Украинада, Ресейде бұл іс әлдеқашан жолға қойылған.
Біздің елімізде суррогат ана туралы заң 2004 жылы ғана бекітілді. Келісімге келген тараптардың құқықтық міндеттемелері, салдары, егіз бала дүниеге келген жағдайда не істеу керектігі, егер биологиялық ата-аналар ажыраса қалса, қандай шешім қабылданатыны толықтай белгіленген. Сондай-ақ, заңда суррогаттық тәсілмен сәбидің дүниеге келуіне ықпал еткен денсаулық сақтау мекемесі, келісімді бекіткен нотариустың құпияны жарияламауы да міндеттелген.
Суррогат ана шариғатқа қайшы
Суррогат ана мәселесіне қоғамның көзқарасы әртүрлі. Біреулер баласыз, қубас ерлі-айыптылар үшін таптырмас шешім деп есептесе, кейбіреулер үшін бұл – қылмыспен пара-пар қадам.
Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар Кеңесі суррогат ана болудың шариғи үкімін шығарды. Пәтуа мынадай:
Біріншіден, ерлi-зайыптылардың аталық ұрығы мен аналық жұмыртқа жасушасын сырттай, арнайы түтiкшелерде ұрықтандырып, оны құрсақ ана қызметін атқаруға ризашылығын білдірген бөтен әйелдің жатырына енгізуге тыйым салынады.
Екіншіден, әйел жатыры өзгеге жалға да, ақысыз да берілмейді.
Қазақ бұрын суррогат ана жалдамай-ақ мәселені шешкен
Бала – дәнекер, ұрпақ, әулетіңнің жалғасы. Жаратушы иеміз біреуге перзентті аямай береді, енді бірін шаранаға зар қылып қояды. "Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар». Елімізде бір балаға зар болып жүрген жандар көп.
Көшпелі қазақ қоғамында полигамиялық некеге негіз болған басты себептердің бірі – бала сүю. Бәйбішесі мүлдем бала көтермесе не ұл тумаса, не аурушаң болған жағдайларда ері сондай қадамға барған. Кейде өзінің кіндігінен өрбіген баласын етжақын туысының бауырына салып, содан кейін перзентті болып кетуін тілейтін. Тіпті өзінің балалары бола тұрса да, жетімді бауырына басатындар кездесетін. Алайда, қазір сол дәстүріміз ұмыт қалған сияқты.
Қубас ерлі-зайыпты жетім баланы бауырына басса, сауабы мол. Дінімізде бауырының баласын асырап алу деген де бар. Ол жерде тегі ауысып кетпеуіне мән беру керек. Баланың өз әкесінің аты сақталу керек.
Бұл – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының шариғат және пәтуә бөлімінің маманы Айдын Болшыбаевтың жеке пікірі.
"Тарихымызда қазақта жетімдер үйі деген болмаған, дінімізге, дәстүрімізге жат нәрсе. Қазақ ешуақытта жетімін жылатпаған. Әке-шешесіз қалғандарды ағайын-туысы қамқорына алатын. Қазір ондай жоқ.
Жетім баланы шын ниетпен, өз баласындай көріп өсірсе, туысыңнан да артық болып кетеді. Ерекше мейіріммен, махаббатпен өскен бала жаман болмайды. Тегіне тартады деген шариғатта жоқ, ол тек ырым ғана. Біреулер балаға зар, біреулер балаларынын безінеді, енді біреулер жасанды түсікпен алдыртып тастайды.
Бұл – қоғамдағы шешімін таппай отырған өзекті де үлкен мәселе. Бала көтере алмаған жағдайда сабыр ету керек, дұға оқып, Алладан тілеу керек. Бірден суррогат анаға жүгіну деген болмайды, дінге қайшы".
Бедеулікті емдеудің жаңа дәуірі
Ғылыми тұрғыда жасанды жолмен балалы болу сонау 1950 жылдан зерттеле бастады. Анасының ағзасынан тыс жерде пайда болған тұңғыш сәби 1978 жылы Англияда дүние есiгін ашты. 1990 жылдардың басында бедеулікті емдеудің жаңа дәуірі басталды. Клеткалық инжиниринг арқылы баланың пайда болуына әсер етудің түрлі әдіс-тәсілі шықты.
Тікелей отбасылық жұптың бедеулік деңгейіне байланысты суррогат ана бірнеше түрге бөлінеді. "Дәстүрлі" әдіс бойынша, суррогат ананың ұрық клеткасына болашақ сәбидің биологиялық әкесінің тұқымын қосады. Ал "толық" әдісі бойынша, суррогат ана мен баланың арасында ешбір генетикалық байланыс болмайды. Яғни, суррогат ананың құрсағына биологиялық ата-ананың ұрықтанған клеткасы енгізіледі.
Суррогат ана технологиясының 20 жылдан астам тарихы бар. Осы уақыт ішінде әлемде дәл осы әдіс бойынша мыңдаған сәби өмірге келді.
Суррогат ана қызметіне жүгінген "жұлдыздар"
Алла Пугачева мен Максим Галкин де суррогат ананың көмегіне жүгінді. Гарри мен Елизавета атты егіз сәбидің ата-анасы атанып отыр. Филипп Киркоров та солай бір емес, екі мәрте әке атанып үлгерді. 2011 жылы Киркоровтың Алла-Виктория атты қызы, бұдан соң оның Мартин есімді ұлы өмірге келді. Әлемге танымал әнші Майкл Джексонның ұлы ханзада Майклдің 2002 жылы суррогат анадан туғаны жасырын емес.
"Жұлдызды соғыс" (Звездные войны) киносын түсіруші режиссер Джордж Лукас пен әйелі Мелоди Хобсон, Актриса Элизабет Бэнкс пен зайыбы Макс Хандельман осы әдіс арқылы 2011 жылы ұлды болды. Сондай-ақ, 2009 жылы Сара Джессика Паркер мен оның жолдасы Мэттью Бродерик екеуіне суррогат ана егіз қыз сыйлаған болатын.
Мадридтік "Реалдың" және Португалия құрамасының танымал футболисі Криштиану Роналду жақын күндері тағы әке атанады деген ақпарат жуырда тарады. АҚШ-та тұратын суррогат ана оның егіз балаларын көтеріп жүр екен. Жақын күндері ол босануы тиіс деп The Sun басылымы хабарлады. "Криштиану балаларын асыға күтіп жүр. Ол өзінің жеке өмірін жасыруға тырысуда, бірақ жақын достары мен туыстарына таяу уақытта егіздердің өмірге келетінін айтты", – деді дереккөз. 32 жастағы Роналдудың алты жасар ұлы бар. Бұл баланы да суррогат ана дүниеге әкелді.