Семейдегі ядролық медицина және онкология орталығының базасында еліміздегі алғашқы ядролық медицина орталығы ашылды. Орталық біртіндеп, үш кезеңде іске қосылады, деп хабарлайды Устинка.LIVE.

Басылымның хабарлауынша, бірінші кезеңде радиоизотопты диагностика бөлімі жұмысын бастайды. Мұнда орнатылған құрылғылар ағзадағы қатерлі ауруларды және көптеген басқа онкологиялық емес патологияларды да ерте анықтауға мүмкіндік береді.

Қазір мамандар қалқанша және қалқанша маңы бездеріндегі, бауыр мен бүйректердегі метастаздарды анықтау үшін адам қаңқасына зерттеулер жүргізуде. Сондай-ақ онкологиялық аураларға шалдыққан науқастарға жүргізілген емнің тиімділігіне баға береді.

"Бір фотонды-эмиссиялық компьютерлік томография – бұл диагностиканың заманауи ақпараттық әдісі. Ондағы зерттеу технеция-99m негізінде радиофармацевтикалық препараттардың көмегімен жүзеге асырылады. Оның жұмыс принципі қатерлі ісік жасушаларының "жаман мінез-құлқын" бақылау болып табылады. Өзгертілген жасушаларда қатерлі ісік пайда болғанға дейін қалыптан тыс метаболизм жүреді. Оларды анықтауға науқастың қанына енгізілетін арнайы препараттар  көмектеседі. Белгіленген қосылыстар неоплазмада жиналып, радиациялық сәуле шығарады, оны арнайы гамма-камера тіркейді", – деп хабарлады медициналық мекемедегілер.


Оқи отырыңыз: "Қатерлі ісіктен жазылуға болады". Обырды жеңген 4 жанның әңгімесі


Дәрігерлердің айтуынша, радиоизотоптық диагностика ісіктерді визуализациялауға, ісік процесінің таралуын бағалауға, бастапқы ісікті ғана емес, метастатикалық зақымдануды да анықтауға немесе жоюға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, құрылғылар кез-келген органның және адам ағзасының бүкіл жүйесінің функционалды жағдайын, соның ішінде қан мен лимфа қозғалысының жылдамдығын, метаболизмді зерттей алады.

Бөлімшеде 16 медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың арасында ядролық медицина, радиохимия, радиофармацевтер, медициналық физиктер, радиациялық қауіпсіздік жөніндегі инженерлер бар.

Орталықты іске қосудың екінші кезеңі шілде айында радионуклидтік терапияны енгізумен жоспарланып отыр. Ал, үшінші кезеңі қыркүйек айында ашылады. Ол уақытта орталықта позитронды-эмиссиялық томографияны жүргізе бастайды және заманауи циклотронда 18 F-фтордезоксиглюкоз радиофармацевтикалық препаратының өндірісін бастайды.

Семейдегі радиологиялық орталықтың құрылысы 2012 жылдың наурыз айында басталып, ғимарат 2015 жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілуі тиіс болатын. Бірақ, құрылыстың аяқталу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді.