Алматыда суық су мен кәріз қызметтерінің құны республика бойынша ең төмен көрсеткішке ие екеніне қарамастан, қызмет ақысын уақытылы төлемейтіндер өте көп. Нәтижесінде қала тұрғындарының су мен кәріз қызметі үшін дебиторлық берешегі 395 млн теңгеге жеткен. "Алматы су" мемлекеттік мекемесі бұған дейін борышкерлерге аталған қызметтерден ажырату түріндегі шара қолданып келгенімен, бұл да оң нәтиже бере қоймаған. Сондықтан кәсіпорын енді қарызын қайтарудан жалтарғандардың мүлкін тәркілеуге кірісіпті.

"Біз борышкерлермен кездесіп, олардың төлем жасамауының себебін анықтаймыз. Егер тұтынушыда уақытша қаржылық қиындықтар болса, оның жазбаша өтініші бойынша қарызды бірнеше айға бөліп төлеу мүмкіндігін береміз. Ал қарызды әдейі төлемейтіндерге қатал шара қолданылады. Мәселен, коммуналдық төлем қарызы 100 және 200 мың теңгеден асып кеткен екі қала тұрғынының теледидары мен көлігі тәркіленді", – деп хабарлады "Алматы су" МКК баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Алматыда кәріз қызметін 7,77 теңгеге қымбаттату ұсынылды

Биыл жауапты мекеме тарапынан 4 281 борышкерден 322 млн теңгені өндіріп алу туралы сотқа және нотариусқа талап арыз берілген. Оның 215 млн теңге сомасы оң шешімін тауып, жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындауға берілді. "Алматы су" МКК мәжбүрлеп өндіру жұмыстарына 16 жеке сот орындаушысын тартқан.

Жеке сот орындаушылары тәркілейтін мүлік түрлері:

  • ақша мен бағалы қағаздар;
  • банктердегі, сондай-ақ, сақтандыру ұйымдарындағы ақша мен мүлік;
  • жылжымалы мүлік;
  • жылжымайтын мүлік.
Сондай-ақ, борышкерлердің кейбір заңды әрекеттер жасауына тыйым салынып, мүлкі мөрленеді және құқық белгілеуші құжаттары тартып алынады.