Сайлау: Дауыстың дұрыс саналауын бақылау, сақтану. Әділ сайлау өтуі үшін не істеу керек?
9 маусымда кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Осыған орай, көршілес елдердегі болған жағдайларды, бұрынғы сайлауларды саралай отырып, "Сайлау тағдырын кім шешеді" деген сұраққа жауап іздедік.
Әділ сайлау өткізу өз қолымызда
Шын мәнінде, сайлаудың әділ өтуі әр азаматтың құқықтық санасы мен ортақ жауапкершілігіне байланысты.
Қоғамдық белсенді, журналист Серік Ерғали:
– Бірнеше рет сайлауда байқаушы болдым. Сонымен бірге дауыстың қалай ұрланатынын да зерттедім. Түрлі заңсыздықтарды көрдік. Әрине, оған заңдық негіздегі шаралар арқылы тосқауыл қою керек, яғни әр адам өзінің азаматтық құқын біліп, ел алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек. Ол үшін белсенді болу керек.
Сонымен бірге сенімсіздік жайлаған азаматтарға түсіндіру, психологиялық жақтан сауықтыру жұмыстарын қоса жүргізу керек.
Әр азаматты дауыс беруге, дауысты қорғауға, заңсыздыққа жол бермеуге шақырамыз. Сонда ғана әділ сайлау өтеді. Әділ сайлаудың кілті өзіміздің қолымызда, – дейді.
Сайлауда дауысты бақылау мен қорғау маңызды
Қай елде болмасын мүдделі топтар арасында жеңіске жету үшін қиян кескі бәсеке болады. Сол топтың немесе үміткердің ішінен өз кандидатыңызды таңдайсыз. Үміткерге дауыс беру барысында туындауы мүмкін кейбір келеңсіздіктерді де ескерген жөн. Мысалы, сіздің дауысыңызды ұрлап кетуі, жоққа шығаруы немесе басқа бір мүдделі тараптың аярлығынан үміткеріңіздің сүрінуі бек мүмкін. Сондай кезде ашық әрі әділ бәсекені ұйымдастыруға ат салысу керек.
"European kazakh forum" мәдени-құқықтық ұйым жетекшісі, қоғам қайраткер, Германия азаматы Өмірхан Алтын:
– Кез келген мүдделі топ пен үміткер жеңіп шығу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланады. Тіптен, заңсыздықтарға баруы және бір құйтырқы әрекеттер жасауы мүмкін. Сол үшін Сайлауда дауыс беруді бақылау мен берілген дауысты қорғау маңызды, – дейді.
Дауысты ұрлаудың мүмкін жолдары
Серік Ерғалидың айтуынша,көп дауыс алғысы келетін кез келген мүдделі топ әр мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысады, тіпті заңсыздыққа да барады. Оның бірнеше түрі бар:
- Бірінші, мүдделі топтың немесе үміткердің жақтаушылары алдын ала дайындаған бюллетеньдерді топтап салып кетуі мүмкін;
- Екіншіден, мүдделі жақтың ұйымдастыруымен арнайы адамдар бірнеше учаскелерге барып, бірнеше рет дауыс беруі мүмкін және оны дер кезінде біле алмайсың, тап басып ұстай алмайсың, өте қиын;
- Үшіншіден, дауыс саналғанда бақылаушыға барынша абай әпі мұқият болу керөк. Кейбір учаскелерде белсенді байқаушыны шығартып жіберу үшін әдейі кикіллжің тудырып, шу шығарып, кейде тіптен, сақшы шақыртылады. Мұндай кезде байқаушы болған азаматқа нақты дәлелдерге сүйеніп, хаттама толтыру керек және оны Орталық сайлау комиссиясына жіберуі тіиіс.
- Төртіншіден, сайлау комиссиясы құрамы тәуелсіз мүшелерден жасақталмаса, олардың ішінде бір тараптың мүддесі үшін жұмыс істейтіні болуы мүмкін. Бұның да әділдікке әсер бар.
Дауысты ұрлатпау үшін не істеу керек?
Серік ағаның айтуынша ел ішіндегі қоғамдық ұйымдар немесе коммерциялық емес ұйымдар заңға сәйкес байқаушылар ұйымдастыра алады. Сол арқылы сайлаудың әділ өтуіне ықпал жасайды. Сонымен бірге байқаушы ретінде әр үміткердің де сенімді адамдары қатыса алады.
- Бірінші, ерікті және тәуелсіз байқаушылар көп болуы керек. Оларды алдын ала дайындайды, заңдық құқын білетін, ерік-жігері мығым, таза болулары керек.
- Екіншіден, байқаушылар дауыс беру процесін жіті бақылап және дауыс берген адам санын есептеп отырады. Сол үшін өзара алмаса алатын бірнеше байқаушының болғаны абзал. Шәй ішуге де бармайды. Сол арқылы заңсыздықтың алдын алуға болады. Мысалы, бір адам келіп, 5-10 бюллетень салып кетсе, соңында санағанда, учаскеге келген адам санынан артық болып шығады.
- Үшіншіден, еліміздің байқаушылары мүмкіндігінше шетелдік байқаушылармен қатар дауыс санауды толық қадағалауы керек. Байқаушылар көп болмаса, түрлі сылтаумен немесе айғай-шу ұйымдастыру арқылы учаскедегі жұмыстан шеттетілуі мүмкін. Сол үшін, өзін байсалды, сабырлы ұстап, ұтымды жұмыс істеуі керек.
- Төртінші, байқаушы дауыс санап болған кезде жасалған дауыс нәтижесі хаттамасының көшірмесін куләндіріп алуға құқылы.
- Бесінші, заң бұзушылық байқалғанда хаттама толытырып, дәлел-фактілерімен бірге орталық сайлау комиссиясына және қадағалау орталықтарына жіберулері керек.
- Алтыншы, сайлау өтіп жатқан барысты суретке, бейнежазбаға түсіруге толықтай мүмкіндік бар. Бұл кейбір заңсыздықтар туыла қалса көмектесе алады.
Байқаушылар ұтымды қимылды, сенімділікті қамтамасыз етулері керек
Сайлау учаскесіндегі түрлі келеңсіздіктерді, күмәнді адамдарды, заңсыздықтарды бастан аяқ видеоға түсіріп, үнемі әлеуметтік желіге жариялап немесе штабқа хабарлап отыруы керек. Осы арқылы дауыс ұрлағысы келгендерді тығырыққа тірейді. Енді бір жағынан халықтың сайлауға деген күдігін азайтады, дейді Серік Ерғали.
Мысалы, тәуелсіз байқаушылар штабы ортақ WhatsApp немесе Telegram топтары арқылы бірнеше учаскелерде байқалған күмәнді азаматтарды бақылауға алуы және мәліметтерді дер кезінде саралап отырулары керек. Тіптен, Орталық сайлау комиссиясына хабарлап, хаттамалар толтыруы тиіс.
Сонымен бірге, сайланушы (үміткер) және сайлаушы өзіне қатысты заң бұзу әрекетін байқаған бойда шағымданып, заңға сай шарасын алуы керек.
Байқаушыларға қатысты заңды шектемелер бар ма?
Кез келген азамат байқаушы бола алады. Ол үшін қандай да бір кедергі жоқ. Бірақ Сайлау заңына сәйкес қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық емес ұйымдар ғана байқаушыны қатыстыра алады.
– Әзірше заңмен шектеме жоқ. Орталық сайлау комиссиясы біртұтас ортақ "Байқаушы куәлігніңі" үлгісін берді. Сол негізде куәліктерді беріп жатырмыз. Оқыту жұмыстары да жүйелі жүріп жатыр, – дейді Серік Ерғали:
Қанша сайлау учаскесі бар?
ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша:
- Ел ішінде және шет елдердегі дауыс беру бөлімшелерінің саны – 10 060 (Қазақстан бойынша: 9 995);
- Қазақстан сайлаушылары тізіміне – 11 814 019 адам енген;
- Дайындалған бюллетень саны сайлаушылар санынан 1%, яғни 118 мыңға артық болмақ
Қазақстандағы және шетелдегі сайлау учаскелерінің саны 10 мыңнан асты / Мәліметтер www.election.gov.kz сайтындағы және өңірлік сайлау комиссияларының мәліметтері негізінде дайындалды
Мәселен, Астанада 303 сайлау учаскесі тіркелген. Оның ішінде ашық алаң – 204 (оқу орны – 133, мәдениет мекемесі – 13, жоғары оқу орны мен колледж – 33, спорт – 3, денсаулық сақтау мекемесі – 4, басқалары – 18). Жабық алаң – 34 (денсаулық сақтау мекемесі – 27, әскери бөлім – 4, қамауда ұстау – 3).
Дауыс беруге алдымен кімдер келеді?
Сайлау басталған кезде арнайы ынталандыру шаралары да қоса жүреді. Мысалы, бірінші дауыс бергендерге сыйлық беріледі, ақсақалдарға құрмет көрсетіледі.
Дауыс беруге адамдар белгілі себептермен келеді:
- Алдымен, ел алдында жауапкершілікті сезінетін отаншылар, елге үлгі көрсететін қарттар;
- Президентке үміткерлердің өздері, сенімді өкілдері мен жақын қолдаушылары;
- Сайлау жасына толған, алғаш рет дауыс беретіндер келеді. Олар үшін сайлау – үлкен мереке;
- Үшінші санатта, саяси мүдделі топтар;
- Мемлекеттік қызметкерлер, әскерлер мен студенттер;
- Ел қатарлы міндетін өтейтіндер.
Байқаушылар туралы Заң не дейді?
ҚР Сайлау туралы Заңының 20 бабында ашық жазылған.
20-1-бап. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары
1. Қазақстан Республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушысының өкілеттіктері оның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіліп, жазбаша нысанда куәландырылуға тиіс. Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталады және ол байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Құжаттар сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға байқаушы туралы деректерді есепке алу журналына енгізу арқылы оны тіркеу үшін көрсетіледі.
Сайлау учаскесiндегi (дауыс беру пунктiндегi) дауыстарды санау
Бұл Сайлау туралы заңның 43-бабы бойынша жүзеге асады.
Дауыс беру аяқталған соң, дауыс беруге арналған үй-жайға ешкім кіргізілмейді. Ал дауыстарды санауды сайлау комиссиясының мүшелері дауыс беру қорытындысы анықталғанға дейін үзіліссіз жүргізеді, қорытындылар дауыстарды санау кезінде қатысатын адамдардың назарына жеткізілуі тиіс. Дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап, 12 сағаттан аспауы керек. Дауыстарды санау президенттікке кандидаттардың әрқайсысы бойынша жеке жүргізіледі.
Дауыс беру аяқталғанға дейін жәшіктерді ашуға тыйым салынады. Дауыс беруге арналған үй-жайда дауыс беруге арналған жәшіктер, кабиналар, дауыстарды санау жүргізілетін үстелдер комиссия мүшелерінің іс-әрекетін үй-жайдағы қатысушы барлық адамдардың көріп отыруы қамтамасыз етілетіндей етіп орналастырылады.
Дауыс жәшіктері де қадағаланып тұрады. Сондай-ақ дауыстарды санау кезінде оған қатысатын байқаушылар мен БАҚ өкілдері дауыстарды санауды бюллетеньдердегі белгілердің көрініп тұруы қамтамасыз етілетіндей қашықтықта тұрады.
Бюллетеньдердің жарамсыздығы қалай анықталады?
Дауыс беру учаскесіндегі сайлаушылар түгел дауыс берген соң, пайдаланылмаған және бүлінген бюллетеньдер саналады. Одан кейін олар жойылуы тиіс. Бюллетеньдерді жою үшін оның кез келген бұрышы кесілуі немесе тесілуі керек.
Пайдаланылмаған және бүлінген бюллетеньдер сыртында тиісті жазу жазылған пакетке (қапшыққа, конвертке) салынып, ол мөрленеді. Комиссия төрағасының және хатшысының қолдарымен әрі комиссияның мөрімен расталады. Үлгі бойынша белгіленбеген, сондай-ақ тиісті сайлау комиссиясы мүшесінің қолы қойылмаған, қарындашпен белгіленген, түзету немесе өзге де бұрмалау іздері бар бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.
Дауыс санау нәтижесі туралы хаттама қалай жасалады?
Дауыстарды санау нәтижесі туралы хаттама жасалады, оған сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері қол қояды. Дауыс беру нәтижесі туралы хаттамаларды қарындашпен және әр түсті сиялармен толтыруға, болмайды сондай-ақ оларға қандай да бір түзетулер енгізуге жол берілмейді. Хаттаманың көшірмесі көпшіліктің танысуы үшін сайлау учаскесінің үй-жайындағы арнайы белгіленген орынға дереу ілінеді және онда екі күн бойы тұруы қажет.
Конституциялық заңға сәйкес, дауыс санау кезiнде қатысқан адамның тiлегi бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрiмен куәландырылған хаттаманың көшiрмесi беріледi.
Тәуелсіз байқаушыларды ұйымдастырып жатырмыз
– Сайлаудың әділ өтуін қадағалау үшін Нұр-Сұлтан қаласында учаскелерге тәуелсіз байқаушылар дайындап жатырмыз.
Қазір кей азаматтардың көңілінде "сайлау бәрібір әділетсіз болады", "билік өз мүмкіндіктерін пайдаланады", "сайлау да, сайлау туралы заң да, сайлау комиссиясы да қазіргі билік үшін жасалған" деген түсінік бар.
Бұл қате, халық бақылауды күшейтіп, өз дауыстарын қорғауға дайын болуы керек, – дейді Серік Ерғали.
Еуропада дауыс ұрлау деген түсінік жоқ
– Еуропа елдеріндегі халықтың азаматтық және адамдық құқықтық көзқарасы, санасы өте жоғары. Онда дауыс беру, әділдік әр азаматтық борышы, жауапкершілігі есептеледі. Сондықтан онда ешқандай дауыс ұрлау болмайды. Шындыққа бетпе-бет қарайды.
Ресми билік те сол әділдікті сақтау үшін барлық мүмкіндікті жасайды. Ешқандай бұрмалау болмайды, – дейді Өмірхан Алтын.Ердоған қалай жеңілді?
Биыл 31 наурызда Түркияда жергілікті сайлау өтіп, елдегі қалалардың, аудандар мен ауылдардың әкімдері, ақсақалдар және жергілікті кеңестердің мүшелері сайланды.
Сайлау барысындағы тартыс ердоғаншыл – билік басындағы Әділет және даму партиясы мен Ұлтшыл-халықтық партияның бірлескен "Халықтық альянсы" мен оппозиция – Республикашыл-халықтық партия мен IYI Parti деп аталатын партияның біріккен "Ұлттық альянс" коалициясы арасында өтті.
Оппозиция Стамбул, Анкара, Измир секілді негізгі қалалардың басқару құқын иелегені белгілі.
"European kazakh forum" мәдени-құқықтық ұйым жетекшісі, қоғам қайраткер, Германия азаматы Өмірхан Алтын:
– Оппозиция бұрын "Ердоған билігі үнемі түрлі қитұрқы тәсілдер арқылы дауыс ұрлап, жеңіске жетіп келді" санайтын. Осы жолы дауыс беру және санау барысын толық бақылауында ұстады. Сол арқылы өз жеңістерін қорғап қалды, – дейді.
Түркия оппозициясының қолданған ұтымды тәсілі
Өмірхан Алтынның айтуынша, оппозициялық альянс мүшелері еріктілерден "Байқаушы топ" құрған. Олар сайлау өтерден бір ай бұрын жасақталып, әр сайлау учаскесіне бірнеше адамнан жауапты етіп белгіленген. Бұл жұмысқа 20 мыңнан астам ерікті қатысты.
Сонымен бірге, дауыс санаған кездегі нәтижені қарсы партияның адамдарымен бірге хаттамамен куәләндіріп, оны орталық байқау штабына өткізді.
Стамбулдағы сайлау учаскелері толықтай бақылауда болды. Стамбулда учаскелер уақытынан 5 минут бұрын жабылған. Бұл да билік тарапынан мақсатты істелген болуы мүмкін. Алайда, оппозиция қолында толық дерек, дәлел болғандықтан алдын ала сайлау нәтижесін жариялап жіберген де билік партиясының заңсыздыққа баруына мүмкіндік бермеген. Тіптен, сайлау біткеннен кейін де бір ай бойы учаскелерін күзеткен.
Стамбул қаласы мэрінің жеңісі бір айдан кейін заңсыз деп танылды. Неге?
– Стамбул қаласы орталық сайлау комиссиясы оппозиция жеңісін мойындап, оппозиция өкілі Әкірам Имамоқұлы қала мэрі болып тағайындалған еді. Түркияның ең үлкен қалаларының оппозицияның билігіне өтіп кетуі ердоғаншыларды қатты састырды. Олар сайлау комиссиясына қайталай тексеруді талап етіп, ақыры нәтижесі "заңсыз" деп танылды. Алда тағы сайлау болады, – дейді Өмірхан Алтын.Бір қызығы, ендігі сайлауды бақылауға бір Стамбулдың өзінен 100 мыңға жуық еріктніңің ат салысатынын хабарлап отыр. Жаңа әкімнің айға жетпейтін жұмысы да халықтың көңілінен шыға бастаса керек.