Қазақстанда жұмыссыздарға ұсынылатын мүмкіндіктердің қатарында әлеуметтік жұмыс орындары бар. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының құралдарының бірі саналатын бұл тұста адамдарға жалақының бір бөлігін бюджеттен субсидиялай отырып, уақытша жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.

Әлеуметтік жұмыс орындары уақытша және бір жылдан аспайтын мерзімге арналған. Бағдарлама шартына сәйкес, әлеуметтік жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан бөлек құрылады және ауыр немесе зиянды, қауіпті еңбек жағдайы бар жұмыс болмауы керек. Сонымен қатар, оны барлық меншік нысандарындағы ұйымдарда ұйымдастыруға болады.

Бағдарлама қалай жүзеге асады?

Жұмыс беруші Жұмыспен қамту орталығы және қызметкер әлеуметтік келісімшарт жасайды. Уағдаластыққа сай, мемлекет ай сайынғы жалақыны 35% мөлшерінде субсидиялайды. Қалғанын жұмыс беруші төлейді. Осылайша, кәсіпорын өз бюджетін үнемдесе, жұмыссыз азамат нәпақа табу көзімен қауышып, мемлекет жұмыспен қамтамасыз ету міндетін орындайды.

Өмірден алынған оқиға


Фото Кристина Ботнарьдың жеке мұрағатынан

Степногорск тұрғыны Кристина Ботнарь жыл басында жұмыссыздар қатарына қосылды. Бірақ, ол ұзақ уақыт табыссыз отыра алмай, жедел түрде жергілікті Жұмыспен қамту орталығынан көмек сұрады. Онда оған әлеуметтік жұмыс ұсынылып, қолжетімді нұсқалардың тізімі берілді. Кейіпкеріміздің білімі жылжымайтын мүлікті бағалауға қатысты болғанымен, соңғы жылдары ақша айырбастау нүктесінде қызмет еткен. Дегенмен үнемі сұлулық салондарына сырттай қызығып жүрген. Сондықтан, әр нәрсенің қайыры бар демекші, ұсынылған мүмкіндікті қалт жібермей, тырнақ істеуші шебердің көмекшісі болуды таңдайды.

"Тәжірибесіз келсем де қабылдап, сұлулық салонында ақпан айынан бастап істеймін. Олар маған бәрін үйретті және осы уақыт ішінде өз шеберлігімді шыңдап қана қоймай, клиенттер қатарын көбейте алдым. Біреу танысының кеңесімен келсе, екіншісі әлеуметтік желіден естиді. Ең бастысы – барлығы риза. Адамдардың әрқашан сұлу көрінгісі келетінін ескерсек, кәсіп таңдаудан қателеспеген сияқтымын", – деп жымияды Кристина.

Оның айтуынша, "Еңбек" бағдарламасының негізгі артықшылығы – жұмыстың тез табылуы және таңдау әрдайым мол. Бағдарламаға қатысушы сұлулық саласында одан әрі көкжиегін кеңейтіп, біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр. Тіпті, болашақта ісін жаңадан бастаған мамандарды үйретпек ниетте.

"Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу жайлы өтінішпен келген Кристина Ботнарьдің бетін қайтармай, жұмыс берушіден түскен тапсырыс арқылы оны сұлулық салонына жолдадық. Сөйтіп ол осы уақытта бәрін меңгеріп, шебер бола білді. Айта кеткен жөн, жұмыс беруші, егер жұмыскер өзін жақсы жағынан көрсетсе, орын босаған кезде әлеуметтік келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатып, тұрақты қызметке қалдыра алады", – деп түсіндіреді Степногорск қаласындағы Жұмыспен қамту орталығының маманы Наталья Вендиг.

Ақмола облысының Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде 2020 жылдың 10 айында 549 адам "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. Жалпы, облыста бағдарламадағы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары жыл басынан бері 9 924 адамды қамтыды.