Режиссер Ақан Сатаев Қасым хан туралы "Ұлы дала таңы" фильмін қалай түсіріп жатыр? Фоторепортаж
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған делегация мен журналистер Қапшағай қаласының маңындағы түсірілім алаңына барып, "Ұлы дала таңы" фильміндегі Ұлытау шайқасы қойылымын тамашалап қайтты.
Министрдің сөзінше, "Ұлы дала таңы" – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кинотуынды. Фильм желтоқсан айында үлкен экранға жол тартады.
"Қазақ халқының тарихындағы Қасым хан атты тұлғаның хандық құрған кезеңі бейнеленеді. Бұл жоба біз үшін қымбат. Бүгін шайқас көріністерін түсіріп жатыр. Берекет Кәрібаев секілді тарихшы ағаларымыз түсірілім алаңында жүрсе, бұдан өте керемет жоба шығады деп ойлаймын. Қазақстандағы ең жақсы мамандар осы жобада жұмыс істеп жатыр. Түсірілім алаңында бар күшін салып жұмыс жасап жатқан барлық түсіру тобына ерекше алғысымды білдіріп, сіздерге артып отырған үмітіміз зор екенін жеткізгім келеді", – деді Ақтоты Райымқұлова.
Түсірілім жұмыстарының бас-қасында жүрген жобаның ғылыми кеңесшісі, тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев Қасым хан жайлы айтып берді.
"Қазақ хандығы тарихында Қасым ханның алар рөлі ерекше. Халықтың Қасым хан туралы туынды күтіп жүргеніне көп болды. Қазақстан аумағы оның тұсында қазіргіден де үлкен болған. Бұл фильмде қолымнан келгенше сценарий авторы мен режиссерге кеңесімді беріп келе жатырмын. Көркем фильм болғандықтан тарихты 100% қамту мүмкін емес. Олай болса, деректі фильмге айналып кетеді", – деді тарихи жобаның кеңесшісі.
Фильм оқиғалары XV ғасырдың 70-жылдарынан XVI ғасырдың 20-жылдарына дейінгі аралықты қамтиды. 1510 жылы Ұлытау шайқасында Қасым хан жеңіске жеткен соң оның ұлылығы, атақ-абыройы күллі Дешті Қыпшаққа тараған. Қасым ханның тұсында қазақ әскерінің саны бір деректе – 400 мың, тағы бірінде 300 мың делінген. Қазақ халқының саны 1 миллионнан асқан. Қасым хан кезінде таққа талас болмаған. Қазақстан аумағын батыста Еділге дейін, шығыста Ертіске дейін, оңтүстікте Сырдарияға дейін, Солтүстікте Тобылға дейін жеткізіп, өмірінің соңғы жылдары "Қасым ханның қасқа жолы" атты жаңа заңдар жинағын енгізген. Фильмде жекелеген баптары көрініс табады.
"Бұл кино Қасым ханның тарихи рөлі, бейнесі, ұлылығы жайлы. Халық қанша ханды естен шығарса да, Қасым ханды ұмытқан жоқ. Көркем фильмде оның адамгершілігі, қолбасшылығы, билікті басқарудағы ерекше қасиеттері бейнеленеді", – деді профессор.
2018 жылы қолға алынған жобаға кинорежиссер Ақан Сатаев былтыр күзде ғана келген. Жоба сериал ретінде бекітілгенімен бюджеті шектеулі болғандықтан толықметражды фильм етіп өзгертілген. Ақан Сатаевтың командасы түсірілімді жаңадан бастаған.
"Тарихи фильмдер түсіру мен үшін құрмет. Тарихты сахналау ұнайды. Өте ауқымды кастинг жариялап, Қасым хан рөліне актерлік қана емес, физикалық дайындығы жоғары Берік Айтжановты таңдадық. Бүгін түсірілімнің қырық бірінші күні. Қазір шайқас сахналарын түсіріп жатырмыз. Осы түсірілім алаңында жүргенімізге бір айдан асты. Түсірілімдер ойдағыдай жүріп жатыр, жұмыстың жартысы аяқталды", – деді Ақан Сатаев.
Режиссер сөзінше, түсірілім алаңында 300-ден астам, оның ішінде 150 атты жауынгер мен 56 каскадер бар. Қапшағай маңындағы түсірілім алаңында Сығанақ қаласының эскизі салынғанын айта кеткен жөн.
Сондай-ақ, режиссер шілде айының басында Алматы облысы Кеген ауылының маңында Қасым хан ауылының көшін түсіретінін, ал кейін түсірілім жұмыстары Іле өзенінің бойында осы фильмге бейімделген "Түркістан" декорациясында жалғасатынын айтты. Тамыз айының ортасынан кейін монтаж жұмыстары басталады.
"Ұлы дала таңы" фильмінде жас Қасым ханды актер Данияр Оразаев сомдайды. Бұл оның ауқымды жобадағы алғашқы рөлі.
"Қазақтың ең бір көреген дана бабасын сомдау оңай емес. Ата-бабамыз күндіз-түні ат үстінде өмір сүрген. Ал біз бұл жерден титімдей бөлшегін көріп жатырмыз. Қасым ханның рөлі психикалық, моральдық, физикалық тұрғыдан да ауырлық тудырды. Ақан Сатаев бастаған түсірілім тобы қолдан келгенше көмектесіп жатыр", – деді ол.
Актер Қасым хан рөліне бекітілгеннен кейін 2021 жылы ақпаннан бастап Nomad каскадерлік тобымен бір ай дайындалған
"Ұлы дала таңы" фильмінің түсірілімі 2021 жылы ақпан айының соңында Алматы облысы Көктал кентінің маңында басталды. Жобаның шығармашылық ұжымы: бас продюсері – Әлия Назарбаева, сценарий авторлары – Бекболат Шекеров пен Ақан Сатаев, қоюшы суретші – Қуат Тлеубаев, қоюшы операторы – Хасан Қыдыралиев, грим бойынша суретшілер – Лидия Ордынская, Ботагөз Әбдібаева, костюм бойынша суретші – Дина Буксикова.
Тарихи жобаның ғылыми кеңесшілері: тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев, философия және сәулет өнері докторы Алмас Ордабаев, суретші-кескіндемеші, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф-қару жасаушы Қалиолла Ахметжан және басқалар.
Фильмде түсіп жатқан актерлер: Берік Айтжанов – ересек Қасым хан, Данияр Оразаев – жас Қасым хан, Айдос Әбдіқадыров – жас Бұрындық хан, Ерік Жолжақсынов – ересек Бұрындық хан, Нұрлан Әлімжанов – Мұхаммед Шайбани, Алтынай Нөгербек – жас Жахан Бегім, Шамшагүл Меңдиярова – қарт Жахан Бегім, Тұңғышбай Жаманқұлов – ересек Әли Рашид, Қуаныш Құдайберген – жас Әли Рашид және өзгелер.
"Ұлы дала таңы" тарихи фильмі Қасым ханның өмірі, хандық билігі мен Қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күресі туралы баяндайды. Кинотуындыны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсіріп жатыр.