– Жыл сайын оқулықтардың сапасына сын айтылып келеді. Ол сынның көбінің орынды айтылғанын мойындауымыз керек. Оны әріптің қате басылуы десек те, техникалық қателік десек те, қоғам ондай ақталуды қабылдамайды. Оқулық дайындау – біздің міндетіміз, оның сапасын да біз қамтамасыз етуіміз керек, – деді білім министрі Асхат Аймағамбетов.

– Оқулық басу жұмысы аяқталып қалды. Оны өңірлерге жөнелтіп жатырмыз. Қазір барлық оқулықтың 40 пайызы өңірлерге жеткізілді.

Міндетіміз – бұл жұмысты тезірек аяқтау. Мен оқулықтарды қарап, бірнеше қате таптым. Ең бастысы, мұндай қателіктерге көз жұмып қарауға болмайды. Бүгін оқулық бойынша проблема бар екенін ашық айтып отырмыз, – деді ол.

Мағынасыз аударма мен теріс шығарылған есеп

"Орыс әдебиеті" оқулығын парақтасақ, қарапайым қателер өріп жүр. Физикадан да солай. Есептің көрсетілген жауабы –теріс. Мысалы, мұнда бір есепте шешімі – 0,24 деп көрсетілген. Дұрысында 0,27 деген сан шығуы керек. География оқулығында карталарда қателер бар. Ағылшын тілі оқулығында аударма мағынасы өзгеріп кеткен. Мағынасына сай емес, мәтінді сөзбе-сөз аудару көп кездеседі. Балалар сол бойынша қатеге үйреніп жатыр деген сөз, – деді министр.


Асхат Аймағамбетов қате тапқан оқулықтарды жиналысқа алып келді / Фото informburo.kz

– Жыл сайын бір қате қайталанып келеді. Бір басқан шоқты қайта айналып басамыз. Қашан бітеді бұл?

Министрдің пікірінше, оқулықты асығыс дайындау – жүйелі проблемаға айналған. Сараптаудың әлсіздігінен оқулық сапасы төмендейді.

Жақсы мұғалім – сарапшы емес

– Оқулық сапасын сараптауға қатысты сын көп. Иә, оған үздік мұғалімдерді тартамыз. Бірақ, жақсы мұғалімнің бәрі – мықты сарапшы емес. Кез келген мұғалім оқулыққа сараптама жасай алмайды. Біз бұрын сараптама жасап көрмеген ұстаздарды жинап аламыз да, қолдарына оқулық ұстатамыз. Жүйенің өзі дұрыс болмаған соң, нәтижесі де белгілі.

Оқулық сапасын нағыз мамандар сараптауы тиіс, – деді министр.

Келешекте оқулыққа сараптама жасайтын мұғалімдер сертификаттаудан өтіп, сарапшылар пулына топтасатын болады. Министр осылай ғана оқулық сапасын арттыруға болады деген пікірде.

Оқулық – сауаттылықтың эталоны болу керек

– 2016 жылдан бері оқулықтағы олқылықты айтып келе жатырмын, – дейді қоғам белсендісі, журналист Гүлбану Әбенова. Айтуынша, биыл Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесуде де осы мәселені қозғаған екен.


Білім министірі Асхат Аймағамбетовтың Гүлбану Әбеновамен кездесуі. 22 маусым 2019 жыл / Фото Гүлбану Әбенованың facebook парақшасынан алынды

– Бұлай болмайды, оқулық – сауаттылықтың эталоны болу керек. Қателіктерін беттеріне басқаным үшін мені сотқа сүйреген баспалар бар. Неге мен қателіктерін көрсеткенім үшін жауапқа тартылуым керек? Баспада өңкей сауатсыздар отыруы мүмкін емес қой, ендеше неге оқулықтардан қателер табылады, осының басын ашуға тырыстым, – дейді журналист.

Қате жіберіп жатса да, сол баспа тендер ұтып алады

Гүлбану Әбенова жыл сайын белгілі бір баспалардың тендерді ұтып алатынына қайран.

– Оқу жылының бағдарламасын Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы құрастырады. Дайын бағдарламаны баспа тез-тез шығаруға қамданады. Ал қабылдап алушы – Ұлттық білім академиясы емес, "Оқулық" республикалық ғылыми-практикалық орталығы. Бұны жемқорлық схемасы деуге болады. Әйтпесе, неге тапсырыс беруші қабылдап алмайды?

Автор да, баспа да мойындады

Жылда жаңа бағдарлама. Баспа оқулықты тексеру, бейімдеу түгілі оны шығарып үлгермейді. Әйтеуір ақшаны алып қалу үшін аығыс-үсігіс шығара салады. Салдарынан шала дүниелерден сапа ақсайды.

Жетінші сынып физика оқулығында өріп жүрген қателер мен барлық есептердің шешімдерінің дұрыс еместігін автор да, баспа да мойындады. Бірақ 30 мың тиражды қайта басып шығу – қып-қызыл шығын. Бұның барлығы ақыр соңында балалардың бастарын қатырады.


7 сыныпқа арналған физика оқулығындағы қате / Фото Гүлбану Әбенованың facebook парақшасынан алынды

Қателікті көрмейтін сарапшы ма?

– Осы жемқорлықты әшкерелеу үшін Жемқорлыққа қарсы агенттікке жаздым. Олар: "Бұл Білім министрлігіне құзыретінде, сонда жүгініңіз" деді. Білім және ғылым министрлігі: "Қарастырамыз" деп жылы жауып қоя салды. Ол жерде миллиардтар жұмсалады. Осындай ірі тапсырысты жоғарғы мемлекеттік органдардың қолпаштап отырған баспалары ғана алады. Әйтпесе, қарапайым қатені көрмейтін оларды қалай сарапшы дейміз? Мүмкін, ауызбастырық алып отырған шығар, – дейді Гүлбану Абенова. – Мен мұны оқулықтың сапасына қарап айтып отырмын. Бәсекелестік жоқ, өзара келісіммен жүрген сияқты.

– Министрге биыл да сіздерді сөгетін боламын деп ескерткем, осы схеманы бұзудың амалын табыңыз деп те өтінгем. Енді минстрге жаңа жобалар ұсыныпты, оны алда көретін боламыз, – дейді қоғам белсендісі.

"Жүйелі жұмыс жүргізетін кез жетті"

– Саладағы жағдайға көңіл толмайды. Оқулық дайындау, оның сапасын сараптау, іріктеу жүйесіне өзгеріс енгізетін боламыз. Сондықтан, ендігі оқулық басу кезеңінде мен барлық баспаларға осы айтылған мәселелерді ескеруді тапсырамын. Мұндай бассыздыққа жол беріп қоя алмаймыз. Нақты шешімдерді қабылдап, жүйелі жұмыс жүргізетін кез жетті, – деді министр.

Ол оқулық авторлары мен сарапшылары арнайы курстан өтетінін айтты.

Оқулық – монография жазу емес

Министрдің пікірінше, жақсы мұғалімнің бәрі оқулық жаза алмайды. Оның өз заңдылықтары мен талаптары бар. Оқулық жазу мен монография жазу – екі бөлек дүние. Осыны ескермегендіктен, біздің балаларға ұсынатын оқулықтарымыз монография сияқты болып кетіп жүр. Ондай оқулықты баланың түсінуі қиын. Сондықтан, оқулық авторларының өздерін оқыту керек.

Әуелі оқулық сапасын сараптайтын мамандар оқытылатын болады. Сол үшін елдегі мың үздік мұғалім іріктеліп, арнайы курстан өтеді.

– Жыл сайын арнайы курстан өткен сарапшылардың ішінен үздіктері жасырын әдіс арқылы таңдалып алынады. Осыдан кейін оқулық авторларын оқытамыз. Бізде авторлар көп емес, сонда да оқытамыз, – деді министр.

Сонымен қатар, оқулықты сараптау жүйесі қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

Бір аптада оқулықты сараптау мүмкін емес

Министрдің айтуынша, сарапшылар оқулықты бағалау үшін бас қалаға екі рет келеді. Әр келгенде оларға бір апта ғана уақыт беріледі. Оларға үлкен оқулықты ұстатады. Бір аптаның ішінде оны сараптап шығу мүмкін емес. Оқулықты толық сараптау үшін суреттерін, карталарды, кестелерді, есептер мен оның шешу жолдарын, жалпы мазмұны мен пунктуациясын тексеріп шығу керек. Осының бәрін бір аптада тындыру қаншалықты мүмкін?

Енді электронды сараптау платформасы құрылады

– Мұндай жүйе бізге ұнамайды. Сарапшылар оқулық сынақтан өтпей тұрып макетімен танысулары керек. Ол үшін арнайы электронды платформа құрылады. Сол арқылы ақпарат алмасып, жүйелі негізде жұмыс істейтін боламыз, – деді министр.

Бұрын қате табылғанда оқулықты мемлекет өз есебінен қайта шығаратын. Енді ондай болмайды. Жауапкершілік баспаға жүктеледі

Қателікті баспа жіберетін болса, өздері түзетуі тиіс. Санкция болу керек. Біз бюджеттегі қаражатты есепсіз шаша алмаймыз,– деді министр.

Оқулық бағасына бәсеке әсер еткен

– Оқулық бағасына арнайы талдау жүргіздім. Бізде бастауыш сыныптар базалық оқулықты пайдаланады. Негізгі және жоғары сыныптарға арналған балама оқулықтар бар. Екеуінің бағасын салыстырдым. Базалық оқулықтарды басуға белгілі бір баспалар мүмкіндік алып отырған. Сәйкесінше, бағасы жоғары болған. Ал баламасы бар оқулықтарды 4-5 баспа шығарған.

Бұл жерде мектептер өзіне тиімдісін таңдай алады. Осы бәсеке оқулық бағасына да әсер еткен, яғни, базалық оқулықтар баламасы бар оқулықтарға қарағанда қымбат екенін көреміз, – деді Асхат Аймағамбетов.

Оқулық қымбат болмауы керек

– Қаламақы төлеу керектігін, бұның бизнес екенін түсінеміз. Сонда да, оқулық бағасы қазіргідей қымбат болмауы керек. Жалпы, баға саясатында министрлік сырт қалмауы керек, – деді бас педагог.

Партаға сыймайтын оқулықтар бар

Айтуынша, бұған дейін А4 қалыпты және одан да көлемді оқулықтар болған.

– Енді елестетіп көріңіздер, бірінші сынып оқушысы отыр делік. Олардың парталары шағын. Қасында парталасы бар. Жаңағы көлемді оқулықтар партаға сыймай, баланы әуреге салады. Бір қарағанда ұсақ-түйек мәселе сияқты. Бірақ, баланың білім алуында рөлі орасан. Мұның бәрінің артында білім беру сапасы мен тиімділігі тұр, – деді ол.

Оқулықтың электронды нұсқасы болады

Биылдан бастап балаңыздың сөмкесін жеңілдете аласыз.

Бірінші қыркүйектен бастап білім және ғылым министрлігінің сайтында бірінші-оныншы сынып оқулықтары электронды нұсқасы жүктеледі.

Электронды оқулықтар EPUB форматында (кітаптардың электронды нұсқасының ашық форматы) қолжетімді болады.

Биыл жіберілген қателіктерді тек электронды нұсқада түзетіп қояды. Келер жылдан бастап қателіктер болмайды, деп сендірді ведомствода.

Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаған салмақ:

  • 1-3 сынып оқушысының сөмкесінің салмағы екі килограмнан аспауы керек.
  • 4-5 сынып оқушыларына ары кетсе 2,5 килограмм көтеруге рұқсат.
  • 6,7 сынып оқушысының сөмкесі 3-4 килограмнан аспауы керек.
  • 8-11 сыныпта 4-4,5 килограмм деп бекітілген.