Риддер қаласындағы өрт толықтай сөндірілді. Өрт 287,4 гектар аумақты шарпыды
31 үй, 5 жеңіл автокөлік өртенген.2021 жылғы 12 мамырда сағат 14.30-да Риддер қаласындағы орман өрті сөндірілді. Өрт аумағы 272,4 га (оның ішінде 272,4 га – орман аймағы) құрады. Бұл туралы Төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
Еске салайық, өрт 2021 жылғы 10 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласының әкімшілік аумағындағы Лесхоз кентінде сағат 13.55-те орманға жайылған өрттен туындаған болатын. Желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетіп, 5 көшеде 31 үй, 5 жеңіл автокөлік және шаруашылық құрылыстарының 7 учаскесі, сондай-ақ ТҚС үй-жайын от шарпыған.
Өртенген үйлерде 72 адам, оның ішінде 11 бала тұрған. Қазір 13 азамат жатақханаға, қалғандары туыстарының үйіне орналастырылды. Өртті сөндіруге 493 жеке құрам, 69 бірлік техника, 2 тікұшақ жұмылдырылған.
Оқи отырыңыз: Риддерде орман өртіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізіледі
ТЖМ табиғи өрттердің туындау қаупін азайту мақсатында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады:
- жанып тұрған сіріңке мен темекі тұқылын тастауға жол бермеңіздер;
- орман және дала алқаптарында от жағуға жол бермеңіздер;
- шыны ыдыстарды өзіңізбен бірге алып жүру керек, өйткені күн сәулесі әйнектен өтіп, құрғақ шөпті фокустап, өртеп жіберуі мүмкін;
- жанғыш қоқыстарды шығару және елді мекендер аумағын жинау, құрғақ өсімдіктерден тазарту және минералдандырылған жолақтарды қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүргізіңіздер;
- табиғи өрттер туындаған жағдайда дереу өртке қарсы қызметке 101, 112 телефондары бойынша хабарласыңыздар.