Сейсмология институтының ғылыми қызметкері: Қазақстанда жер қозғалысын тіркейтін станциялар жеткіліксіз
Мәселенің мәні. 19 қаңтарда Қытайдың Қашғар ауданында тіркелген магнитудасы 6 балл жер сілкінісі Алматыда 3-4 балл болып сезілді. Ал бүгінгі 4,5 балдық жер сілкінісі Алматы облысының Текелі ауданында тіркелген.
Сейсмология институтының ғылыми қызметкері – лаборатория меңгерушісі Алла Садықова бұл екі дүмпу арасында байланыс жоқ екенін айтады. Қытай тарапы Қашғардағы жағдай туралы ақпарат таратпаған.
"Текелі ауданы жоғары сейсмикалық аумақта орналасқан. 1993 жылы Текеліде жер сілкінісі болды. 2009 жылы одан әлсіз, бірақ айтарлықтай қуатты жер сілкінісі тағы тіркелді. Қазір бұл аймақтың сейсмикалық белсенділігі жоғары", – деді Алла Садықова.
Жер сілкінісі түрлі жиілікпен қайталанады. Жер сілкінісінің жиілеуі тұрғындардан үнемі дайын болуды қажет етеді. Мұндай пікір айтқан Сейсмология институтының ғылыми қызметкері Алматыда бұрын магнитудасы 8 балл және одан жоғары жер сілкінісі болғанын еске салды.
"Қуатты жер сілкіністері бірнеше ондаған жыл сайын қайталанады. "Верный жер сілкінісінің" магнитудасы – 8,3 болса, "Кеминдікі" – 8,2 балл болды. Верный деңгейіндегі жер сілкінісінің қайталану жиілігі – 100-140 жыл аралығы. Бұл жерде 1887 жылы жер қатты сілкінген болатын. Арада жүз отыз жыл өтті. Алда осындай деңгейдегі жер сілкінісі кез келген уақытта болуы мүмкін", – деді Алла Садықова.
Қазақстан аймақтарындағы жағдай қандай. Сейсмология институты орта мерзімді болжам картасын дайындайтын кезде сейсмологиялық экспедиция ұсынған барлық материалға талдау жүргізеді. Жыл сайын экспедиция Қазақстандағы зерттелетін аумақтардан энергетикалық деңгейі әртүрлі 12 мың жер сілкінісін анықтайды. Жыл басынан бері ел аумағында мыңға жуық жер дүмпуі болса да, қуатты жер сілкінісі тіркелмеген.
Сейсмикалық станциялар тек Қазақстаның оңтүстігінде орналасқан. Орталық, батыс өңірлерде мұндай оқиғалар сирек кездеседі. Экспедиция Түркістан, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарындағы дүмпулерді ғана анықтайды. Алла Садықова оңтүстік-шығыста орналасқан станциялардың жеткіліксіз екенін айтты.