ҚР Президент сайлауына үміткер болуға тыйым салатын 107 диагноз. Бұл – қандай аурулар?
29 наурызда Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) "ҚР Президенттігіне кандидаттың денсаулығының жай-күйі туралы медициналық қорытындыға қойылатын талаптарды және Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың тізбесін бекіту туралы" қаулы жариялады.
Тізімде ҚР Президенттігіне кандидат тұлғада болмауы тиіс 107 аурудың тізімі бар. Негізінен бұл – психикалық, мінез-құлқында ауытқушылығы бар, шизофрения және педофильдік аурулар.
"Медициналық қорытынды мен ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркелуге тосқауыл қоятын аурулар тізімі орталық сайлау комиссиясы мен Денсаулық сақтау министрлігінің біріккен құқықтық актісімен белгіленген" деп мәлімдеді ОСК.
ҚР әлеуетті Президентін 34 қандай ауруларының болмауы керектігін іnformburo.kz материалында сөз қыламыз.
ҚР Президенттігіне кандидат психикалық диспансердің есебінде тұрмауы тиіс
Тізімде 107 ауру 5 топқа бөлінген:
- Симптоматикалық, психикалық бұзылуларды қосқанда, органикалық аурулар (Альцгеймер, Паркинсон ауруы, жарымес, галлюциноз, сандырақтық, психикалық ауытқушылықтар және т.б.);
- Психикалық-белсенді заттарды тұтынудың салдарынан болған психикалық және мінез-құлық бұзылулары (Алкогольді, наркотиктерді, стимуляторларды, галлюциногендерді, ұшпалы ерітінділерді тұтынудың нәтижесіндегі психикалық және мінез-құлық бұзылулары, тәуелділік синдромы);
- Шизофрения, шизотипиялық және сандырақ бұзылулары;
- Көңіл-күйдің аффектілік бұзылулары (Гипоманиядан күйзеліске дейінгі, сондай-ақ тұлғаның екі жүзділігі);
- Жетілген тұлғаның және ересектердің мінез-құлық бұзылулары (есалаңдық, педофильдік).
Бұл диагноздарды психиатрлар мен наркологтар анықтайды. Сәйкесінше, президенттікке үміткер тұлға наркологиялық-психикалық диспансерде есепте тұрмауы және ОСК-на тиісті анықтамасын тапсыруы тиіс.
Ақыл-ой қабілетін төмендететін аурулар
Бірінші топтағы аурулар ойлау жүйесіне әсер ететін органикалық бұзылуларға жатады. Мұндай аурулар кезінде адамдардың мінез-құлқындағы өзгерістерді байқамау қиын.
"Мемлекет басшысы мемлекеттік маңызы бар қызметтерді атқаратындықтан мұндай аурулармен ауырмау керектігі түсінікті нәрсе. Мұндайлар көп нәрсені түсіне алмайды. Мінез-құлқында ауытқушылығы бар адамдардың тосыннан ашуланып, күйгелектікке салынып кету қаупі бар. Бұл ауытқушылықтар когнитивті кейігіштікпен сипатталады (ақыл-ой, ес қабілетінің төмендеуі)" дейді республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Николай Негай.
Симптоматикалық, психикалық бұзылуларды қосқанда, органикалық аурулардың тізімі
Тәуелділік синдромы
Психобелсенді заттарды пайдалану нәтижесіндегі психикалық және мінез-құлық бұзылулары, психотикалық бұзылулар диагнозы бір нәрсеге тәуелділігі бар адамдарға қойылады. Тәуелділік адамның тәртібін өзгертеді, ондайлар әрдайым оның жаңа дозасын іздеп тұрады. Ол ойлау қабілетіне әсер етуімен аса қауіпті.
"Біз алкаголь, кофеин қабылдауымыз мүмкін, алайда бізде оларға тәуелділік жоқ. Бұл – бір реттік пайдалану. Ал, егер оған тәуелділік пайда болса, бұл зат алмасулардың бұзылысына тап болғаны. Өйткені ол затсыз адам ағзасы дұмыс жұмыс істей алмайды. Тәуелділіктермен айналысатын дәрігерлер оқытылады, белгілері бойынша адамның тәуелділіктері бар-жоғын анықтай алады" дейді Николай Негай.
Симптоматикалық, психикалық бұзылуларды қосқанда, органикалық аурулардың тізімі
Шизофрения: галлюцинациялар, ойлау қабілетінің жоқтығы
Үшінші – шизофрениялық топ дәрігердің айтуынша, эмоционалдық салқынқандылықпен ерекшеленеді. Мұндайда адам айналасындағылардан бейхабар болады. Екінші белгісі – қисынға келмейтін нәрселерді ойлайды. Белгісіз дауыстарды естіп, галлюцинацияларды көреді.
"Кататониялық шизофрения кезінде адам балауыздан жасалған мүсін сияқты қатып қалады. Немесе себепсіз қызбаланып, біреуді соғып қалуы мүмкін, сосын қайтадан қатып қалады" дейді Николай Негай.
Желікпе мінез-құлық таныту
Аффектілік бұзылулар көңіл-күйі бірден түсіп кетумен қауіпті. Мәселен, адам күйзеліске түскенде ашудан селсоқтыққа тап болуы мүмкін. Кейде адам айналасында не болып жатса да оған бәрі жақсы сияқты көрінетін жайттар да болады. Көзге көрінбейтін жағдайлар да болуы ғажап емес. Мәселен, гипоманияда ылғи көңіл-күйі көтеріңкі жүреді.
"Гипомания сырттай байқалмайды, ол өз қабілетін, бір жасаған қызметін асыра бағалаумен белгілі" дейді Николай Негай.
Көңіл-күйдің аффектілік бұзылуларының тізімі
Баланы бір рет зорлаған – педофил емес, қылмыскер
Жетілген тұлғаның және ересектердің мінез-құлық бұзылулары. Дәрігердің сөзінше, бұл құбылыстардың адам бойынан байқалуы оның ауру екен көрсетпейді және оған диагноз қоюдың да қажеті шамалы.
Баланы бір рет зорлаған адам – әлі педофил емес. Кәмелет жасына толмаған балаға қатысты қылмыс жасаған қылмыскер. Психиатриялық көзқараспен қарағанда, бұл адамның бұзылуы емес. Басты белгісі – толық әлеуметсіздену, ондай адам әр уақытта бұл туралы ойлана береді де, басқада шаруасы болмайды. Осындайда ғана ересек адамның бұзылуы диагнозы қойылады. Басқа симптомдар мен белгілер байқалса бұл диагноз ешқашан қойылмайды" деп түсіндіреді Николай Негай.
Дәрігерлер мұндай бұзылыстардың себебін әлі анықтай алмай отыр. Осындай аурулар созылмалы ауру деп қабылданады. Дұрыс емдесе, аурудың бетін қайтаруға болады. Алайда кез келген күйзелісте оның асқыну қаупі бар.
Медициналық куәландыру
Президенттікке үміткер тұлға медициналық куәландырудан өтуі тиіс. Бұл оны ұсынатын ұйымнан берілетін хаттаманың үзінді көшірмесінің негізінде жүзеге асырылады.
"Медициналық куәландыру медициналық қорытынды бере отырып кандидаттың тіркелген жері бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында жүргізіледі. Денсаулық сақтау ұйымдары берілген медициналық қорытындылардың есебін жүргізеді. Медициналық қорытындыны денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ала алады" делінген қаулы жобасында.
Медициналық қорытынды кандидаттың медициналық куәландыру жүргізуге жүгінген уақытынан бастап үш күннің ішінде беріледі және Қазақстан Республикасының Президентін сайлау мерзімі ішінде жарамды. Кандидат анықтаманы ОСК-на тіркелу кезінде басқа құжаттармен бірге тапсырады.
Авторы Жадыра Жұлмұхаметова.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.